Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Аймақ 912 2 пікір 29 Наурыз, 2024 сағат 17:00

«Бұл – соңғы жылдардағы ең ауқымды су тасқыны»

Коллаж: Abai.kz

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов ТЖМ Дағдарыстық жағдайларды басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың есебін тыңдады.

ҚР ТЖМ мәліметінше, әкімдіктермен бірлесіп 2,3 млн текше метрден астам еріген су сорылды, 162 мыңнан астам қап салу және 31 587 тонна инертті материал төселді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 6349 адам, 2192 бірлік техника, 689 бірлік су сору құралдары және т.б. жұмылдырылды.

Сурет: baigenews.kz

"Бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды су тасқыны. Қазір бастысы - адамдардың өмірін құтқару және апаттың салдарын барынша азайту. Кейiн жекелеген лауазымды адамдардың өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауға немқұрайлы қарауының ықтимал фактiлерiн анықтау мақсатында нақты тексеру жүргiзiлетiн болады.

Бұл мәселені мен Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш-жігер су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмсалды. Бірқатар өңірлерде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр зардап шеккен өңірлерде жұмыс істейді ", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ солтүстік өңірлерде су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы гидротораптардың жағдайы тексерілген болатын.

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңірлерінде жұмыстардың жүргізілуіне бақылауды күшейту тапсырылды.

Сурет Википедиядан алынды

Қостанай облысы

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов су тасқыны басталғалы бері мобильді топтардың күні-түні тынымсыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына байланысты Арқалықта жедел штаб құрып, облыстың оңтүстік өңірлерінде жарияланған төтенше жағдайларды тікелей өз бақылауына алды.

Облыс әкімі екі күн бойы тасқынға қатысты іс-қимылдардың басы-қасында болып, үйлерін су басқан тұрғындардың да жағдайларын өз көзімен көрді.

Жедел штабта Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы су тасқыны облыс әкімінің басшылығымен сәт сайын бақыланып отырды. Атап айтсақ, 27 наурыз күні Жалғызтал ауылынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан «Оразалы» шаруа қожалығынан бір азамат құтқарылып, қалаға жеткізілді. «Сарбас», «Бақытбек», «Таңсұлтан», «Болат К» қыстақтарынан – 15 адам, Қызылжұлдыз – Қайыңды ауылдарынан 128 адам, Екідің ауылынан – 17 адам, «Жұман» қыстағынан – 21 адам, «Қазбек», «Салман», «Маллыоба», «Қоға» қыстақтарынан –12 адам, барлығы 194 адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта «Сауқынбай», «Тоққожа», «Қылышбай», «Бейсен» қыстауларынан жалпы 17 адамды қауіпсіз жерге шығару шаралары өткізілуде. Техника бара алмайтын елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялауға тікұшақтар жұмылдырылған.

28 наурызға текті Арқалық қаласы әкімдігінің жедел желілеріне қаланың «Северный», «Новый», «Западный», «Дачный», «Дорожник -1» кенттерінен және «Родина» ауылы тұрғындарынан167 өтініш түскен. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жалғасуда. Арқалықтағы су тасқынына көмекке Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті жасағынан – 50 адам, 3 техника және 1 тіркемелі мотопомпа, Қарағанды қаласының әскери бөлімшесінен – 50 адам 3 техника, Қостанай қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 5 адам жіберілді. Бұған қоса облыс әкімінің пәрменімен қалағакеше тағы 50 мотопомпа жеткізілді.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов төтенше жағдайдан зардап шеккен бірде бір тұрғынның өз мәселесімен жеке қалмауы қажеттігін, қазір тиісті аймақтарда адам күші жетпей жатқандығын, сол себепті жұмылдыру шараларына студент-жастар еріктілерін тарту керектігін қадап тапсырды.

Сурет Википедиядан алынды

Ақтөбе облысы

Ақтөбеде Елек және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарын су басты. Түні бойы жүргізілген эвакуация жұмыстарының нәтижесінде адам шығыны болған жоқ. Эвакуация шараларына өзі бастап қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров суға кеткен аумақтарды түнімен, таңда өзі аралады. Қауіпсіз жерге көшірілген ақтөбеліктермен кездесіп, барлық шығынды өтеумен комиссия айналысатынын сөз етті.

Жергілікті синоптиктер табиғи апаттың негізгі себептерін атады.
Су тасқынының туындауына үш жағдай себеп болған «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Айгүл Саимова алға тартты. Осы орайда:

«Әдетте, түнде ауа температурасы нөлден жоғары болған жағдайда судың мөлшері көп болады. Биыл 26 наурызда облыс аумағында күн жылынып, жаңбыр жауып, су мөлшері артты», – деді, Айгүл Саимова.

Енді тарқата айтатын болсақ:

Біріншісі себеп – күзгі жауын-шашынның салдарынан топырақ ылғалданып, аяз көтерілгенде қатып қалды. Соның салдарынан жерде қатқан тоңның тереңдігі отыз сантиметрден бір метрге дейін жеткен.

Екінші себеп – қыста қар мен жаңбырдың аралас жаууы. Бұл жер бетінде мұз қыртысының пайда болуына әкелді. Мұзда ауа болмағандықтан, қарға қарағанда ылғал көп екені физика заңдарынан белгілі.

