Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3611 0 пікір 17 Қаңтар, 2014 сағат 07:56

Интернет-конференция: Жүрсін Ерман (5-жауап)

Конференция қонағы – ақын Жүрсін Ерман оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін аяқтап отыр.

Өткен жылы қабылданған көші-қон туралы заңға байланысты сұраққа жауап бере келіп, Жүрсін Молдашұлы былай дейді: «Барлық шаруа заң арқылы реттелуі керек. Соның ішіндегі ең қасіреттісі – көші-қон туралы заң болып тұр. Қаншама көгенкөз сыртта елжіреп, елге келгісі кеп отыр. Соған құшағымызды жая алмасақ, біздің елдігіміз қайсы?! Еліне арқай сүйей алмаса, ұят емес пе!»

Abai.kz

 

- Мүшәйраға қалай қарайсың?

- Соңғы жылдары мүшәйра деген жақсы болды ғой. Поэзияның деңгейін көтеру үшін бұл кәдімгі жарыс. Өз басым, алдыңғы жылы демеушілерден 90 мың доллар ақша алып, 9 ай бойы мүшәйра өткізіп, қаншама ақындар жүлде алды. Мұны да сан-саққа жүгірткендер болды. Бірақ, мүмкіндігі келгенше ішінде жылтыраған дүниесі бар өлеңді қолдауға тырыстық.

Ақын-жазушылардың жағдайы енді-енді жақсарып, кітаптары шығып жатыр. Біздің мүшәйрамыз әдебиетке көңіл бөлінбей қалған кезде жасалды. Кешегі өткен Қадыр, Тұманбай, Сәкендер сол мүшәйраның арқасында бір-бір темір тұлпар мінді. Алыста, елде жатқан ақындарға да азды-көпті жүлде бердік.

Конференция қонағы – ақын Жүрсін Ерман оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін аяқтап отыр.

Өткен жылы қабылданған көші-қон туралы заңға байланысты сұраққа жауап бере келіп, Жүрсін Молдашұлы былай дейді: «Барлық шаруа заң арқылы реттелуі керек. Соның ішіндегі ең қасіреттісі – көші-қон туралы заң болып тұр. Қаншама көгенкөз сыртта елжіреп, елге келгісі кеп отыр. Соған құшағымызды жая алмасақ, біздің елдігіміз қайсы?! Еліне арқай сүйей алмаса, ұят емес пе!»

Abai.kz

 

- Мүшәйраға қалай қарайсың?

- Соңғы жылдары мүшәйра деген жақсы болды ғой. Поэзияның деңгейін көтеру үшін бұл кәдімгі жарыс. Өз басым, алдыңғы жылы демеушілерден 90 мың доллар ақша алып, 9 ай бойы мүшәйра өткізіп, қаншама ақындар жүлде алды. Мұны да сан-саққа жүгірткендер болды. Бірақ, мүмкіндігі келгенше ішінде жылтыраған дүниесі бар өлеңді қолдауға тырыстық.

Ақын-жазушылардың жағдайы енді-енді жақсарып, кітаптары шығып жатыр. Біздің мүшәйрамыз әдебиетке көңіл бөлінбей қалған кезде жасалды. Кешегі өткен Қадыр, Тұманбай, Сәкендер сол мүшәйраның арқасында бір-бір темір тұлпар мінді. Алыста, елде жатқан ақындарға да азды-көпті жүлде бердік.

Жалпы, өнер деген бәсеке. Ішкі бәсеке жүріп жатады. Сол бәсекені қоздыруға, ақынның, қаламгердің шамына тиюге, шамырқандыруға жақсы шара деп есептеймін. Шешім кейде әділ, кейде әділетсіз болуы мүмкін. Оны не істейсің енді?!

- Өзіңіз айтқандай екі ақынды ғаламторда онлайн режимде уақытты, тақырыпты шектемей,бір айтыс өткізуге қалай қарайсыз?

