Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4697 0 пікір 10 Желтоқсан, 2013 сағат 03:54

Азамат Тасқараұлы. Мендегі ақылға бөтен бұл қазақ, бөтен үн...

Азамат Тасқараұлы – 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Жоғарғы Тайынты ауылында туған. Қазақстан-Американ Еркін Университетін «Менеджмент: сауда саласы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-при иегері. ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.

 

ТҮС

 

Шоқал-шоқал құмдармен,

Шоқылармен қаралы.

Керуен тартқан жылдармен,

Көшіп дәурен барады.

Қызыл көзі үкінің,

Қыз-қыз еткен ошақ Ай.

Желден аян оқыдым,

Мені қалқам тосады-ай.

Орғыл-орғыл тауды асып,

Отап өтсем изенді.

Нән жайынға жармасып,

Малтап өтсем өзенді.

Шоқ қара ағаш түбінен,

Жетім дуал көрінсе.

Жоқ, қаба ағаш түбінен,

Бақсы-дуам көрінсе.

Қоспағы оның көн табан,

Алдыма кеп шөксе егер.

Қос жыланы арқадан

Алма-кезек өпсе егер.

Тәңір жақтан шіркін боп,

Түмен бұлттар құйса бір.

Жердің беті іркілдеп,

Жолдар болса ми, сабыр.

Кісі бойы ошаған,

Қоспақ мініп кетсем деп.

Ұры шықпай тасадан,

Азамат Тасқараұлы – 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Жоғарғы Тайынты ауылында туған. Қазақстан-Американ Еркін Университетін «Менеджмент: сауда саласы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-при иегері. ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.

 

ТҮС

 

Шоқал-шоқал құмдармен,

Шоқылармен қаралы.

Керуен тартқан жылдармен,

Көшіп дәурен барады.

Қызыл көзі үкінің,

Қыз-қыз еткен ошақ Ай.

Желден аян оқыдым,

Мені қалқам тосады-ай.

Орғыл-орғыл тауды асып,

Отап өтсем изенді.

Нән жайынға жармасып,

Малтап өтсем өзенді.

Шоқ қара ағаш түбінен,

Жетім дуал көрінсе.

Жоқ, қаба ағаш түбінен,

Бақсы-дуам көрінсе.

Қоспағы оның көн табан,

Алдыма кеп шөксе егер.

Қос жыланы арқадан

Алма-кезек өпсе егер.

Тәңір жақтан шіркін боп,

Түмен бұлттар құйса бір.

Жердің беті іркілдеп,

Жолдар болса ми, сабыр.

Кісі бойы ошаған,

Қоспақ мініп кетсем деп.

Ұры шықпай тасадан,

Сол қалқама жетсем деп.

Ай түбіне барғандай,

Айға сұрау салғандай,

Кекіре біткен көк ойға,

Көс-көстеп барамын дегенде қалайда,

Кетті ілініп көздерім,

Кетті үзіліп сөздерім.

Қызыл-жасыл түс көрдім,

Түсімде бір іс көрдім.

Түсім менің ақ болды,

Түсімде келесідей уақ болды:

 

Қос көзімді қан қысып,

Қырбақ ойға бойлағам.

Күлтедегі таңғы шық,

Әлі дегди қоймаған.

Анық-анық сөз қусам,

Аңқып ұшқан құстарым.

Өне бойым боз жусан,

Күн уығын ұстадым.

Қара баршын қыранның,

Тыңдап күзгі шаңқылын.

Ұмыт болған бір әннің

Әуеніне балқыдым.

Кірпігімді қақтым мен,

Гүлдер ұшты көкек боп.

Кетіп бара жаттым мен,

Бозінгенім жетектеп.

Қар жауғанда бір керім,

Қалы кілем жапқаным.

Аптабында шілденің,

Шайы кілем жапқаным.

Сені досқа бақтым ба,

Жануарым, өкілім.

Жібек бұйда тақтым да,

Үкіледім кекілін...

