Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5486 0 пікір 27 Ақпан, 2014 сағат 08:57

Қабдеш Жұмаділов. Ажалдан қашқан

Оспановтар отбасына бiр үл­кен уайымның iлiккенiне де бiрнеше айдың жүзi болды. Жай уайым емес, бас қатырар, қабырға қайыстырар ауыр қайғы. Осы үйдiң келiнi Балхадишаның бойына үшiншi перзент қалай бiттi, солай бұлардың бастарына қара бұлт үйрiлген. Қалыпты жағдай болса, бұл өзi – қайғы емес, қуанатын нәрсе ғой. Қазақтың баяғы заманы баста тұрса, мұн­дайда ағайын-туысты жинап “қарын той” жасап та жiберер едi. Амал не, бұл күнде болашақ сәбидiң қуанышы айықпас қай­ғыға айналып отыр.

Оспановтар отбасына бiр үл­кен уайымның iлiккенiне де бiрнеше айдың жүзi болды. Жай уайым емес, бас қатырар, қабырға қайыстырар ауыр қайғы. Осы үйдiң келiнi Балхадишаның бойына үшiншi перзент қалай бiттi, солай бұлардың бастарына қара бұлт үйрiлген. Қалыпты жағдай болса, бұл өзi – қайғы емес, қуанатын нәрсе ғой. Қазақтың баяғы заманы баста тұрса, мұн­дайда ағайын-туысты жинап “қарын той” жасап та жiберер едi. Амал не, бұл күнде болашақ сәбидiң қуанышы айықпас қай­ғыға айналып отыр.

Неге олай дерiң бар ма, соң­ғы жылдарда шыққан бұл елдiң заңы солай. Аспан асты бiздiкi дейтiн астамшыл мемлекет өз­дерi де байқамай, халқының санын миллиардтан асырып жiбе­рiптi ғой. Ендi тiзгiндi тежемесе болмайды. Туатын баланың санына шек қою керек. Мемлекет бо­йынша қытай отбасына бiр бала, қазақ сияқты аз ұлттарға – екi бала. Одан асырсаң, басыңа пәле тiлеп алғаның: қомақты айып төлейсiң, қызметiңнен қуы­ласың. Күнкөрiс­тен қағылып қана қоймай, саясатқа қарсы адам ретiн­де әр алуан тергеу-тексеруден өткiзiп, ит терiсiн басыңа қаптайды.
Ұрпақ қамы үшiн бұл отбасы оған да көнуге бар едi. Бiрақ бұ­лардың соған қолы жетпей отыр ғой. Бұларды одан да қатал жаза күтiп тұр. Үшiншi баланы қайткен күнде де жарық дүниеге әкелмеу керек екен. Бұл елде оның амал-айласы көп-ақ: түсiк тастатады, одан уағы өтiп кетсе, анасының iшiнен жарып алады. Екi қабат әйелдер ерекше тi­зiм­де. Жасыру мүмкiн емес, жас әйелдердi ай сайын келiп, тек­се­рiп тұрады. Болашақ сәбидiң кө­зiн құртқанша, полиция мен аку­шер дәрi­герлерде тыным жоқ.
Не керек, осы заң алғаш шық­­қаннан берi медиктер жас нәрестелердi қынадай қырды ғой. Алдымен пышаққа түсетiн – бұрын мұндайды көрмеген, сақтануды да бiлмейтiн қазақ әйел­дерi. Ата-анадан, күйеуiнен рұқ­сат сұрау жоқ. Ауыл әйел­дерiн арбаға тиеп алып кетедi де, екi-үш күннен соң бiлгенiн iстеп қайтарады. Ал бұған дейiн көп құр­сақ көтерiп, жатыры жұқар­ған әйелдер мұндайды көтере алмай өлiп кетедi екен. Оған жауапкер болатын ешкiм жоқ. Алла-ай, анасынан жарып алған, не зорлап босандырған сәбилер iштен шыр­қырап, жылап түседi дейдi. Бiрақ оларға да рақым жоқ, шаранасы кеппеген күйi шұқырға тастай салады. Қытайда бiр науқан басталса, оны қостайтын белсендi­лерi де дайын тұрады. Ұранға үн қосып, өзiн пiштiрген еркектер мен жатырын будырып тастаған әйелдер қаншама. Оралбай пiш­тi­­рiлген бiр еркектi өз көзiмен көр­дi. Әтекке айналған еркектiң ру­хы сөнiп, еңсесi мүлде түсiп кетедi екен...
Осындайларды естiп-бiлiп, көрiп жүрген Оралбай қарт келiнi Балхадиша ауыр аяқты дегендi ести салысымен, қалада тұратын ұл мен келiндi бастауышта оқитын екi қызымен бiрге ауылға көшiрiп алған. Ауылы алыс емес-тi, Шәуешектен он шақырымдай жердегi Жалғызағашта. Баласы Қабдi­рақым содан берi, амал жоқ, қаладағы қызметiне екi аяқты мотосекiлiн дырылдатып, ауылдан қатынап жүр.
Оралбайдың ойы iске асса, келiнiн ауылда босандырып, не­мересiн ешкiмнiң көзiне түсiрмей сiңiрiп әкетпек. Жеке қожалығы бар, аумақты қоражайда өздерi ғана тұрады. Кейiн бала мәсе­лесi сөз болса, “Құдай, жарылқап, бәйбiшемнiң өзi туып алды” дей салмақ.
Апырай, бұл қазаққа төнген зауалдың алды-арты бола ма, жоқ па?! Ана бiр жылдары, “ха­лық коммунасы” кезiнде үй басы түтiн шығартпай, ортақ қазанға телмiртiп, бiр қорлап едi, мынасы одан да өтiп кеттi. Әйтпесе, ұрлық қылған адамша өз балаңды ел көзiнен жасырып, ұрлап тудырды деген не сұмдық?! Болашақ ұрпақ жарық дүниеге келмей жатып пышаққа түсетiндей, ол нәрестелердiң жазығы не? Бұл елде көп болса, қытай көп шығар, Шыңжаңдағы бiр миллион қазақ кiмнiң қазанына түсiптi? Кiмнен тамақ сұрапты? Қайта, сол iшкерiдегi қалың қытайды осы ел етпен, астықпен қамдап отырған жоқ па?
