Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3387 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:17

Сот ашық әрi әдiл өтсе президенттiң өзiне деген күмән сейiледi

Бас прокуратураның жұма күнгi мәлiмдемесiнен кейiн Алтынбек Сәрсенбайұлының үзеңгiлестерi – Төлеген Жүкеев, Болат Әбiлев, Ораз Жандосов және саясаткер­дiң ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы кеше баспасөз мәслихатын өткiзiп, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалардан жауап алынсын деп мәлiмдедi. Қапыда қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлының серiктерi мен туыстары қылмысты жаңадан тергеу және сот процесi қоғам үшiн ашық, жария түрде өтуi тиiс деген талап қойды.

Бас прокуратураның жұма күнгi мәлiмдемесiнен кейiн Алтынбек Сәрсенбайұлының үзеңгiлестерi – Төлеген Жүкеев, Болат Әбiлев, Ораз Жандосов және саясаткер­дiң ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы кеше баспасөз мәслихатын өткiзiп, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалардан жауап алынсын деп мәлiмдедi. Қапыда қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлының серiктерi мен туыстары қылмысты жаңадан тергеу және сот процесi қоғам үшiн ашық, жария түрде өтуi тиiс деген талап қойды.

“Саяси қылмыс, саяси террор актiсiн жасаған жаңа қылмыс­кер­лердiң анықталуы тұтас көрiнiстi түбегейлi өзгерттi. Бiз жетi жыл бойы тергеу мен соттың әдiлетсiз өткенiн айттық. Ендi келiп қылмыстың жаңа нұс­қасы шықты. Бәлкiм, билiк пен прокуратура осындай тәжi­рибе жасап, сол арқылы қоғамның көңiл күйiн, ахуалын байқап, тамырды басып көргiсi келген шығар. Жаңа тергеу басталса, оның толық материалдары жария етiлсiн. Ол ашық, жария түрде өтсiн. Сотқа дейiн де, сот ке­зiнде де қылмысқа қатысы бар адамдардан жауап алынсын. Бас­қасына келiспеймiз”, – дедi сая­саткер Төлеген Жүкеев.
А.Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы соттың Алматыда өтуi керектiгiн және басты айыпталушылар – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтан жауап алынуы қажеттiгiн қадап айт­ты. Р.Сәрсенбайұлының айтуынша, сотқа сондай-ақ Ержан Өтембаев пен тапсырысты орындаушы Рустам Ибрагимов та келiп, қатысуы керек. “Бұған де­йiнгi тергеу, тексеру амалдары заңбұзушылықпен, бiржақты түрде өткенiн, ал соттың алдын ала белгiленген сценарий бойынша жасалып, сайқымазаққа ай­нал­ғанын айтқан едiк. Бiз бұрын­ғы соттың үкiмiне, шешiмiне қанағаттанбаған болатынбыз. Ендi жаңадан тапсырыс беру­шiлер анықталып отыр. Оларды көрсе­тiп отырған – қанiшер қылмыскер Ибрагимов. Тапсырыс берушiлер – Әлиев пен Мұсаев көрiнедi.
Көрiнедi деп отырғаным, әлi тергеу құжаттарымен танысқан жоқпын, кесiмдi түрде айтуға қақым жоқ. Мұны әлдекiмдер түсiнбей, Әлиевтiң қолдаушысы десе, өздерi бiлсiн. Бiз Әлиев пен Мұсаевтың сотқа қатысуын талап етемiз. Ибрагимов та сот­қа жеткiзiлуi тиiс. Менiң ес­туiмше, Ибрагимовтен түрмеде онлайн режимде жауап алынбақ. Ол дұрыс емес! Ол ана екi қылмыскер тәрiздi қашып жүрген жоқ, оны түрмеден әкеп, қайта алып кету қиын нәрсе емес. Олай болса, қылмыс ашылды деп алақайлап отырған қазақ билiгi мен оған қуанып отырған американдықтар осы iске атсалысуы керек. Ибрагимов сұралуы керек, бiздiң сұраққа жауап беруi керек. Ол облыстық сотта-ақ тапсырыс берушiнi айтқысы келген, бiрақ оған қасақана сөз бермей қойды. Жоғарғы сотта да осылай болды. Әйтпегенде, Ибрагимов қазiргi айтып отырған нәрсесiн сол кезде айтар едi. Өйткенi бiрiншiден, Әлиевтiң тапсырыс