Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Алашорда 1625 15 пікір 28 Ақпан, 2024 сағат 12:45

Қожанов межелеу науқанында

Сурет qazaqstan.tv сайтынан алынды

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Үлкен террор құрбаны Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл болуына байланысты оның ұлттық мүдде үшін күресінің бір кезеңін көрсететін төмендегі материалды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов 1924 жылғы Советтік Орта Азияны ұлттық тұрғыда жіктеп, мемлекеттік-территориялық аймақтарға межелеу науқанында өзіндік көзқарасымен ерекшеленіп, айрықша танылды. Ол жіктеліп-межеленіп жатқан ұлттық республикалардағы ежелден қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан халықтардың тұтастығын, олардың ертеден-ақ тарихи жағдайларға орай қалыптасқан экономикалық байланысының бұзылмауына зор мән берді. Советтік Республикалар Одағын құрайтын құрылтайшы мемлекеттер қатарына Ортаазиялық Федерация құрып барып енуді, жеке дербес республикаларға бөлінуді содан кейін, Орта Азия Федерациясы құрамында әр ұлттық бірлік тыныс-тіршілігін теңестіріп алғаннан кейін ғана жүзеге асыруды ұсынды. Қазақ елінің астанасы Ташкент болуын жақтаған топтың басында тұрды. Жеке тәжік мемлекеттік бірлігінің құрылуына, қарақалпақ автономиялық облысын Қазақстан құрамына қосуға ықпал етті. Алайда Орта Азия республикаларын жаңаша жіктеп, ұлттық-аумақтық межелерге бөлу және Ташкенттің қандай әкімшілік бағынысқа қарайтындығы Мәскеу ұсынған үлгімен жасалды...

...Түркістан өлкесінің 1920 жылы біртұтас мемлекеттік бірлікке ұйысуға ұмтылуынан шошынған В.И. Ленин құпия түрде серіктеріне өлкені «Өзбекия, Түркмения, Қазақия»  аумақтарына бөліп тастауды тапсырған еді. Сол тапсырманы орындауды реті ол қайтыс болғаннан кейін туып, РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросы 1924 жылғы 31 қаңтарда Түркістан Республикасын жекелеген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға жіктеу жайында шешім қабылдады да,  соған байланысты Ташкентте арнайы мәжіліс шақыруды ОК хатшысы Я.Э. Рудзутакқа тапсырды. Айдан астам уақыт мұқият әзірленуден кейін, Түркістан Компартиясының Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті, РК(б)П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросы (Средазбюро), Түркатком Төралқасы мүшелері мен мүшелікке кандидаттары және Ташкенттегі басқа да жауапты қызметкерлер қатысқан алғашқы мәжіліс 1924 жылғы 10 наурызда өтті.

Күн тәртібіне Түркістанды ұлттық-территориялық тұрғыда межелеу мәселесі шығарылды. Біріккен жиында ТКП ОК хатшысы Абдулло Рахимбаев   баяндама жасады. Ол Ферғана басмашыларының негізінен жойылғанын хабарлап, соған байланысты, өлкедегі саяси ахуалдың түрақталғанын айтты. Сосын, кей аймақтардағы аралас тұрып жатқан түрлі халық тұрғындары арасында қилы егестер бой көрсетіп қалатынына, өзара шағым жасап, талаптар қоюлары салдарынан, әрәдік ұлтаралық түсініспеушіліктер орын алып отырғанына тоқталды. Солардан туындатып, ұлттар араларында көрініп қалатын араздықтарды жоюдың жолы: «Орта Азия құрамында біртекті үкіметі бар ұлт республикаларын ұйымдастыру» болмағын айтты. «Егер біз, Түркістан халықтарының мәдениет тұрғысынан дамуы үшін, Түркреспубликада Кеңес өкіметінің нығаюын қаласақ... Кеңес өкіметін күшейтуге апарар   жалғыз жол – Орта Азияны ұлттық белгілеріне қарай жіктеу», – деді. Сөйтіп, кеңес өкіметінің бекем орнығуын баяндамашы үлкен шанырақты жеке-жеке отауларға бөлумен байланыстырды. Әр ұлт өз алдына отау тігіп бөлініп шықса – Түркістан халықтары мәдениет тұрғысынан дамиды... Орта Азияны ұлттық сипатпен жіктеп, дербес отаулар тігу арқылы ыдырату – кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол...