Өз басы жетпеген соң, университет бiтiрген оқымысты ұлы Қабдiрақымнан сұрайды ғой. Ол да ызадан жарыла жаздап жүр­се керек, жауабы тым қапалы әрi қысқа болды:
– Ой, көке, бұл елде мил­лиард­тан астам халық барын жаңа бiлiп жүрсiң бе? Сондықтан бiз­де адамның бағасы тым арзан! – дейдi, түр-тұлғасы әкесi­нен ау­май қалған, отыздың iшiн­дегi жас жiгiт. – Мәселен, кассада мың-миллиард доллары бар бай адам бiр теңгенi ақша деп санай ма, бұл да сол сияқты. Қытайда адам көп, жер тапшы, дүниеге артық ауызды әкелгiсi келмейдi.
– Ендеше, өз қытайын шектей берсiн, қазақта несi бар? – дейдi ұлының жауабына көңiлi толмаған Оралбай. – Менiң немерем Қытайдың ырысын iше ме?
– Не iстейсiң, заң жұрттың бәрiне ортақ.
Әсiлi, Оралбайдың тұрмыс-күйi жаман емес-тi. Ана жылы осы маңайдағы қалың төртуыл Қазақстанға қопарыла көшкенде, бұл Үрiмжiде оқитын жалғыз ұлына қарайлап, өз қыстауынан қозғалмай қалып қойған-ды. Елден айы­рылып, құлазып қалғаны болмаса, мұндағы тiрлiгi жаман болған жоқ. Алды-артына қарамай асығыс көшкен елдiң жұр­тында көп мал, дүние-мүлiк қалмады ма, сол иен қалған дүниеден бiраз дәулет жинап алған. Кейiн реформа тұсында өз алдына жеке қожалық құрып, дөңге­ленiп байып алды... Байлықты қойшы, тәйiрi, дүние – қолдың кiрi. Ендiгi арманы – сол дүниеге ие болатын мұрагер неме­ре сүю. Шүкiр, қолдары құр емес, Қабдiрақымның үйелмелi-сүйел­мелi екi кiшкентай қызы бар. Үлкенi – бесiншiде, кiшiсi – үшiн­шiде оқиды. Алайда қыз бала – жат-жұрттық қой. Әзiрше сенiң балаң болғанымен, кейiн өз өрiсiн тауып кетедi... Дегенмен, Алла-тағала осы жолы Оралбайдың тiлегiн беретiн сияқты. Жақында Қабдiрақым келiншегiн қаладағы таныс дәрiгерiне ертiп барып, узиге түсiрген екен, iште қош­қардай ұл жатқан көрiнедi. Тәңiрiм-ай, кiшкентай шүметайы әлден-ақ көрiнiп тұр дейдi.
Соны естiгендегi Оралбайдың қуанышын айтып-сұрама! Дереу бiр ақсарбасын айтып сойып, бiр үйлi жан кiшiгiрiм той жасаған... Бiрақ осыдан кейiн-ақ Орекеңнен маза кеттi. Ендi ол болашақ немеренiң өмiрiн сақтап қалудың әралуан жолдарын ойластыра бастаған. Бiр iнiсi мен қарындасы ана жылғы “көшпен” бiрге Қазақстанға өтiп кеткен. Анда-санда хат келiп тұрады. Айтыстарына қарағанда, шекарадан тым алыстап кетпей, мына тұрған Үржарға қоныстанған көрiнедi. Ендi, мiне, олардың да бiр кәдеге жарайтын кезi келдi. Оралбай шамасы келсе, келiннiң айы-күнi жеткенше, ұл мен екеуiн арғыбетке асырып жiбермек. Сол үшiн, Қабдiрақымға өзi айтып отырып, туыстарына хат жаздырды. Солар “жедел түрде Балхадиша мен Қабдiрақымға шақырту қағаз жiберсiн” деген. Екеуi аман-есен арғыбет асып, Оралбайдың немересi атажұртқа барып тусыншы! Бәлем, қытайлар не iстей алар екен?!
Содан берi де екi-үш айдың жүзi болды. “Шақырту” деген пәлесi келмей жатыр. Сақтық үшiн туыстарына ұл мен келiннiң жедел жолаушылау себебiн ашық айтпаған-ды. Ондағылар арқаларын кеңге салып, “күзге дейiн бiр келер” деп отыр ма, кiм бiлсiн. Ал таяуда жазған хаттарында “бұрынғыдай емес, қазақ өкiметi “шақырту” алуды қиындатып жiбердi. Бiр кiсiмiз Астана жақта сол қағаздың соңында жүр” дептi. “Ашқа тартқан – кешке тартады” деген осы да... Оралбайдың ойынша, сондағы қазақ өкiметi шеттегi қандастарына салғырт қарайтын сияқты ма, қалай? Ана жылы баланы шектеу заңы шығып, қытайлар iштегi нәрестенi шетiнен қы­рып жатқанда, “Қазақстан өкiме­тi қазақ салтына, әрi адамшылыққа қарсы бұл заңға наразылық бiлдiрiп, өз қандастарына ара түседi екен” деген бiр дақпырт сөз шыққан-ды. Бiрақ ол үмiт ақталмады. Шыңжаңдағы бiр миллион қазақтың жас төлiн қы­тайлар көктей орып жатқанда, бiр ауыз сөз айтуға жарамады ғой.
“Қаупiң неден болса – ажалың содан” деген ғой. Сөйтiп жүргенде, Оралбай отбасына аяқастынан қауiп төнiп, iс шатаққа айналды. Қанша жасырғанмен, бұл күнде кiмнiң аузына қақпақ боласың. Оралбайдың да өзiне же­терлiк бақкүндес, қас­көйлерi бар болатын. Бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бөлiп бере алмайтын сол баяғы қазақ. Қаланың бергi Қарадөң жақ ше­тiн­де бiр алыпсатар танысы болушы едi. Таныс болғанда, ит қасынысқандай, сауда-саттық байланыс. Бiр күнi “көкке шыққанды” сылтауратып, қасына әйелiн ертiп, сол келе қалыпты. Оралбай сыр алдырмай, етiн асып, арағын құйып, күтiп аттандырған. Олар айы-күнi жетiп отырған Балхадишаны көр­дi, әрине. Үшiншi баланың заңнан тыс екенiн де iштерiне түйiп қойды... Не керек, солар аттанып кеткен соң, арада екi-үш күн өтпей, қала жақтан бiр топ адам сау ете түстi ғой... Сөйтсе, әлгi алыпсатар тыңшы көрiнедi. Қы­тайда ежелден берi келе жатқан “Баужа тәртiбi” бойынша, әр он үйге бiр тыңшы қойылатын бiр тұтас жүйе бар-тұғын. Сiрә, сол жүйе әлi де жұмыс iстейтiн болса керек.
