Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3956 0 пікір 17 Қыркүйек, 2009 сағат 05:34

Қорғанбек АМАНЖОЛ. СЕРКЕ

Әңгіме басында бір қызық фактіні алға тартқымыз келеді. Қазақ театрының толағай тұлғасы Серәлі Қожамқұлов сонау Қостанайдың Қарабалығында, Қарабалықтың Қараадырында өткен ғасырдың бас кезіндегі алты-жеті жасында қозы-лақ қайырып жүрген кішкентай күнінде-ақ "Серке" аталып кеткен екен. Сонда: "Балалар мазақтайды", - деп мұң шаққан ұлына анасы Айкүн: "Құлыным-ау, кейін топ алдында жүретін жігіттің серкесі болсаң, арман бар ма?" - деп жұбатқан көрінеді. Әзиз ананың айтқаны келді. "Сүйгенін шұнағым дер", - дегендей, ұлағатты өмірінің өн бойында Серағаң халқының, қауымының, қатарластарының сүйікті Серкесі болды.

 

Әңгіме басында бір қызық фактіні алға тартқымыз келеді. Қазақ театрының толағай тұлғасы Серәлі Қожамқұлов сонау Қостанайдың Қарабалығында, Қарабалықтың Қараадырында өткен ғасырдың бас кезіндегі алты-жеті жасында қозы-лақ қайырып жүрген кішкентай күнінде-ақ "Серке" аталып кеткен екен. Сонда: "Балалар мазақтайды", - деп мұң шаққан ұлына анасы Айкүн: "Құлыным-ау, кейін топ алдында жүретін жігіттің серкесі болсаң, арман бар ма?" - деп жұбатқан көрінеді. Әзиз ананың айтқаны келді. "Сүйгенін шұнағым дер", - дегендей, ұлағатты өмірінің өн бойында Серағаң халқының, қауымының, қатарластарының сүйікті Серкесі болды.

 

Кезінде Қызылордада қазақтың тұңғыш кәсіби театры шаңырақ көтеруінің басы-қасында болған белгілі жазушы Николай Анов "Серкенің оралуы" деген пьеса жазып, оны Москвада шығып тұрған "Красная новь" журналында бастырады. Шығармасына кейіпкер етіп алуына қарағанда, тың көз орыс қаламгеріне Серке ағамыздың аты да, заты да ұнап қалғаны күмәнсіз. Осы туындыға, ондағы Серке бейнесіне жазушы Максим Горький назар аударып, Николай Ановқа хат жазады. Сөйтіп, өнердегі өмірінде, театр мен киноны қоса алғанда, 200-ден астам рөлде ойнап, соншалықты кейіпкер сомдаған Серағаң жастық шағында-ақ аузы дуалы әлемдік пролетариат жазушысы қаламына іліккен екен. Ал енді елуінші жылдары түсірілген "Біздің сүйікті дәрігер" фильміндегі Серкенің рөлін Серке ойнауы, ол кейіпкердің сценарийде-ақ қазақ көрерменін күлкімен қыран-топан қылған Қожамқұлов Серкеге арнап лайықталуы әбден заңды табиғи қисын болатын.

 

Әркез айтылып келген, айтыла да берер бір ақиқат, 1925 жылы қазақтың елдік тұрғыдан жаңа сатыға көтерілуінің, әлемдік өркениетке қадам жасауының тарихи толғағымен туған тұңғыш Қазақ театрының қара шаңырағын көтеріп, керегесін керіп, уығын шаншуға жер-жерден арнайы шақырып үкімет алдыртқан Қалибек Қуанышбаев пен Елубай Өмірзақов, Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков пен Қапан Бадыров сынды ерен тұлғалардың бел ортасынан табылған Серке тағы да бәз-баяғы серкелігінен жаңылмап еді. Сахнаның сан қырлы шебері Каллекидің, әртістік перілік пен серілік екпіні үй құлатқандай Елағаңның, теңдессіз әнші Әміренің, жыр нөсері Исаның тасасында қалмай, Мұхтар Әуезовтей ұлы замандасынан сол алғашқы қадамдарда-ақ: "Тәжірибесі күшті, сахна техникасын меңгерген...бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты", деген бүкіл ғұмырға жетерлік зор бағаны алған да Серағаң. Әмбе Қазақ театрының бірінші режиссері де осы кісі. Мұны жазушы Николай Ановтың 50-ші жылдардың басында "Литература и искусство" журналында жариялаған "Первый режиссер" деген мақаласы айғақтайды. "Біз сөзді, тілді Серағаң секілді ағалардан үйреніп өстік", депті академик жазушы Ғабит Мүсірепов. Өзі театрға қолынан жетелеп әкелген бұлбұл әнші Күләш бір жолы қамқор ұстаздың сахналық сәуегейлігіне таңырқап: "Неткен әулие едіңіз, Сераға!" деген екен.

