Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3534 0 пікір 18 Желтоқсан, 2013 сағат 07:57

Мола тапқаннан мәртебе іздеген «тарихшыға» ашық хат!

Астана қаласының орталығындағы ескі қорымда жатқан Хан Кене сарбаздарының бейіті төңірегіндегі дау өрістеп барады. Бұған дейін ақын Ұларбек Дәлейұлының «Кенесары хан сарбаздары құлпытасының табылуы – шындығы мен ақиқаты жайында бірер сөз» (http://old.abai.kz/content/kenesary-khan-sarbazdary-kylpytasynyn-tabyluy-shyndygy-men-akikaty-zhaiynda-birer-soz) атты мақаласын жариялаған болатынбыз. Енді міне, «Жас азамат» ұйымы жастарының Ұларбек Дәлейге жазған ашық хаты ұсынып отырмыз.

Abai.kz

 

Құрметті «қазақ ақыны, тарихшы, араб, шағатай тілдерінің маманы» Ұларбек Дәлейұлы!

Сіздің «Кенесары хан сарбаздары құлпытасының табылуы – шындығы мен ақиқаты жайында бірер сөз» (http://old.abai.kz/content/kenesary-khan-sarbazdary-kylpytasynyn-tabyluy-shyndygy-men-akikaty-zhaiynda-birer-soz ) атты даурықпа мен даңғазаға, кеудемсоқтық пен сыңаржақтыққа толы мақалаңызды оқып, «Жас азамат» ұйымының өкілдері ретінде жауап жазуға мәжбүр болдық.

Астана қаласының орталығындағы ескі қорымда жатқан Хан Кене сарбаздарының бейіті төңірегіндегі дау өрістеп барады. Бұған дейін ақын Ұларбек Дәлейұлының «Кенесары хан сарбаздары құлпытасының табылуы – шындығы мен ақиқаты жайында бірер сөз» (http://old.abai.kz/content/kenesary-khan-sarbazdary-kylpytasynyn-tabyluy-shyndygy-men-akikaty-zhaiynda-birer-soz) атты мақаласын жариялаған болатынбыз. Енді міне, «Жас азамат» ұйымы жастарының Ұларбек Дәлейге жазған ашық хаты ұсынып отырмыз.

Abai.kz

 

Құрметті «қазақ ақыны, тарихшы, араб, шағатай тілдерінің маманы» Ұларбек Дәлейұлы!

Сіздің «Кенесары хан сарбаздары құлпытасының табылуы – шындығы мен ақиқаты жайында бірер сөз» (http://old.abai.kz/content/kenesary-khan-sarbazdary-kylpytasynyn-tabyluy-shyndygy-men-akikaty-zhaiynda-birer-soz ) атты даурықпа мен даңғазаға, кеудемсоқтық пен сыңаржақтыққа толы мақалаңызды оқып, «Жас азамат» ұйымының өкілдері ретінде жауап жазуға мәжбүр болдық.

 Мәжбүр болатынымыз, біз Алаш мұратында ақтық демі үзілгенше адал болуға серттескен Мұхтар Мырзаұлы, Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сияқты арыстар құрған «Жас азамат» ұйымының атын жаңа заманда қайта жаңғыртқан, үлкен арман арқалаған жастар едік. Сондықтан ұлттың асқақ абыройынан гөрі жеке бастың пендешілігін биік көретін замандасымыздың халыққа ортақ мирастың тағдырына «төбе би» болғанына үнсіз қала алмадық. Азаттық жолында шейіт кеткен Кенесары баһадүрлерінің әруағын көрінде тыныш жатқызбаған аталмыш мақалаға жауап жазу мақсатында еріксіз қалам ұстадық.

Біріншіден, «Жас азамат» ұйымының өкілдері ешқашан, еш жерде «Хан Кене сарбаздарының бейітін біз таптық» деп жар салған жоқ. Өйткені біздің мақсатымыз мола тауып, абырой жинау емес еді. Шейіттерге Құран оқып, дұға бағыштасақ, ең алдымен, мұны перзенттік парызымыз санадық. Сонымен бірге қазақтың бүгінгі жастары бабаларының ерлігінен үлгі алып, туған халқына қызмет етуге бекінсін дедік.

Екіншіден, біз, «Жас азаматтықтар», тарихи оқиғаны еске алуға байланысты шараны ұйымдастырарда «Кенесары ханның Ақмола бекінісін талқандағанына 175 жыл» атты тақырыппен баспасөз хабарламасын дайындап, күллі қазақтілді сайттарға жолдадық. Мұны солардың арасынан «Baq.kz» (http://www.baq.kz/news/27948), «Каzaitys.kz» (http://kazaitys.kz/kz/article/view?id=283), «Айтабер!» (http://aitaber.kz/blog/Men_Kazakpin/5205.html) т.б. сайттары жариялады да.