Келгендер – екi қытай, бiр қазақ. Үштiң бiрi – әйел екен. Олар тақ бiр ұрыны қылмыс үстiнде ұстағандай қаһарына мiне келдi. Қалалық туыт бақылау комитетiнен келдiк дейдi. Ұрсу-зеку, қорлау өз алдына, Балхадишаны дереу қалаға апарып, iшiндегi баласын жарып алмақ. Бейне, баланың иесi солар сияқты. Қабдiрақым қаладағы жұмысында болатын. Оралбай қазiргi саясатты да, мыналардан құтылу оңай болмасын да бiлiп тұр. Алайда, жорта бiлместiкке салынып, ауылдың оқымаған, қараңғы шалының кейпiне кiрiп алды.
– Ау, сендердiң қандай қақы­ларың бар менiң немеремде? – деген даусын көтере кiжiнiп. – Менiң келiнiм қанша бала туса да өз еркi емес пе?
Мұның айтқан сөзiн тiлмәш қазақ қытайшаға аударып, сонан соң олардың сөзiн бұған қазақша түсiндiргенше бiраз уақыт өттi. Сол баяғы мың рет естiген жарапазан. Мемлекет саясаты, ұлттар теңдiгi... Оралбай бәрiн бiлiп тұрса да, өп-өтiрiк түсiн­бестiкке салып тұр.
– Өзге жұртты не қылсаң да өзiң бiл, менiң немеремде шар­уаларың болмасын. Мен балаларымды өзiм бағып-қағамын. Өкi­меттен көк тиын көмек сұрамаймын. Отбасын асырауға малым да, жерiм де жетедi! – деп қасарып тұрып алды.
Бұл аралықта дәрiгер әйел Балхадишаны оңаша бөлмеге апарып, тексерiп жатқан. Бiр уақытта далаға шығып:
– Iштегi нәрестеге – жетi ай. Босануына әлi екi ай уақыт бар, – дедi топ бастығына баяндап.
– Бәрiбiр анасын қалаға әке­ту керек! Баланы жарып алғаннан басқа амал жоқ, – дедi ор­сақ тiс қытай дәрiгерi қатулана сөйлеп.
Бұл кезде енесi Айтбүбiмен қолтықтасып, Балхадиша да далаға шыққан. Бәдендi жас әйелдер екiқабат кезiнде толысып, тiптi әдемiленiп кетедi ғой. Балхадишаның да сондай бiр нұрлана толықсып тұрған шағы едi. Тек, қарақат көздерiнде қорқыныш аралас үрей бар. Тәңiрiм-ай, екi қабат әйелге “iшiңдегi балаңды жарып алам” деп, тап-тап бер­гендi кiм көрген? Мұндай да зорлық болады екен?!
– Қабдiрақымға телефон соқ­тым, ол да келiп қалар, – дедi Балхадиша атасының қасына келiп.
– Қорықпа, балам, мен тiрi тұрғанда ешкiм де сенi бұл жерден әкете алмайды! – дедi Оралбай әлденеге тас бекiнiп. Сонан соң дәрiгерлерге бұрылған. – Былай iстейiк: сендер осы баланың орнына маған айып салсаңдар қайтедi? Бiр бала қанша тұрады өзi? Екi есе бағасын төлеп, сатып алайын! – деген шын ниетiмен.
Оның сөзiн аударма арқылы ұғынған қытай дәрiгерi бiрден бас тартты. Алдымен қазақ шалының қараңғылығына үшеуi қарқылдап күлiсiп алды.
– Жоқ, болмайд! – дедi топ бастығы түсiн суыта, басын шай­қап. – Баланы сатады, бiз­дiкi бас кетедi. Ондай заң жоқ.
Осы мезетте қала жақтан мотосекiлiн дырылдатып, Қабдi­рақым да жетiп едi. Оған да оңай дейсiң бе, өң-түсi қашып, құр сүлдерi тұр.
– Сен мыналармен өз тiлiнде сөйлесшi, – дедi Оралбай баласына жiгер бере сөйлеп. – Келiндi қалаға апарып, жетi айлық баланы жарып алмақ... Өздерi мынаған көне ме екен? Балхадиша осында аман-есен босансын. Сонан соң баланы қайда әкетсе де өздерi бiлсiн.
Қабдiрақым дәрiгерлермен қытайша балдырласып, недәуiр ұзақ сөйлестi. Әйелiнiң баланы жарып алудан қорқатынын, соған байланысты әкесiнiң өтiнiшiн айтып жатса керек. Осылайша, екi жақ бiраз ырғасқан соң, ақыры дәрiгерлер әйелдi үйде босандыруға мақұл болды. Аттанарда топ бастығы Оралбайға бұрылып:
– Ақсақал, сiздiң сұрауыңыз бойынша, келiнiңiздi үйде босандыруға келiстiк. Бiрақ оған дейiн сiздер жақтан мала-матан болмасын. Туатын күнi жақындағанда, бiз қаладан дәрiгер жiбере­мiз! – дедi қысық көзi қитарлана, түсiн суытып.
Сонымен, қаладан келген жаналғыштар аттанып кеткен. Ал­қымнан алып, қысқаштай қысқан рақымсыз қолдан босанғандай, үй иелерi аз да болса тыныстап қалды.
– Шал-ау, не бiлген ойың бар? Көзге көрiнген соң ол “кү­шiктi” көзiң қиып, өкiметке қалай бере салмақсың? – дедi манадан берi сөзге араласпай үнсiз тұр­ған Оралбайдың бәйбiшесi Айтбүбi.
– Шұрқ етпе, бәйбiше! Бала олардың қолына тимейдi... Ол туралы менiң бiр ойым бар, – дедi Оралбай сол түнерген қал­пы, артық сөзге бармай.
