Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2906 0 пікір 6 Ақпан, 2014 сағат 07:10

Бауыржан Байбек: Мемлекеттік тілдің мәселесі «Нұр Отанның» қатаң бақылауында болады

«Нұр Отан» партиясының ХV сьезі барысын қортындылаған Саяси кеңес мүшелерінің   отырысында Елбасы берген тапсырмаларды орындау үшін 4 ақпанда ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің басшылығымен Мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған отырыс болды. «Айқын» газетінің тілшісі осы мәжіліске қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті әңгімеге тартқан  екен. Тілшімен сұхбатында Бауыржан Қыдырғалиұлы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте беру керек, «оған «басқа жұрт қарсы болады» деген сөз  жаттанды  жалтақ аргумент» деп қадап айтты.

 -  Мемлекеттік тіл саясаты жөнінде ертеден кешке дейін сөйлесек те айтылатын әңгімеміз таусылмайтын шығар. Бір қарағанда осы мәселенің ойдағыдай алға жылжуы үшін елімізде барлық жағдай да, мүмкіншілік те жасалған. Соған қарамастан күткен нәтижелердің көңіл көншітерліктей болмауының себебі неде?

«Нұр Отан» партиясының ХV сьезі барысын қортындылаған Саяси кеңес мүшелерінің   отырысында Елбасы берген тапсырмаларды орындау үшін 4 ақпанда ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің басшылығымен Мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған отырыс болды. «Айқын» газетінің тілшісі осы мәжіліске қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті әңгімеге тартқан  екен. Тілшімен сұхбатында Бауыржан Қыдырғалиұлы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте беру керек, «оған «басқа жұрт қарсы болады» деген сөз  жаттанды  жалтақ аргумент» деп қадап айтты.

 -  Мемлекеттік тіл саясаты жөнінде ертеден кешке дейін сөйлесек те айтылатын әңгімеміз таусылмайтын шығар. Бір қарағанда осы мәселенің ойдағыдай алға жылжуы үшін елімізде барлық жағдай да, мүмкіншілік те жасалған. Соған қарамастан күткен нәтижелердің көңіл көншітерліктей болмауының себебі неде?

 -   Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз мемлекеттік тіл мәселесінде үлкен табыстарға қол жеткіздік. Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуына барлық қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық жағдайды жасап берді. Тілдің статусы Конституцияда көрсетілген. Тіл туралы арнайы заң бар. Мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қыруар қаржы бөлініп жатыр.

Нәтижесінде қаншама қазақ тілді бала-бақшалар мен мектептер салынып, қазақша білім алатын оқушылар мен студенттердің үлес салмағы артып келеді. Еліміздегі БАҚ пен электронды ақпарат құралдарындағы ана тіліміздің үлес салмағы айтарлықтай артты...

 - Дей тұрғанмен...

 -  Дегенмен, қолда бар мүмкіндіктерге қарамастан мемлекеттік тілдің жағдайы қоғамда өзінің көкейкестілігін жоғалтпай келеді. Бұл бір жағынан, тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы ішкі жағдайдың ерекшеліктерін, басқа да толып жатқан этносаяси және қалыптасқан менталдық факторларды ескерсек, объективті құбылыс. Ал, екінші жағынан алсақ, мәселе тиісті өкілетті органдардың енжарлығына қатысты болып шығады. Оған БАҚ құралдарындағы сан-алуан мақалалар мен жарияланымдар, ұлт зиялыларының жанайқайы, алысқа бармай-ақ қоялық, партия поштасына толассыз келіп түсіп жатқан азаматтарымыздың хаттары мен арыз-шағымдары куә.

Мемлекеттік тіл туралы бағдарламада 2020 жылы халқымыздың 95% қазақша сөйлейтін болады деп межеленді. Ол жөнінде жария түрде айтылды. Ал енді осы бағдарламаның іске асырылу барысына, тиісті министрліктің жұмыс сапасына қарасақ,  қалған 6 жылда тіл мәселесі шешімін  таба ма, жоқ па деген үлкен сұрақ туады. Қазіргі заман тілімен айтсақ, қолжетімді ме? Егер интернеттегі қазақ тілінде ақпарат алмасудың үлес салмағы (небәрі 5%), мектеп бітіруші жастардың қазақшасының деңгейі сияқты көрсеткіштерді ескерсек, мақсатымызға  уақытылы жететініміз күмәнді.   Ал, шындығында, біз межелі көрсеткіштерге  жасалған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, Елбасы тапсырмаларын, қолдағы заңнаманы қалтқысыз орындай отырып, байбаламсыз, күнделікті нақты жұмыспен ғана қол жеткізе аламыз. Оған барлық мүмкіндік бар.