Осындай жарқын келешек ұлт қайраткерлерінің ұлттық сезімін тез қайрады. Олар қара шаңырақ іспетті мемлекеттік құрылымды бөлшектеп, ұлттық отау тігу жолына түсті. Мәселенің РК(б)П ұрандарының алдамшылығында, шын пиғылының басқалығында жатқанын аңдамады. Революцияшыл пролетариат диктатурасы идеясының біртіндеп орыс билігіне теңгеріліп алғаны ойларына да келмеді. Большевизм көсемі В.И. Ленин 3-ші Коммунистік интернационалдың екінші конгресінде: «Орыс коммунистерінің бұрынғы патшалыққа тиесілі отарлардағы – Түркістан және басқалар секілді артта қалған елдердегі – практикалық жұмысы біздің алдымызға мынандай мәселе қойды: коммунистік тактика мен саясатты капитализмге дейінгі жағдайда қалай қолдану керек... Бұл елдерде өнеркәсіп пролетариаты жоқтың қасы. Осыған қарамастан, біз ол жақта да өзімізге басшы рөлін алдық және алуға тиіспіз де», – деген-ді.

Ал ұлт қайраткерлері «кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жолды» таңдау артында не жатқанын парықтамады. Кеңес өкіметін қара шаңырақты сақтай отырып та күшейтуге боларын, әрі оның ұлттар мүддесіне көбірек жауап беруі ықтималдығын ойламады. Межелену салдарынан – Түркістан Республикасы тарайды, демек, қарашаңырақ жойылады. Жойылатын қарашаңырақ орнына Ленин айтқан «орыс коммунистерінің жетекшілік рөлі» бірінші орынға шығады. Дербестеніп, бірінен бірі оқшауланған ұлттық құрылымдарды оңашалап, жеке-жеке «пролетарлық рухта» тәрбиелеу мәселесі  оңайлайды. Ал жетекшілік рөлді өз мойындарына алған орыс коммунистері, қырға дендеп кірген империялық сауда капиталының айналымына халқы тығыз ілесулі болса да, Орынбор, Омбы іспетті орыс пролетариаты ошақтарының «капитализмге дейінгі қатынастар үстем, артта қалған елдің» құрамында қалуын қаламайды. Сонау астарлы саясатқа шебер жетекшілер, сондай-ақ, Ташкент тағдырын да өздерінше шешеді...

Баяндамашы «ұлттық мәдениетті дамыту» жайындағы алдамшы үмітті алға тартты. Большевиктер мәдениетті екіге бөлетін, сөйтіп, «ұлтшылдық уымен уландыруға тырысатын   буржуазиялық мәдениет» емес, «өзінің мазмұны жағынан социалистік болған пролетар мәдениеті» үшін күресетін-ді. Ал бұл – жеке-дара отау тіккен ұлттық республикаларда өркендейтін ұлт мәдениеттерінің бағытын большевиктер қатаң бақылауда ұстап, отаулардың бірін-бірі өзара байытуына жол бермей, «мазмұны жағынан пролетарлық, формасы жағынан ұлттық мәдениет» болатын «жалпы адам баласының мәдениетін» орнықтыруды ғана құптайды деген сөз. Яғни большевизм ұлттарды жалпыадамзаттық ұмтылыс жолына түсіреді. Сөйтіп, ұлттық тамырдың үзілуіне апаратын жаңа тұрпатты рухани тіршілікті қалыптастыруға бет алады. Әйтсе де мұндай болашаққа ешкім ой жүгірте қоймады, көпшілік көңіліне баяндамашының өлкедегі әр ұлыс өкілінің ұлтшылдық түйсігін қанағаттандыратын пайымдары жақты. Көздерін большевизм ашқан қайраткерлердің кеудесінде ешқандай күдікке орын қалған жоқ. Кеңеске қатысушылар тезірек ұлттық тұрғыда межеленуді қолдады.