Сарапшылар халықтың өзі болып,қарапайым нүктені басумен өз дауыстарын беріп отырса. Дауыс тек әр ақын өз шумағын айтқаннан кейін санаулы минуттарда қабылданса.

- Дұрыс қараймыз. Айтыскер.ком сайтын жасақтап, жұмысынн жандандырып жатырмыз. Кеше мен осы мәселемен көмекшілеріммен кездесіп, жоспарлар жасадық. Жақын уақытта барлық Қазақстан өңірлерін қатыстырып, топ-топқа бөліп, жазбаша айтыс өткізуге мақсаттанып отырмыз. Бірақ, бүгін бір шумақ айтып, оның жауабын бес күннен беретін жасанды айтыс емес, онлайын режимде қолма-қол жауаптасып айтысады. Оның нәтижесін сарапшылармен бірге, тыңдарман, көрермен анықтайды.

Негізі қазақ айтысының басында жазбаша айтыс тұр. Баяғы Сыр бойындағы сүлейлердің жазбаша айтыстары айтысты биікке көтеріп, дәстүрін салып беріп кеткен. Оны қазір ешкім елемейді, зерттемейді. Жазбаша айтыстан қашудың еш реті жоқ. «Алаш айнасы» газеті осыдан екі жыл бұрын жазбаша айтыс өткізіп, маған басқартып еді, біраз жерге барып қалып едік. Оның бір-ақ кемшілігі болды. Формасына, сөзге шектеу қойып отырды. Енді айтыскер сайты арқылы сол жазбаша айтысты қайта жаңғыртсақ па деп отырмыз.

- «Аламан айтыс» не үшін жалғасын таппады? Болашақта қайта қолға алына ма?

- Өздеріңіз көріп отырсыздар, осы уақытқа дейін достарымды, таныстарымды қинап демеуші етіп келдім. Ешбір демеуші риясыз жасамайды. Бәрінің ар жағында көздеген мақсаттары бар: депутат болып кету, билікке жету, халыққа танымал болу. Депутат болып, билікке барып мақсаттарына жетіп, есектері судан өткен соң, көбі айтысты танымай қалады. Қазір демеуші табу қиын болып кетті. Ақшаның көбісі орыстілділердің қалтасында. Олар Сіздің қазақы руханиятыңызға қайырылмайды. Ал, қазақтың айтысын жан-тәнімен түсінгендердің қолы қысқа. Ал, демеуші таппаған жерде айтыс өткізу өте қиын. Осыған байланысты сәл шегеріліп тұрмыз.

Айтыс – бұл өнер халыққа қажет болып тұр. Халыққа қызмет істеуге құдіреті жетіп тұр. Сол үшін оны пайдаланып қалу керек. Осыны түсінетін адамдар шықса, бұл жұмыс тоқтамайтын шығар деп ойлаймын.

- Ел есімін білмейтін дауылпаз ақындар барма?

- Бар. Жаңа біраз ақындардың атын атадым. Солардың сөзі елге жетуі үшін, халыққа танылуы үшін айтыстың БАҚ-да насихаты болуы керек. Айтыс өткен соң, радиодан, теледидардан беріліп жатуы тиіс. Өзбектің телерадио каналдарын қосшы, өз елінің өнерін күндіз-түні беріп жатады. Ал, біз дайын тұрған өнерімізді өңменінен итеріп, жолатқымыз келмейді. Насихатталып жатса, ел ішіндегі белгісіз ақындар танылады еді. Мәселен, Ержан Әміров, Серікхан Жүзеев,   Асхат Садықбек, Ершат сынды ақындар бар, жұрт білмейтін. Оның ішінде кезінде жарқырап көрініп, кейін тоқырап қалып, қазір қайта өрлеп келе жатқан ақтөбелік Аян Сейітов деген ақын бар. Осындай ақындар әр жерде бар. Ел білмейтін ақындар деген – осы.

Айтыс теледидардан беріліп тұрған уақытты ел ішіндегі ақындардың сөзі елге жетіп, тез танылып, руханиятымыз толығып жататын. Айтысты эфирден беруге тоқтам болған соң, әлгіндей жағдайға жетіп отыр.

