Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 2781 0 пікір 21 Наурыз, 2024 сағат 17:00

Сананы шырмаған «синтетика»

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас буын арасында жаппай етек жайып бара жатқан рухани кеселдерге тоқталған болатын. Президент жаман әдет ретінде алдымен нашақорлықты атады. Оның сөзінше, былтыр есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталған. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі тәркіленген.

Өкінішке қарай, балалар арасында, әсіресе, синтетикалық есірткі қолдану күрт артты. Бұған жаһандану үрдісі, психотроптық заттарды әлеуметтік желідегі анонимді парақшалар арқылы саудалау, жастардың оңай жолмен ақша табуға қызығуы т.б. факторлар әсер етуде. Сондықтан Мемлекет басшысы: «Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын» – деді Ұлттық құрылтайда.

Бұл мәселеге байланысты елордадағы қалалық психикалық денсаулық орталығына хабарласқан едік. Психиатр-нарколог Тоқтар Қойшыбековтың сөзінше, нашақордың отбасы көбіне жұрттан жасырып, ешкімге айтқысы келмейді екен. Емші-тәуіптерге апарып емдетем деп жүріп, уақыт өткізіп алатын көрінеді. Маман дәрігерлер көмегіне жүгінуге кеңес береді. Өйткені, нашақорлықтың 1-ші және 2-ші сатысында науқасты қалыпты өмірге оралтуға үміт басым. Ал уақыт өткізіп алса, емдеп жазу қиынға соғады. Бүгінде психотроптық заттардың 4000-нан астам түрі бар екен. Соның ішінде синтетикалық есірткілер түрлі химиялық қоспалар қосу арқылы дайындалады. Табиғи есірткі 4-5 рет пайдаланған соң, тәуелді қылса, ал синтетикалық есірткі 1 рет қолданғаннан-ақ тәуелді қылады. Ең сорақысы, балалар мен жасөспірімдерді алдап, қармаққа түсіру үшін есірткі өндірушілер көзге не мұрынға тамызатын сұйықтық, түрлі-түсті таблетка т.б. қаптаған түрін шығарып жатыр. Яғни, албырт жасты «бұл – есірткі емес, сергітетін заттар, тәуелді қылмайды» деп алдаусыратуды мақсат ететін жымысқы пиғыл, құрық бойламайтын қулық. «Нашақор дозасын ала алмаса, қорқынышты елестер көре бастайды. Үрейленіп, солардан қашып құтылғысы келеді. Жүріс-тұрысы бұзылады. Психозға ұшырап, сандырақтайды. Ызақор, ашушаң болып, айналасына қатер төндіреді. Қан қысымы түсіп кетеді. Есінен танып қалған жағдайда Жедел жәрдем қызметі келіп үлгермесе, өліп те кетуі мүмкін. Жалпы, есірткі адамның жүрек-қан тамырлар жүйесі, тыныс алу жолдары, миы, бауыры, бүйрегі – бәрін зақымдайды» – дейді психиатр-нарколог Т. Қойшыбеков. Сонымен қатар, дозаны сатып алуға ақша табу үшін нашақор ұрлық-қарлық, тонаудан да тайынбай, қоғамға қауіпті кісіге айналады.

Ал ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, қазір елімізде 18 300-ден астам нашақор есепте тұр. Есепте тұрмағандар саны бұдан анағұрлым көп болуы мүмкін. Яғни, есірткіге, соның ішінде жастар арасында жаппай белең алып бара жатқан синтетикалық есірткіге қарсы күресті шұғыл арада күшейту керек.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских те жақында осы мәселені көтерген болатын. Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ол синтетикалық есірткі халқымыздың денсаулығына, ұлттық тегімізге, ел экономикасына, қоғамның тыныштығына және мемлекеттік қауіпсіздікке орасан зиян тигізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, сенатор ҚР Бас прокуратурасының статистикалық дерегін де келтірді. Яғни, 2021-2023 жылдарда синтетикалық есірткі таратқаны үшін 1021 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. «Сонымен қатар, арнайы және құқық қорғау органдары 2021 жылы 17, 2022 жылы 68, 2023 жылы 81 есірткі зертханасының қызметін анықтап отыр. Бұл біздің ойымызша, масқара статистика. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда синтетикалық есірткілерді заңсыз өндіру мен таратуды жолға қойған 2 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының қызметі тоқтатылды. Оның ішінде 10 шетел азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылды» – деді халық қалаулысы. Оның пікірінше, бұл статистикалардан есірткіге қарсы күрестің жанданғанын аңдауға болады. Алайда психотроптық заттарды шығару мен саудалаудың қаншалықты терең тамыр жайғаны да анық көрінеді. Оларға біржола тосқауыл қою үшін Г. Шиповских Үкімет басшысына Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттары мен ҚР Парламенті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірқатар депутаты атынан нақты ұсыныстарын да жеткізді:

  1. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей ҚР Президентіне бағынышты, арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыру (мұндай мекемелер Ресей мен Аргентинада бар);
  2. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттарды жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет;
  3. Мектептерде, колледждерде, ЖОО-ларда білімгерлерге есірткіні таратудың және алаяқтар уәде еткен жеңіл ақшаға ұмтылудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет;
  4. Жастар, әсіресе, студенттер арасында синтетикалық есірткілерді тасымалдаушылардың (орысша айтқанда «закладчик») саны өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу керек.

Сөзімізді түйіндесек, ұлт саулығы мен саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында білек сыбана іске кірісетін кез келді. Енді көбік сөзді сапырып, жиындар мен отырыстарда бір тақырыпты қайта-қайта талқылап отыра беруге болмайды. Әйтпесе, уақыт өткен сайын талай жастың тағдырына балта шабылып жатыр. Сондықтан құзырлы органдар жоғарыда жазылған деректер мен ұсыныстарды ескеріп, қаперіне алар деген сенімдеміз.

Алпамыс Бауыржанұлы  

Abai.kz

0 пікір