Аталған шарадан кейін «Нұр Астана» газеті бұл туралы арнайы материал да басты. Тіпті, «қазақ ақыны» сізді де бұл шараға арнайы шақырдық. Бірақ келмедіңіз. Қазақстан Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы бастаған ғалымдар мен ақсақалдар құлпытасты «Жас азамат» ұйымы тапты» десе, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған осы ресми деректі негізге алған шығар. Егер сіз бұл «жаңалықты» жастар қорымға барардан он бір ай бұрын «ашсаңыз», одан бергі он сегіз ай бойы ай қарап, жұлдыз санап жүрдіңіз бе?! Алаштың рухын тасытар сүйіншілі хабарды «қазаққа адал тарихшының» қай жамбасына басып жатқанына таңымыз бар. Ал, ақсақалдар ескі қорымның басына кім барып, кім қайтқанын санап, кәрі тізесі дірілдеп күзетте тұрмақ па?! Әрі-беріден соң, бұл қорымға кім келіп, кім кетпеген! Сізден бұрын да әруаққа дұға бағыштаған иісі мұсылманның талайының табаны тиген және бұдан кейін де тоқтамақ емес. Сіз де, біз де - сол көптің біріміз.

Үшіншіден, «Біз салып кеткен соны соқпақпен, қара май төселген даңғыл жолмен барып, әлемге жар салып, дайын еңбекке ие бола кетуі күлкілі һәм ұятты іске айналды» деп жала жауып, арымызға күйе жағасыз. Ал, шынтуайтында,  ол жерге «Жас азаматтықтар» барғанда, сіз айтқан қазулы қара жол да, ғайыптан пайда болған Ұларбек дейтін «тарихшының» келіп оқып кеткені, одан кейін ешкімнің бұл маңға аяқ баспауы керектігі туралы ескерту тақтасы жоқ-тын. Мұны сіз өтірік дегенмен, себезгі жаңбыр астында дұғада бірге болған өзге жастар растай алады.

Төртіншіден, «тарихшымыз» көктегі Құдайдан бастап қасындағы бауырына дейін куәге тартып, бұл құлпытасты өзі тапқанына сендіріп, ант-су ішеді. Осындайда данышпан қазақтың «кәпір антқа, мұсылман сөзге сенер» деген нақылы ойға оралады. Бабаның бейітін тапқаннан абырой іздеп, көктегі Құдайды, көрдегі әруақты күңіренткеніңіз «қазақ ақыны, тарихшы, араб, шағатай тілінің маманы» деген асқаралы биігіңізді аласартты-ау, ағасы.

Сол баһадүрлер шейіт болғанмен, олардың рулы елі, қара орман қазағы бұл Қараөткелден көшіп кетіп пе?! Жалпақ жатқан Ақмоланы ен жайлаған ағайынның намысына тиіп, сіз атаңыздың белінде жүргеннен белгілі бейітті, «мен таптым» деп даурығып, есімізге Абай атамыздың:

«Елді алып, Еділді алып есіреді,

Шатып-бұтып бір арыз беріп келсе,..» деген уытты сөзін еріксіз түсіресіз.

Бесіншіден, «қайғыны немесе сол сияқты қаралы сәттерді уақыт ұмыттырар. Бірақ, масқараны, ұятты, сатқындықты ешнәрсе ұмыттыра алмайтыны тарихтан аян» депсіз үшбу мақалаңызда. Өте дұрыс айтылған. Байбаламға толы жазбадағы аз шындықтың бірі - осы.

Есіңізде болса, 2011 жылы 16 желтоқсанда әйгілі 86-ның боздақтарына арнап құрбандық шалып, Ықылас Ожайұлының үйінде ұлтшылмыз дейтін бір топ азамат бас қосқан едік. «Тарихшым-ау», ісіңіз бен сөзіңізде пәтуә болсашы! Сол отырыста ұлт үшін ұжымдасып қызмет етуге сөз бекіткендердің қатарында өзіңіз де болмап па едіңіз?! «Республикаға аты-жөні белгісіз, әлдебір «Жас азамат» деген ұйым»  деп өзіңіз күстаналаған сол «Жас азаматтың» уығын шаншығандардың бірі сіз емес пе едіңіз!? Бұл естелікті сіз естен шығарғанмен, жүрек толқытар адал сөзін айтқан басқа азаматтар ұмытқан жоқ. Осы «сатқындығыңызды» тарих ұмыттыра қояр ма екен?! Әлде сіз Сәбит Дөнентаевтің:

«Сөз бітті, ет желінді, қаулы қалды,

Халықта кінә бар ма, ауызына алды.