 

"Әулиенің" жасы сол кездерде отыздың үстінде ғана болатын. Қазақ театрының бір-бір ұстындары Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Камал Қармысов, кейінгі толқын Рахметбай Телеубаев, Тұңғышбай Жаманқұлов Серағаңды артық-кемі жоқ "өнердегі әкеміз" деп ардақ тұтты. Ұлттық театрымыздың ілкі қадамынан бастап аттай алпыс жыл бойы оның әрбір өркендеп-өрлеу сатыларында қара шаңырақтың шырақшысындай Серағаңның бедерлі ізі сайрап жатпаған, нақпа-нақ үні саңқылдап естілмеген кезі болған емес. Сөйтіп, Троицкідегі "Уәзипа" медресе­сінде, Әліби Жангелдиннің "Қызыл керуенінде", алғашқы астана Орынборда, ал, одан бұрынырақ Семейде, Абай ауылында там-тұмдап бастау алып, бірте-бірте биік шыңдарға өрлеген қазақ театр өнерінің бүкіл өрелі өсу жолын көзбен өткеріп, ащы-тұщысын бірдей татып, ұлттық театрдың бетін біздің бүгінгі XXІ ғасырымызға қарай бейімдей түзеп, жаңа толқынды нағыз серкелік қасиетпен ақ жолға салып болашақтың белестеріне асырып жіберу бақыты да өзге емес, нақ осы Серағаңның маңдайына бұйыруы да тап бір Тәңірінің бұйрығындай ғаламат болып көрінеді бізге.

 

Серағаң қандай еді дегенде, Қазақ академиялық театрының бүгінгі кемел келбетіне қарауымыз керек сияқты. Ал бұл қара шаңырақ болса арттағы Серағаңдарға, Қаллеки мен Елағаңдарға қарап бой түзеп келеді. Қайран Серағаңның сырбаз шеберлікпен сомдалған Еспембеті, Қоңқайы, Көбіктісі, Қарашешені, Қарабайы, Талтаңбайы, Мырқымбайы, Қыдышы, Қыдырбайы, Торсықбайы мен Борсықбайы, Яичницасы мен Земляникасы, Слайы мен Педанты, Ягосы мен Дон Жуаны әлі күнге дейін арамызда жүрген жоқ, рухымызға сіңген жоқ деп кім айтар. Олай болса, Серағаң да арамызда, елімен бірге. Өнегесі тірі. Десек те, қазақ театрының отымен кіріп, күлімен шыққан, өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, өзіміз көрген екі ғасырда да ұлттық мәдениетіміздің даңқын асырудан жазбаған ұлы актер жайындағы жадымызды орайы келгенде қағып-сілкіп, жаңғыртып қойған да жөн болар деп есептегенбіз. Біздің бұл ойымызды Серағаңның қызы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық университетінің доценті Рената Серәліқызы ҚОЖАМҚҰЛОВА апай мен күйеу баласы, филология ғылымдарының кандидаты Ахмет Оспанұлы МҰСА ағамыз қуана құптады.

 

Рената Серәліқызы: - Әкеміз бүкіл өмірін театрға арнады. Театр ол үшін қашан да бірінші орында тұратын. Осынау өнер ордасы оның барлық өмірінің мәні болды десем, артық емес. Тіпті, анамыз Хадиша екеуінің қосылып отау тігуіне де тікелей әсер еткен театр екен. Себебі, 1925 жылдың күзінде Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада театр ашылатын болып, әкем сонда әртістік қызметке шақырылып, енді жолға шығайын десе, әжеміз Айкүн: "Жоқ, салт басты, сабау қамшылы етіп жалғыз жібермеймін", деп өздері бұрыннан біліп сөйлесіп жүрген жекжат жерден анамызды алып беріпті. Содан бас қосып үйленген соң қарашаның ортасы ауа қол ұстасып Қызылордаға аттанады. Бұл әке-шешеміздің тура елу төрт жыл, екі ай, бес күнге созылған ұзақ өмір сапары, үлкен өнер сапары еді. Қызылордада ат басын тіреген жерлері Бейімбет Майлиннің үйі болыпты. Бір ғажап нәрсе, алғашқы театр директорының ең бірінші берген бұйрығында Серәлі Қожамқұлов театрдың бас режиссері болып тағайындалсын делініпті. Бұл - 1925 жылдың 25 желтоқсаны. Сол күннен тура 54 жыл өткенде, яғни 1979 жылдың 25 желтоқсанында 83-тен асып, 84-ке қараған шағында әкеміз "Ана - Жер-Ана" спектаклінде Ақсақал рөлін ақырғы рет ойнап, алты күннен кейін, 31 желтоқсанда таң елең-алаңда мәңгілік ұйқы құшағына енді.

