Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 15629 0 пікір 4 Желтоқсан, 2013 сағат 09:43

Шұғыла Сапарғалиқызы: Би де бір жұмбақ әлем

Әлем жұртын тәнті еткен қазақтың биші қызы Шұғыла Сапарғалиқызы. Қытай елінің ең шебер бишісі атанған Шұғыла бірнеше Халықаралық би байқауларының лауреаты. Ол Елбасының арнайы шақыруымен атамекені – Қазақстанға келген соң, Қазақстан Президенті оркестрінің бас бишісі, Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының балетмейстері болып, қазақ жастарына би өнерін дарытуға айтарлықтай еңбек сіңірді. Сондай-ақ Германия, Корея секілді бірқатар елдердің театрлары қолқа салып, оны арнайы  шақыртқан кездері де аз болған жоқ. Сөйтіп, ол шет жұрттарда да қызмет етті. Қазір өзінің дербес өнер отауын ашумен шұғылданып жүрген Шұғыла Сапарғалиқызымен әңгімелесудің сәті түсті.

Әлем жұртын тәнті еткен қазақтың биші қызы Шұғыла Сапарғалиқызы. Қытай елінің ең шебер бишісі атанған Шұғыла бірнеше Халықаралық би байқауларының лауреаты. Ол Елбасының арнайы шақыруымен атамекені – Қазақстанға келген соң, Қазақстан Президенті оркестрінің бас бишісі, Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының балетмейстері болып, қазақ жастарына би өнерін дарытуға айтарлықтай еңбек сіңірді. Сондай-ақ Германия, Корея секілді бірқатар елдердің театрлары қолқа салып, оны арнайы  шақыртқан кездері де аз болған жоқ. Сөйтіп, ол шет жұрттарда да қызмет етті. Қазір өзінің дербес өнер отауын ашумен шұғылданып жүрген Шұғыла Сапарғалиқызымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Шұғыла Сапарғалиқызы, бұл күндері сізді білмейтін қазақ кемде-кем. Сіздің өнеріңіз туралы, сіздің би өнерімен қашан, қалай әуестенгеніңіз жайлы жұртшылық кеңінен білгісі келетінін аңғарып жүрміз. Сондықтан әңгімемізді өзіңіздің би әлеміне алғаш қалай қадам басқаныңыздан бастауды жөн көріп отырмыз.
– Мен ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келдім. Әкем Сапарғали қаладағы қазақ мектебінде біраз жылдар директор болды. Анам Тұрсынхан да бар саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз. Мен екі ұлдан кейін дүниеге келген жалғыз қызбын әрі үйдің кенжесімін. Ағаларым ата-анамның жолын қуып ұстаздықты таңдаса, мен биші болуды армандадым. Биге икемділігімді байқаған ата-анам тоғыз жасымда би мектебіне береді. Бишілік қабілетім таныла бастаған кезде Бейжіңдегі Ұлттар университетінің би факультетіне оқуға түстім. Бұл әлемге әйгілі елдегі ең беделді, жоғары білімді бишілер даярлайтын білім ордасы болатын. Бізде жыл сайын алып елдің әртүрлі қалаларынан талапкер бишілер келіп, өнер бәйгесінде бақтарын сынайтын. Міне, сондай жарыстардың бірінен жүлделі орын алғандар ғана осы оқу ордасына қабылданатын. Мен осындай бәйгеде жүлделі орын алдым. Мұнда оқып жүргенімде бидің қыр-сырын терең әрі шебер меңгерген небір білікті де білгір профессорлар, ғылым докторлары мен академиктерден тәлім алып, шыңдалдым. Оқуымды үздік аяқтап, дүниежүзіне мәшһүр Орталық ұлттар ән-би ансамбліне бірауыздан жұмысқа қабылдандым. Бұл өнер ұжымында бес жүз адам жұмыс істейтін. 56 ұлттың ән-күйін, би өнерін әлемге дәріптеп жүрген осындай би ұжымында жұмыс істеу мен үшін үлкен жетістік болды. Осында жүріп бидің тылсым сырларын меңгеріп, аға буын бишілерден көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинақтап, би өнеріне төселдім десем болады. Шетелдегі халықаралық би байқауларына қатысып, Италия, Франция, Корея мемлекеттерінде топ жарып, лауреат атандым.
