Жексенбі, 23 Маусым 2024
Билік 1835 14 пікір 26 Наурыз, 2024 сағат 16:23

Саматты... ине сәтімен бе? Неге сот «екіжүзді стандартқа» жүгінеді?

Коллаж: ulysmedia.kz

Сонымен, экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш шартты түрде 8 жыл мерзімге сотталды.

Жұрт Самат Әбішке қатысты сот үкіміне разы емес. Неге?

Меніңше, оның алты себебі бар.

Біріншіден, Самат жай адам емес. Керек десеңіз ол көп генералдың бірі де емес. Ол – отыз жыл елді басыбайлы жалғыз өзі басқарып, бүгінде негативті брендке айналған ескі Қазақстанның архитекторы мен негізін қалаушысы, экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Яғни, немере ағасына деген бүткіл наразылық пен қарсылық оны айналып өтіп кете алмайды! Басқасын айтпағанда, кінәсінің бар-жоғына қарамастан ол – сол саяси трендтің, ағымдағы конъюнктураның құрбаны.

Екіншіден, Самат ескі Қазақстан тұсында айдалада жүрген жоқ. Авторитарлы жүйеде ҰҚК нендей сұсты һәм сесті орган екенін білеміз. Немере ағасының оны сол қахарлы мекеме төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындағаны да жайдан-жай емес. Ондай кадрлық шешімнің артында ерекше сенім, ерекше өкілеттік жатыр. Басқасын айтпағанда (біздің елде ҰҚК-ның араласпайтын жері жоқ және оған қоғам тарапынан ешқандай бақылау да жоқ!), Қанды Қаңтарға бұл органның (оның бірінші басшыларының, соның ішінде Самат Әбіштің) тікелей қатысы бар екенін сот анықтап беріп отыр емес пе? Яғни, Қаңтарда қаңсырап, қан жылап қалған халықтың Саматқа лайықты жаза тағайындалуын талап етуі әбден заңды әрі орынды.

Үшіншіден, сот жасырын өтті. Менің пайымдауымша, Қаңтар секілді жалпыұлттық трагедияға қатысы бар кез келген сот процесі ашық та жария түрде өтуі тиіс! Жасырын сот отырысы қоғамдық пікірді сан-саққа, соның ішінде, биліктің халқынан бір нәрсе жасырып қалғысы келетін туралы ойға жетелейді. Жұрты алдында беті ашық билік олай жасамайды.

Төртіншіден, сот үкімі туралы ақпарат бір ай бойына құпия сақталыпты. Ондай саяси технологиялық қулық билікке абырой бермесі анық. Ресми ақпараттың бір ай бойына құпия сақталуы және тура барша жұрт қуана қарсы алатын Наурыз мейрамы алдында жарыққа шығуының өзінде саяси технологиялық бір гәп болған сықылды: он күн бойына «наурызнамалатып» жүрген жұрттың мұндай хабарды талқылауға да мұршасы болған жоқ.

Бесінше себепті айта-айта шаршадық. Әңгіме билік транзитін қолға алар кезіндегі Тоқаев пен Назарбаевтың екеуара «джентльмендік» келісімі туралы. Назарбаевтың өзінің фаворитіне қойған талап-шарттарының ішінде елбасының отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі мен заңмен қудаланбауы жайында болса керек. Самат Әбішке қатысты соншалықты жұмсақ сот үкіміне сол жайт әсер етті деп ойлаймын.

Алтыншыдан, және ол туралы біз ашық айтуымыз керек, Самат басқа-басқа емес, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған адам. Ол дегеніңіз біз біле бермейтін барша мемлекеттік құпиядан хабардар болды деген сөз. Ол дегеніңіз арнайы қызмет мүмкіндіктерін пайдаланып, билік басындағы басты тұлғаларға, олигархтарға, билікке таласуы мүмкін басқа адамдарға қатысты компромат жинау мүмкіндігі болды деген сөз. Сол себепті кезінде тек қана өзінің ағасына есеп берген және оның құпия тапсырмаларын орындаған Саматтың архивінде бүгінгі билікте басты шешім қабылдайтын жоғары лауазымды шенділердің заңсыз қимыл-әрекеттері не басқа да жағымсыз тірліктері туралы компромат жоқ деп кім айта алады?!

Бәлкім, осы, жұрттың бәрі сынап жатқан сот үкімінің астарында сол компромат жақан болар...

Ең басты екі саяси түйін мынадай.

Әділеттікті басты қағидат ретінде жариялаған Жаңа Қазақстанда «екіжүзді стандарттар» орын алып отыр. Қанды Қаңтарға қатысты дәл сондай айып тағылған Алматы қаласының ҰҚКД бастығы Нұрлан Мәжілов алты жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын түрмеде өтеуде, ал Самат Әбіш шартты түрдегі жаза алды. Әділеттік қайда?

Жаңа Қазақстан ескі Қазақстанға, яғни Тоқаев Назарбаевқа әлі де тәуелді болып отыр! Ал бұл жайт Жаңа Қазақстан идеясына енді ғана сене бастаған жұртқа теріс әсер ететіні айдан анық.

Әміржан Қосан

Abai.kz

14 пікір