 

Менің білетінім, әкем мен анам өмірге сегіз бала әкеліп, аса бір тату-тәтті ауызбіршіліқ пен сыйластықта өмір сүрді. Театрдағы қыруар шаруасына қарамастан әкем отбасы тіршілігі мен бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлді. Сондай мейірбан, мінезі жұмсақ, қуақы әрі қарапайым жан болатын. Бізді ізеттілікке, еңбекқорлыққа, көпшілдікке үйретті. Мысалы, Елубай аға 1899 жылғы да, Қалибек ата 1893 жылғы. Сонда бізге, балаларға берген тәрбиесіне қараңыз. Қалибекті Қаллеки демеңдер, аға демеңдер, ата деңдер, ол менен үш жас үлкен деп отыратын. Ал Елубай ағаларың ол сендерге Елубай аға болады. Себебі, оның менен үш жас кішілігі бар дейтін. Үш жас дегенді қараңызшы, соған қалай мән береді, балаларға қандай тәрбие! Тұрғыластарының бәрімен сыйластықта болды. Әріптестерінің ішінен әке-шешем әсіресе осы Елубай ағаның үй-ішімен көп араласты.

 

Әкеміз қандай да бір шаруаны шешемізбен келісіп жасайтын. Әйел әртістер жетіспей жатқан шақта, папамыздың ықпалымен мамам театрда он екі жылдай, яғни 1939 жылға дейін актрисалық қызмет те атқарған. Сонымен бірге барлық балаларын қосымша музыка мектептеріне беріп, бәріміздің де маман музыкант болып шығуымызды қатты қалады. Әпкем Балдырған, інім Сырым, сіңлім Салиқа және мен төртеуміз пианино бойынша мамандандық. Әсіресе әке арманын Балым және Мәриям деген сіңлілерім абыроймен орындап шықты. Балым Мәскеудегі ағайынды Гнесиндер институтының скрипка бөлімін оқып тауысты. Қазірге дейін Құрманғазы атындағы консерваторияда скрипка кафедрасының меңгерушісі, профессор. Ал Мәриям болса осы консерваторияны скрипка сыныбы бойынша үздік бітіріп, бүгінде П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінде ұстаздық етуде. Кезінде олардың табыстарына әкеміз қалай қуанды десеңізші!

 

Бала кезімізде ол кісі жаз шыға демалыс алып, бәрімізді де: "Елге барамыз", - деп Қостанай, Троицк жағына ертіп апаратын. Өзінің балалық, жастық дәурені өткен жер­лерді, қыстау, қоныстарды, ауыл-аймақ, өзен-суларды аралатып көрсететін.

 

Әкем өнердегі алғашқы қадамын Троицк қаласындағы медреседе оқып жүргенде, онда өтетін ойын-сауық кештерінде Б.Майлиннің "Мұсылмандық белгісі" өлеңін оқудан бастаған ғой. Кейін Биағаңның "Мырқымбайын" жалпақ елге жария етті. 1922 жылғы Әліби Жангелдин "Қызыл керуенінің" өнерпаздары қатарында болған. Орынборда оқыған. Қазақ өнері мен әдебиетінің 1936 жылы Мәскеуде өткен алғашқы онкүндігіне қатысып, Жамбыл мен Сәкен Сейфуллин бастаған 15 адамның қатарында орден де алған.

 

Есімізде ерекше өшпестей із қалдырған тамаша сәт - әкеміз бен анамыздың отасқандарына 50 жыл толған алтын тойлары еді. Ол - 1975 жылдың қазан айы болатын. Той рәсімі М.Әуезов атындағы академиялық театр жанындағы орталық Неке сарайында өтті. Әкем кеудесіне бүкіл орден-медальдарын тағып, анамыз да бір жасап, өзінше сән-салтанатымен өткен мерейлі мереке болды. Әріптес, құрдастары бәрі қатысып, бірге қуанды. Бұл қуаныштың театрдың да 50 жылдығымен тұспа-тұс келуі баршаның мерейін тасыта түскен.

 

- Ал енді осы арада Ахмет ағаға бір сұрақтың реті келіп тұрған сияқты. Сіз Рената апайға қалай үйлендіңіз? Серағаң сияқты атасы болу бақытына ие болатын адамдар сирек қой...