Бұл ардағы соңғы, үшінші себеп – түнде ауа температурасының нөлден жоғары болуы.

Қысқа мерзімді болжамдар 29-31 наурызда ауа температурасының түнде -10, күндіз -3-5 градусқа дейін төмендейтінін көрсетеді.

Облыста су тасқынымен күресушілер үшін 1000-нан астам арнайы киім жиынтығы тегін тігіліп, «ГЛОБАЛ-Спецодежда» тігін кәсіпорнының шеберлері Ақтөбе облысында күндіз-түні су тасқынымен күресушілерге 1057 бірлік арнайы киім тіккен. Ыңғайлы және жылы киім жиынтықтары Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының құтқарушылары мен еріктілеріне тегін таратылды.

«Көктемгі су тасқыны біздің аймақтың тұрғындарын әбігерге салды. Біз осындай қолайсыз ауа-райында еңбектеніп, тұрғындарға көмектесіп жатқан жандарға өз үлесімізді қосқымыз келді. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ»,- деді кәсіпорын басшысы Надежда Шабаева.

Сурет Википедиядан алынды

ГВАРДИЯШЫЛАР ӘЛІ ДЕ БҚО ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

Бүгін біз еліміздің көптеген өңірлерінде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты су тасқыны болып жатқанын білеміз. Қазіргі уақытта бұл төтенше жағдай Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында өте жоғары деңгейде орын алып отыр.

Атап айтқанда, БҚО-ның бірқатар елді мекендері мен аудандарында төтенше жағдай жарияланды, эвакуация жүргізілуде. Жергілікті халық осыған байланысты осы төтенше жағдайды еңсеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазіргі кезде су басқан жерлерде құтқарушылар мен еріктілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

29 наурызда Ұлттық ұланның жауынгерлері табиғи апаттармен күресті жалғастыру үшін Батыс Қазақстан облысы Асан ауылына аттанды. Қазіргі уақытта Асан ауылындағы су тасқынына қарсы тұру үшін 100-ге жуық гвардияшының көмегімен 1200-ден астам құм салынған қаптан қоршаулар салынуда. Сондай-ақ, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құтқару операцияларына үш рет белсене қатысып, табиғи апаттармен күресті жалғастыруда.

Сурет Википедиядан алынды

Ұлытау облысы

Қазіргі уақытта кенттегі судың деңгейі қалыпты. Десе де өңірдегі ахуалды өз деңгейінде ұстап тұру үшін штаб кезекшілігі үздіксіз жұмыс істеуде. Бұл ретте Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ахуалды қатаң бақылауда ұстағаннан бөлек, халықты алдын ала хабарландыру, ақпараттандыру жұмыстарын атқарып отыруды тапсырды.

Айта кетейік, өңірде орын алып жатқан су деңгейінің көтерілу жағдайы Қарсақбай кентінің су тоғаны мен «Шауыпкел» тоғанында да орын алған болатын. Салдарынан кенттегі 2 автомобиль өткелі маңынан жолды су басу орын алды. Жергілікті әкімдік, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар және ерікті тұлғалардың бірлесе атқарған іс-шара нәтижесінде тұрғын үйлерді су басу және залал келу орын алған жоқ.

Кенттегі тоғанда ағынды судың алдын алу жұмыстарына Қарсақбай металлургиялық зауытының қызметкерлерінің де кезекшілігі ұйымдастырылды.

Талдысай елді мекенінен Жезді кентіне эвакуацияланған 8 жеке меншік үйлердің иелері үшін жергілікті билік көлік ұйымдастырды. Сондай-ақ дүлей зілзала келтірген барлық шығындар өтелетін болады. Бүгін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы талдысайлықтармен кездесіп, оларға көрсетілетін көмек туралы айтып берді.

"Ең бастысы - адамдар мен мал қауіпсіз болуы керек. Келтірілген зиянды анықтау үшін техникалық сараптама жүргізіледі. Оның қорытындысына байланысты жөндеу жұмыстары мен басқа да шығындар төленеді ", - деді аймақ басшысы.

Сурет Википедиядан алынды

Абай облысы

Бесқарағай ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп, ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары барысында арнайы жасақталған мобилды топ құрылды. Су басу қаупі бар ауыл ішіндегі көшелерден жалпы 19 мың текше метрден аса қар шығарылып, 96 мың текше метр су сорылды.

Аталған аудандағы су басу қаупі бар Бозтал, Қарағайлы, Өндіріс, Бесқарағай, Қарабас ауылдарының және Беген ауылдық округіне қарасты Беген орман шаруашылықтарында жағдай қазір қалпына түсті. Жалпы аудан көлемінде 455 тонна инертті материал төселіп, 11 925 текше метрден аса су шығарылды. Аталған жұмыстарға 85 адам және 49 техника жұмылдырылды.

Абай облысында эвакуацияланғандар үйлеріне оралып, бір жасап қалды. Аймақта еріген қар суының салдарынан бөгеттер мен елді мекендерді су басқан болатын. Қызыл су жүрген Аягөз, Ақсуат аудандарының тұрғындары арнайы эвакуациялау пунктеріне орналастырылған еді. Бүгін аудан халқы үйлеріне қайтты. Жарма және Аягөз ауданындағы су басқан ауылдарға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев арнайы барып қалыптасқан жағдаймен танысып, тиісті тапсырмалар берді.

Abai.kz

2 пікір