Дегенмен, жиналысқа қатысушылардың бәрінің бірдей санасы уақытша ұлттық шаттыққа масайып, көздері қарыға қоймаған-ды. Ұлтын шын сүйгендер тар ұлттық мүддені күйттеумен шектелмейтін. Жиынның белсенді қатысушылары арасында – орталықтың межеленуді ұсынуы астарынан байырғы «бөлшектеп билеу» саясаты нәрлендірген жаңа коммунистік тәсілді аңдағандар, бір өңірде аралас-құралас мекендеп келе жатқан ұлттардың келешегін тереңірек ойлағанда, ұлттық дербестенудің залалдылығын түйсінгендер болды. Жарыссөз кезінде баяндамадағы ұсынысқа балама пікірді Түркатком Төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанов ұсынды. Ол өлкені ұлттық белгісіне қарай бөлшектеп жібермей, оларды алдымен экономикалық негізде, содан соң Орта Азия Федерациясына біріктіру, сосын, экономикалық та, саяси-әкімшілік те тұрғыда қалыптасқан қуатты құрылым ретінде, Республикалар Одағына – КСРО-ға  кіру бағытын ұстанды.

Оның бұл көзқарасын кеңестік тарихи әдебиеттің пантүркілік (түркішілдік) қателік ретінде бағалағаны мәлім. Мәселен, біздің академиялық «Қазақ ССР тарихы» көптомдығы сол жиыннан: «С. Ходжанов пантүркистік қателерді қайталап, «түрік тайпалары бірыңғай түркі тілдес халықты құрайды», оны «жасанды түрде айыруға болмайды» дегенді жөнсіз дәлелдеуге тырысты», – деген хабар береді. Алайда бұл – тарихи оқиғаларды түсіндіруде кеңестік идеология салдарынан жиі қолданылатын, әдеттегі большевизм бұрмалаушылықтарының бір парасы еді. Іс жүзінде С. Қожанов жалпы түркішілдікті емес, қазақ мүддесін күйттеді. Және оны жеке-дара бөлмей, бүткіл өлке халқының өмірімен тығыз байланыста қарап, сол жиында да, одан кейін де – межелеу жөніндегі территориялық комиссия мәжілістерінде, 1924 жылғы 14 қыркүйектегі ТКП Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті және ТКП Тексеру комиссиясының біріккен Пленумында да жанын сала қорғады. Оның позициясы қазіргі идеологиялық шарттылықтан құтылған кездің көзқарасы   түгіл,   тіпті   сол   кезгі   ашық   партия   саясаты тұрғысынан да дұрыс болатын.

Ой жүгіртіп көрейік. 1923 жылғы РК(б)П ХІІ съезіндегі қорытынды сөзінде, съезде туған сұрақтарға орай, И.В. Сталин: «Тәуелсіз республикалар әуелі шаруашылық негізде жақындасады... республикалардың жақындасу тәжірибесі оң нәтиже берген соң, келесі қадам – федерацияға бірігу жасалады», – деген концепциясын нақты практикада басшылыққа алатын реттілік сипатты аян еткен еді. Артынша оны кеңітіп түсіндірген: «... шаруашылық күштерін біріктіргеннен кейін бірнеше ай өткенде, келесі қадам – республикалар федерациясы жасалады, одан бір жыл өткенде – республикаларды біріктіру жолындағы қорытынды кезең іспетті тағы бір кезекті қадам – Республикалар Одағын құру жасалады... Бұл – біздің ұлт саясатымыздың жүйесі» деген. Жария етілген ұлт саясаты жүйесіндегі осынау баспалдақтан соң баспалдақ басып жоғарылау іспетті, кезеңнен кезеңге өту концепциясы түркістандық ұлттардың тағдырларына шын жаны ашыған күрескер көңіліне қонымды еді. Яғни, алдымен Орта Азия республикаларын экономикалық тұрғыда біріктіру, одан Орта Азия Федерациясын құру, ақырында КСРО-ға кіру – енді оянып келе жатқан кенже халықтар мүддесіне мейлінше дәл жауап бере алатын реттілік екеніне С. Қожанов сынды коммунистер мүлдем сенімді-тін. Мәселе осы партияның «ұлт саясатындағы жүйені» өмірде қолданған шақта – большевизм қайраткерлерінің қос стандарт ұстанғандықтарында еді.