 

Ахмет Оспанұлы: - Енді, тағдырдың бұйрығы осылай болған шығар. "Аха, сіз бақытты адамсыз. Серағаң секілді саңлақ кісіден қыз алуға жүрексінбей қалай батылдыққа барғансыз?" деп сіздердің жазушы ағаларыңыз Ахат Жақсыбаев та ылғи айтып отырады. Атамыздың ақжүректігі сол ғой, жағдайдың ретімен қасыма еретін кісі болмай, 1958 жылы сонау Омбыдан жалғыз келгенімде жатырқамай, жатсынбай, жай-күйімді түсініп, баласындай бауырына тартты. Әрине, бұған дейін тәтең екеуміздің арамызда көңіл жарастырып, сөз байласқан достық болған. Туып-өскен Омбыдан мектеп бітіріп, Алматыда ҚазПИ-де білім алдым. Болашақ жарым Ренатамен жақын танысып қалуыма да театрға құмарлығым себепші болды. 1957 жылы оқуымды тәмамдап, тәтеңе айттым: кетейік деп. Бұл кісі оқуды келер жылы бітіретін. Сырттайға ауысасың дегенім ғой. Мұны шешесіне айтады, шешесі әкесіне айтады. Әкесі отырып: "Заочный-маочный" дегенді білмеймін, дипломыңды аласың, сосын қайда барсаң да рұқсат", дейді. Айтқандай-ақ, 1958 жылдың 3 шілдесінде апаң дипломын алды. 4-і күні ана жақтан артынып-тартынып, әке-шешемнің сәлем-сауқатын алып мен келдім. Сонымен, сол күні таңертең, біздің сөз байласқанымызды білетін папам (мен атамды "папа" деуші едім): "Ал, бала, келіп қалған екенсің, енді той қашан?" деп қарап отыр. Қазақтың басқа ырым-жырымын сөз де қылмады. Маған да керегі сол еді.Мұндай қайын атаға тап қылған құдайға рахмет деймін. Сол күні кешкіге қонақтарын дереу өзі шақырды. Сөйтіп, біздің үйлену тойымыз болды. Аяқ астынан дүркіретіп той жасаудың да ретін келтіріп, сәтін салғанда, осының алдында ғана екі бөлмелі үйден төрт бөлмелі пәтерге көшкен ғой.

 

Рената Серәліқызы: - Атағы таудай әкеміз 62 жасына дейін тоғыз жанмен екі бөлмелі коммуналкада тұрып келді. Ақыры, 1958 жылы Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевтың үйі босап, соған көштік. Оны Димекең, Дінмұхамед аға Қонаевтың өзі бергізген.

 

Ахмет Оспанұлы: - Иә, сөйтіп, мен келгенде үй алудың қуанышы да әлі басыла қоймапты. Көңіл ырғын. Қымыз сапырылды, шампан атылды. Сәбит Мұқанов ағамыз асаба. Тойымызға ығай мен сығайдың бәрі келген. Ғабит Мүсірепов, Қалибек Қуа­нышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Шәкен Айманов... Атақты өнер адамдарының бәрі болды. Төрт бөлме іші мәре-сәре той, қызық-қуаныш, ән-күй, шат күлкі. Әртіс қауымын білесіз ғой. Шампанды Сәбең ашып отырып төбеге атып жібергеннен қалған таңба әлі күнге дейін сақталған. Ол үйде қазір Мәриям деген балдызым тұрады. Бір ғажабы, сол таңба қанша ақтаса да кетпей қойды. Соны көрген сайын өзіміздің үйлену тойымыз, сүйікті жазушымыз Сәбит Мұқанов еске түседі.

 

Рената Серәліқызы: - Үйді алу тарихын айтсам, біз жеті бала, әке-шешемізбен тоғыз жан Фурманов көшесі, 117-үй, 19-пәтерде 1937 жылдан бері тұрып келдік. Димекең, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев осы үйдің 22-пәтерінде, есігі түйіскен көрші болып тұрды. Барлық балалар сол кісінің көз алдында өстік. Жақсы, құдайы көрші болдық. Әкемізбен керемет сыйласты. 1952 жылы ол кісі Академияның президенті болып ауысты да, басқа үйге көшті. Әкем жоғарғы жаққа үйдің тарлығын білдіртіп жүрді, бірақ өзі үш сайлау бойы Сталин аудандық кеңесінің депутаты болғандықтан: "Мен подвалда тұратын кісілерді көрдім, біздің жағдайымыз қайта шүкіршілік. Мінеки, енді үйдің кезегіне де тұрдым", деп жұбатып қоятын. Мерекелерде Димаш ағаны кабинетіне барып құттықтап шығатын. Кейінірек Димекеңнің әкесі Меңліахмет ата үлкен қызының қолында қайтыс болғанда әкемнің көңіл айтуға барғаны есімде. Ал, үй алуымыз одан бұрынырақ. Димекеңе горсовет кезекте тұрғандардың тізімін береді. Ол кісі бірде телефон соғып: "Шырақбек Қабылбаевтың үйі босайын деп жатыр, Сераға. Соған кіріңіз", дейді. Сол кезде тұрған көшесі тынышсыз болғандықтан, Қабылбаев бір особнякты Төлебаев көшесінен алып, сонда көшіпті. Бізге әлгі кісінің тұрған пәтерін берді. Қуанғанымыз-ай сондағы. Сөйтіп, 1958 жылдың 19 мамыры күні Фурманов көшесі, 118-ге көштік. Бұл несібе менің тұрмысқа шығуыма сәйкес келді. Әйтпесе, әкем екі бөлмелі үйге кімді шақырар еді. Құдай өзі берген ғой. Үлкен апамды көршілерін ғана шақырып, сол екі бөлмелі үйден ұзатқан.

