Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5574 0 пікір 6 Желтоқсан, 2013 сағат 11:58

Мәңгілік Мандела

ХХ ғасырдың ұлы күрескері, адамзат қоғамын жаңа кезеңге алып шыққан тұлғалар дәуірінің белді өкілі, 27 жыл абақтыда отырып, ақырында туған халқының қалауымен ресми билікке келген Нельсон Мандела дүние салды. Ол өзінің арпалысқа толы әм баянды ғұмырында бәрін бастан кешті. Оның қайтпас қайсарлығы, ерлікке толы жалынды жылдары бүгінгі қазақ баласына үлгі, өнеге болса керек-ті дейміз. Манделаның өмірбаяны қытайдың түрмесінде 40 жыл отырған біздің Қажығұмар Шабданұлының тағдырына ұқсайды. Бірақ Мандела бақытты жан екен. Оны Оңтүстік Африка халқы «Мәртебелі президент» деп таниды. 

ХХ ғасырдың ұлы күрескері, адамзат қоғамын жаңа кезеңге алып шыққан тұлғалар дәуірінің белді өкілі, 27 жыл абақтыда отырып, ақырында туған халқының қалауымен ресми билікке келген Нельсон Мандела дүние салды. Ол өзінің арпалысқа толы әм баянды ғұмырында бәрін бастан кешті. Оның қайтпас қайсарлығы, ерлікке толы жалынды жылдары бүгінгі қазақ баласына үлгі, өнеге болса керек-ті дейміз. Манделаның өмірбаяны қытайдың түрмесінде 40 жыл отырған біздің Қажығұмар Шабданұлының тағдырына ұқсайды. Бірақ Мандела бақытты жан екен. Оны Оңтүстік Африка халқы «Мәртебелі президент» деп таниды. 

  Нельсон Ролихлахла Мандела Оңтүстік Африка Республикасында 1918 жылы 18 шілдеде белгісіздеу тайпаның отбасында дүниеге келіпті. Форта-Хер колледжінде оқып, 1940 жылы студенттер шеруіне қатысқаны үшін оқудан шығарылады. Кейінірек Витватерсранда университетіне түсіп, құқықтанушы мамандығын алады.
1944 жылы Нельсон Мандела Африка ұлттық конгресінің Жастар лигасына мүшелікке өтіп, адам құқын қорғау жолында белсенділердің бірі де бірегейіне айналады. 1950 жылы биліктегілердің назарына ілігіп, бірнеше рет абақтыға қамалады.
1960 жылы 67 африкалықтың өлімінен соң, ел Үкіметі Жастар ұйымының қызметіне тыйым салды. Сол кездегі партиялардың біріне басшылық жа­саған Мандела жасырын жағдайда жұмыс істейді. 1961 жылы Манделаның басшылығымен Африка Ұлттық конгресі әскери ұйым құрады. Мұны биліктегілер біліп қойған соң, 1964 жылы Нельсон Мандела қамауға алынып, өмірбақи түрмеге жабылды. Мұның өзі Оңтүстік Африка түгілі, өзге елдерде де Нельсонды бостандыққа шығару жолында қозғалыстар құруға түрткі болды. Манделаның әлемге танылуы осылай басталған.
Ақыры 27 жылын түрмеде өткізген Мандела өкпе ауруына шалдығып,
1985 жылы ғана ел президенті П. Бота оның өз аузынан саяси күреске араласпайтындығы туралы уәдесін алған соң бостандыққа шығарады.
1990 жылы Африка ұлттық конгресіне басшылыққа келеді. 1993 жылы Мандела және ел президенті Ф. де Клерк саяси күрестегі еңбектері үшін Нобель сыйлығын алды. 1994 жылы 10 мамырда Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасының прези­денті болып сайланды.
 

Әрине, ел басқару өкілеттігі өзіне сеніп тапсырылған соң, әр адам білгенін емес, білетінін істейтіні анық. Осыны жақсы түсінген қара нәсілді көсем 1996 жылы Оңтүстік Африка Республикасының жаңа конституциясын қа­былдайды. Бұл ел өміріндегі елеулі жаңалық болды. Африкалықтар жаңа президент, жаңа конституциядан көп жаңалық күтті, келешекке сеніммен қарай бастады. Нельсон Мандела өз тағдыры мен елінің болашағы турасында бірнеше туынды жазды. «Бостандыққа барар жолда жеңіл жол жоқ» (1965 жылы), «Мен өлуге дайынмын» атты (1979 жылы) кітаптары жұртшылықтың ықыласына бөленді.
Азаттық үшін өмірінің бір бөлігін, онда да жастық шағының қызықты да қимас сәттерінде темір тордың арғы жағында арман жетегімен жүрген Манделаның маңызды да мәнді тірлігін, өнегелі ғұмырын жоғары бағалаған Біріккен Ұлттар Ұйымы 2009 жылы
11 қарашада арнайы қарар қабылдап, 18 шілдені «Нельсон Манделаның халықаралық күні» ретінде атап өтуге шешім қабылдады. Мұның өзі әлем елдеріне, халқына өнеге болсын деген ниеттен туындаған шешім екендігі даусыз.
Саяси қайраткердің қайшылыққа толы ғұмыры, бейбітшілік пен бостан­дыққа қосқан зор үлесін мойындаған БҰҰ африкалық көсемнің тынымсыз тірлігін өзгелерге өнеге ете отырып, ел басқарудың ерекше түрін таңдаған Мандела арқылы әлем халқына жаңа бір ой салды.
  
1999 жылы отставкіге кеткен Манделаны жұрты  «Мәртебелі президент» деп атап кетті..   
«Бір кісі мен туралы айтты: «Кіндігі кесілісімен ол Ролихлахла деген атқа ие болды. Бұл шытынаған ағаш деген мағына береді. Бұдан соң ол Нельсон Мандела атанды және әлемді таңғалдырды. Менен өзгелер жарты Құдай жасағанын ұнатпаймын. Мен өзімді өзгелер Мандела ретінде ғана білгенін қалаймын және менің де әлсіз жақтарым бар.
Менің елімде сіз алдымен түрмеге түсесіз, содан соң президент боласыз.
Қоғамды өзгерту соншалықты қиын емес, қиыны - өзіңді өзгерту.
Бостандық уақытша берілуі мүмкін емес.
Түрмеде мен қоқысты аз ақтарған жоқпын. Кейде газет қиындылары та­былып қалатын. Қапаста бізге газет таратылмайтын, сондықтан мен қиын­дыны жақсылап тазалап, кешкілік үнсіз оқитынмын. Баспасөзді соншалықты бұрын-соңды бұлайша бағаламаппын.
Кеше мені террорист деп атағандар түрмеден шыққан соң, тіпті жауларым да мені мойындады.
Мен ештеңені ұмытпаймын, бірақ кешірімдімін.
Мен уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұрғанды ұнатамын. Сонда дәрігерлер: «Мистер Мандела, бұл аптада сіз өлмейсіз!» дейді»,
- бұл жолдардың авторы дүниеден 92 жасында озған Нельсон Мандела.
 

(Нельсон Манделаның өмірбаянын қатысты деректер «Айқын» газетінен алынды)

Abai.kz

 

0 пікір