– Атамекенге қалай келдіңіз?
– Әлі есімде, 1996 жылы «Дос­тық» қоғамының шақыруымен Алма­тыға келіп, өнерімді көрсеттім. Атажұртыммен тұңғыш дидарласқаным сол кезде еді. Бұдан кейін де Астана тойына арнайы шақырумен келіп, Елорда төрінде би билегенім есімнен кетпейді. Ал 2000 жылдың күзі менің өмірім үшін ерекше. Себебі Елбасының шақыруымен ата-бабамның кіндік қаны тамған Атажұртыма оралдым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген дана сөз бар. Бұл сөздің мағынасын сыртта жүріп түсінеді екенсің. Елге оралғаннан кейін маған ерекше қамқорлық көрсеткендер аз болмады. Оларға шексіз ризамын. Елбасының өзі өнерімді бағалап, үлкен сенім білдіргені мен үшін зор бақыт деп білемін. Қытайда атағым шығып тұрса да, Атажұртымның орны бөлек.
– Қай елдің биін билегенді ұнатасыз?
– Қай елдің сахнасында өнер көрсетсем де, ең алдымен қазақ биін билеймін. Өзімнің қазақ екенімді таныту басты мақсатым. Ал қазақ биі – бойтұмарым, менің жұлдызымды жарқыратқан да сол.
– Қытайда би өнері жақсы да­мығаны баршаға аян. Ал қазақта бұл өнер түрі кенже қалған секілді. Тіпті кейбіреулер «Қазақта би өнері бол­маған» дейді…
– Бұлай деу біз үшін ұят. Би–қазақпен бірге өніп-өскен, әлімсақтан келе жатқан өнер. Қазақтың биі де ұлттық салт-дәстүріміз бен қазақтың тұрмыс-тіршілігінен туындаған. Өмірден алған әсеріңізден, қуанышыңыздан, қайғы-күйінішіңізден ән немесе өлең-жыр тумай ма?! Би де сол сияқты. Қазақ биі – ұлттық дәстүрді, салтты танытатын өнердің төресі десек артық айтқандығымыз емес. Сайып келгенде, қазақ биінің арқауы халықтың жан дүниесі. Міне, осының бәрі кез келген бидің құрылымынан, болмысынан ұлттық қасиет айшықты көрініс тауып жататынына күмән жоқ. Бірақ бұндағы ішкі сезімдерді бейнелеу құралы – қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тілмен емес, қимылмен жеткізу қиын нәрсе. Би үлкен ойдан туады, ал билейтін адам өмірдің нәзік иірімдерін терең түсінетін ойшыл жан болуы керек дер едім. Биші халықтың арғы-бергі тарихын терең білетін, қажет болса, сол тарихты би тілімен бейнелей алатын жан болса нұр үстіне нұр. Бишілер сонымен бірге кейіпкерді бейнелейтін актер болуы да қажет.
Мен бүгінгі күні біраз бишілердің қимылдарына қарап баға бере аламын. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, би саласында біраз алға жылжушылық бар екенін айтар едім. Астанадағы «Наз» ансамблінің соңғы кездері қойып жүрген билері ұнайды. Олардың қол иірімдерінде қазақи қимыл-қозғалыс бар. Бірақ бізде қазақтың ұлттық биінің қимыл-қозғалыстары орнықпаған. Мектеп әліппесі секілді қазақтың ұлттық биі суреттеліп жазылмаған. Міне, сол себепті әр би ансамблінің хореографы өздігінше би қойылымдарын қойып жатады. Әркім білгенінше үйретеді. Елімізде көптеген би мектептері мен үйірмелері бар. Қазақтың билерін басқа халықтардың биімен қатар үйретеді де, қазақ биіне басымдық берілмейтіні қынжыларлық жайт. Сөйтіп, қазақ билеріне өзге ұлт билерінің әсері күшті болып шығады. Бұл қазақ билеріне қиянат. Мысалға, Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде 8 жыл бойы тек балет үйретіледі. Соңында бишілер ірік­теліп, икемділері балетке, ал қалғандары ұлттық биге жіберіледі. Осыдан-ақ ұлттық биге деген немқұрайлы көзқарасты байқауға болады.

