Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3037 0 пікір 11 Наурыз, 2014 сағат 09:14

Баян Есентаева: Арман адастырмайды

8-наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында танымал продюсер, талантты актриса әрі тележүргізуші Баян Есентаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.  Көрермен қауымға «Махаббат бекеті» фильміндегі Гүлнәз рөлі арқылы танылған Баян 1975 жылы 2-қаңтарда Орал қаласында дүниеге келді. Бүгінде «Кешью» тобы мен әнші Жанар Доғаловаға продюсерлік ететін ол, «Саз әлемі», «Mama Mia» музыкалық жобаларының авторы. Сондай-ақ, «Ғашық жүрек», «Ғашық жүрек 2», «Тракторшының махаббаты», «Күләш», «Абайлаңыз, сиыр!» фильмі мен телесериалдарының бас продюсері. 

8-наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында танымал продюсер, талантты актриса әрі тележүргізуші Баян Есентаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.  Көрермен қауымға «Махаббат бекеті» фильміндегі Гүлнәз рөлі арқылы танылған Баян 1975 жылы 2-қаңтарда Орал қаласында дүниеге келді. Бүгінде «Кешью» тобы мен әнші Жанар Доғаловаға продюсерлік ететін ол, «Саз әлемі», «Mama Mia» музыкалық жобаларының авторы. Сондай-ақ, «Ғашық жүрек», «Ғашық жүрек 2», «Тракторшының махаббаты», «Күләш», «Абайлаңыз, сиыр!» фильмі мен телесериалдарының бас продюсері. 