Бұл, анығын айтқанда, “балта көтерiлгенше, дөңбек жол табады” дегеннiң керi едi. Алдан күткен рақымсыз апатты бiр күн де болса созу. Рас, Оралбайдың көңiлiнде түрлi-түрлi жоспар бар. Оның қайсысы жүзеге асарын бiр құдайдың өзi бiлсiн. Басы айналып, миы шатыса берген соң, бiр мезет ауыр ойдан сейiлгiсi келiп, атын ерттеп мiндi де, егiн арасындағы суыртпақ жолдармен жоғары тау бөктерiне қарай жүрiп кеттi.
“Ойпыр-ай, мұндай да зорлық болады екен! – дейдi ой-қиялы бәрiбiр ұрпақ мәселесiнен алыстамай. – Бұл өкiмет малды алды, жердi алды, ендi сенiң үй-iшiңе билiк жүргiзбек пе? Сенiң қанша балаң болуы керектiгiн солар шеше ме? Әйелдiң ышқырымен алысқан бұл не деген бәтуасыз адамдар? Сонда, қытайдың саны артып кеткен екен деп, Оралбай үрiм-бұтақсыз, мұрагерсiз қалуы керек пе? Жо-оқ, оның жөнi келе қоймас. Бұл осы жолда өлсе өлер, бiрақ немересiн қолдан шығармас”.
 
Әйгiлi құсбегi, осы өңiрге аты мәлiм саяткер, марқұм әкесi Оспан айтып отырушы едi: “адам түгiлi, құс екеш құс та өз ұрпағын сақтағысы келедi” деп... Ол бiр жолы мынадай кереметтi кө­рiптi. Мына өрдегi Абдыра аңға­рында Берiк­қара дейтiн жалама жартасты, биiк шың бар. Қанатты құстан басқа ешкiм шыға алмайтын сол жартасқа бүркiттер ұя салады. Бiрақ саятшылар қай жартаста қандай ұя бар екенiн, оған қай қыранның жұмыртқалағанын бәрi­бiр бiлiп жүредi. Әсiлi, Барқытбел қырандары ақпан-наурызда жұмыртқалап, ұябасар оны қырық күндей шайқап, сәуiрде жұмыртқасын жарып, мамырдың аяқ шенiнде балапанын ұшырады. Мiне, со­ның бәрi құсбегiлердiң есебiнде.
Әкесi Оспан жыл сайын белгiлi бiр ұядан балапан алып жүредi екен. Өзiнде де бiр-екi бүркiт бар. Артығын бай-мырзаларға тарту етiп, пайда табады. Жыл сайын ұядағы ұрпағын құ­тайт­пайтын Оспанды ұябасар мен шәулi қыран да танып алса керек, бiр жолы белiне арқан байлап, ұяға түскен Оспанға қос қыран алма-кезек шабуыл жасап, қанаттарымен қағып, тұмсықтарымен шоқып, балапанын алдырмай қояды... Ал келесi жылы не iстеген дейсiз ғой? Құсбегi ұяда жатқан екi жұмыртқаны дүрбiмен көрiп, сырттай иемденiп жүргенде, ұябасар мен шәулi қыран жұмыртқаларын басқа бiр жаққа алып қашып кетедi. Қалай? Бұлай болуы мүмкiн бе дейсiз ғой? Мүмкiн екен. Әлдеқайдан тауып әкелген, не өздерi алып жеген аңның терiсiне әрқайсысы бiр жұмыртқадан орап алады да, шеңгел­де­рiне қысып, тау айналып, бас­қа бiр жаққа ұшып кеткен. Бiреу айтса сенбес едi, бұл оқиғаны тауда бүркiт салып жүр­ген Оспан өз көзiмен көрiптi...
Әкесiнiң осы әңгiмесi есiне түскенде, Оралбай бейне бiр жаралы аңша, ышқынған дауыс шығарып, қинала күрсiндi: “Апырай, тiлсiз, үнсiз құс құрлы болмағаным ба? Отымды өшiрмейтiн жалғыз немеремдi сақтай алмасам, бүйтiп жер басып жүргенiм­нен не қайыр?” деген қасiреттi сөз аузынан қалай шығып кетке­нiн өзi де аңғармай қалды.
Бiр уақыт алдағы Барқытбел биiктерiне көз жiберген. Қазiр шiлiңгiр шiлде. Қай жағыңа қарасаң да таудың бұл бөктерi ұзатылатын қыздай малынып тұр. Мынау – күркiреген дауысы қо­зыкөш жерден естiлетiн Қара­үңгiр өзенi, одан шығыс жаққа бет алсаң, екi-үш белдiң астында Абдыра аңғары. Бәрi де – өзi туып өскен өлке. Жазда жайлау қызығын көрсе, қыста әкесiне ерiп, аң қарап, бүркiт салған жерлерi. Қазiр соның бәрi – жат қолында. Осынау Құлыстай өлке­сiне сыймай отыратын қалың ел ана жылы небәрi бiр-ақ айдың iшiнде атажұрт – Қазақстанға қопарыла көшiп кеттi де, олардың орнын iшкерiден келген жаңа қожайындар басты.
Ол келесi сәтте назарын батыс жаққа аударған. Бұл да – өзiне етене таныс жерлер. Сонау көрiнген – Ақшоқы биiгi. Соның қойнауынан Қаракiтат өзенi ағып өтедi. Мемлекеттiк шекара – сол өзеннiң дәл iргесiнде. Ақшоқы бөктерiндегi сонау бiр ағараңдап көрiнген – “Жаманты” заставасы. Осы арадан тура жүрген кiсiге он шақырымнан аспайды.
Оны жақсы бiлетiнi, 1962 жы­лы осындағы ел жапатармағай Қазақстанға көшкенде, Оралбай туыстарын арбамен ұзатып сал­ған. Сол жолы Жамантыға дейiн барып қайтқаны есiнде. Ол кезде қалың көш жалғыз Жаманты емес, 150 шақырым шекара бо­йындағы Бақты, Ергейтi, Емiл, Шағантоғай қатарлы бес заставаның тұсынан өттi ғой. Әр заставаның тұсынан екi шақырымдай шекара сымнан жинап тастаған. Оралбай iнiсi мен қарындасын Ақшоқының бөкте­рiне дейiн шығарып салып, Қа­зақстан жерiнде жарым күндей жүрмедi ме! Айтып сойылған малдың етiнен ауыз тиiп, атажұрттан дәм татып қайт­қан. Сондағы басының әңкi-тәңкi боп қатқаны-ай! Елмен бiр кетуi керек пе, әлде осында қалып, оқудағы жалғыз ұлды күткенi жөн бе? Жалғыз ұрпағын осында қалдырып, бәйбiшесi екеуi қу бастары онда барғанда не марқадам табады? Бұлар онда, Қабдiрақым мұнда, екi жақта сағыныш күйiгiн тартпай ма? Ақыры, онда да ұрпақ тағдыры жеңiп шыққан. Құданың әмiрi, осы ұрпақ мәселе­сi араға жылдар салып, Оралбайды әлсiн-әлi сынайтыны несi екен?