Шұғыла Сапарғалиқызы: Би де бір жұмбақ әлем
Бізде әлі күнге дейін биге деген дұрыс көзқарас қалыптаспаған. Алдымен музыка жазылады. Міне, одан кейін оған би қойылады. Көбінесе ән мен би қойылымдары үйлеспей жатататыны сондықтан деп ойлаймын. Ал негізінде әуен жазатын сазгер, биді қоюшы хореограф, биші – үшеуі байланыса жұмыс істеуі керек. Тіпті бидің әсерлі болып шығуына бишілердің киімдерінің де алатын орны бар. Кез келген би қойылымында өзіндік сыр, идея болуы тиіс. Ал дайын музыкаға қойылған би ешқашан көрермен есінде қаларлықтай әсер қалдырмасы анық.
Қытайда би мектебінің әлдеқайда ілгері дамып кеткені рас. Мысалға, мен білім алған оқу ордасында барлық ұлттардың биін оқытты. Бұнда бір халықтың биін үйретпес бұрын сол елдің тарихы, салт-дәстүрі, табиғаты, өзіндік ерекшелігі мен философиясы оқытылады. Сол халықтың болмысын ұққаннан кейін оның биін түсіну қиын емес. Айталық, Тибет халықтарының биінің негізгі элементі олардың денесін тік ұстамауында. Себебі таулы аймақтарды мекендегендіктен, биік жерлерге шығып үйренген олар иіліп жүреді. Бұл да олардың ұлттық ерекшелігін көрсетсе керек.Қытайда сахналық биші,би қоюшы, би үйретуші деп жеке-жеке мамандықтарға бөлінеді. Бұған қоса, бишілікті өнердің биігі санайтын бұл елдің би оқулықтары, жазылған таспасы бір мұра. Оқулықтарда әр қимыл суретпен көрсетіледі. Ал бізде қалай? Ұлттық биге байланысты ешқандай оқулық жоқ. Қазақтың ұлттық биін насихаттап, халыққа таныту үшін, бидің негізгі элементтері айқындап жазылған оқулық, бұған қоса таспаға түсірілген бейнебаяны болуы қажет. Сонда халықта ұлттық биге деген қызығушылық та пайда болары анық. Хореограф оқушыға жаңа қимыл-қозғалыс көрсете отырып, оның қай бұлшық еті жұмыс істейтінін айтып, бидің денсаулыққа пайдалы тұстарын да көрсетсе, бұл да өз кезегінде бидің табиғатын түсінуге көмектеседі.
– Қазір қазақтар жаппай «Қара­жорға» биін билейтін болып алды. Бұл би арқылы жастардың ұлтымызға деген сүйіспеншілігін арттырамыз дейтіндер де бар. Тіпті бұл биді қазақтың ұлттық биі емес деп жала жауып жүргендер де ұшырасады.
– Әрине, бұл қазақтың биі. Той-томалақ болғанда қазақтың «Қара жорға» күйі орындалып, соның негізінде бұл би де пайда болған. Сондықтан бұл өмірден алынған өнер екені сөзсіз. Біреулер бұл бидің иық қозғалыстары қалмақтар мен моңғолдардың билеріне ұқсайды деп жатады. Қазақ та, қалмақ та көшпелі халық болып араласып өмір сүрген. Сондықтан бұндағы би қозғалыстары көшпелі халықтың табиғатына байланыс­ты туған. «Қара жорғада» жігіттің атқа мінгендегі шабысы сол иық қимылдары арқылы айқын көрінеді. Сол сияқты киіз басу, ұршықпен жіп иіру де қазақтың би өнеріне негіз болған. Қазақ атамыз тұрмыс-тіршілігін би арқылы бейнелей білген. Сондықтан біз өзіміздің ұлттық биімізді құрметтей білуіміз керек. Қазақ билерін жаңғыртып, барынша дәріптеу қажет.