Айтысты жексұрын ғып көрсетуге тырысатын, жоғарғы билікке айтысты жамандайтын бір қулар бар. Солардың кесірінен айтыстың алдындағы қақпа жабық тұр деп ойлаймын.

- Құлмамбет айтыс дегенді тек той-домалақ, адамдардың көңілін сергіту үшін өткізу керек тәрізді. Қалай ойлайсыз?

- Құлмамбет айтыс дегенді шығарған мен. Былтыры Шиеліде бірінші рет қолдандық. Алты ақынды шығарып қойып, айтыстырдық. Ғажап айтыс болды.

Жамбылдың немересі марқұм Тілепалды Сатышев деген кісі осындай айтыстың түрі бар, кімнің аузына сөз түседі сол айтады, соны сахнаға қайта шығару керек деп неше мәрте айтып еді.

Ал, желтоқсандағы Құлмамбет айтыста ортаға тасталған тақырып жоқ болған соң, жүлде, алтын домбыра, машина деген сықылды ұсақ-түйек әңгімелер ғана айтып отырып алды ғой, ақындар. Құлмамбет айтыс олай емес, үлкен тақырыпты ортаға алып, кімнің аузына сөз түседі сол айтады, әлгі ақын кімге қаратып айтса, сол бірден жауап береді. Бұл – айтыстың аламан әдемі түрі. Оны дұрыс өткізе алмағаннан кейін қадірін түсіріп алп жатырмыз. Бұл үйден дайындап келетін айтыс емес, суырып салма ақындардың ғана қолынан келетін айтыс.

Айтыстың дәл осы түрі әлі жаңғырады деп ойлаймын.

- Жалпы Астананы ұлттық тарихпен қандай оқиғалар байланыстырады деп ойлайсыз?

- Қазіргі қазақтың бетке ұстарлары Астанада деп есептейміз ғой. Өмір бар жерде өлім бар. Осы мәселені өтке жылы Астанадағы үлкен бір жиында көтеріп едім. Жақында «Жас Алаш» газетінен оқыдым, атымды айтпай, бір ақын сүй деп айтты деп жазыпты.

Кубада болдым. Ол елде барлық игі жақсыларын бір жерге жерлеген. Болмаса Бауда Әзербайжандар ел жақсылары жерленетін жерді тұтас бақ жасап тастаған. Онда барған адам зиярат етеді, демалады, сырласады. Біздің қазаққа да осындай бір қасиетті орда Астанада болуы керек дегенді көтеріп едім.

Өмірден өтпейтін адм жоқ. Ұлтқа ұстаз болған, қайраткерлерді бір жерден тауып жатсақ, соған зиярат етудің өзі тәрбие. Мысалы, Міржақыпты сонау солтүстіктен алып келді. Сүйегі екі күн бойы машинаның үстінде жатты. Алматыдан орын таппадық, мына Панфилов паркіндегі шырағдан жанып тұрған жерге қойсақ қайтер еді, Кәріпжановтардың қасына. Жоқ, өйте алмадық. Міржақып тек сол арғынның, мадиярдың ғана азаматы, ақыны құсатып Торғайдың Қызбел деген ауылына апарып көміп тастадық. Қазір сол ауыл құрыды. Міржақыптың сүйегін күзеткен бес-алты үй ғана қалды деп естідім.

Міржақыпты және сол қатарлы азаматтарды неге Қазақстанның орталығына әспеттеп қоймаймыз. Кеше Смағұлдың сүйегі де Астанада біраз қағажу көрді ғой. Сондықтан бір ортақ зират керек деп айтумен келемін.

Қабанбай батырдың кесенесінің қасынан орын бөлініп, Орал Мұхамеджанов сол жерге қойылыпты деп естідім. Кәкімбек Салықовты неге сол жерге жерілемейді? Кәкімбекте қазақтың ұлы тұлғасы болатын. Солардың бәрін бір жерге жерлесек, қасиетті орда жасасақ, өліп қалған адамға оның түкке керегі жоқ, бұл ұлт үшін қажетті шаруа деп ойлаймын.