 

- Ахаң сонда Серағаңның үйіне құтты күйеу бала болып келген екен ғой.

 

Рената Серәліқызы: - Құттылығы сол, әкем 1959 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Тұңғыш немересі Мұхтар дүниеге келді. 1961 жылы сол үйден СОКП ХХІІ съезінің делегаты болып Мәскеуге барды. Шынында да құтты үй болғаны рас.

 

Ахмет Оспанұлы: - Тұңғыш ұлымыз туғанда атамыз Мұхаңа телефон шалады ғой. Сол күндерде ол кісі Лениндік сыйлық алып жатқан. Біріншіден, Мұхаңды құттықтамақшы, екіншіден, немересіне Мұхтар есімін беруге рұқсат сұрамақшы. Телефонды Валентина Николаевна алыпты. "Мұхаң бар ма екен?" дейді сыпайы ғана. "Бар, бар, келіңіз!" дейді. Содан бұл кісі дереу жазушының үйіне барып, лауреат болуымен құттықтап, сонымен бірге: "Сіз сыйлық алған күні менің тұңғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзіңіздің атыңызды қойсам мүмкін бе?" деп рұқсат сұрайды. "Атымды қой, құрдас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!" деп Мұхаң да мейірлене жауап береді. Өз атын сөйтіп біздің үлкен баламызға қоюға рұқсатын берген екен ұлы жазушы Әуезов. Сол Мұхтарымыз өнер жолын қуған скрипкашы, қазір Сеул қаласында симфониялық оркестрде келісім шартпен жұмыс істеп жатыр.

 

- Мұхаң сонда Серағаңды құрдас деп атаған ба?

 

Рената Серәліқызы: - Әкем мен Әуезов өмір бойы ерекше сыйластықта болды. Мұхаңды алғаш 1920 жылы Орынборда Қазақстан кеңестерінің бірінші съезінде көрдім деп ылғи айтып отырушы еді. Ол кісі бұл съезге Семейден делегат боп келген екен. Кейін Орынборда Әуезовтің "Еңлік-Кебегінен" үзінді қойылып, Еспембетті - әкем, Көбейді Сәбит Мұқанов ойнайды. Әкемнің театрдағы бірінші қадамы да осы болуы керек. Әу бастан Еспембетті еншілеген ол кісінің осы рөлі өнердегі паспорты екенін екінің бірі білетіні де рас. 1928 жылы Ленинградта оқып жүрген Мұхаң Қызылордадағы қазақ театрына арнайы келіп, "Еңлік-Кебекті" көреді. Ал 1931 жылы Алматыда театрдың әдеби бөлімін басқаруға келгесін мүлдем театрдың өз адамы болып кетеді. Барлық актерлер білімі телегей-теңіз Мұхаңды ақылшы, ұстаз санайды. Әкем сонда: "Әуезов жас театрдың әкесіндей болды, ру­­хани қамқоршысы еді", дегенді жиі айтатын. Оған алғаш театр тарихын оқытқан да ұлы жазушы екен. Әкемнің Еспембетті ойнауына да өмір-бақи ризашылығын жасырмады. Әуел бастан-ақ: "Серке, бір жас айырмашылықты қайтеміз, екеуміз құрдас болайық", деп театрда жұмыс істеген кезінде айтыпты. Осындай сөзді әкемізге Қаныш Сәтбаев та айтқан. Әкемізді Мұхаңның керемет жақсы көргенін айғақтайтын басқа да мысалдар көп. Жақын жолдас боп, жақсы араласқан. 1959 жылы Мәскеуде әкем Ленин орденін алған күні жеделхат келеді: "Дорогой құрдас, поздравляю с высокой правительственной наградой. Мұхтар Әуезов". Театрға Әуезов аты берілуін бар ықыласымен құлшына қолдаушылардың бірі әкем болды. Біздің екінші ұлымыз Ленинградқа шығыстану факультетіне оқуға баратын болғанда әкем: "Асқар Мұхаң бітірген Ленинград универститетіне бара жатыр. Араб тілін оқиды екен. Қандай жақсы. Енді Құранды да біледі ғой!" деп қуанып еді. Сөйткен Асқарымыз көптен бері дипломатиялық қызметте, қазір Біріккен Араб Әмірлігінде елші.