Шығыс еңбекшілері Коммунистік университетінің студенттері алдында 1925 жылғы 18 мамырда сөйлеген сөзінде И.В. Сталин: «...Түркістанда жақында аяқталған ұлттық межелеуді советтерді бұқараға... жақындатудың үлгісі деп санауға болар еді», – дей келе, кеңестерді еңбекшілерге тақалту  жұмысында «совет Шығысының белсенді қызметкерлерінің практикасында екі уклон (ауытқу) бар екенін есте тұту керек, ...Университеттің ішінде сол уклондарға қарсы күрес жүргізу қажет», – деп нұсқау берді. Коммунистік оқу орнында білім алып жатқан шәкірттерді белсенді қызметкерлердің іс-дағдысындағы ауытқушылықтарды ажырата білуге үйретті. «Бірінші уклон – жеңіл-желпі қараушылықта» болса, «Екінші уклон, мұның керісінше, жергілікті ерекшеліктерді асыра көрсетуде... өрісі тар және таяз ұлтшылдықтың міндеттеріне бейімделуде болып отыр», – деді ол. – Қайткенде көршісінен бір пұшпақ жерді артығырақ бөліп аламын деп,  «Шығыстың кеңестік республикаларын Совет Одағының өнеркәсіпті аудандарымен байланыстыратын ортақ және басты нәрсені... социалистік міндеттерді» елеп-ескерместен, мұндай уклоншылар «өз республикасының шекарасын кеңейту, іргелес республикалармен кергілесу, көршілерінен үзіп-жұлып артық олжа түсіруге тырысу» арқылы «өз елінің буржуазиялық ұлтшылдарына жағыну» мақсатын көздеді.

Межелеу тұсындағы күрделі пікірсайыстар палитрасын Сталин осынша қарабайырландыра, сүмірейте жіктеп, нәтижесі «кәдімгі буржуазиялық ұлтшылдарға айналып азғындау» болатын ауытқушылықпен, яғни «осындай астыртын ұлтшылдықпен рахымсыз күрес жүргізу рухында» кадрларды тәрбиелеу міндетін алға қойды. Сөзін сөйтіп әдеттегі большевиктік көзқарасқа сай, қараңғы қалың бұқараны өздерінің көзі ашық азын-аулақ азаматтарымен өштестіру, таптық тұрғыда бітіспестей жауластыру рухында қорытты. Оған алуан реңкті пікірсайыстар, ортаға тасталған пайымдар байыбына бару тиімсіз-тін, сондықтан да, олардың бәрін «көлегейлеулі ұлтшылдық» (скрытый национализм) деп атады. Орталыққа ұлттық элитаның  Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелерге бөлшектеу  мәселелеріне  көзқарастарындағы   тұтастық ұнамаған еді. Ұлттардың дербес отау тігуіне байланысты   пікір сайыстары РК(б)П ОК Орта Азия бюросы (Средазбюро) құрған ортаазиялық республикалардың аумақтарын белгілеп-межелеу жөніндегі Территориялық комиссия мен оның ұлттық дайындық комиссияларында мейлінше өрбіген-ді. Бес айға созылған талқылау, жобалау, дауласу, пікірлесіп-ақылдасулардың шарықтау шегін 1924 жылғы 17 тамызда болған Территориялық комиссияның пленумы көрсетті.

Алғашқы мәжілісте күллі Орта Азияны бір бірлестікке ұйыстыру жөнінде айтқан ұсынысына С. Қожанов бірнеше дәйек келтірген-ді. Біріншіден, мәжіліс өтіп жатқан шаққа дейін көпұлтты Хорезмнің ұлттық құрамына қарай бөлшектенуге келісім бере қоймағаны оның Федерация құру жайындағы ойын негіздей түсетін. Екіншіден, Орта Азия Федерациясында жүргізілмек әрбір шараны ол өлкедегі жекелеген ұлттардың тұрмысы мен ғұмыр кешу бітімі талаптарына жауап бере алатындай болуға тиіс деп есептеді. Өлкені ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға бөлшектеуде кездесер «жалғыз ғана ірі қиыншылық – қазақтардың Орта Азиядағы жағдайы туралы мәселе болуы   ықтимал», – деген шүбәсін ортаға салады. С. Қожановтың бұлай дүдәмалдануына негіз бар, себебі «Орта Азия қазақтары мен жалпы Қазақия жайындағы мәселе әлі күнге дейін  нақты ойластырылмаған».