 

Көне жұрттың көңіне,

Жеттік деген шақта біз.

Сіңір-сіңір сайлардан,

Өттік деген шақта біз.

Құйрығымен жер сабап,

Жылан жатты аппақ боп.

Көне жұртты – төр санап,

Келгендерді шақпақ боп.

Ақ жыланның ор тісін,

Қалқан дене жартысын,

Алам, алам дегенде,

Ары барам дегенде,

Орап-орап бір қақты,

Омырауымнан бір шақты.

Тарылды кеп дем-өкпем,

Танытпақ ем айбарды.

Аппақ жылан кенеттен,

Мақта қызға айналды.

Жеттік деген шақта біз,

Бөгет болған бұрымды-ай.

Өзен жаққа Мақта қыз,

Түсіп кетті... бұрылмай.

Зар жылады бозінген,

Зар жылады ол расында.

Адам ұқпас сезіммен,

Қала берді қасымда.

 

Р.S.

Маған кейде өңімде,

Керексің сен, бозінген.

Көне жұрттың көңінде,

Демеп жүрсең, бозінген.

Қабарса егер қабағым,

У жұтқандай алқызыл.

Тістеп-жұлып даланың,

Әкел дағы жалбызын,

Әкел дағы жалбызын,

Қабырғамнан тістеп кет,

Қақ төсімнен иіскеп кет,

Бозінгенім, жалғызым!..

 

ӘКЕ
 

Құлын жастан еру болып көшке мен,

Құтпан айғыр үйірінде өскен ем.

Ұшып бара жатқандағы тырнаға,

Әкем анау, ат үстінен «Қош!» деген.

 

Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан,

Қабағынан қырма боран жаратқан.

Тазқарадан тайлақ жүнді айырып,

Бие сауым шешетайға сабатқан.

 

Ақ шетеннен жасатпаған құрығын,

Ат пен қамшы құдай оған,

Бір ұғым!

Жануардың жалын үнсіз құшады ол, 

Баппен ғана шешіп өмілдірігін.

 

(Қамшыгерім,

Сөзін ұққан көргеннің, 

Қадіріне жете алам ба кермеңнің?..)

Бір қағытып қоятыны бар және

Қалжын айтып уытындай ерменнің.

 

Жүрек түріп қоңыр желге – күбірге, 

Аңсағаны дөң асқан бір дүбір де... 

Ақтаңдақтай жұлдыздарға, ағатын, 

Ұзақ қарап отырады іңірде.

 

Делебесі – жарбай таулар, жасыл дүз, 

Жасыл дүзге жаба-салма көшіргіз! 

Көп айтпайтын оның нәзік сөздері – 

Мама бие, саба желін, сосын...

Күз!

 

Мар теке жел қамыс басын ырғамай,

Күз келді, әке!

Мүлгіп-қалғып тұрған ай.

...Сенің күзің өлеңіме айналды, 

Ұшып бара жатқандағы тырнадай.

 

 

ЖЫЛАН

 

Орма тісті ор жылан,

Оң иықта шек айбат.

Сұлу көшкен сұр жылан,

Сол иықта шек айбат.

 

Жау ағаштың түбіне

Ұя салған мен едім.

Талайлардың өмірін

Қия салған мен едім.

 

Тура жолды білгенмен,

Бір адасу - тілегім.

Иір-иір жүргенмен,

Інге түзу кіремін.

 

"Жылансын!" деп қоймаған,

Ағаларға не дейін?!.

Алқызыл гүл жайлаған,

Алқабымды өбейін.

 

Түн арада адассам,

Аяқтан шал, ақ жылан.

Ай арада адассам,

Аямастан шақ жылан!

 

Тіліме у толады,

Тораңғы ассам талай күн.

Жарым жылан болады,

Аяны өтсе Абайдың.

 

Біз – жыланның тұқымы,

Сарыбауыр бітімі.

Сары желін емгені,

Сағана там көргені.

 

Тік атылам жорыққа,

Түннің сетінеп жүрісі.