берушi немесе басқадай құрамда осы қылмысқа қатысы бар екенiн бiз әу бастан сезгенбiз. Өтембаевтың Алтыкеңнiң жазған бiр-екi ауыз сөзiне ренжiп, соған бола кек алды дегенi – кiсi күлерлiк нәрсе. Ал оның жанында Рахат пен оның бұрынғы жұбайы Дариғаның Алтыкеңе қарсылығы, өш алуына толық жағдайы бар екенiн сотта айт­қанбыз. Әлиев, Мұсаев, Назарбаева мен Дүтбаевты сотқа шақырғанбыз. Сот мұның ешқайсысын қабыл алған жоқ. Нелiктен сот солай аяқталды? Оның бастауы Өтембаевтың Назарбаевтың өзiне жазған мойындау хатынан басталды. Бұл хатты не­лiктен тергеуге қатысы бар адамдар емес, президенттiң өзi оқыды? Бұл да үлкен сұрақ. Кiмдi ақтағысы, жақтағысы келдi? Әлиев ол кезде бұрынғы емес, нағыз күйеубаласы болатын. Бәлкiм, Әлиевтi қорғау үшiн Өтембаевты қосақ арасына қосып жiберген шығар. Осы мәселе де жаңа сотта айқындалуы тиiс. Екiншi рет соттың Ақордада жасалған сценарий бойынша өтуiне жол бермеуге тиiспiз. Сонда ғана Әлиев пен Мұсаевтың қылмысы дәлел­денедi. Сонда ғана президенттiң өзiне деген күмән сейiледi. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, әлi күнге дейiн президенттiң өзiн тапсырыс берушiлердiң қатарында немесе тапсырыс беру­шiлердiң қолдаушысы ретiнде (ерiктi-ерiксiз, туыстық, саяси себептерiмен болсын араласса), сол адамның өзiнен көрем. Қазiргi әрекет президенттiң тәубеге келе бастауы ма деймiн. Прокуратура екi қашқынды жа­уапқа тартуға ФТБ (федералдық тергеу бюросы) көмектеседi деп отыр ғой. Қазiр техниканың дамыған заманы, сол жақтан жауап алуға септiгiн тигiзсiн. Қазақстан Еуропада беделдiмiз, кере­метпiз дейдi. Беделдiгiнiң сыналатын тұсы осы. Егер ауыр қылмыс жасаған адамдарды жауапқа тартуға көмек ала алмаса, онда бұл беделiнiң құны бес тиын”.
Ораз Жандосов қамаудан босап шыққан Өтембаев мойындау хатын өзiне кiм мәжбүрлеп жаздыртқанын айтуы мүмкiн деп есептейдi. Сондай-ақ, ол кезектi сотта құқық қорғау жүйесiнiң қаншалықты халықаралық стандарттарды сақтайтыны сыналады дедi.
Саясаткер Болат Әбiлев 2006 жылы ФТБ Ибрагимовты полиграфта тергегенiн, бiрақ ол жауаптарды жұртқа жария етуден бас тартқанын еске салды. “ФТБ-ден 2006 жылғы полиграфта алынған жауаптың нәтижесiн берудi қайтара сұраймыз”, – дедi ол. “Бас прокурор Дауылбаев 2011 жылы Алтын­бектiң өлiмiне нүкте қойылды деп мәлiмдедi. Жаңа ашылған деректерден кейiн оған қойылатын сұрақ көбейдi. Мұндай сұрақты ҰҚК-нiң бұрынғы төрағасы Амангелдi Шабдарбаевқа да қойғым келедi. Ол қызметiмен қош айтысқанда, кiсi өлтiрушiнiң есiмiн бiлетiнiн, бiрақ айтпайтынын мәлiмдедi. Қылмыскердi жасыру да – қылмыс”.
Қылмыскердi жасыру туралы әңгiме Р.Әлиевтiң бұрынғы жұбайы Дариға Назарбаеваға да қатысты айтылды. Дариға ханым қанды оқиғадан кейiн күйеуiн ақтап “Дежа вю” мақаласын жариялаған болатын. “Бұл мақалада үш адамның фамилия­сы аталды. Дүтбаев ықтимал тапсырыс берушi ретiнде президентке осы адамдарды атады делiндi. Олар – Әлиев, Құлыбаев және Сатыбалды. Дүтбаев президентке мұны расымен айтты ма, жоқ па? Оның куәгер ретiнде сотқа келiп жауап беруiн сұрадық. Бiрақ судья Мерекенов оны шақырмады. Ал Дариға, менiң­ше, Рахаттың не iстеп, не қойып жүргенiн бiлдi. Бәлкiм, осы топта болған да шығар. Саяси қарсыластың көзiн жоюды екеуi бiрiгiп iске асырған шығар? Ол да сотта куәгер не күдiктi ретiнде жауап беруi қажет. Ал егер оның қылмыс жасалатынын бiлгенi дәлелденсе, мұны жасырып-жапқаны үшiн жауапқа тартылуы шарт”, – дедi Р.Сәрсенбайұлы. 
 
З.ЖЫЛҚЫБЕК.
"Жас Алаш" газеті
0 пікір