 

- Серағаң жазушылардың ішінде тағы кімдермен сыйласты?

 

Рената Серәліқызы: - Ғабит Мүсіреповті өте қатты сыйлайтын еді, үзбей араласатын. Ғабеңнің ағасы қайтыс болған екен, бір күні шешейге: "Бүгін Ғабитті көңіл шайға шақырамыз", деді. Ғабең Ғазиза апай екеуі келді. Біз іштей өте тебірендік. Өйткені, папам бұлай көңіл шайды жұрттың бәріне бірдей бере бермейтін. Ғабит ағаны ерекше қадірлейтінін осылай білдіргенін сездік. Әкем қайтыс болатын 1979 жылы Ғабеңнің кітабы шықты. Соны папам сатып алып Ғабеңе барып: "Мына кітапқа маған қолтаңба жазып берші", деп өтініпті. Сол кітап қазір үлкен үйде, үлкен шаңырақта сақтаулы тұр. Мен сондағы өзім көшіріп алған, Ғабеңнің әкеме берген қолтаңбасын оқып шығайын: "Ардақты аға! Аса дарынды сахна қайраткері! Барлық тіршілігімен, өнер өнегесімен, бұйымы ортақ ұстаз, періштедей таза, Сүлеймендей әділ, достыққа, қадірлестікке таптырмайтын аға Серекеңе барлық адал жан-жүрегіммен ұсынушы Ғабит Мүсірепов. 22 май 1979 жыл". Иә, әкем өмірінің жарты жылы қалғанда қазақ драматургиясының інжу-маржандарын тудырған, өзі Қарабайы мен Қоңқайын сомдаған Ғабеңнен осындай қымбатты қолтаңбалы кітап алған еді.

 

- Серағаңнан қалған әңгімелер, ұлағатты жайлар, күлдіргі оқиғалар да аз емес-ау. Тапқырлығын, қуақылығын, жаңағы Ғабең айтқандай, періштедей тазалығын білдіретін естеліктерді де айта отырсақ, оқырманға салған олжамыз сол болар.

 

Рената Серәліқызы: - Әкеміз жаңа туған балаларға ат қоюда тапқырлық танытып, бір жағдайға қисынымен орайластыруға шебер еді. 1929 жылы егіз ұлы туғанда сол кезде "Баян батыр" пьесасын сахналап жүрген екен, аттарын Баян, Ноян деп қояды. Сірә, бұл Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасы бойынша қойылған спектакль болар. "Амангелді" фильмі түсіріліп жатқанда дүниеге келген сіңліме Амангелді батырдың сүйікті жары Балым есімі беріледі. Рената деген менің ныспымды Кеңес заманының идеяларына адал әкем "революция, народ, труд" деген сөздердің бас әріптерінен ерінбей құрастырып алыпты.

 

Ал Шахмет Құсайынов пен Бикен Римова апайдың тұңғыш ұлдары дүниеге келгенде Абай, Абылай, Ақан, Шоқан аттарын ұсынған Әуезов, Қаллеки ата, Елағаң, Шәкен Аймановтардың арасынан топ жарып біздің әкеміз ұсынған ат қабылданыпты. Ол ең соңынан тұрып: "Шахметтің тұңғышы "Еңлік-Кебектегі" Көбейдей ақылды, шешен азамат болсын, үрім-бұтағы көбейсін деген ниетпен Көбей деген атты ұсынамын", дегенде жұрт бір ауыздан қолдапты. Осы сирек есімнің иесі Көбейдің қазір қандай үлкен ғалым азамат екендігі елге мәлім.

 

Ахмет Оспанұлы: - Әріптестеріне де еркелете ұнамды аттар қоюға шебер болатын. Мысалы, әнші Шабал Бейсекованы өзі сияқты кішкентай көзді болғандықтан "көз құрдас" дейтін. Бір кездері Жұмат Шанинді - Мәтаға, Қалибекті - Қаллеки, Елубайды - Еллеки деп, кейін Бикенді - Бикман, Сәбираны - Сапсұби, Шаханды - Шаханский, Тұңғышбайды - Тұңғышбаевский деп еркелете қалжыңдағаны қазір тарихқа кірді.