Бауыржан Халиолла туралы сұрақ бар екен. Бауыржан жазба ақын ретінде түнеугүні Алматыда шығармашылық кешін өткізді. Айтыста да айта білетін жігіт. Осындай жеке пікірі, өзіндік көқарасы бар, айта білетін ақындарды жексұрын қылудың қажеті жоқ. Оларды аялай білу керек.

Бауыржанның шығармашылық кешіне қатысып, кейін бір өлең арнап едім. Сол өлеңде айтысқа деген көзқарасымда бар.

 

БАУЫРЖАНҒА

«Айбекке жазған өлеңіңіз шедевр екен»

«Дәулеткерейге жазғаныңыз да шедевр екен...»

«Жалғыз шәкіртім деп қанша айтсаңыз да,

маған да бір жыр қимадыңыз-ау»

(Бауыржан Халиолланың маған жазған смс хаттарынан )

 

Қатынға бір жалтақтап, кеңсеге бір,

Жүргенімде басады еңсені өмір.

Қалт-құлт еткен ағаңның қаламынан,

Қарағым-ау, күтесің сен шедевр.

 

Шынымен-ақ сен менің шәкіртімсің,

Жалғастырып араны жатыр тылсым.

Құдай сүйер қылығың жоқ сенің де,

Ішіңмен де, сыртыңмен жақынсың тым.

 

Сен емессің сыпайы, жорға бала,

Кейде құрып қоясың торды ағаңа.

Сені ойласам, менің де дейтінім бар:

«Сорқұдыққа қондым-ау сорға бола».

 

Көздеріңнің ұнайды оты маған,

Отсыз сөніп қалмай ма ақын адам.

Сен айтысқа шыққанда уайымдаймын,

Кетсе екен деп аман-сау сахнадан.

 

Сен де қырсық, Бауыржан мен де қырсық,

Мені жөнге салады жеңгең ұрсып.

Артық кеткен жерлерім еске түссе,

Дөңбекшимін төсекте енді ыңырсып.

 

Өгіз өлді демейсің, арба сынды,

Өрге сүйреп жүресің өр басыңды.

Сен айтыста ойнайсың ажалменен,

Бүркітпенен ойнаған қарға сынды.

 

Бауыржан көп, әлі де жоқ ұшығы,

Солар жақтан жетеді соғыс үні.

Ибрагимов, Жақыпов, Омаров, сен,

Бәрің бір-бір секілді Момышұлы.

 

Бәрі дайын мылтықты бір атарға,

Атыңа сай бола алсаң – мұрат ол да.

Ойнап жатыр ағаңның тағдырымен,

Бір Бауыржан (Байбеков) «Нұротанда».

 

Табаннан су өткенмен бауырдан сыз,

Ешкім бізге дей қоймас, тәуір жансыз.

Бауыржансыз оңайлау болғанымен,

Өмір мәнсіз секілді Бауыржансыз!

 

Мені ұстаз тұтасың. Рахмет,

Ұстазды да таңдайды бір-ақ рет.

Саған ұстаз болу да – бір қиямет,

Маған шәкірт болу да – бір ақырет!

 

80-90 жылы айтысқа тай мініп келген ақындар қазір есейді. Біразы шығармашылық кештерін өткізіп, халыққа есеп беріп жатыр. Айбектің, Дәулеткерейдің, Арманның кештері болды. 22 наурызды Серікзат Дүйсенғазиннің кеші болайын деп жатыр. Қонысбай Әбілов 60 келіп, шығармашлық кеш жасамақшы. Мен осылардың бәрін барып, солардың арқасынан қағып тұрғым келеді.

Дәулеткерей мен Айбекке де арнаған өлеңдерім бар еді.

Айбек Қалиевке

Ақылман ақын едің бай көңілің,

Айтысты не қыламыз, Айбек інім?