Бізді көрсең қорықпа,

Айналып өт, дұрысы!

 

 

САҒЫНЫШ

 

Сағынамын...

Нені сағынамын осы мен?

Кімді сағынамын?

Таңға жиналамын, содан соң түнге шағыламын.

Гүлді сағынамын ба,-

Ерініме алқоңыр таңдайын тигізген?

Ымыртты сағынамын ба,-

Шайтанға салқын маңдайын сүйгізген?

Жұмыр басымды сүйрелеп қайта тууды сағынамын ба,

Жоқ, әлде,

«Мама!..» деп, еркелеп күлуді сағынамын ба?..

Әй, әй, еркем...

Жылауды сағынамын-ау осы мен:

Үкінің киесін тамызамын сонда әрбір ғашықтың есіне;

Олар ұғады сонда,-

Қайғы терең болғанда, Құдай жақын болатынын,

Жан нұрлы болғанда, Бақыт өзі қонатынын...

Олар ұғар еді сонда,

Құлақсыз естуді, көзсіз көруді,

Дінге сенуді, яғни, өзіне сенуді!..

Әділдік болмайтынын – әділетсіздік болмаса,

Арман алдайтынын – сенуші дұрыс боламаса.

Сағынамын...

Кімді сағынамын?

Жалпы, сағынып не етемін?

Мендегі ақылға бөтен бұл қазақ, бөтен үн...

Тордағы құс ұшарын ұмытады ғой,

Адамдар да әсте ойламайды екен кетерін.

Әпкемді сағынамын-ау, сол ғана түсінеді,

Биік әніне тартатын құсым еді...

Нені сағынамын осы мен?

Жазуды сағынамын-ау:

Аз сөйлеуді үйрендім, салмақ салмаймын өңешке...

Маңдайым тиеді солай азуға.

Ой, барлық ақын бір-ақ кітапты жазуда емес пе?

Ой, барлық ақын бір ғана көрді қазуда...

Сағынамын...

Басқа амалым бар ма ендігі?

(Бұзушылық сарыным жаны тазаға бола алмайды үлгілі)

Бір ортаға сыймай жүрген қайран басым,

Бір табытқа сыймайтының белгілі.

Кімді сағынамын осы мен?

Алғашқы іңкәрлікті сағынамын!

Алғашқы іңкәрлікті сағынамын – балалығымды сағынамын,

Жапырақ иісінен тарқатылған қара бұрымды сағынамын...

Сезімді сағынамын,

Арзан сүйістің дәмінен тоналып болғам;

Ең бастысы Өзімді сағынамын,

Қара түнге шыққан да, жоғалып қалған...

 

 

ҚҰЗҒЫН

 

Түн ғана мұңға мұңды қоса алады,

Сүзек жел соқыр тамды тасалады.

Қарайып құзғын отыр там үстінде,

Көзінен қан ағады,

Жас ағады.

 

Бұл сөзге әуре болма сеніп, құрбым,

Киесін алмағасын теріп қырдың.

Қазірдің өзінде де,

Мен дәруіш,

Құзғынның қызыл көзін көріп тұрмын.

 

Сарсылам,

Сабыр күтем,

Қасым қағам,

Құзғын кеп таратады шашын маған.

Сұлуға бірте-бірте айналады ол,

Бір гүлі он екіде ашылмаған.

 

Жалбақтар жалғыз едім барын күндеп,

Ұяты, иманы мен арын білмек.

Сол сұлу мазалап жүр несін мені?

«Мен сенің құлыңмын...» деп,

«Жарыңмын!» деп.

 

Сен мейлің,

Сенбе мейлің, айтқаныма,

Тәңірдің мына сыйы байытқаны ма?

Неге мен сүйем осы қарағанды,

Құстардың топ-топ болып қайтқанына.

 

Белгілі сол құзғыннан қашпағаным,

Ішімнен таусыламын,

Бос қаламын.

Әйел боп келеді әлі ол,

Қара да тұр,

Ұсынып у құйылған тостағанын.