 

Атамыздың аса мұрынды кісі болғаны мәлім. Өзі: "Мұрным мешайт етпесе, бірер рюмка коньяк алып қоямын", деп күлдіріп отыратын. Осыған орай бірде, бір мұрын оқиғасына тап болғанын айта кетейін. 1969 жылы М.Әуезовтің "Қара қыпшақ Қобыланды" спектаклі Мәскеуде Орталық телевизияның таспасына жазылып алынатын болады. Соған дайындықты тексеріп жүрген телеэкранға шығарушы жауапты режиссер Көбіктінің рөліндегі атамыздың үлкен мұрнын байқап қалып: "О-о, жолдас, мынандай мұрын жарамайды. Қайта гримделіңіз. Бұлай болмайды", - деп, бұл кісі қозғала қоймағасын тағы бірқатар сөздер айтып, дауысын көтере бастайды. Бұған шыдамаған атамыз режиссердің алдын кес-кестеп: "Эй, дорогой, что вы говорите?! Этот нос - мой собственный, так что вы с ним ничего не сможете сделать!", - деп түтіге ашуланып, мұрнын жұдырығымен бір періпті. Бұл кісінің қолағаштай мұрнын қолдан жапсырған грим деп ойлаған режиссер қатты сасып, иіліп кешірім сұрап, қолын алыпты.

 

Рената Серәліқызы: Сөз ретінде қарай мен де бір қызық оқиғаны айтайын. 1967 жылы Әзірбайжан Мәмбетов "Қара қыпшақ Қобыландыны" қайта сахналап, соның премьерасы болды. Мен диссертация қорғауымның көп шаруасымен жүріп бара алмадым. Қорғап болып, көңіл жайланған соң қарасам, "Қара қыпшақ Қобыланды" сәуірдің 15-інде қайталап жүрейін деп жатыр екен. Сосын, ойымда ештеңе жоқ, телефон шалып, папама: "Папа, маған бүгін кешке пропуск жаздырыңызшы. Мен театрға барамын", дедім баяғыша. Сөйтсем, папам: "Айналайын, диссертация қорғадың, ақшаң көбейді, кассаға барып, өзің билет сатып ал", деп қарап тұр. Әзілі емес, шыны. Содан бастап театрға өзіміз билет алып баратын болдық. Әкеміз сондай кісі еді.

 

- Біздің ойымызша, Серағаң өзінің өнер құдіретіне сай ең бақытты актер. Көзі тірісінде мүмкін болған атақ-абыройдың бәрін лайығымен иеленді, халқының құрметіне бөленді. Ал енді екінші өміріндегі ел есінде сақталуы жайында не айтар едіңіздер?

 

Ахмет Оспанұлы: - Серағаң қайтыс болғанда Үкіметтің қаулысы шығып, ол кісінің есімін есте қалдыру жөнінде алты бірдей шара көрсетілген болатын. Соның бәрі орындалды. Атап айтқанда, тұрған үйінде ескерткіш-тақта орнатылды, қабірінің басына ескерткіш тұрғызылды. Алматыдан көрнекті көше берілді. Естеліктер кітабы шығарылды. Кейінірек, 1993 жылы қазіргі Мәдениет және ақпарат министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед екеуміздің құрастыруымызбен Серағаңның өзінің жазған-сызғандары "Өнер" баспасынан "Шеберлік мектебі" деген атпен кітап болып жарық көрді. Одан Өнер институтында Серке Қожамқұлов атындағы стипендия тағайындалды. Әуелде Арқалықтағы театрға аты берілген, кейін ол Жезқазғанға көшті. Білуімізше, қазір осы театрдың жайы мәз емес. Биыл ұлы актердің қайтыс болғанына 30 жыл. Алдағы 2011 жылы 115 жылдығы келе жатыр. Серағаң туралы материалдар әлі де ұшан-теңіз. Егер көңіл бөлініп жатса, ол кісі туралы үшінші кітапты шығаруға мұрындық болсам деген де ойым бар.

 

Рената Серәліқызы: - Сексенінші жылдардың басында бір күні шешемнің қасында шай ішіп отырсақ, Алматы қаласының мәдениет басқармасынан телефон соғылды. "Серке аға Қожамқұлов атын көшеге бергелі жатырмыз, әкеңізге Алматының қай көшесін таңдайсыз?" дейді. Міне, білгендік! Содан айттық: әкеміз тірі кезінде жаңа театрдың шымылдығын ашып ойнай алмай кетті. Ол театр Қастек көшесінде тұр. Егер сіздер шынымен бізбен ақылдасқыларыңыз келсе, сол қарашаңыраққа барып тірелетін көше әкемнің атында болса екен деп мамам екеуміз тілек қылып сұрадық. Бұл өзі өте дұрыс болды. Жанында Сәбит Мұқанов, Иса Байзақов, Ғани Мұратбаев көшелері. Бәрі көсіліп қатар жатыр. Бәрі өзінің замандастары. Қала басшысы Қойшыманов сондай тамаша көшені әкеміз атына берді. Алматыға ризамыз.