Сес көрсетіп сұрланған бұл биліктің,

Көңілінен шығамыз қай бегінің?!

 

Серттей сөзің жеткенмен әр ауылға

Жауығатын жандар көп жарау ұлға.

Бәйтеректің басында мерген отыр

Әр сөзіңді ілдіріп қарауылға.

 

Заманақыр етпеді мұңды кімді,

Көріп жүрміз қулық пен сұмдығыңды.

Ертеңіміз не болар деп жасқанбай

Айтып жұрсің алашқа шындығыңды.

 

Айтып жүрсің айтыста ғажаптарды,

Таң атуға, – дейсің сен, – аз-ақ қалды.

Құлағының түбінен мылтық атып

Оятумен келесің қазақтарды.

 

Оянбайды ұйқыдан мешел қоғам,

Дарытыпты жазылмас кеселді оған.

Балтырыңды тістелеп шәуілдейді

Ит қалды ма шайырдан өш алмаған?!

 

Айтысыңды жіліктеп, бұтарлаған

Бұл қоғамда қылыш жоқ жұқармаған.

Абылайхан сөзіне қонақ берген

Сенен гөрі бақытты Бұқар бабаң!

 

Аяр  заман бітіріп  ақшаға бақ,

Жүректерге  қанжарын   жатса қадап,

Жүрегіңнің   түгі  бар болмаса егер

Айтар  ма едің қасқайып патшаға  дат?!

 

Сыртымыздан   қарайды  ел  бақылап,

Саңырауға сөзің   қор,  жеңді  ақымақ.

Жиырма жыл тауымыз  шағылмаған

Сен  де ақымақ, Айбекжан, мен  де ақымақ!

 

Сөз – сүйектен  деуші  еді,  өнер – қаннан.

Үміт үзбей жүреміз келер  таңнан.

Сені  арқаңнан  қағармын  мен   өлгенше,

Қағатын  жан  бар ма  екен мені арқамнан!  

 

ЕСКІ ЭЛЕГИЯ

(Д. Кәпұлына)

 

Домбыраң – тағдырласың, жан серігің,

Сыйқыр бар уілінде әр шегінің,

Сен маған сарқытындай көрінесің

Қазақта қалған  ақын, сал–серінің.

 

Өзің де көне дыбыс, мұңлы күйсің,

Күйінсең, көкірегің шын күйінсін.

Тынысың ашыла ма – жұтқаныңда

Жылқының жалындағы күннің исін?

 

Серінің көңілінің бәрі осалдан,

Қаяу көп жүрегіне жара салған.

Қамығып қараша үйде есейдің бе

Қасірет күйін тыңдап қара шалдан?

 

Сол ғой, сол – сендегі шер, мендегі шер,

Жолықпай жан жарасын емдегіш ер,

Жүреміз жалғыз-жарым саяқ құсап

Жарымес болмаған соң демге пісер.

 

Жүр дейсің дертке сендей ұшырап кім,

Қырға шық, қамау терін түсір аттың.

Қағаз шай, ащы насыбай табылмаса,

Қымызын құнығып іш қысырақтың!

 

Сонан соң ер-тұрманын сайла атыңның,

Қалмаған алтын басы қайда ақынның.

Сүңгіп кет туған жердің қойнауына

Төсегінен тұрсаң да қай қатынның!

 

Киіп ап түлкі тұмақ, саптама етік,

Қасқыр қағып қайтуға тоқтам етіп,

Қарагердің белінде қайқая шап

Жар демей, жыра демей таптап өтіп.

 

Құла дүз, қу даладан құбыла тап,

Алмаған кісідей боп ғұмыры атақ,

Қарайып көк жиекке сіңген қандай,

Жалғызға жалғыздықта шын рахат!

 

...Биіктен сорғалаған мұзбалағым,

Тағдырлас тағысы едік біз даланың.

Сарқыты серілердің деп мен сені

Қаланың шуылынан қызғанамын!

 

Нансаң да, шыным осы, нанбасаң да,

Саяқ қой сертке туған жан қашанда.