– Баян Мақсатқызы, көрермендер назарына ұсынылған «Күләш» телехикаясын түсіру идеясы қалай келді?
– Бұл телехикая «Хабар» агент­тігінің тапсырысы бойынша түсі­рілді. Тарихи тұлғалар туралы тыр­нақалды туындылардың бірі. «Неге Күләш?» дегенге келетін болсақ, біріншіден, Күләш Бай­сейітова аты аңызға айналған өнер иесі. Екін­шіден, тағдыры сан қилы, атақ пен абыройы, таланты мен адамгершілігі бір басына жетерлік қазақ әйелі. Күләштің бейнесін шынайы сомдау біз үшін маңызды міндет болды.
– Телехикаяға түскен актерлерді таңдауда шеберлігіңіз байқалды. Басты рөлдегі актриса Әйгерім ­Уал­жанова Күләш апамыздың кө­шірмесі десе болар. Әйгерімді қалай таптыңыздар?
– Біз Күләштің рөлін сомдайтын актрисаны ұзақ іздедік. Еліміздегі жетекші театрлардың актрисаларын байқап көрдік. Бірінің сырт келбеті келмесе, бірінің ішкі жан дүниесі үйлеспеді. Екі айға созылған ізденіс нәтиже бермеді. Сол уақытта «Абайлаңыз, сиыр!» комедиясының түсірілімінде жүргенбіз. Фильмнің бір эпизодын түсіріп жатқанда акт­рисалардың бірі ән сала бастады. Дауысы сондай нәзік, басымды көтеріп қарасам көз алдымда «Күләш» тұр. «Міне, Күләш!» дедім ішімнен. Артынша Әйгерімді шақырып, сценарийді ұстаттық. Әйгерім сенімнен шықты, біз оны басты рөлге бекіттік.
– Телехикаяға қатысты қандай пікірлер естідіңіз? Ұнатқандар басым секілді.
– Мен үшін жауапкершілігі мен жүгі ауыр жоба «Күләш» болды. «Ертең дүйім жұрт не дейді, көзкөргендері қандай пікір айтады, зиялы қауымның көзқарасы қандай болар екен…» деген ойлар маза бермеді. Күдік пен үміт итжығыс түсіп жатты. Эфирге шыққаннан кейін де көңілдегі толқу басылмады. Бірінші серияның көрсетілімінен кейін-ақ күдік сейіле бастады. Сынағандардан гөрі қолдағандар көп болды. Соған тәуба деймін.
– «Абайлаңыз, сиыр!» атты фильмді түсіріп болып, халыққа ұсы­нып отырсыз. Бұл фильм туралы не айтасыз?
– Кино әлеміне бір рет бас сұққан адам өмір бойы түсіру алаңын аңсап тұрады. Бір кездері арман қуып келген жас актриса есейе келе сол «таныс өлкеге» қайта оралды. «Ғашық жүрек 1-2» картиналарынан кейінгі дүние «Абайлаңыз, сиыр!». Бұл бір қарағанда қарапайым оқиға. Бірақ өзінің айтары бар туынды. Байлық, мансап, танымалдылық, адалдық, сатқындық, тап-таза сезім мен биік махаббат. Барлығы өмірдегідей. Көрерменнің таразысына салынды, оң бағасын берер деген үміттемін.
– Сіз кино әле­мі­не тым жас кезіңізде араласа бас­тадыңыз. Кезінде «Махаббат бе­кеті» фильмін көріп көркіңізге қызықпаған жан болмады. Бүгінде арада қанша жыл өтсе де сол жас, әдемі қалпыңызды сақтап қалыпсыз. Мұның құпиясы неде?
– Біріншіден, мен әлі жас­пын. Екіншіден, қартаймаудың бірден-бір құпиясы – әйелдің ішкі жан дүниесінің сергектігіне байланыс­ты. Мысалы, мен өзімді өз жасымнан әлдеқайда жас сезінемін. Ешкімге жамандық ойла­маймын, көреалмаушылық пен өзге арам пиғылдан адамын әрі үнемі кү­ліп жүремін. Тамақтың пайдалысын тұтынамын, суды көп ішемін. Мен беті­ме қандай да бір пластикалық операция жасатқан адам емеспін. Әрине, жастықты сақтап қалуда заманауи кос­­метикалардың да үлесі жоқ емес. Көп нәрсе адамның шығу тегіне де байланысты.
– Жуырда «Қазақ аруы» бай­қауына орай іріктеу кезеңін өткіз­ді­ңіздер. Негі­зінен Қыздарға қойылар талаптар қандай?
– «Қазақ аруы» ұлттық құнды­лықтар­ды, төл тіліміз бен мәде­ние­тімізді қолдауға бағытталған жоба. Әр бойжеткен елінің бүгінгі жағдайымен қатар, оның тарихынан, мәдениеті мен әдебиетінен хабардар болуы қажет. Сондықтан да бұл байқауға көркіне ақылы сай арулар ғана қатыса алады.
– Бүгінде қазақ қыздарына қа­­тысты көп сын айтылады. Бұ­рын­ғының бұрым­дылары мен бүгінгінің заманауи қыздарын салыс­тырып жатады. Сіз қыздармен көп араласасыз. Бүгінгі қазақ қыздарына қандай баға берер едіңіз?
