Жексенбі, 16 Маусым 2024
Ақмылтық 1938 15 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 12:56

«Ши мылтық» «пыш» еткенге жарамай қалуы мүмкін...

Коллаж: Abai.kz

Сонымен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 18 мамыр күні Президент қол қойды.

Заңда қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тартудың бір негізі болып бекітіліпті. 

Аталған норманы  БАҚ үш күннен бері тынбай сүйіншілеп жатқан көрінеді.

Енді осы «бірегей» норма туралы өз ойымызды ортаға салып көрейік.

Коллаж суреттері: ratel.kz және ҚазТАГ сайттарынан алынған.

«Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру...» дегенде, біздің оймызға бірден генарал Ғани Қасымов сап етіп орала кетеді.

Ұлты қазақ бола тұрып, қазақша екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайтын сол Ғани Есенкелдіұлы, жаңылмасам, екі мәрте Президенттік сайлауда кандидат ретінде тіркеліп, екі ретінде де мемлекеттік тілден тапсырған  емтиханнан сүрінбей өтіп кетіп, «айды аспанға бірақ шығарып еді» ғой.

Демек, біздің елде Заң өз деңгейінде атқарылмай келгені белгілі.

Бұл норманың атқарылуы да сол Ғани Қасымовтың емтиханының аяғын құшып қалуы әбден мүмкін.

«Негесі» - мынау:

Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-бабында «Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданатын болады...» деген норма бар.

Бұл жай норма емес, Мәскеуде сонау 1999 жылғы 26 ақпанда жасалған Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы Азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісімнің негіздінде аталған Заңға енгізілген.

Сурет: adilet.zan.kz скрині.

Ал, бұл төрт жақты келісім «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы Азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы №17-ІІ Заңымен бекітілген.

Ендеше, БАҚ дуылдатып жатқан «бірегей» норма бойынша, осы шартпен бұрынғы одақтас республикалардың, нақтылап айтсақ, Ресей, Қырғызстан, Беларусь азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтығын аларда, олардан да мемлекеттік тілден емтихан алуға, одан өтпесе оларға Қазақстан азаматтығын беруден бас тартуға тура келеді.

Егер, «бірегей» нормаға сай, біздің атқарушы билік Қазақстан азаматтығын алғысы келетін осы үш елдің азаматтарына мемлекеттік тілден емтихан тасырасың десе, басқасын білмеймін, бұл мәселеге бірінші болып Ресей билігі араласуы, тіпті, өре түрегелуі мүмкін.

Дәл сол кезде біздің атқарушы билік пен заң шығарушы органның өкілдері тағы да құйрықтарын бұттарына қысып, шоңқайып-шоңқайып отыра кетпесе болғаны.

Сурет: Abai.kz скрині.

«Тағы да» дейтін себебім, естеріңізде болса, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин 2022 жылы өздерінің «Независимая газетасына» берген сұхбатында аузына келгенін оттап: «Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады», - деген еді ғой.

Өзінің туған қандастарын Алексей Бородавкин басқа теуіп, қорлап жатқанда, бір депутат, бір министр шығып, «мәу» деуге жараған жоқ.

Керісінше,  «Алексей Бородавкин дұрыс айтып отыр...» дегендей сыңай танытып, бәрі үнсіз қалды.

Мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы 2023 жылғы 19 сәуірде қабылданған атышулы 20-баптың 5) тармағын біздің Сенат осы Алексей Бородавкиннің ығына жығылып, Ұлы көшті тоқтату үшін әдейі бір ауыздан мақұлдап берді ме екен деп те ойлаймын.

Шындығына келсек, атышулы 20-баптың 5) тармағы Үкімет қортынды беретіндей неше миллиардтаған қаржы талап ететін норма емес, Мәжілістің әдеттегі бір ортаңқол депутатының бір ауыз ұсынысымен-ақ, алып тастауға болатын екі-ақ, сөйлем сөз.

Соған қарамастан, осы норманың Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына (13-бап), Қазақстан Республикасының Конституциясына (21-бап) мүлде қайшы екенін біле тұрып, қос палатаның бір депутатының «мыңқ» етпестен осы жолы тағы мақұлдап бере салғанына қарағанда, оның ар жағында сол Алексей Бородавкиннің мемлекеті тұр ма екен деген күдік бар бізде.

Сөз жоқ, ертең мына «бірегей» норма күшіне еніп, атқарыла бастаса, оған Ресей билігі бірден қарсы шығады, шу шығарады.

Бүгінгі бақылдаған текелердің әуселесін сонда көреміз.

Ал, біз айтып отырған осы дау шықпас үшін, біздің Мәжілістегі қазақ тілінің «жанкүйерлері» мықты болса, ең алдымен анау Мәскеуде 1999 жылғы 26 ақпанда жасалған «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы Азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы» келісімді бекіткен 1999 жылғы 30 желтоқсандағы №17-ІІ Заңның күшін жоюлары керек еді.

Ол келісім мен оны бекіткен Заң тұрғанда, мына «бірегей» норманың көресісі әлі алда!

Иә, БАҚ бұл «бірегей» норма туралы «Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын бұл талап этникалық қазақтарға қолданылмайды», - деп жазып жатыр.

Біз бұл жерде мәселенің бір жағын айтып отырмыз, енді, екінші жағына көшейік.

«Бірегей» норма болып бекітілген бұл мемлекеттік тілді білу туралы талап этникалық қазақтарға қолданылмайтыны секілді, жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-бабына сай, тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдана беретін бұрынғы одақтас республикалардың, атап айтқанда:  Ресей, Қырғызстан, Беларусь азаматтарына да қойылмауы да мүмкін.

Жұрт айтып келеді, біздің мемлекеттік тілдің көсегесін көгертпей келе жатқан – қырғыз тілі емес, беларусь пен орыс секілді славян текті этностар тілі, әсіресе, орыс тілі!

Ағылшындар, немістер, француздар қотарыла көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын жаппай алып жатқан жоқ.

Қазақстан азаматтығын алғысы келеді немесе алып жатыр деген өзге ұлт өкілдерінің ең басым, тіпті көп бөлігі де осы славян текті этнос өкілдері екені тағы белгілі.

Сонда, қазақ тілінің көкжелкесінен басып тұрған, адымын аштырмай келе жатқан өзге тілдегілерден, оның ішінде славян текті этнос өкілдерінен ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН емтихан алуға жарамаса, Анау көкемнің «30 жыл күткен заң қабылданды!» деп үкілеген бұл «бірегей» нормасының не қайыры, не пайдасы болмақ?!

Қалай десек те, бұл «ши мылтығы» «пыш» еткенге жарамай қалуы әбден мүмкін.

Сол баяғыдай, тағы да халықты алдау, тағы да Президентті ұятқа қалдыру...

Ащы да болса, шындық – осы, ағайын!

Жалпы, мұндай норманы қабылдап алып, ертең атқара алмай масқара болғаннан гөрі, біздің мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауал жолдағыштар әдеттегідей «Бөрі арығын білдірмес, Сыртқа жүнін қампайтыппен» сол Мәжілістің  төрінен «Тіл-тіл!» деп айғайлай тұрғандары, ұрандата бергендері әлдеқайда оң болар еді.

Одан да тәуірі, «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы 2023 жылы 19 сәуірде Сенат қабылдаған атышулы 20-баптың 5) тармағын алып тастап, оның есесіне Қазақстан Республикасының аумағына визасыз тәртіппен келген этникалық қазақтарға үш жылға дейінгі көп мәртелі виза беру тәртібін енгізсе, сөйтіп өз қандастарымыздың Атажұртына оралуына даңғыл жол ашса, мұның мемлекеттік тілдің көсегесінің одан ары көгере түсуіне тиер себі бұдан әлдеқайда зор болар еді ғой.

Бірақ, біздің бүгінгі Мәжілісте отырған ақ жағалы көкелерде ондай сана мен білік қайдан болсын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

15 пікір