Оралбай сол күнi бас жарып, мойын соза бастаған бидай егiсiн аралаған болып, Жаманты заставасына таяу барып қайтты. Ана жылы шекараның бергi бетiнде күзет жоқ сияқты едi. Ол кезде шекараны тек Совет солдаты күзететiн. Ендi бажайлап қараса, сол Жамантыға тұспа-тұс, қытайлар да қызыл қыштан мұнара орнатып тастапты. Бұл – ана жылғы көштен кейiн iргесiн бекiтiп, шекара күзетiн күшейт­кенi.
“Бiрақ, бәрi бiр, осы шекарадан өтуден басқа амал жоқ, – дедi Оралбай екi көзiн заставаның ақ үйлерiнен айырмай. – Ұл мен келiндi көп ұзатпай осы айдың iшiнде шекарадан асырып жiберу керек. Аман-есен арғы бетке өтсе, керi қайтара қоймас. Бiр бастарына жансауға сұрап, құрсағындағы перзентiн ажалдан алып қашқан анаға ара түспесе, Қазақ мемлекетiнiң құ­рығаны емес пе?!”.
Қазiр бұл елде Қазақстан туралы алып қашты әңгiмелер көп айтылады. “Ондағы қазақтар бай-кедей болып екiге жiкте­лiптi. Байға жол ашық, кедейдiң көрген күнi қараң” деседi. “Орысша бiлмеген кiсiге жұмыс бер­мей­дi екен” дейдi. “Көшiп бар­ған қандастарына пәлен жылға дейiн куәлiк бермей, тұрмыстан қатты қысады екен” дейдi... Ал қазiр Оралбайдың оның бәрiн ойлап жатуға мұршасы жоқ едi. Есiл-дертi – ұл мен келiндi арғыбет асырып, әне-мiне дүниеге келер ұрпағын сақтап қалу ғана болатын. Ол ендi ат басын ауыл жаққа бұрды да, күнi бойы ойланып, табан тiреген тоқтамын кешке жақын, төрт көздерi түгел отырғанда жария қылды.
– Ендi “шақырту” қағаздан үмiт аз. Тiптi ол қағаз келген күнде де, мұндағы өкiметтен рұқсат алып үлгермеймiз. Сондықтан Қабдiрақым мен Балхадишаны таяу күндерде атажұртқа асырып жiбергеннен басқа амал жоқ.
Әкелерi осыны айтқанда, ұл мен келiннiң көздерi алақандай болып, дауыстары қатар шықты:
– Қалай?
– Қайтып?
– Кәдiмгiдей. Екеулерiң шекараға түн жамылып барасыңдар да, Жаманты заставасынан ары қарай өте шығасыңдар. Бергi күзеттен аман өтсеңдер болғаны. Аржақтағы қазақ шекарашыларына өздерiң барып берiле­сiңдер...
– Ал, қытай жағы... – Қабдi­ра­қым сөзiнiң аяғын жұтып қойды.
– Мен бүгiн шекараға дейiн барып қайттым, – дедi Оралбай.
– Жамантыға қарама-қарсы қытайлар да мұнара-потай орнатып қойыпты... Мен бiлетiн Қытай болса, олар түн қараңғысында далаға шықпаушы едi. Олардың көзiне түспей, айналып өтуге әбден болады.
Бұл сөзге жастар жағы иланғандай. Тек, көңiлi бос, уайымшыл Айтбүбi ғана бiрер ауыз сөз қосты:
– Шал-ау, не айтып отырсың? Шекарадан заңсыз өту соншалық оңай болып па? Әлi тумаған шаранаға бола қолдағы барымыздан айырылып қап жүрмейiк! – деп кемсеңдеп жылай бастаған.
– Қой әрi, жаман ырымды бас­тап, не көрiндi саған? – деп Оралбай кемпiрiн тыйып тастады. – “Шаранаң” не айтып отырған. Бiле бiлсең, бiздiң болашағымыз сол “шаранаға” тiрелiп тұр. Ол – Оспанның отын өшiрмейтiн жал­ғыз жарық шырағымыз... Ұрпағымызды тумай жатып, қытайдың жалаңдаған пышағына қалай бере салмақсың?
– Ой, Алла-ай, өз отбасыңның қызығын өзiне көрсетпейтiн қандай заманға тап болғанбыз?! – деп шарасыз қалған Айтбүбi өксiп барып тоқтады...
Сол күннен тартып, қызу да­йындық басталған. “Дайындық” дегенде, жолға алатын бiрер қабат киiмнен басқа не бар? Қабдiрақым әзiрше ешкiмге сыр бiлдiрмей, мотосекiлiн дырылдатып, қаладағы қызметiне барып жүр. Оралбай оны бiр рет күндiз, екiншi ретiнде кешке жақын шекараға дейiн апарып, жол көрсетiп қайтты. Екi ел күзетiнiң қалай орналасқанын ұғындырған. Кеш түсе апарған себебi, түнде Жаманты заставасының шамдары жарқырап көрiнiп тұрады екен. Соған көзi үйренсiн, адаспай тура барсын дегенi. Қабдi­рақым бiраз Қытай ақшасын долларға айырбастап алған. Үр­жардағы туыстардың адрес-хаттары – қалтада.
Бұл аралықта жалғыз Оралбай емес, Қабдiрақым мен Балхадишаны да адамдық, азаматтық намыс билеп алған едi. Сенiмен санаспайтын, сенi адам­ғұрлы көрмейтiн астамшыл дүлейлерге қарсы көтерiлген ашу-ыза да жоқ емес. Екеуi де өз қандарынан жаралған жазықсыз нәрес­тенi ажалға бермеуге бекiген. Әсi­ресе, Балхадиша бүкiл жа­уапкершiлiк бiр өзiне тiрелiп тұрғанын сезiнген сайын мазасыздана бастады. Бiр оңашада Қабдiрақымға:
– Әнегүнi дәрiгерлер “екi айдай уақытың бар” деген сияқты едi. Бiрақ менiң күнiм одан гөрi таяу секiлдi. Iштегi “батырдың” ойнақ салуы әлей, – деген күйе­уiне жаутаңдай қарап. – Шекараға жетпей туып қалмасам жарады.
