Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Билік 2758 75 пікір 20 Наурыз, 2024 сағат 14:24

Елтаңба ауыстыру: Депутаттар не дейді?

Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда президент Тоқаев айтқан ырғын-қырғын сөздің ең бастысы – Елтаңбаны ауыстыру туралы сөз болғаны анық.

«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», - деді Президент.

Қазір Қазақстан қоғамы бұл айтылған сөздерді ызу-қызу талқы жасауда. Бұл бастаманы қолдаушылар да, онымен келіспеушілер де жеткілікті.

Бүгін Мәжіліс отырысында депут Еркін Әбіл Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, Елтаңба ауыстыру бастамасы туралы ұсыныстарын айтыпты.

«Мемлекеттік Елтаңба – Тәуелсіздікті айқындаушы символ. Сол себепті де Мемлекет басшысы оны модернизациялаудың мүмкіндіктерін ұсынды. Әлеуметтік желіде әл-әзірден осы тақырыпқа қатысты талқы жүріп жатыр.

Егер нақтылап айтсақ, Елтаңбамызға осыған дейін де өзгертулер жасалған және бір мәрте емес. 5 рет өзгерту жасалған. Одан Елтаңба айтарлықтай өзгеріп кетпесе де, түсі, реңі, формасы мен жазуы өзгертілді», - дейді депутат Еркін Әбіл.

Мәжіліс депутаты өз кезегінде қазіргі желідегі ызу-қызу талқына бір қалыпқа түсіріп, бұ лұсынысты жақтаушы және келіспеуші тараптарға өз пікірлерін аргументті түрде дәлелдеуге мүмкіндік жасау керектігін айтады.

«Мемлекеттік Елтаңба қарапайым болуы керек. Ол Қазақстан азаматтарына ғана түсінікті болмауы керек. Кез келген шетелдік оның мән-мағынасын түсінетіндей болуы керек. Елтаңба өткен тарихымыз бен келешегімізді сабақтастыра білуі керек. Егер біз Алтын Орда мен Қазақстан әлемде егіз ұғымға айналсын десек, Елтаңбада оның белгілері болуы керек», - дейді депутат.

Ал тағы бір Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет гербі сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады. Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді. Кейбір елдер гербсіз, эмблемамен ғана шектелген.

Бұл ретте, біздің халқымыздың тарихы да елдік нышандар бедерлеу тәжірибесіне бай. Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз - жалпы гербтің түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі - таңба жасау дәстүрі Ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор.

Рас, қолданыстағы гербіміз де жақсы жасалған. Ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Ол осы кезеңнің ерекшелігі мен сұранысына сай ел халқын біріктірушілік қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.

Бұл ретте, Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн. Ол - арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс - Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих.

Биыл Қазақ Даласында ту көтерген Жошы ұлысы - Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз.

Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді.

Осы орайда, Президенттің Гербті қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн деп санаймыз.

Бұл маңызды істі осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы герб авторымен жан-жақты талқылау ұйымдастыруын ұсынамын», - дейді.

Abai.kz

75 пікір