 -  Елбасы тапсырмасымен Үкіметте өткен жиналыста осы жұмыстың қандай нақты жолдары талқыланды?   

 - Біріншіден, отырыстың өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы Саяси бюро Кеңесінде мемлекеттік тілді дамытуға байланысты берген тапсырмасын орындау мақсатында өткізілді. Оған Премьер-Министр С.Ахметов төрағалық етіп, министрлер, депутаттар, қоғам қайраткерлері қатысып, қызу пікір таластырып, ой бөлісті.

Партия тарапынан біз министрліктер атқаруы тиіс жұмыстың кемішін тұстарына нақты назар аударып, олардың атын атап көрсеттік. 

Мысалы, қолданыстағы Тіл туралы заңның тиісті баптарында қазақ тілін қажетті деңгейде білуі міндетті лауазымдар мен мамандардың тізімі бекітілуі жөнінде нақты айтылған. Біраз уақыт өткеніне қарамастан, ол тізім тиісті министрілік тарапынан ұсынылмаған. Егер ондай тізім, сәйкесінше, заңды талап болғанда, ұшақтық бортсеріктер сияқты халыққа тікелей қызмет ететін мамандық иелеріне қатысты кейбір келеңсіздіктер орын алмас та еді.

«Білім туралы» заңға сәйкес біріңғай ұлттық тестілеуде қазақ тілі міндетті пәндердің қатарында болуы тиіс. Бірақ, осы ҰБТ өткізуді реттейтін Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтарына сәйкес, қазақ тілі бойынша жиналған ұпай сандары есептелмейді. Нәтижесінде  талапкер балалар оны үйренуге мүдделі емес. Мемелекеттік органдар Елбасы қол қойып, қабылдаған заңның сөзсіз іске асуын қамтамасыз етуге міндетті екенін естен шығармауы керек. Қоғамда, әсіресе жастар алдында қазақ тіліне байланысты талап болмайынша, бұл мәселеде түбегейлі өзгеріс күту қиын. 

Сол сияқты Мемлекеттік бағдарламаның жыл сайынғы орындалу барысы да жариялы түрде айтылып, әр жылға нақты жоспар, қала берді «Жол Картасы» жасалуы қажет. 95%-ға қалай жететінімізді ел білуі керек. Сонда ғана қоғам мүшелері оған атсалысып, ой бөлісіп, іске асуына көмектеседі. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрілігінің тікелей міндеті.

Мәселе – Мемлекет басшысы тапсырмаларын, мемлекет тарапынан айтылған міндеттемелерді, абыроймен орындауды ойлауымызда. Әйтпесе істің аяғы жалаң айғайға, өзгені кінәлауға, сөйтіп өзімізді де, тілімізді де қолдан сүйкімсіз етуге алып келеді.

 - Бірақ, тізім жасап, тіл білуді міндеттеу қазақша білмейтіндердің наразылығын тудырады дейтіндер де бар...

- Кезінде, Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусы жасақталып, үміткерлерге қойылатын талаптар қатарына қазақша тестілеуден өткізу бойынша сұрақ туындаған. Өзіңіз айтқандай уәж келтіріп, қарсы шыққандар да болды. Бірақ, Президент Әкімшілігі соған қарамастан мемлекеттік тілді жетік білу жөнінде талап қойып, үміткерлердің «КазТест» жүйесінде тест тапсыру міндетін бекітті. Оны барлық үміткерлер, оның ішінде ұлты қазақ емесі де жетерлік, хал-қадарынша тапсырды. Наразы болған біреуі жоқ. Керісінше олардың көпшілігінде мемлекеттік тілді үйренуге, ол бойынша сынақтан өтуге болады екен ғой деген сенім, үміт пайда болды.

Жалпы, «басқа жұрт қарсы болады» деген сөз  жаттанды  жалтақ аргумент. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда қазақ орта мектептерінде оқитын өзге ұлт өкілдері балаларының саны 35 мыңнан астам. Бұл дегеніңіз солардың ата-аналарының, туыстарының көзқарасы оң, ұлт болашағына деген сөзсіз сенімге толы дегенді білдіреді.  

