Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 9368 0 пікір 24 Ақпан, 2014 сағат 08:50

АҒА ЖАЙЫНДА ЕСТЕЛІК немесе АРЗУ

Әсем ЖАРМАҒАМБЕТОВА
(Т. Жармағамбетовтың қарындасы)

Тобық ағамның туғанына сексен, дүниеден озғанына қырық жылдан астам уақыт болыпты. «Диірменнің тасындай дөңгелеген дүниенің» мұнша қысқа әрі ұзақ айналатынын кім білді дейсің...
Көзімізді ашқаннан, көргеніміз: жоқшылық, жетімдік, жалғыздық. Осының бәрін бастан өткеріп, азабына көніп, енді ғана алдан жарық сәуле көрінген сәтте арқаңды сүйеген, жел жағыңа ық болған абзал ағаның бізді тастап кете барғаны қалай деп қабырғам қарс айырылған еді. Осы күнге дейін санамды тілгілеп, сабырға тоқтағысы келмейтін мендегі мазасыз бір ойдың ұштығы осында.
Қалай десек те, өмірдің өтері, пенде атаулының пәниден бақиға, әйтеуір сағаты соққан сәтте қоныс аударатыны ақиқат. Солай десек те, ажалдың азабына көну, ақиқатын мойындау – ауырдың ауыры екен. Тоқтамға көнетін, тәубеге келгіш халықпыз ғой. Сүйікті ағайымның мәңгілік сапарына қаншалықты сенбей, бір келіп қалатындай екі көзім төрт болғанымен, уақыт мойындатады екен. Тек бір ғана тәубе ететінім – ағамның артында із қалғандығы.

Әсем ЖАРМАҒАМБЕТОВА
(Т. Жармағамбетовтың қарындасы)