 

 

***

 

Өскеменнің түндерінде мұң бар-ды,

Өзен бойы өркеш-өркеш құм қалды.

Жыл да ардақты,

Жылға да ақты тоқтамай,

Көз етімен көсегендей ылғалды.

 

Жайпау шағыл, жарбақ тастар, жасыл маң,

Жендет-тозаң көлеңкемді қашырған.

Көкжиектен жаңбыр иісі бұрқырап,

Алай-дүлей жапырақтар шашылған.

 

(Өскеменім – менің өміргүлім ең,

Әр дертіңе таба алсамшы бүгін ем.)

...Андыздарын аялаған Ертіс-шал,

Аңыз айтып жатады ылғи түнімен.

 

Мейлі, ойымды өлең деңіз, сөз деңіз,

Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз...

Шалдан екеу – ақ шағала және мен,

Екеуміз де жоқ іздеген кезбеміз.

 

Жалмап-жұтып кетпесе егер мені сұм,

Аян саған жеңілісім, жеңісім.

Бақ шаба ма, бап шаба ма, білмеймін,

Ақ шағала, сен аман бол сол үшін!

 

Жоқ қуаныш, қайғы да жоқ, жоқ күмән,

Білетінім, бұл ән емес ақтық ән.

Білетінім, бір сапарға аттандым,

Көзім алды – көшпелі бу, көк тұман.

 

Ара-тұра есінейді ауыш қыр,

Жүрегімде толқын атқан дауыс тұр.

Ақ шағала, мүлде адасып кетсем мен,

Жол сілте де, Ертісіммен қауыштыр.

 

***

 

Шапшыма асу,

Шойын көк,

Шабдар ат ерттеп мінгенім.

Сары атан – менің айым деп,

Тебіне беру білгенім.

 

Алтайдың арда еркесі,

Сапалақ белді бұра өтті.

Жел-қомнан түскен өркеші

Көсе тас тауды кере өтті.

 

Өмірдің сүрлеу-соқпағын

Өтуге бірге аттанған.

Айғұлақтана шапқаным,

Алқымы көбік қақтанған.

 

Жез топшы қыран жар еді,

Соңымда қалып жел біткен.

Дойыр бір қамшым бар еді,

Салпыншақ қынды белдікпен.

 

Кеспірі сұлу күн көрдік,

Терледік талай,

Тоңдық сан.

Зорайып өскен түн көрдік –

Білтесі нашар ондық шам.

 

Соқпақта жүгім артқан ба,

«Тоқымнан аудым тосыннан».

Айылын бостау тартқам ба,

Айрылып қалдым досымнан?!

 

...Терімді теріс аударды,

Кемелім – күнім, келелім.

Шаужайлап мінген шабдарды,

Түсімде бүгін көремін.

 

Кірпігімді ілсем,

Кісінеп

Ұйқымды бұзған қашаған.

Соңыма қайдан түсіп ед,

Уыз да аузы бошалаң?!

 

Ес бар ма деймін шіркінде,

Көзіне тұтас сыйған Ай.

Бетпе-бет кел де бір күнде,

Тарпып өлтірші,

Қинамай!

 

 

***

 

Алдай, алдай, ақ дүние...

Жел тебініп қарсы алдан,

Тізбек таулар кешқұрым шанақ қасып, ән салған.

Қаражасыл күрсінген бұлттар ұшса қаз-қаздап,

Қарабайыр сыр төгіп отырасың жазға аздап.

Угай-угай түзде өскен қаба жалдың бірі едім,

Сақпан-күнім сақ етсе –

Сөйлейді ылғи жүрегім!

Сөйлейді ылғи жүрегім – қыл суырып тұманнан,

Түсініксіз бұл күйден тұтам-тұтам ұғам мән.

Келе күндер кереғар,

Сенен қалған жүрек бұл.

Сере, сере, сере қар,

Сенен қалған жүрек бұл.

Отау оттың орыны,

Ойыл көздің жасы бұл.