– Не дейдi? Ойбай-ау, онда асығуымыз керек қой! – дедi Қабдiрақым да жол жүрудi же­делдетiп.
Бұл туралы Оралбай қарттың да өз байламы бар екен:
– Баяғыда бiреу: “қап, мен ұрлық қылған күнi айдың жарық болғаны-ай” деп өкiнген екен. Жалпы, жасырын шаруаға аттанған кiсiге айдың қараңғысы жақсы. Осы сендер шiлде бiтiп, тамыз басталатын өлiарада аттанып кетсеңдер қайтедi? – деген жастарға ақыл сала сөйлеп. – Күн бұлтты, жауын-шашын болса тiптi жақсы.
Бұл сөздi ұл мен келiн де құп көрiп, алдағы сәрсенбiнiң сәтiне жолға шығуға келiстi. Жалғыз­ағаштан – шекараға дейiн он бес шақырымнан аспайды. Бiрақ айы-күнi жетiп отырған ауыр аяқты әйелдi сонша жерге жаяу сандалту ақылға сыйымсыз. Сондықтан, шекара бойына жақындағанша, екеуi Оралбайдың тортөбе­лiне мiнгесiп барады да, межелi жерге жеткен соң, аттың шылбыр-тiзгiнiн басына түрiп, қайтарып қоя бередi. Сыралғы жылқы ешқайда бұрылмай ауылға келерiне күмән жоқ.
Бәрi де сол алдын ала ойластырғандай болды. Жолға алған киiмдерi Айтбүбi тоқыған үлкен ала қоржынның екi басына сыйып кеттi. Қоштасу да тым ұзаққа созылған жоқ. Балхадиша екi қызының бетiнен сүйiп, әуелi құдайға, сонан соң енесiне тапсырды да, көп айналмай үзеңгiге аяқ салды. Сақтық үшiн бұл жүрiстерiнiң мәнiсiн қыздарына айтқан жоқ. Мәметек iшiндегi төркiнiне баратын кiсi болып, аттанып кеттi.
Ақ баталарын берiп, ата-баба аруағына сыйынып, Оралбай мен Айтбүбi қалды арттарында. Орекең, әсiресе, өзiнiң келiнiне разы едi. Әйел басымен қайтпас қайсарлық танытты-ау! Сол сәт оның көз алдына ұядағы жұмыртқасын әлдебiр терiге орап алып, шеңгелдеп, ұшып бара жатқан ана қыран елестедi.
 
Ерлi-зайыпты жастардың бұдан былайғы сапары әкелерi айтқан жобадан көп ауытқыған жоқ. Белгiлi межеге дейiн тортөбел атқа мiнгесiп келдi де, шылбыр-тiзгiнiн түрiп, ауылға қоя бердi. Шүкiр, барар бағыттан жаңылмаған сияқты. Жаманты заставасының шамдары мен мұндалап, бұларды қоналқыға шақырып тұрғандай. Тура жүр­ген кiсiге төрт-бес шақырымнан аспас.
Егiстiк жерлер осы арада аяқталып, бұдан ары боз жусанды, қараған-тобылғылы дала бас­талады екен. Қабдiрақым ала қоржынды иығына асып, Балхадишаны қолтықтап алды да, жаяу аяңдап жүрiп кеттi. Айналасына сақтана қарап, уақ-уақ тоқтап, тың тыңдайды. Таяу маңда елең етер үн жоқ. Түн бояуы бетке жұғатындай қап-қараңғы. Бұлар осы үрдiспен екi шақырымдай жол жүрдi. Қабдiрақым шақпағын жылт еткiзiп, сағатына қарап едi, уақыт түнгi бiр жарымнан асып барады екен. Бiрақ көп ұзамай Балхадишаның жүрiсi ауырлай бастады. Iшi шеңбiрек ата кеуiп, құрсағында әлдебiр бүлiк бастал­ған сияқты. Ауа жетпегендей тынысы тарылып, бұдан ары қозғалу қиын болған соң, бiр түп қарағанның тасасына тоқтап, аз-кем аялдады.
– Шыда, жаным! Шыдашы... Көп болса жарым сағаттық қана жол қалды, – дейдi Қабдiрақым бәйек болып.
– Оған болып тұр ма... Мен бiлсем толғақ басталған сияқты, – дейдi Балхадиша. – Әлдене шатыма тiрелiп, жүргiзер емес.
– Сонда да шыда!.. Толғақтың келiп қайтатын кезегi болушы едi ғой. Сен қайткен күнде де шекараның аржағында босануға тиiссiң! – дейдi Қабдiрақым жанын қоярға жер таппай.
Күйеуiнiң сөзi дем бердi ме, Балхадишаның сәл де болса тынысы кеңiп тағы да бiр шақырымдай жол жүрдi. Бiрақ жүрiстерi өндитiн емес, келiншек күйеуiнiң иығына асылып, шатқаяқтап, зор­ға жүрiп келедi. Бiр тәуiрi, оң бүйiрде қалып бара жатқан қы­тай күзетiнен еш белгi бiлiн­бейдi. Соңғы жылдары шекараның бұл тұсында ары-берi қашып өту секiлдi оқыс оқиғалар болмаған-ды. Тыныштыққа бойы үй­ренген шекарашылар өнебойы сығалап, қарап отыруды қойған сияқты.
Алайда Балхадишаның бұ­дан ары аяқ басарлық халi жоқ едi. Су орып кеткен әлдебiр жарла­уытқа келгенде бүк түсiп отыра кеттi.
– Қабен (олар үйiшi болып, Қабдiрақымды осылай атайтын), өлтiрсең де ендi аяқ басар шамам жоқ. Толғақ қысып тұр, – дедi қалтырай үн қатып.
– Әйткенмен, шыда! Шекараға дейiн ұзаса бiр шақырымдай ғана жер қалды...