– Заман өзгерді, уақыт өзгерді де­генді жиі айтамыз. Өзгермейтін, мәң­гілік дүние ұлттық болмыс. Қаныңда, жаныңда, болмысыңда өз еліңе, жеріңе деген махаббат барда болашақ бар. Мені қуантатыны қазақ қыздарының көкірегі ояу, жаны таза. Мінез бар, жігер бар, тектілік бар.
– Бір байқағанымыз, сіз тек қыздармен жұмыс жасайсыз. Қазақ­станның түкпір-түкпірінде үлкен сахнаға шыға алмай жүрген талантты жігіттер де бар ғой. Кей продюсерлер қыз баладан гөрі жігіттермен жұмыс істеген жеңілірек деп жатады.
– Иә, қыздармен жұмыс жасаған оңай емес, сыртқы келтебетінің кү­тімі бар, сахналық киімдері бар және қауіпсіздігі тағы бар. Бірақ неге екенін білмеймін, жігіттермен жұмыс істеуге құлықсызбын. Мүм­кін уақыт өте келе менің де көз­қарасым өзгерер…
– Қазақстан шоу-бизнесіне сүбелі үлес қосып жүрген адам ретінде бү­гінгі қазақ эстрадасын қандай дең­гейге қояр едіңіз?
– Мен өнердің қай-қайсысын болмасын өте жоғары бағалаймын. Өнер, ең алдымен үлкен еңбек. Ал еңбекті құрметтеу керек. Мен қа­зақ эстрадасына жарқын болашақ тілеймін.
– Естуімізше, «Нұр Отан» сапындасыз. Бұл саясатқа араласудың бастамасы болуы мүмкін бе? Жалпы саясатқа араласу ойыңызда бар ма?
– Иә, мен «Нұр Отан» партия­сының мүшесімін. Бәріміз бір мүдде үшін қызмет етіп жүрміз. Тәуелсіз елі­міздің келешегі үшін еңбек етеміз. Бұл менің жеке азаматтық ұстанымым. Ал саясатқа араласу ойымда жоқ. Мен саясатта емеспін, мен қоғамдамын!
– Қазақ басылымдарын оқисыз ба? Көбіне қай басылымдарды алып оқисыз?
– Мен қазақ басылымдарын жиі оқимын, дауыстап оқимын. Осылайша тіл үйренуге тырысып жүрмін. Түсін­бегенімді ата-анамнан, екі қы­зым­нан сұрап аламын (Баянның екі қызы Ай­сәуле мен Айару қазақша білім алуда).
– Көпшілік сізді тележүргізуші ре­тінде де жақсы таниды. Негізінен шоу-бағдарламаларды орыс тілінде жүр­гізе­тінсіз, өзіңіздің жеке жобаңыз «Саз әлемін» бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізіп келесіз. Мұндай қадамға көрер­мендер тарапынан «Баян ­Есентаева қазақ тілін­де сөйлей алмайды» деген сынның көп айтылғандығынан бардыңыз ба? Әлде қазақтілді телеарна болып саналатын «Ел­арнаның» саясатына байланыс­ты жобаны қазақ тілінде түсіру керек бол­ғандықтан ба?
– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. «Саз әлемі» менің телевизия кеңіс­ті­гін­дегі алғашқы продюсерлік жобам. Сіздерді қайдам, мен үшін бұл жаңа белес. Бағдарламада қазақ тілінде еркін сөйлеуге барынша тырыстым. Бүгінде қазақ бола тұра, өз тіліңде сөйлей алмау – қасірет, әрине. Мен өз тілімде жүз пайызға сөйлей алмасам да, тілімді ерекше құрметтеймін және бүгінде оны меңгеру жолындамын. Ата-анамның мені сол кездегі Алматыдағы жалғыз қазақ мектебіне бермегеніне өкінемін. Сондықтан қыздарымды қазақ мекте­біне бердім. Менің қазақшам жүз пайыз болмаса да, болмысым жүз пайыз қазаққа тиесілі дер едім.
– Бүгінгі тележүргізушілерге кө-ңіліңіз тола ма? Отандық тележүр­гізушілерге не жетіспейді?
– Мен телесыншы емеспін. Егер халық көріп жатса, сұраныс бар деген сөз. Біреудің талғамынан шықпады екен деп көпке топырақ шашудан аулақпын.
– «Қызға қырық үйден тыю» дейді қазақ халқы. Қыздарды тәрбиелеп отыр­ған анасыз. Қыз тәрбиесінде қандай ұстанымыңыз бар?
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой, менің ұстанымым осы.
– Сіздің бойыңызда қазақ қызы-на тән өжеттілік пен қайсарлық бай-қалады. Бұл қанмен берілген қасиет пе, әлде өмірлік тәжірибемен келген бе?
– Бұл туа біткен қасиет деп ой­лаймын. Мен бала кезден-ақ айтқа­нымнан қайтпайтын бірбеткей бол­дым. Көптің бірі болмай, ерек­шеленіп жүргенді қалайды екенмін. Бұл қасиет атамның қанымен, анамның сүтімен дарыған, сірә.
– Әйелдер мерекесі келе жатыр. Қандай тілегіңіз бар?
– Өмірде анадан асыл не бар?! Әйел әлемге өмір сыйлайды. Демек, әйелдер қандай да болмасын марапат пен құрметке лайық. Армандаңыздар, арман адастырмайды, олар міндетті түрде орындалады.

Арна ЖҰМАТАЙ

"Ана тілі" газеті

0 пікір