Баяғы бабалардың елесіндей

Төбеңді көрсетіп жүр анда-санда.

 

Арманның кешіне барайын деп тұрып, бара алмай қалдым. Сонда бір өлең жазып едім, соның ішінде мынадай жолдар бар.

АРМАН БЕРДАЛИНГЕ

Ей Арман, немересі Бердалының,

Білдің бе баянсызын ер бағының.

Арқырап аламанда жүруші едің,

Басылып қалғандай ма енді арының.

 

Сақасын қазақ біткен теріс атып

Білмейді жүргендерін нені шатып.

Көзіміз көп нәрсеге жеткен біздің,

Кеткенде айтыскерлер мені сатып!

 

Жүректе – жыр, көңілде – күй тұрғанменен

Өтіп жатыр өмірім ит – ырғаңмен.

Уайыммен оянам таңғы ұйқымнан,

Оянудың орнына сиқырлы әнмен.

 

Уақыт-зая, самалдай жыр еспеген,

Тағдырым да секілді бір ескі өлең.

Өтіп жатыр түндерім уайыммен,

Өтіп жатыр күндерім күреспенен.

 

Айтылғанда өтірік бет қызармай,

Ызаланам бәріне кекті жандай.

Бәрін алып-сататын хан базарда,

Шындығымды жүремін өткізе алмай.

 

Ию-қию шығарар есебін кім.

Әділетпен толмаса есе бір күн.

Несі қымбат қорлықпен өткен күннің,

Несі аяулы өксіген осы өмірдің?..

24.04.2013 ж.

 

- Оралмандардың аяғына тұсау болған жаңа Заңға не дейсіз?

- Барлық шаруа заң арқылы реттелуі керек. Соның ішіндегі ең қасіреттісі – көші-қон туралы заң болып тұр. Қаншама көгенкөз сыртта елжіреп, елге келгісі кеп отыр. Соған құшағымызды жая алмасақ, біздің елдігіміз қайсы?! Еліне арқай сүйей алмаса, ұят емес пе!

Осыған шын мәнінде жоғарыдағы заңд ұсынып отырған қулардың түсінігі жетпей тұр. Шетелдегі қазақпен бірге қаншама қазына келеді.  Елге келіп қосылып жатқан бауырларымыз қазақтың сапасын күйшейтіп жатыр, таза қанды қазақтар келіп жатыр. Шетінен ақын, шетінен әнші. Ол – елге деген сағыныш қой. Мына «Көк тудың желбірегені» деген әнді тыңдаған сайын көзің жас келеді. Әнді түсінген адам болса, заңды дұрыстар еді.

Өткен ғасырдың басында біз өзбектерден бірнеше есе көп болғанбыз. Аштық, репрессия, соғыс бізді құртып кетті ғой. Қазір өзбектер 20 миллионнан асып кетті, біз 10 миллионның о жақ, бұ жағында отырмыз. Бірақ, бізде бұлақ көзі бар ғой – шетелдегі қазақтар. Басқаның бәрін жинап қойып, көштің алдын ашу керек қой.

- Айтыскерлер одағының шетелдегі айтыскер ақындармен байланыс бар ма?

- Біз осы одақты құрамыз деп жар салғанда, ә деп қытайдағы қандастарымыздан біз ұжымдық түрде мүше болайық деген хабар келді. Кеше қытайдағы айтыс ақындары мектебінің басшылары келіп, жолығып кетті.

Ресейдегі, Өзбекстандағы айтыскерлер де елеңдеп отыр.

Менің ісімді әрі қарай алып кететін жастар шықпай жатыр. Жұмысыңа көмектескісі келеді, бірақ, бәрін де бір жалтақтық, немқұрайлылық басым болып жатыр.

Бірер жігіттерді тәрбиелеп те жатырмын. Жаңағы айтыскерлер одағында жұмыс істеп жүрген екі жігіт бар. Осы жігіттер істі алып кете ме деп ойлаймын.

Cоңы

Abai.kz

0 пікір