Қабдiрақым соны айтып, сағатына қарап едi, уақыт түнгi екi жарымнан асып барады екен. Бұдан ары бөгелуге болмайды. Жазғы таң қысқа. Көп ұзамай жерге жарық түсуi мүмкiн. Ол әйелiн сүйемелеп тұрғызды да, қарсыласқанына қарамай арқалап алды. Қабдiрақым – жасында спортпен айналысқан, мел­жем­дi, мықты жiгiт болатын. Әйт­кенмен, iштi-тысты екi адамды көтеру оңай да шаруа емес. Амал не, қайткен күнде де шекарадан өту керек! Ауыр жүк кө­терген адам асықпай, маң-маң басып жүре алмайды. Сондықтан ол Балхадишаның екi қылтасынан ұстады да, бүкеңдей жөнелдi. Айтты-айтпады, шекараға мүлде аз қалса керек. Кенет алдарынан әкесi айтқан Қа­ракiтат өзенi шыға келдi. Қабдi­рақым оған бөгелген жоқ, тас-тастың арасымен сылдырап ақ­қан өзендi етiгi­мен кешiп өте шықты.
 
Өзеннен өткен соң әйелiн жерге түсi­рiп, аз-кем тыныс алды. Толғақ шыдатпай тұрса керек, Балхадиша ышқына ыңқылдап, аузымен ауа қармай бередi. Застава шамдары қол созым жерде тұр. Бiрақ өзеннiң арғы жағы едәуiр өр екен. Неде болса шекараға жетiп жығылмаса болмайды. Сол оймен келiншегiн арқалап алды да, өрге қарай тырмыса жөнелдi. Өнебойдан тер сорғалап, құйылып жатыр... Спортта “екiншi тыныс” дейтiн болады. Соңғы күш, соңғы серпiн. Көмбеге таяғанда Қабдi­рақымда да сол “екiншi тыныс” ашылды-ау деймiн. Тыңнан әлде­бiр күш қосылғандай, алға қарай жанұшыра жүгiрдi. Аяқастынан көңiлi көтерiлiп, арқасындағы келiншегiне: “тар төсекте қабыр­ғаң қайысып, менi талай көтерiп едiң, бүгiн соның есесiн бiр қайтардың” деп қалжыңдағысы келген... Бiрақ оны айтып үлгiрген жоқ. Кенет қарсы алдарынан қуатты фанар жарқ етiп:
– Тоқта!.. Кiмсiң? – деген әмiрлi дауыс естiлдi.
Қараса, автомат асынған екi солдат тұр алдарында. Жетегiн­дегi қасқыр-ит арс-арс етiп, алға ұмтылады. Шекарашылар бiрiн-бiрi арқалаған екi адамды бiрта­лайдан берi көрiп отырса керек, оншалық абыржымай, бейқам тұр. Тәңiрiм-ау, екеуi де – мұрт­тары жаңа тебендеп келе жат­қан қазақ балалары... Соны көргенде, Қабдiрақымның арқасы кеңiп, жүйке-жүйесi мүлде босап кеттi. Көзiнен жас парлап қоя берген.
– Жiгiттер, бiз қазақ жерiне өттiк пе? – деген келiншегiн ар­қалаған күйi.
– Өттiңiз...
– Өтсек, жеңгелерiң толғатып келедi... Көмектесiңдер! – дедi Балхадишаны жерге түсi­рiп.
Шекарашылар аяғын әрең басып тұрған әйелдiң ауыр халiн көрдi де, артық сөзге бармай, Балхадишаны сүйемелдеп, iшке кiргiзiп әкеттi. Застава ауласында балапан теректер отырғызған шағын бақ бар екен, толғатқан әйелдi соның саясындағы әлде­бiр орындыққа жайғастырды. Бiреуi осында қалып, екiншiсi iш жаққа жүгiрiп кеттi. Сiрә, төтенше жағдайды бастығына мәлiм­демек секiлдi.
– Қабен, осындамысың? Менi мына орындықтан түсiрiп, көк­май­саға жатқызшы! – дедi Балхадиша бiр мезетте ықылық ата ыш­қынып.
Содан, шекарашы жауынгер екеуi екi жақтап, Балхадишаны бiркелкi қырқылған көк шөптiң үстiне жатқызған. Сыңайы, жол бойы толғағы пiскен iштегi жан иесi осы сәтте бар күшiмен жа­рық дүниеге ұмтылған секiлдi... Соның арасынша iш жақтан застава бастығы аға лейтенант пен ақ халатты әлдебiр әйел де келiп қалған. Бiрақ олар толғатқан әйелдi қарап үлгiрген жоқ. Дәл осы мезетте “шыр” еткен нәрес­тенiң дауысы естiлдi... “Мен кел­дiм! Жарық дүние, аш есiгiңдi!” деп жар салып жатқан секiлдi ажалдан қашып құтылған күнәсiз перiште. Бұл кезде туған әйелмен ақ халатты дәрiгер айналысып жатқан-ды.
– Ұл бала! – дедi ол бiр уақытта қызылшақа нәрестенi жоғары көтерiп. – Шекарада туды ғой. Қай елдiң азаматы деймiз мұны?
– Қазақстан азаматы! – деп айқайлады Қабдiрақым қуаныштан жүрегi жарыла жаздап. – Сол үшiн шекара бұзып, қашып келген жоқпыз ба!
Бұл сәттегi Қабдiрақымның көңiл күйiн сөзбен айтып жеткiзу қиын едi. Оспановтардың отын өшiрмейтiн тағы бiр ұл келдi дүние­ге! Бұдан артық адам баласында қандай бақыт болуы мүмкiн?! Бәрiнен де ауылдағы әке арманының орындалғанын айтпайсың ба?! Соңғы айларда еңсе көтертпеген уайым, түсi қашып, түн қатқан мазасыз жү­рiс, қауiп-қатер, шаршап-шалдығу, бейне бiреу қолмен сыпырып алғандай лезде ғайып болды.
Қабдiрақым есiн жиып қараса, Балхадишаны да, жаңа туған нәрестенi де iшке енгiзiп алып кетiптi. Манағы орындықта ала қоржынын құшақтаған өзi мен аға лейтенант қана қалыпты.
– Сiздердiң жағдайларыңыз былай да түсiнiктi. Шамасы, осы нәрестенi ажалдан арашалап, қашып келген адамсыздар ғой... Қалғанын ертең сөйлесермiз, бүгiнше демалыңыз! – деп застава бастығы да орнынан көте­рiлдi.
