Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
525 2 пікір 17 Сәуір, 2024 сағат 16:16

Заитов: Апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар!

Сурет: Видео скрині

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, тасқын суға қатысты адами факторларды анықтап, жауапқа тарту және су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеудің алгоритмі жайлы мәселелерді сөз етіпті.

Біз аталған депутаттық сауалды қаз-қалпында оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық.


Депутаттық сауал Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновке жолданады!

Құрметті Олжас Абайұлы!

«Апат айтпай келеді» - деп атам қазақ айтқандай біздің елге тағы бір үлкен сынақтың келгенін бәріңіз білесіздер. Бір топ депутаттар бұл хабарды ести сала өңірлерге аттандық. Ондағы мақсатымыз халықтың жағдайын көзбен көріп, арыз-талабын өз аузынан естіп Үкіметке жеткізу еді.

Бүгінгі депутаттық сауал менің сөзім емес, әулетімен әуреге түсіп, баспанасы мен мал-мүлкінен айырылып, тілсіз жаумен тайсалмай күресіп жатқан ержүрек қазақ халқының сөзі деп білгейсіздер.

Біріншіден, тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты.

Жергілікті билікпен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д. Тұрғанов, Б. Базарбек Жылой аудандық мәслихатының депутаты С. Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады.

«Бөренеден аттаймыз» - деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса бередіғой.

Сондықтан, Президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс.

Екіншіден, апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейді, өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, Комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен Комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз.

Үшіншіден, апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұраймыз.

Сонымен қатар, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұраймыз.

Құрметті Олжас Абайұлы!

Қадірлі әріптестер!

Абай мен Қостанайда болған отты опатта да, бүгінгі болып жатқан топан су топалаңында да Қазақстан халқы өзінің бағалы бірлігі мен темірдей төзімін танытты.

Міне, осы төзім мен бірліктің арқасында біз бәріміз бұрынғы биліктің жақтастары жасаған қастандықты да, мемлекет тұтастығын бұзғысы келетін сайқал саясаттарын да іске асыруға жол бермей келеміз.

Бұл – ұлы ерлік!

Ендігі кезекте арсыз арандатудың жетегінде кетпей, жұдырықтай жұмылып, тәуелсіздікті сақтау жолында малын да, жанын да құрбан етіп жатқан, халықтың талап-тілегі тиісті деңгейде орындалады деген үміттеміз.

Құрметпен, Парламент Мәжілісі депутаттары

Р. Заитов

Abai.kz

2 пікір