Оқ жаңбырдың сөзі бұл,

Орақ тілдің өзі бұл!

Ор жыландай шаққанда елес, елес...

Елес-күн

ит тісімді қаққанда, жүрегіммен кеңестім.

Қағаз шайнап, сия ішкен қанша, қанша, таң қанша,

Қызарақтап жүректің үміт-оты жанғанша?!.

Жұлдыз құрап, жын мініп, желмен бірге көріп түс,

Қанша жанмен жүректің уыс нұрын бөліппіз?

Бұл жүректе ақпан бар, қараша бар, тамыз бар,

Шайып өткен кемерін толқын-толқын аңыздар.

Қайран менің жүрегім, ғашық болған бұрын бір,

Содан бері (неліктен?) күңгірт, суық, бұлыңғыр.

Қар жауғанда туған ем, қар жауғанда өлем-ау,

Қар ұлдарын ұғуға қандай жүрек керек-ау?

Мұз кемірген, жүрегім,

Борап-борап сөйлегей.

Айналаңа, жүрегім,

Қарап-қарап сөйлегей.

Сен де – Жүрек соққан бір, мен де – Жүрек, дұрысы;

Өмір деген – қу шұнақ Құдекемнің бір ісі.

Өмір деген – жездемнің сарыбауыр қамшысы,

Өмір деген – жаңбырдың жалғыз, жетім тамшысы.

Өмір деген, көп болса, көшіп өткен құмдай бір,

Өмір деген – Жүрегің,

Жүрегіңді тыңдай біл!

 

 

АЙ мен ЕРТІС

 

«Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі айым – есірке,

Жаңа айым – жарылқа!»...

 

Қызарақтап жанған айға,

Дұға қылдым осылай.

Он бесінен толған айға,

Дұға қылдым осылай.

 

Не бар енді тоңатындай,

Жаутаңдаман тілекке әр?!

Ертең өліп қалатындай

Сүйгізетін жүрек бар.

 

Жасыл сөздер бүр атады,

Бөлек күйге бөлер түс.

Жалғыз ұлын жұбатады,

Жалбыз татқан көне Ертіс.

 

Тор-аспанға құсын өріп,

Аһ ұратын өзенім.

Шалғай кетсем түсіме еніп

Шақыратын өзенім.

 

Өзек тілген өткір, мұңды ой,

Ұқсағаны-ай пышаққа.

Ай жамылып кеп тұрмын ғой,

Толқыныңмен құшақта.

 

Қызуы мол өрт-дененің

Жолы болса белесте –

Аялауға серт беремін,

Айналғанша елеске.

 

Айналғанда елеске анық,

Келер тағы бір ақын.

Сені көрсе мені еске алып,

Мені еске алып тұратын.

 

 

***

 

Бұл қай кезең?

Өтем десем өткел көп,

Адасамын «КҮЗ қайда?» деп...

Көктем жоқ.

Көзім жұмсам Ертісімді көремін,

Толқынымен қол бұлғайда «кел, кел!» деп.

 

Бұл қай кезең?

Қышқыл, шикі, тәп-тәтті,

Адасамын айыра алмай бақ-тақты.

Солқ-солқ етіп жылайды Ертіс түнімен,

Жібітпекші жүрегімді қап-қатты.

 

Жалған жалған екені шын?

Жоқ шындық!

Адасамын жанарымнан шоқ сырғып.

Жалын кешіп, сағым кешіп келемін,

Көкірегіме қамалғасын көп сұмдық.

 

Өмірді ерте, өлеңді ерте білдім бе,

Дүниенің түсі ұқсайды күлгінге.

Келмей отыр тірі жанмен сөйлескім,

Сөйлескісі келмей отыр түннің де.

 

Жолдар ғана тұман толы, толы қар,

Жол сілтеуге кім бар екен жолығар?

Көзім жұмам...

Менің ғазиз Ертісім,

Жалғыз ұлын бір ұқса егер сол ұғар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1544
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1417
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1166
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1168