 

Таяуда арнайы шақырумен Ахаң екеуміз әкемнің туған елі Қостанай, Қарабалыққа барып келдік. Кіндік қаны тамған Жамбыл ауылындағы бес таңбалы қыпшақтың бір тарауы тоқберіштің қорымынан бір уыс топырақ алып әке қабіріне әкеліп қостық. Қарабалықтағы аудандық өлкетану мұражайында әкемізге арналған бұрыш бар. Үш жыл бұрын біршама материалдарын жиыстырып бергенбіз, осы жолы да 30 шақты құжат, суреттермен толықтыра түстік. Қарабалықтың өз басынан әкеме көше беру, сондағы өнер мектебін сол кісінің есімімен атау жөнінде ұйғарым жасалыпты. 100 жылдығы тұсында мұнда әкемізге арналып айтыс өткізілген. Ал, 115 жылдығын 15 киіз үй тігіп, жақсылап атап өтеміз дейді. Жамбыл ауылындағы жергілікті мектеп оқушылары "По местам Серке Кожамкулова" деген тақырыпта саяхат жасап, әңгіме жүргізіп, концерт қойып тұрады екен. Туған ауданында, әйтеуір, кеш те болса бір серпіліс болып жатқанына қуандық.

 

Ахмет Оспанұлы: - Ал енді Қостанайдың өз басы, облыс орталығы осы өңірден Серәлі Қожамқұлов деген біртуар азамат шыққандығынан мүлдем бейхабар сияқты. Олай дейтінім, Ыбырай Алтынсарин мұражайынан бұрын берген заттарымыздың өзін де байқай алмадық. Атамызды елеусіз бір тізімнің ішінен ғана көрдік. Қостанайда Серағаңның атын атап, түсін түстейтін басқа ештеңе жоқ. Қайта облыстың Кеңес заманындағы басшылары ол кісіге 1977 жылы "Қостанай қаласының құрметті азаматы" атағын берген-тін. Ал қазір өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда құрметті азаматқа деген еш құрметті аңғармадық. Не көше, не мектеп аты, не ескерткіш, не мұражайда бір мүйіс... Дәнеңе жоқ. Оны қойып, осы жайларды қаперлеріне салып айтайық деп барсақ, облыстық мәдениет басқармасының бастығы өзімізді қабылдамай, пұшайман қылып аттандырды Алматыға.

 

Авторлық ой түйіні. Сөз соңында бір-екі жайды ғана атап айтсақ дейміз. Ол - Серке Қожамқұловтың актерлік ұлылығы мен адами абзал қасиеттерінің соншалық үйлесім тауып тұтасқан ажырамас бірлігі. 1976 жылы Семейде гастрольде жүргенде Серағаңның Социалистік Еңбек Ері атағын алғаны туралы сүйінші хабарды таңғы жетіде радиодан естіген Тұңғышбай Жаманқұлов жүрегі жарыла қуанып, абыз аға жатқан бөлмеге ұмтылады. Серағаң мұнтаздай киініп, таяғына сүйеніп стол басында отыр екен. "Рахмет, балам! Таңғы бесте Алматыдан телефон соққан. Естідім. Содан бері ояумын. Елубай, Әміре, Құрманбек, Иса, Жұмат, Қалибектерді ойлап отырмын", дейді. Нағыз толағай тұлғалар ғана осылай тебіренсе керек. Алған зор атағына өз қатарын түгел ортақтастыру, осындай мұңды-қуанышты ойға бату Серағаң сынды алыптардың ғана қолынан келер ерекшелік екені де күмәнсіз-ау.

 

Енді бірде, абыз ұстаз қайтқаннан кейін "Қарагөз" қайта қойылған бір тұста бір жас актер қиналып: "Шіркін, Серағаңның өте керек боп тұрғанын қарашы", депті. Иә, Қазақ театрына, қазақ өнеріне, ұлттық мәдениетімізге Серке Қожамқұловтай сахна саңлағы өнегесінің, рухының керек емес күні болмас, Сондықтан тұғыры биік тұлғаны ұмытпауымыз керек. Ал ұмытпас үшін Қостанайда жанды жұмыстар қолға алынуы тиіс...

«Егемен Қазақстан».2009-07-29

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2017
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2010
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1585