Тобық ағамның туғанына сексен, дүниеден озғанына қырық жылдан астам уақыт болыпты. «Диірменнің тасындай дөңгелеген дүниенің» мұнша қысқа әрі ұзақ айналатынын кім білді дейсің...
Көзімізді ашқаннан, көргеніміз: жоқшылық, жетімдік, жалғыздық. Осының бәрін бастан өткеріп, азабына көніп, енді ғана алдан жарық сәуле көрінген сәтте арқаңды сүйеген, жел жағыңа ық болған абзал ағаның бізді тастап кете барғаны қалай деп қабырғам қарс айырылған еді. Осы күнге дейін санамды тілгілеп, сабырға тоқтағысы келмейтін мендегі мазасыз бір ойдың ұштығы осында.
Қалай десек те, өмірдің өтері, пенде атаулының пәниден бақиға, әйтеуір сағаты соққан сәтте қоныс аударатыны ақиқат. Солай десек те, ажалдың азабына көну, ақиқатын мойындау – ауырдың ауыры екен. Тоқтамға көнетін, тәубеге келгіш халықпыз ғой. Сүйікті ағайымның мәңгілік сапарына қаншалықты сенбей, бір келіп қалатындай екі көзім төрт болғанымен, уақыт мойындатады екен. Тек бір ғана тәубе ететінім – ағамның артында із қалғандығы.
Тобық ағамның тірліктегі серігі, аяулы жеңгем Сапия асылдың сынықтарын – Марат, Серік, Саяны қатарынан кем қылмай жеткізіп, әке мұрасын ұмыттырмай өсірді. Оған сол үшін де шексіз ризамын. Осылайша Жармағамбетовтер әулетінің оты өшпей, шырағы сөнбей келе жатқаны – менің үлкен бір тәубам – осы.
Екіншіден, Тобық ағамның артында халықтың игілігіне жарайтын үлкен рухани дүниелердің қалуы. 1966 жылы жарық көрген «Нәзік бұлттардан» бастап, одан бергі «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат», «Ақ жауын» кітаптары оның ғұмырының жалғасы іспетті. Егер биылғы жылы ағамның алпыс жылдығы туралы сөз болып жатса, сөз жоқ, осы еңбектерінің бағасы.
Ағатайым туралы сөз қозғасам, көкірекке кептелер әңгіме көп, қайсыбірін айта берейін. Балалық шақтың біраз жәйттері есте тұр әлі күнге дейін. Ол қолы қалт еткенде кітап оқуға құмар еді. Шетел, орыс жазушыларының шығармаларын қызыға оқитын. Кітапқа үңілгенде бүкіл дүниені ұмытып, жан-тәнімен беріліп кететін. Бірде Александр Пушкиннің поэмаларын оқып отыр екен. «Аға, мына кітапты қалай түсініп оқып жатырсың» деп сұрап қоймап едім, келген жерін тырнағымен сызып белгіледі де: «Иә, айналайын, Пушкиннің өлеңдерін түсініп оқу оңайға түспейді. Бірақ шамалап ұғамын ғой», – деді. Сосын арқамнан қағып, әрі қарай заулатып оқи жөнелді. Оның кітап оқудағы табандылығы осындай еді.
Кітапқа қатысты тағы бір оқиға ойға оралады. Оныншы класқа өткен жылы еді. Бір күні екеуміз үйге керек-жарақ әкелу үшін дүкенге бардық. Киім-кешектің аз кезі ғой. Шұлық түсіп жатыр екен. Бұған мен қуанып кетіп: «Ағатай, шұлық сатып алайықшы» дедім. Ол үндемеді. Мен шыдамсызданып: «Екеумізге де керек қой» деп тағы нығарладым. Ол «Әзірге менде бар ғой» деді ме, маған екеуін алып берді. Енді кітап сататын бөлімге келдік. Ағай дүкеншіден оны-мұны сұрап жарты сағаттай айналды. Ақырында бір қолтық кітап алып шықты. «Кітап дегенің үйде толып тұрған жоқ па» деген менің наразылығыма: «Көкеш, сен үндеме, көптен бері түскен қызық кітаптар екен. Бүгін келмегенімде өтіп кететін түрі бар. Жолымыз болды», – деді балаша мәз болып.
Ол кітап оқымаған күні бірдеңем ұмыт қалғандай сезінемін деуші еді. Осының бәрі оның үлкен жазушылық жолға дайындығы екен ғой.
Кейін өзінің кітаптары да шыға бастады. Өзіне тән бір қасиеті, әр туындысы дүниеге келген сайын дос-жарандарына, тума-туыстарына қолтаңбасымен сыйға тартатын. Алғашқы кітабы «Нәзік бұлттар» 1966 жылы жарық көрді. Оны ағай маған почта арқылы жіберді. Сол кезде кітаптың алғашқы ашық бетінің жоғарғы жағына жазған сөздері маған соншалықты ой салмағандай, мән бермеген екенмін. Қазір қара­сам, ағайымның ұп-ұзақ тарбита жаз­ған жазуы да көзіме оттай басы­лып, сағынышқа толы сезімімді оятады.
Сол алғашқы кітабы шыққанда көп ұзатпай құтты болсын айтып, ағайымның үйіне бардым. Ол көңілді екен. Кітабына оң болсын айтқан құттықтау-телеграммалар Жарқамыс орта мектебінің оқытушылары мен оқушыларынан, дос-жолдастарынан ағылып келіп жатты. Халықтың мұндай ықылас білдіруі оған күш-қуат бергені, жаңа шығармалар жазуға құлшындырғаны анық.
