Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 996 0 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 16:12

«Нобель» сыйлығында оның анасының үлесі бар

Көрнекілік сурет egemen.kz сайтынан алынды

Альфред Берихард Нобельдің атағы «Нобель сыйлығы» арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Адамдардың бәрі де оның түтінсіз жарылғыш дәріні ойлап тапқан химик екенін де, тарихта сирек кездесетін ұлы ғалымның бірі екенін де жақсы біледі.

Дейтұрғанмен, адамдар көбісі анасы – Анделет Арсайрдың оның Нобельдік сыйлық тағайындауына жасаған шешуші ықпалын онша біле бермейді.

Нобель туыла сала-ақ, әлсіз, аурушаң болады да, емшек емуден қалады. Басқалар бұл нәрестенің адам болуынан күдер үзіп те жүреді. Қанша дегенмен ана емес пе, тек шешесі ғана үмітін үзбей, мызғымас сеніммен сәбиді бағып-қақты. Нобель 18 жасында ағылшынша жазған өлеңінде сондағы халін былай суреттейді.

Жаныма жайлы төсек ед,
Менің жатар бесігім.
Уайымды жейтін шешем ед,
Аштырған өмір есігін.

Шынында да, анасының ұлына деген сүйіспеншілігі мен асыл үміті оны ажалдан арашалап, әйгілі ғалымға айналдырады. Нобельдің шешесі Швецияның оңтүстік аймағындағы бір диқан отбасында дүниеге келген. Ол мінез-құлқы ашық-жарқын, әзілқой, әрнәрсеге сеніммен қарайтын, жігерлі, ақыл-парасатты әйел болатын. 1887 жылы Нобельдің әкесі экономикалық тығырықтан торығып, шарасыз басқа жерге қоныс аударады. Шиеттей бала-шағасын бағып-қағудың ауыр жүгі оның шешесіне түседі.

Ол басқалардан қарыз ақша алып, сауда жасап, тапқан ақшаға балаларын таза, ретті киіндіруге, оларды тойғыза тамақтандыруға баса мән беріп жүруші еді. Бірақ, ол балаларын еркелетпейтін, қайта оларды кішкене кезінен гүл суартып, шөп отатып, қоқсық тазалатып, отбасы жұмыстарын істеуге үйлесімді етіп баулып отырады. Сол себепті Нобель және оның бауырлары қаршадайынан жұмысты тыңғылықты істейтін әдеттер қалыптастырып, қажымас қайратты, қайсар болып өсті. Нобель өткен замандардағы ғалымдар туралы әкесінен көп тыңдайтын. Сөйтіп Нобель өз бойына жоғары қабілеттілікті, осындай тұрмыс ортасында біртіндеп қалыптастыра алды.

Нобель өмірінің соңына дейін шешесін терең сүйіспеншілікпен құрметтеп, сыйлады. Ұлы өнертапқыш болған соң да шешесінің өзімен бірге тұрып, өмірінің ақырына дейін бақытты болуын қалады. Бірақ, шешесі бұған мүлде көнбеді. Өйткені ол ұлының жұмысы өте қарбалас екенін білетін.

Нобельдің өнертапқышпен басқа өте көңілді болатын шақтары тек шешесімен бірге болған кезлері еді. Әр жылы қыркүйектің он бірі күні ол балкүлше, тағы басқа бағалы, дәмді тағамдарды апарып, шешесін туған күнімен құттықтайтын.

Шешесінің өмірінің соңғы кезінде Нобель оған жиі-жиі ақша беріп тұрды. Ал шешесі бұл ақшаны төңірегіндегі тұрмысы төмен, жарлы ауылдастарына үлестіріп беретін. Мұны естіген Нобель шешесінің мейірімділігінен қатты әсер алып, оны үлгі тұтқан. Анасының бұл қасиеттері оның қайтыс болары алдында «Нобель сыйлығын» тағайындауына түрткі болды. 1889 жылы Нобельдің анасы дүниеден қайтады. Оның қазасына ұлдары қатты қайғырады. Нобельдің кіндіктес туыстарының бәрі де өз кәсібінде белгілі нәтижелерге қол жеткізген адамдар еді. Солардың ішінде Альфредтің абыройы бәрінен артық болып, ғылым-білімнің дамуына айтулы үлес қосты.

Қытай тілінен тәржімалаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір