Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3911 0 пікір 12 Желтоқсан, 2013 сағат 05:34

Ауыт Мұқибек. Астана – аңыз қала

Бұл шығармамды Тәуелсіздіктің Ұлы мерекесіне  және «ендігі тағдырымыз не болар екен?!» - деп

екі көзі жәудіреп шетелде қалған бес миллион қандасыма арнадым.

Автор

 

Абыз болған, білесің, Асан аты,

Құтқа толған майланып босағасы.

Бір күнде оны орнында тыншытпапты,

Елге деген ерекше махаббаты.

 

Заманда анау күн көзі қырауланған,

Елге әйгілі сол Асан жырау болған.

Қайтсем жұртым бақытты Ел болар деп,

Ықыласын халқына шын аударған.

 

Адам екен ұзын бой, кең иықты,

Айтқанына бас шұлғып ел ұйыпты.

Қазақ үшін қайтсем де табамын деп,

Іздепті кеп шарқ ұрып Жерұйықты.

 

Үлкендерден, қол жайып, бата алыпты,

Жолға шындап жабдынып, жасаныпты.

Қайғылана бергеннен соң, халқын ойлап,

«Асанқайғы»  Асекең атаныпты.

 

Қойып халқым шұбырған еркін көшті,

Қала салып бір жерге көрсін депті.

Анау - мынау ол кісі тауыңызды,

Тау екен деп әуелі менсінбепті.

 

Болма маған, елім, түк алаң депті,

Жерұйықты қайтсем де табам депті.

Бұл шығармамды Тәуелсіздіктің Ұлы мерекесіне  және «ендігі тағдырымыз не болар екен?!» - деп

екі көзі жәудіреп шетелде қалған бес миллион қандасыма арнадым.

Автор

 

Абыз болған, білесің, Асан аты,

Құтқа толған майланып босағасы.

Бір күнде оны орнында тыншытпапты,

Елге деген ерекше махаббаты.

 

Заманда анау күн көзі қырауланған,

Елге әйгілі сол Асан жырау болған.

Қайтсем жұртым бақытты Ел болар деп,

Ықыласын халқына шын аударған.

 

Адам екен ұзын бой, кең иықты,

Айтқанына бас шұлғып ел ұйыпты.

Қазақ үшін қайтсем де табамын деп,

Іздепті кеп шарқ ұрып Жерұйықты.

 

Үлкендерден, қол жайып, бата алыпты,

Жолға шындап жабдынып, жасаныпты.

Қайғылана бергеннен соң, халқын ойлап,

«Асанқайғы»  Асекең атаныпты.

 

Қойып халқым шұбырған еркін көшті,

Қала салып бір жерге көрсін депті.

Анау - мынау ол кісі тауыңызды,

Тау екен деп әуелі менсінбепті.

 

Болма маған, елім, түк алаң депті,

Жерұйықты қайтсем де табам депті.

Ғасырлардан қалған сол тамаша аңыз,

Бүгін, міне, дін аман маған жетті.

 

Күзді өткеріп шыңылтыр өкпек желді.

Шуақ шашып жып - жылы көктем келді,

«Жерұйық» деп атадық желіп барып,

Желмаясы Асанның шөккен жерді.

 

Ертіс барған, тоқтамай Сауыр барған,

Елге қоныс болсын деп қауымдалған.

Ілеге де табаны тиген екен,

Жүре - жүре түйесі жауыр болған.

 

Көрген кезде көсілген Барқытбелді,

Біраз жерден бұл маңды артық көрді.

Желмаясы тізесін бір бүкпестен,

Ары қарай тайпалып тартып берді.

 

Түстік барды, төтелеп Терістікке,

Жер іздеді суы мол егістікке.

Түйіп қойды ішіне Тәшкен маңын,

Татармын деп дәмін бір, жеміс піссе.

 

Берді ме екен Жаратқан аян тегі,

Тағы шолып қайтыпты Байөлкені.

Туған елдің тілепті ақ тілуін,

Болса екен деп заманға сай ертеңі...

 

Ақжайыққа бет бұрды Марқакөлден,

Сырға барған, зар желіп Арқа келген.

Желмаясын тоқтаусыз желкілдетіп,

Тынбай сөйтіп Асекең тарта берген...

 

Жатқан алуан жаз бойы гүл бүркеніп,

Қасына анау желдіртіп қырдың келіп.

Сығанаққа, ежелгі Сарайшыққа,

Өткен екен Желмая бір - бір шөгіп.

 

Ол тұстан да, кезеніп бұл тұстанда,

Жау аз ба еді қазақпен жұлқысқанға.

Бір - бір түнеп тағы да аттаныпты,

Сауран менен киелі Түркістанға.

 

Білді жатқан тығылып жолында орды,

Жаудың қалың қайысқан қолын көрді.

Көзі тойып жарықтық қайтқан екен,

Көріп сонау көгорай Орынборды.

 

Таптым - ау деп еліме Бақ – бесікті,

Көп жерге кеп әдейі ен сап кетіпті.

Соғып өткен бұрылып деседі ел,

Жол - жөнекей Сырдағы Ақмешітті.

 

Жеткенінше Жерұйық мекеніне,

Желмаясы шыдапты тепеңіне.

Сосын келіп біраз жыл дамылдапты,

Алатаудың атақты етегіне.

 

Көп жер оған көргенде - ақ ұнап қатты,

Жайлау, қыстау, тұп - тұнық бұлақ тапты...

Соңында осы іздеген Жерұйық деп,

Сарыарқаның төсіне тұрақтапты.

 

Болыпты Асан жасынан сертке мықты,

Ғасырда сол қан менен дертке жүкті.

Сөйтіп оның жел қайық – Желмаясы,

Даламызға тізерлеп көп шөгіпті.

 

Арқау болған осынау жырға қызық,

Біледі оны бұл күнде мұндағы жұрт.

Сол қалалар шетінен тізбектеліп,

Тарихында қазақтың тұр жазылып.

 

Сирек туар қазақта мұндай шалың,

Бұрқылдатқан жолдардың тынбай шаңын.

Күнде оқи берген соң, сан қайталап,

Сол аңыздан өзге бір сыр байқадым.

 

Біз білмейтін ықылым заманда анау,

Мүмкін бе өзі кісіге алаңдамау.

Астананың, байқасам, ірге тасы,

Тым арыдан қазылып, қаланған - ау?!

 

Сапар шексең, Асанша із сап атың,

Кез боласың дерекке біршама тың.

Қу қазықтың кететін өзі көктеп,

Қай жеріне қазақтың мін тағасың.

 

Ұжымақ емес қазақтың қай мекені,

Малшы өмірі тау менен сайда өтеді.

Өзендері арқырап ағады ұдай,

Жатады кеп жарқырап айна көлі.

 

Жақын төбе ұп - ұқсас, алыс белі,

Қай қиырға барсаң да, таныс көлі.

Жерұйық қой шетінен онсыздағы,

Қазаққа тән даланың қарыс жері.

 

Боп тұрады қашанда береке, дау,

Бізге жетті сол кездің елесі анау.

Іздегені Асекең Жерұйық деп,

Орда тігер қазаққа жер екен - ау!

 

Бір сапарды сол шалың бастап алып,

Елге өзін танытып тастады анық.

Іздегені Асекең Жерұйық деп,

Жер екен - ау оймақтай астаналық!

 

Дана шалға бір емес, қауым ерген,

Тағы аластап отырған жауын елден.

Арманы да жоқ шығар кәрияның

Сарыарқаның төсін кеп тауып өлген.

 

Айыққалы қайғының бұлты қашан,

Тұрар ма атам ұйқыдан жұлқыласаң!

Қабанбайдың бейіті деп жүргенің,

Боп жүрмесін зираты бір күні Асан!?

 

Асанды айтып қазағым мақтансын әр,

Барған жері батпандай бақпен тынар!

Тауып бердім жоғыңды деп үндемей,

Мына қорым ішіде жатқан шығар!

 

Кеткен кезде межеден кері қоғам,

Ерлер жанын өледі беріп оған.

Елестейді Ақорда аумағы боп,

Желмаясын шөгерген жері маған.

 

«Желмаямен даламда көсілтіп кең,

Алды - ау желдің жарысып есін тіптен.

Шаршап келіп шалғайдан жұрты болар,

Ханшатырдың тағаны қосын тіккен.

 

Жарылар боп тулаған жырдан кеуде,

Толтырсам деп ойлады - ау бұл маңды елге.

Қостан шығып, жайнамаз жайды ма екен,

Нұр - Астана мешіті тұрған жерге?

 

Басқан емес бабалар жолды бөтен,

Көп қиянат көрді ғой сорлы мекен!

Қазық қағып, түйесін байлаған тұс,

Бәйтеректің кәзіргі орны ма екен?!

 

Үміт сөніп, күнде сол арман тынар,

Бұл жүріске Асандай тарлан шыдар.

«Шабыт» тұрған қазіргі жерге келіп,

Насыбайын ерінге салған шығар.

 

Тобыр елді жетелер, шын қамшылар,

Жүзден жүйрік, тұлпарлар мыңнан шығар.

Ұйқысын бір қандырып маң далада,

Есілге кеп шылғауын жуған шығар?..» –

 

Деген ойлар келеді маған жиі,

Жеткен осы аңыздан аман күйі.

Ғасыр бойы жорықтар бір тоқтамай,

Азаттықтың қандырды заманды иі.

 

Астық аттап тынбастан нешеме өрден,

Арылды сор бұл күнде бешенеден!

Заман аунап түскенде, Сарайшығым,

Жерге шөгіп ақырын кете берген.   

 

Көрдік көзбен сан түрін сынақтың да,

Батты жылап тұп - тұнық бұлақ мұңға.

Қалды, білем, біртіндеп көмілді де,

Сығанағым сырғыған құм астында.

 

Азаттықты қойған соң басты орынға,

Болу керек сай оған ат, тоның да.

Отыр бүгін қанша қан төгілгенмен,

Орынборым, қайтейін, жат қолында...

 

Іздеп өзі алыстан тапқан Абыз,

Айтсаң таңға таусылмас жатқан аңыз!

Алашорда шаңырақ көтергенде.

Сол Орынбор болды алғаш астанамыз.

 

Ол бір нағыз аңсаған жыл құсы еді,

Көсемдерім шетінен білгіш еді.

Еркіндіктің біз үшін тұғыры – Алаш,

Астананың Орынбор тұңғышы еді.

 

Тұрған шақта енді бір шалқығалы,

Орыс оны зорлықпен тартып алды.

Желмаяның баяғы ізіменен,

Ығыстырып қазақтың халқын ары.

 

Жабамыз деп біржола жатқа есікті,

Жауға қазақ қарайып, қатты өшікті.

Орынбордан ақыры сырғып келіп,

Астана етті бір мезгіл Ақмешітті.

 

Толы болды біз жүрген жол жапаға,

Үйіп берген бұл Тағдыр сорды атаңа.

Еркі кетіп елімнің өз қолынан,

Болмай қалды ақыры ол да пана.

 

Өтті заман құйындай сан ғасыры,

Маза бермей бір сәт те жанға тірі.

Қашан Кеңес Одағы құлағанша,

Астана ғып күнелттік Алматыны.

 

Қазақ деген қастерлі сақтап атты,

Жүрдік тілеп Құдайдан басқа бақты.

Өткен ана ғасырдың  соңына ала,

Азаттықтың жарқырап ақ таңы атты.

 

Жағаға жау тепсініп жармасса да,

Бақ пенен сор жыландай арбасса да,

Сарыарқаның тұп - тура қақ төріне,

Тәуелсіздік өзі әкеп салды Астана.

 

Отырсаң бір жайменен санап қана,

Береді жыл бір - бірлеп парақтала.

Болды сөйтіп Асекең Желмаясы,

Шөккен жердің шетінен бәрі астана!

 

Ғасыр біткен қазаққа өктем келді,

Басты тұман тұмшалап Көк пен белді.

Өз жерім де қаймықпай Қайғы атаңның,

Желмаясы желкілдеп жеткен жерді.

 

Асекеңнің тапқан көп жерін әлгі,

Көз құрты боп, озбырлар бөліп алды.

Мекендеген күл төгіп сол мекенді,

Жат қолында қазақтың елі қалды.

 

Заман жаңа ғасырға рең берді,

Далам жасыл жайнаған кілем керді.

Жыртығымыз ақырын бүтінделіп,

Жоғымыз да біртіндеп түгенделді.

 

Ырғамасын үф еткен жел бұтаны,

Еңіретіп ес жиған елді тағы.

Шашылғанның барлығын жатыр жиып,

Астананың ашылған кең құшағы.

 

Көп кетті ғой, қайтейін, есем елге,

Қалды жүгім шашылып неше белде.

Сол қалалар кешегі атын бүгін,

Бердік түгел мұнда әкеп көшелерге.

 

Бүлінсе де жау шауып іргем кеше,

Бүгін алған, санашы, жүлдем неше!?

«Орынбор» деп бұл күнде аталады,

Астананың төрінде бір кең көше.

 

Қуандырып осынау байтақ елді,

«Түркістан» да Арқаға қайта келді.

Қазақ елі – азат деп, Егемен деп,

Асқақтатып әлемге айтам енді.

 

Елге әйгілеп өзінің бар айшығын,

Тұр даңғырап айнадай «Сарайшығың».

Бәрін соның шынымен түгендемей,

Таба қойсын Имекең қалай тыным!?

 

«Саураның» да, баяғы «Сығанақ» та,

Сайрап жатыр қилысып мына жақта.

Ал, «Ақмешіт» ақ жолға бастап сені,

Апарады жетелеп тура баққа...

 

Елі де бай ежелден жері байдың,

Бара жатыр күн санап кеңіп айдын.

Бір көшеден боздайды Қорқыт күйі,

Әуенімен үндесіп «Елім - айдың».

 

Есіл деген толқытып дәрияны,

Естіледі зарлаған Мәди әні.

Төлегенге Жібекті қосады әкеп,

Бұлбұл Күлаш шалқытып әрияны.

 

Жетті - ау осы күнге де жилжи табан,

Бұл қаладан бір емес, мың күй табам.

«Саржайлауын» Тәттімбет толастатса,

Сыңсытады «Аққуын» Нұрғиса ағам.

 

Тірілтем деп Бекболат жүр Тінейді,

Қажымұхан күн болып күркірейді.

Жаңа жылдың шыршасын жан алқымға ап,

Желтоқсанның дауылы сілкілейді...

 

Туды міне аңсаған ғасырың шат,

Алтын кезең біз үшін осы бір сәт.

Баба қаны төгілген қаласының,

Ұмытпасын деген ғой атын ұрпақ.

 

Асан тапқан Жерұйық – қайран дала,

Берді - ау елдің көзінше ойрандала!

Тыңдап жүрсін баба үнін күңіренген,

Торқа киіп, айранға тойған бала!

 

Аунап түсер заманның сан ағысы,

Тартылады ғасырдың жарап іші.

Алып келген даласын қаласына,

Кім болса да, сол кісі – дана кісі!

 

Бірден біте қоймайды ұлттың ісі,

Тағы ашылып кетпейді кілт тынысы.

Іштегіні аламыз жүре түзеп,

Сырттағыны тасиды мықты кісі!

 

Жеткен жоқсың бүтінге, жарым елсің,

Қазақ түгелденгенше әбігерсің.

Тағы не бар, кім қалды жат қолында,

Сарыарқаның төріне бәрі келсін!

 

Жазу үшін тыртығын жараның шын,

Бізді бастап алдыда дана жүрсін!

Қалалардың кешегі  шөгіп кеткен,

Құм астынан аршылып, бәрі алынсын.

 

Жоқтан ептеп дүние құралады,

Жаман да емес қаланың мына халы.

Асан ата еңселі ескерткіш боп,

Бір көшеде ертең - ақ тұрады әлі.

 

Көздің жасын тұп - тұнық іркеді де,

Еске алады өткенді жұрт егіле.

Оқи алсаң дұрыстап Елорданың,

Бір көшесі шертеді бір шежіре.

 

Таптық қайта жоғалған мұрамызды,

Жаздық дастан ертектен құрап ізгі.

Тыңдай қалсаң, жалықпай айтады кеп,

Бір көшесі қаланың бір аңызды.

 

Білсін десең, бар - жоғын жұрт айырып,

Өткен күннің парағын түр қайырып.

О басынан созылған, бұ басына,

Бір даңғылы тымпиған бір тарих.

 

Қамыс басып жағалау тұрған жұтап,

Сәті келіп, туғанда, нұрланды шақ.

Қазақ жазып қалдырған өз қолымен,

Болашаққа Астана – бір дәу кітап!

 

Елдің енді белгілі жұтамасы,

Жеміс төгіп тұрады бұта басы.

Сырға тұнған Астана – бір дәу кітап,

Қос жағалау ал оның мұқабасы.

 

Дастарқанда қазы пенен ірімшік көп,

Сәбилер мәз бірін жеп, бірін тістеп.

Қос жағалау – Астана мұқабасы,

Көпірлермен тастаған түбін түптеп.

 

Көсемдері, ұлтымның ұлы ағасы,

Сақталатын бұл кітап мұрағаты.

Алғашқы бет жарқырап ашылғанда,

Абылайдың ардақты тұрады аты.

 

Жәдігер көп Үйсіннен, Сахтан қалған,

Басқа шараң бар ма оған мақтанғаннан?!

Сосын көзің түседі есіміне,

Нұрсұлтанның алтынмен аптап жазған...

 

Кірсең, бірден ашады бақша құшақ,

Басылады шілденің аптабы сап.

Министрлік үйлері көрінеді,

Ақорданы қоршаған жақша құсап.

 

Бар жағынан Нұрекең өктем кісі,

Басып оның талайды кеткен мысы.

«Қазақ түгел шеттегі келсін!» деген, 

Қаулысының Бәйтерек леп белгісі.

 

Ұлы еңбекті жөн бірден бағалаған,

Бой түзейді жан - жаққа қарап адам.

Оң жағалау – архиві ескі өмірдің,

Сол жағалау – тарихы жаңа заман.

 

Ұлтым деген жігіттер досым кілең,

Онша ұната бермеймін топырды мен.

Көше біткен – жолдары сол кітаптың,

Күні бойы күбірлеп оқып жүрем.

 

Дұрыс емес қымсетсе өре тұрған,

Аз болған жоқ емендер жел опырған.

Бара жатыр қалыңдап жылдан - жылға,

Оны оқитын дүниеде көп оқырман.

 

Жараспайды бізге енді жүрген салақ,

Байқамасаң, жеп тынар іргең талап.

Бар әлемнің дінбасын жиып алып,

Оқиды - ай кеп Нұрекем діннен сабақ.

 

Ас атқанмен, қазаққа тас атылған,

Болды содан о, қанша ата құрбан,

Астананы сыртынан қызықтамай,

Біле түссін ішін де жас оқырман...

 

Бізде бары – бір жүрек, бір - ақ Отан,

Бек сынаған замана мына қатаң!

Сол кітапты ақырын парақтасаң,

Көп өтпей - ақ жарқ етіп шығады Асан.

 

Бақ тайған соң басынан Сергей «аға»,

Бастады ғой күн санап ел де ояна.

Сол аңыздың ақырын аяғы кеп,

Тіреледі баяғы Желмаяға.

 

Заман емес, «мен отыр!», «сен ұйықта!»,

Алу керек ел жүгін ер иыққа.

Сол аңыздың ақырын аяғы кеп,

Тоқтайды екен баяғы Жерұйыққа...

 

Құрылғанша бұл қазақ болып мәңгі ел,

Көз ашқан жоқ бір сәтке соғыстан да ер.

Байқасаңыз ойланып бұл Астана,

Боздақтардың тағдыры тоғысқан жер.

 

Майданға да қылыш ап сан барғанмын,

Жолда белі үзіліп қалған нардың.

Біле - білсең, бүгінде бұл Астана –

астанасы аңсаған армандардың.

 

Тіршіліктің керілген арқанына,

Маталмастан, тоқтамай тарт арыға.

Бабалардың көшеде қан - тері бар,

Аманаты тапсырған бар тағы да!

 

Көшең түзу болғанмен, жолың бұраң,

Үйретеді соған сай өмір бір ән.

Азабыңнан бастағы арылтам деп,

Қазағыңнан қаншама төгілді қан?!

 

Бірде көнбей, бұғауға бірде «көніп»,

Кете берген жол бойы мүрде көміп.

Сол қызыл қан көшенің жиегінде,

Тұрады ылғи қып - қызыл гүл боп өніп.

 

Бірі бүгін аталсын, бірі кеше,

Бұл көшенің барлығы – Ұлы көше!

Біздер кетіп, келетін ертеңгі ұрпақ,

Кезегімен береді жүріп өте.

 

Өседі әлі көркейіп қала мұнан,

Көгімізде ұшады жаңа қыран.

Ұлы баба рухы әр қазақтың,

Жүрегіне өтеді табанынан.

 

Көп өткердік бұл бастан жылды қасаң,

Басады құм ілгері сырғымасаң.

Жерұйықты іздеген ұрпағына,

Болу керек әр қазақ бір - бір Асан!

 

Көне менен жаңаны тең қабылдап,

Тола берсін асылға зерде қымбат.

«Менің Қазақстаным» шырқалғанда,

Кетсін бірге қосылып желде жырлап!

 

Құлағыңды әр күні түр дүбірге,

Қосатын бол зарыққан бірді бірге.

Сені бастап жаңылмай апарады,

Сол көшелер ертеңге – нұрлы күнге!

 

04 - 08.12.2013

 Астана

Abai.kz

0 пікір