 - Бауыржан Қыдырғалиұлы, кезінде сіз басқарған Болашақ Қауымдастығы киноиндустрия саласының өкілдерімен тығыз жұмыс жасап бірнеше голивудтық фильмді қазақ тіліне тәржімалағанын жақсы білеміз. Мұны тілге тиек етіп жатқан себебіміз,  елімізде сатылатын фильмдердің кез-келгенінің қазақша баламасын қамтамасыз етуге тиіс «Мәдениет туралы» заңының «фильмдерді прокаттау тілі деген» бабы орындалмай жүр деген пікір бар.  

 - Дұрыс айтасыз, осы заңды Мәдениет және ақпарат министрлігі табандап отырып қабылдатты. Заң бойынша, прокаттау мақсатында Қазақстан аумағына әкелінетін барлық фильмдерге, оның ішінде сауда желілерінде сатылатын шығармаларға осыдан екі жыл бұрын қазақ тілінде дубляж жасау жолға қойылуы тиіс еді. Сол заң қабылданған уақыт ішінде өкілетті орган тарапынан қанағаттанарлық деңгейде жұмыс атқарылмады. Сондықтан елге әкелініп жатқан шетелдік фильмдердің қазақша баламаларын таппайсың. Бұл – қабылданған заңның орындалуын қамтамасыз етпеудің тағы бір нақты көрінісі. Жалпы  киноиндустрия саласының бір де бір өкілі өнімдердің қазақшалануына,  кинотеатрларда мемлекеттік тілде көрсетілімдер көбеюіне қарсы емес. Оны біз анық білеміз. Әрине, техникалық, қаржылық, кадр мәселесінде қиындықтар, соған байланысты ішінара келіспеушілік болуы мүмкін. Бірақ, онымен мақсатты түрде айналысу керек. Сонда ғана проблема шешіледі.  Мен сізге мынаны айтайын, «Болашақ» Қауымдастығы өз күшімен қазақ тіліне голивудттық стандартта аударған фильмдерді отандық кинотеатрлардан көрсете алмай әлек болып жатады. Яғни, талап болмаған соң, ең аяғы қарапайым ұмтылыс та болмайды. Осының барлығын реттеп, жөнге келтіру өкілетті органның тікелей жұмысы.

Үкіметте болған отырыста осылардың барлығы айтылып, ол Үкімет басшысы тарапынан қолдау тауып, құзіретті органдар басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Негізгісі – егер әрбір мемлекеттік орган өздері дайындаған заңның немесе бағдарламаның орындалуын қатаң бақылауға алып, жұмысын дер кезінде, жалтақтамай атқарса, мәселенің оң  шешілгеніне сөзсіз көз жеткізер едік. Партия төрағасы, Елбасы берген тапсырмалар мен жұмыстар қолдан саясиландырылмай, дер кезінде толық атқарылуы тиіс.

 - Жалпы мемлекеттік тіл, мәдениет мәселесі партияның Саяси Доктринасында да көрініс тапты емес пе?

 - «Нұр Отан» партиясының XV съезінде қабылданған жаңа Саяси Доктринада жаһандану дәуірінде өзінің тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады деп айтылған. Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту партияның стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған.

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен айтыс, көкпар, бүркітшілердің халықаралық фестивальдары, «Жас тұлпар» сияқты мәдени шаралардың жоспарлы түрде өткізіліп жатқандығы осы айтылғандарды орындауға деген ұмтылыстың көрінісі.

Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» идеясының негізгі өзегі де түптеп келгенде мыңжылдықтар тезінен өтіп, өміршеңдігін дәлелдеген ұлттық құндылықтардан тұрады. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту мәселесі, оған байланысты берілген партия Лидерінің тапсырмаларының орындалу барысы әрдайым партиялық қатаң бақылауда болады.

Біз осы мақсатта қоғамдық ұйымдар мен тиісті ғалымдарды қатыстыра отырып әр 2-3 ай сайын партия қарамағындағы «Мирас» кеңесі шеңберінде талқылау өткізуді ұйғарып отырмыз. 

Тағы бір айта кетерлік мәселе – Үкіметтегі отырыс соңында мемлекеттік тілді дамытудың жағдайы бойынша тоқсан сайын министрлер мен өңір басшылары Премьер-Министр төрағалығымен жиналатын арнайы комиссия алдында кесте бойынша есеп беретін болып шешілді. Осылайша тұрақты жұмыспен ілгерілеуіміз керек.

Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен мемлекет өзге елдердің тілін де біліп, өз тілін құрметтеуі тиіс.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2057
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2486
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2074
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1600