– Соңғы кездері Батыстың даңғаза, жеңілтек әуендеріне еліктейтін қазақ жас­тары көбейіп кетті. Сол секілді жастар арасында Батыстың жұлқынған әуендеріне ғана билеу дәстүрге сіңіп барады. Сонда бұл біздің қазақтың дәстүрлі әуендерінен, биінен безінуіміз бе? Әлде, қазақ билері қазіргі қазақ жастарының талғамына татымайтын болғаны ма?
– Иә, атамекенге алғаш оралған кезде қазақ жастарының жаппай шетел әуенін шырқап, шетел билерін билейтініне таңданып, қынжылған едім. Шет жұрттар, әсіресе, Батыстың экспансиясы дегеніміз осы болса керек. Тіпті жастар ғана емес, өнер адамдары да шетелге еліктейтіні, шетел өнеріне табынатыны аңғарылады. Соның салдарынан қазақтың ұлттық өнеріне орасан нұқсан келіп жатыр деуге болады. Қазақтың биі аталғанымен, әуені де қимыл-қозғалысы да қазақтікі емес билерді көріп жүрміз. Басқа ұлттан өзімізге керегін алып, қимыл-қозғалыстарды ұлттық билерімізге негіздеу қажет қой. Ал біз болсақ, сырттан келген дүниені таңдап, талғамай қабылдай береміз. Осының салдарынан қазақ өзінің өнеріндегі ұлттық нақышынан айырылып қала ма деген де қауіп бар. Қазақ биінің өзіндік ерекшелігі мол. Мысалға, өзбек биі дегенде, иық қозғалыстарынан-ақ біз оларды бірден ажыратамыз. Сол сияқты үнді биі болса, оны да бірден танимыз. Міне, сондай ұлттық нақышты бейнелейтін, басқа ұлттарға өзін таныс­тыратын би элементтері бізде де бар. Бірақ, қазақтың би мектептері мұны ескермей келе жатқандықтан, бидегі ерекше қимыл элементі көзге көрінбейді. Заман ағымына қарай біз ұлттық бейнені сақтай отырып, қазақ биін дамытуымыз керек. Біздегі бишілердің басты кемшілігі, қазақ билеріндегі ұлттық бояуды түсіне алмағанында дер едім. Бидің барлық элементтері біртұтас ұлттық дүние болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, би де бір жұмбақ әлем.
– Қазіргі мың бұралған бишілер арасында үміт күттірер биші жастар бар ма?
– Бізде бишілер арасында бәсе­ке­лестік жоқ. Айталық, белгілі би қойылымында бір биші ғана өнер көрсетеді. Сөйтіп, көпшілік арасындағы талантты бишіні ешкім байқамайды. Талпынған талантты жастарға қолдау көрсетілсе, бәсекелестік те болады. Бәсе­келестік бар жерде ғана өсу болатынын ескеру қажет. Бүгінгі біздің қазақ биін дамыту үшін әлі де көп жұмыс жасау керек. Бізде бишілер жоқ емес. Мәселе оларды ұлттық өнерге баулу жағы кемшін түсіп жатыр.
– Сізді соңғы кездері қазақ сахнасынан көре алмай жүрміз. Соның себебін айта кетсеңіз…
– Соңғы жылдары мен Еуро­па ел­дерінде, Германияда біраз өнер көрсеттім. Тіпті, айлап, жылдап сондағы концерттерге қатысатын болдым. Ал соңғы екі жылда мен өзімнің жеке өнер орталығымды ашумен шұғылданып жүрмін. Бұл орталықта би өнерінен басқа, ән, сурет үйірмелері де бар. Жуықта бұл орталықтың да тұсауы кесілмек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Ақбота ИСЛӘМБЕК

"Ана тілі" газеті

0 пікір