Еттің де, елдің-дағы мерейі өсіп,

Ермектік бір әңгіме болды, қалды», - дегеніндей, ет желініп біткеннен кейін берген уәде, айтысқан сөзді, алысқан қолды оп-оңай ұмыта салдыңыз ба?!

Алтыншыдан, мақалаңызда омырау соққан шөбін шауып, иек астындағы үйіңізге жете алмай, түней жатып күзеткен машақатты еңбегіңіздің еш кеткенін айтып, зар толғайсыз. Алайда сіздің келіп «аршып» алуыңызды күтіп,  «адам аяғы баспаған айдалада иесіз, қараусыз» жатқан зираттықтың  сізге дейін де «Ақорда» ақсақалдары мен Астана зиялыларының арқасында талай нәубеттен аман қалғанын "тарихшы" санаңыз бағамдай алды ма екен?

 Жетіншіден, Балуан Шолақтың Ғалиясының бейіт тасы жайында тарихи шындық сіз сүйіншілеп отырған «ғылыми жаңалықтан»  бірнеше жыл бұрын «Астана ақшамы» газетінің сол кездегі тілшісі, ақберен журналист Бекен Қайратұлының арнайы мақаласында айтылғанын білмедіңіз бе, әлде біле тұра әдейі жұмған аузыңызды ашпадыңыз ба? Егер аттандап жүріп оқи алмаған болсаңыз, 2008 жылы «Егемен Қазақстан» газеті бетінде Ақмола шайқасы туралы сәтті қалам тербеген әрі журналист, әрі ғалым, кезінде министр дәрежесіне дейін өскен Сауытбек Абдрахмановтың да мақаласын қаперіңізге саламыз. 

Сіз «мен таптым» деп даурығып отырған тарихи құлпытастардың басына ХХ ғасырдың аса күрделі 20-жылдары Алаш қайраткерлері дұға бағыштап, ас бергені жайында өлкетанушылар мен тарихшылар бұрыннан айтып келеді. Осы Ақмоланың жарты тарихын білетін Клара Әмірқызы сынды апаларымыз өткенін сіз білмейтін де боларсыз...

Тағы да ресми түрде қайталаймыз: сіз еш жаңалық ашқан жоқсыз. Бұл - бұрыннан белгілі ақиқат. Өз көргеніңізді бұрын ешкім көрмеді деп байбалам салып, өзіңізге дейінгілер мен өзіңізден кейінгілерге тапырақтап жол бермеуді ойласаңыз – мейліңіз, ол – тарихта «Ұларбек жолы» болып қалады да.

Айдай шындық: бұрын талай саналы, білікті қазақ барған, дұға оқыған жерге сіз де бардыңыз, араб жазуынан (Ахмет Байтұрсынұлы жазуымен кіндіктес) білген біліміңізше кісі аттары мен басқа да ұғымдарды шырамыттыңыз. Құдай алдыңыздан жарылқасын! Сізге дейін де талайлар осындай күйде болған. Жолсызбен барып, бұл бейіт тасына жолыққан біз де сол күйді бастан кешірдік. Біз де сіздей қуандық. Осы зиратқа келіп жатқан талай азаматтар осылай қуанады деп ойлаймыз.

Сол себепті данышпан Абайдың «өздеріңді түзелер дей алмаймын...» дегенін еріксіз еске алып, ақиқаты тек бір өзіне ғана мәлім, шексіз әділ Алла-Тағаланы пенделік пиғылығыңыз үшін куәге тарта бермеуіңізді өтінер едік. Қазақтың «Құмырысқаның тас басқаны тәңірге аян» деген аталы сөзі есіңізде болсын!

         Тағы бір елеусіз ескерту: қоғамдық негізде құрылған «Жас азамат» жастар ұйымы Хан Кене сарбаздарының зиратына дұға қылуды дәстүрге айналдыруға уағдаласқан.

Біз, Алла қаласа, тарихи қорымға әлі де жиі баратын боламыз. Сол кезде баһадүрлер басына бару-бармауға рұқсатты «тарихшы» Ұларбек Дәлейұлынан емес, өзіміздің ар-иманымыздан сұрамайтынымызды мәлімдейміз.

«Жас азамат» ұйымы өкілдері атынан

Мадияр Ишанбеков

Бабыр Медетов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1519
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1367
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1117
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1148