Қабдiрақым қатты шаршаған екен. Ақжайма жайылған жайлы төсекте тұяқ серiппей қатып қа­лыпты. Таңертең оянса, кешегi қор­қыныш, үрейдiң бiрi жоқ, құр аттай сергек сезiнедi өзiн. Сол бетi далаға шыққан. Таң алдында жаңбыр жауып өткен бе, ауа тап-таза. Айнала-төңiрек нұрға малып алғандай, көңiлге қуаныш ұялатады... Аулада кешегi аға лейтенант ұшырасқан. Арадағы әңгiме бұл жолы да қысқа болды.
– Үшiншi бала... Тумай жатып пышаққа iлiнетiн болған соң, атажұртқа алып қашып келген бе­тiм осы. Түсiнесiз ғой, оның үстiне екi қыздан кейiнгi ұл бала! – деп Қабдiрақым өз жағдайын баяндап келдi де, қалтасында жүрген Үрiжардағы туыстарының хаттары мен адресiн көрсеттi. – Осыларға жеткiзiп салсаңыз, сiздер­ге масыл болмаймыз.
Застава бастығы Үрiжардан келген хаттарға көз жүгiртiп қарап шықты да:
– Туыстарыңыз бiзге көршi, жап-жақын жерде екен. Соған қарамастан төрт-бес күн күтуге тура келедi. Түсiнесiз ғой, шекараның өз тәртiбi бар. Елiмiзге сырттан келiп қосылған үш бiр­дей адамды қабылдау үшiн жоғарғы жақтың бекiмi керек, – дедi Қаб­дiрақымнан кешiрiм сұрағандай. – Үржардағы туыстарыңыз­ға хабарлаймыз. Жас нәресте сәл шираған соң, туыстарыңыз ке­лiп алып кетер, не бiз апарып салармыз.
Қабдiрақым таңғы астан ке­йiн Балхадиша жатқан бөлмеге кiрген. Мiне, тамаша! Келiн­ше­гi кiршiксiз аппақ төсекте демалып жатыр. Қасында құндақтаулы баласы. Ауырынан жеңiл­ден­ген Балхадиша көңiлдi екен. Қалжасы жағып, қаны бетiне теуiп, бейне көктемгi даладай бусанып отыр.
– Атамның арманы бiр ұл едi. Көп машақатпен қашып-пысып жүрiп, оған да қолымыз жеттi-ау! – дедi күйеуiне еркелей қарап. – Ұлыңа ат таптың ба? Кiм деп қоятын ойың бар?
 
Қабдiрақым ұйықтап жатқан нәрес­тенi қолына алып, құшырлана иiскедi. Салмағы әжәптә­уiр... Айнымаған Оспановтардың пародасы. Маңдайы дөңес, қошқар тұмсық.
– Атын Жошы қоям! – дедi ол лепiрiп. – Шыңғыс хан бабамыз баяғыда жолда туған тұңғыш ұлының атын Жошы қойған екен. Мұның есiмi де – Жошы болады!
– Қойшы, атын Абылай қоям дейтiнiң қайда? – дедi Балхадиша хош көрмей.
– Жошы – бүкiл қазақ хандарының, сол қатарда Абылайдың да атасы, – дедi Қабдiрақым алған бетiнен қайтпай. – Ендi еркiн елге келдiк қой, бәлкiм, келесi ұлдың атын Абылай қоярмыз.
Мұндай ұйғарымға Балхадиша да қарсы емес сияқты. Кенет сәл мұңайған түрге ендi де:
– Қазiр ауылдағы атам мен апам не күйде екен? – дедi ата-енесiн еске алып. – Мына жаман немересiн көрсе, атамның төбе­сi көкке жетер едi-ау! Әрi-берi­ден соң, осы сапарды ойлап тап­қан – сол атам емес пе?!
– Айтпақшы, бiздiң ауыл осы арадан жап-жақын. Қалта телефонмен сөйлесуге болатын шығар, ә? – дедi Қабдiрақым ойына әлдене түскендей.
Соны айтып, белдiгiнде жүр­ген телефонға қол созған. Қап, аттанарда асығып жүрiп, токпен “суаруды” ұмытып кетiптi-ау! Қуаты бiтiп қалыпты.
– Қалта телефонмен алуын алады. Бiрақ ол үшiн застава бас­тығынан рұқсат алу керек шығар, – дедi Балхадиша.
Қабдiрақым қолма-қол аға лейтенантқа жолығып, өзiнiң өтiнiшiн айтқан.
– Бiздiң ауыл осы арадан ұзаса он бес шақырымдай. Бiз­дiң әкей бiзден хабар ала алмай, қатты мазасызданып отырған шығар. Телефон номерiн берсем, бiздi аз уақытқа жалғай аласыз ба?
– Жалғауға болады. Тек, үш-ақ минутқа! – дедi застава бастығы. Соны айтып белбеуiнде жүрген рацияға Қабдiрақым айт­қан номердi тердi де:
– Алло, бұл Оралбай ақсақал ма екен? Сiзбен қазiр балаңыз сөйлеседi, – деп рацияны мұның қолына ұстатты. Әкесi күтпеген жерден кiммен сөйлесерiн бiлмей есi шығып тұр екен.
– Көке, бұл – мен ғой. Қабдi­ра­қыммын! – дедi бұл байсалды тiл қатып. – Жолымыз болды, көздеген жерiмiзге дер кезiнде жақсы жеттiк... Осында келiсi­мен Балхадиша аман-есен босанып, ұл тапты!
Ана жақтан:
– А, құдай, ақсарбас! – деген әкесiнiң қуанышты даусы ес­тiлдi. – Алла тағала жолдарыңды оңғарсын!.. Үржардағы туыс­тар­ға хабарластыңдар ма?
– Оларға хабар кеттi. Жақында барамыз ол жаққа...
– Барсаңдар айтыңдар, олар ендi Айтбүбi екеуiмiзге шақырту жiберсiн!
– Алаңдама, көке! Бiз әлi-ақ қайтадан қауышамыз...
Осы араға келгенде, рацияның уақыты бiтiп, әңгiме үзiлiп кеттi... Уақа емес, үзiлген әңгiме қайтадан жалғасар. Ең бастысы, үзiле жаздаған өмiр өз жалғасын тауып, Оспановтар әулетi ата­жұртта жаңа өрiске шықты ғой! Апатты жағдай артта қалды.

Қабдеш Жұмаділов

2014 - қаңтар

"Жас Алаш" газеті

0 пікір