Тобық ағам шығармашылық жұмысқа қанша беріліп, кіріскенімен, қандай сәтте де дос-жарандарынан бөлектене алмайтын, оларды аңсап отыратын. Сол тілегіне орай ма, тіршілікте достары да көп болды. Бірде жазу үстелінде қағазға шұқшиып отырды. Әлдебір дүние жазып жатқаны анық еді. Бірақ сол күні үйде тыныштық болмады. Қайта-қайта телефон қоңырауы шалынып, орнынан тұрып кете берді. Ол да ештеңе емес екен, біреулер келіп, біреулер кетіп, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп жатты кейбіреулері. Ал, ағай болса, соның бәрімен де шұрқырасып амандасып, қарқылдап күліп қарсы алудан бір тынған жоқ. «Мына адамдар кімдер еді, ойыңды бөліп, жазуға мұрша бермеді ғой» деген менің қынжылысыма, сәл жылы жымиып: «Бәрі де менің достарым ғой, көкеш! Осылар неғұрлым көбірек келсе, көңілім көтеріліп, шабытым шалқып жүре береді» деген еді. Оның досқа деген көңілі осындай болатын.
Тобық ағаммен кішкентайдан бірге өскен досы Сламғали деген жігіт облыс орталығындағы ауруханаға жатып қалды. Оны мен ауылдан телефон арқылы ағама хабарладым. Ол сол бойда бүкіл қала ауруханаларын шарлап, Сламғалиды тауып алыпты.
Ол дос-жаранға осындай болғанда туыстыққа, бауырмалдыққа тіпті өліп-өшіп тұратын. Анда-санда алыстан сағынып келгенімізде жас балаша алдымыздан жүгіріп шығып, есікті де өзі ашатын. «Бауырларым келіп қалған екен ғой» деп жүзінен ерекше мейірім төгіліп, жайдарыланып сала беруші еді. Кейде тағдыр алғы күннің қам-қарекетіне орай қиюластыра береді екен ғой. Оның өмірінің соңғы жылының май мерекесі қарсаңында үш ауылға кеткен үш қарындасы – Сұлу, Тілектес және мен шақырулы қонақтай болып, бір мезгілде бауырымыздың үйінде бас қоса қалдық. Аяулы ағаның сол күнгі қуанышын көрсеңіз. Шәйді үлкен бөлмеге, жерге дастархан жайғызып, жасаттырды. «Жамбастап жатып шәй ішкенге не жетсін?» деп отырушы еді. «Бүгін төрт көзіміз түгелденген екен, барлық шаруаны жинап қойып, бәріміз естелік суретке түсейікші» деп ұсыныс жасады.
Мен он тоғыз жасымда басқа үйдің табалдырығын аттадым. Әрі абысыным, әрі енем болған Зылиха мені туған қызындай көрді. Талай қиындықты, жетімдікті бастан өткерген маған оның аялы алақаны сондай мейірімді еді. Ол Тобық ағам келгенде баласындай мәпелейтін. Қай кезден де көңілім бос, әрі өткенді ойлап жылай беретін болсам керек, Тобық ағам маған: «Көкеш, жыламасайшы, жеңешем маған да шеше. Апамды іздей беретінің не?» дейтін.
Тобық ағам соңғы рет қатты құлағанында, мен хабар келісімен жолға шығып кеттім де, мен кеткен соң екі сағаттан кейін оның өлімін естіртіпті ауылға. Сонда Зылиха апам «Баламдай болған жарығым» деп тынбастан жоқтау айтыпты. Осының бәрін ой елегінен өткізгенімде, адам әуелі тума-туысына қандай қадірлі болса, соларға ықыласын, ыстық пейілін ұсына білсе, осындай шапағаты айналасындағы қалың қауымға, жұртшылыққа да тиеді екен-ау деген тұжырымға келдім.
Сөз басында ағатайымның 1973 жылдың күзінде өмірден өткенін айттым. Ол кіндік қаны тамған жері Жарқамыста жерленді. Ақтөбеден көптеген жора-жолдастары келді. Байғанин ауданының сол кездегі басшысы Сматолла Беркімбаев еді. Ол ел азаматтарының басын құрап, үлкен азаматшылық жасады. Ағайын-тума, ел-жұрт аза тұтып, ақтық сапарға ағатайымды барлық рәсім-құрметін жасап шығарып салды.
Ағамның іске асырмақ арманы көп еді. Қайтыс боларынан төрт-бес ай бұрын бір сөзінде: «Біздің де Ақтөбе қаласына көшіп келгенімізге бірнеше жыл болыпты. Өзіме ыстық көрінетін қала жайлы әлі күнге дейін ештеңе жаза алмағаныма қысылып жүрмін. Кейде сырқаттанып қалып, тоғысқан ойларым тоқсан тарау болып кетеді. Дегенмен, уақыт тауып, осындағы ферросплав заводының жұмысшы-қызметкерлерінің тыныс-тіршілігін романға лайықтап жазуға дайындалып жүрмін» деп еді. Ол ойы өзімен бірге кетті.
Биыл Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы сияқты азаматтардың қолдауымен Тобық ағамның кітабы шықты. Сол үшін азаматтарға мың алғыс. Бұл – аға мерейтойының басы деп білемін.
Өзінің туған ауылы Жарқамыста ағамның атында мектеп бар. Сол мектептің бір бұрышын музей етіп қойыпты. Ауылдағы Асау Маханов, Айтуған Жұбаналин деген азаматтар арнайы жер алған екен. Енді ағамның сексен жылдығында сол жерге музей тұрғызылса деген арманым бар.
Сексен жылдығы республика көлемінде өтсе деген арзуым – бұл.

Дайындаған Б.Арықбай.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1542
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1411
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1158
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1164