Ол Средазбюро төрағасының орынбасары О. Карклиннің ой-пікірлерінде қазақ аудандары қазіргі Қазақияға өтеді дегеннен өзге ештеңе жоқтығына назар аударады.   Өлкедегі жер-суы 750 мың шаршы шақырым шамасындағы аумақты алып жатқан, екі жарым миллиондық тұрғындардың 70 пайызын құрайтын Орта Азия қазақтарының мәселесін оның мұндай жартыкеш тезистері ешқандай да шешпейтінін  айтады. Одан әрі ол: «Саны жағынан аса зор осы халықтың мемлекеттік құрылысқа қатысуын қамтамасыз етудің неғұрлым нақты шарттарын және Кирреспубликаның (Қазреспубликаның) мемлекеттік единица ретінде Орта Азиядағы жағдайын анықтау» қажет дей отырып, баспасөздегі мақаласында жаңадан құрылып жатқан республикалардың өзара қарым-қатынастарының жарқын келешегіне тоқталады. Сенімді болашақты ортаазиялық ауқымдағы, және әрине, Қазақиямен бірге, өзара келісіліп жүзеге асырылатын қызметтестік пен тығыз экономикалық байланыстарда деп білетінін түсіндіреді. Келешектегі дамудың  дүрыс жолы – «әуелі экономикалық бірлестік, ал содан соң, бәлкім, мемлекеттік федерацияландыру» болатынын дәлелдейді.

Және бұл сатылар, Түркатком төрағасының орынбасары Қожановтың сенімі бойынша, межеленудің мәні мен нәтижесін ешқандай да кемітпейді, керісінше, межелеуді   табысты аяқтаудың ақылға қонымды көрінісі, тарихи акті болады. «Әзірге мынандай ой айқын – өзбектер мен    түрікмендердің тәуелсіз республикалары жарияланады», – дей отырып, өз ұлтының да өмірге жолдама алуға тиіс құқығын былайша жайып салады: «Жалпы саны бес миллионнан асатын, оның екі миллиондайы межелену үстіндегі Түркістанда тұратын қазақтар тап сондай құрметке ылайық және тап сондай жағдайды қалайды».

Сонымен, алты миллиондық қалың қазақ оңтүстік өлкедегі бөлігінің миллионнан астамын революцияның алғашқы жылында большевиктік геноцид құрбандығы етсе де, бұрынғысынша,   түркі халықтары ішіндегі ең саны көптігімен (мекендеген аумағының орасан алыптығы өз алдына) – өзбектер мен түрікмендер секілді   тәуелсіз республика тәжін киюден үміттенеді. Және онысы,  қазақтың ұлттық мемлекеттігін орнықтыру жолындағы күрестің алғы шебінде тұрған   С. Қожановтың жүрекжарды пікірінше – орынды  да әділ ұмтылыс.

Алайда Түркістан халықтары болашақ «халықтар әкесі» сызған жобамен бөлшектеніп жатқан. Сталиннің ойынша, партияның сара жолынан ауытқуға жол беретін уклоншылар орталықтағы және «шеткері аймақтардағы» жағдайлардың бірдей емес екенін ұқпайды, тіпті, шығыстың кеңес республикаларының өздері біркелкі емес екенін білгісі келмейді: «бұлардың кейбіреулері, мысалы Грузия мен Армения ұлттық қалыптасудың жоғары сатысында тұрғанын, ...екіншілері, мысалы Чечен мен Кабардин, ұлттық қалыптасудың төменгі   сатысында тұрғанын, ...үшіншілері, мысалы   Киргизия (Қазақия), осы екі шеткеріліктің арасында орта қалыпта тұрғанын түсінбейді». Демек, осынау сталиндік классификация бойынша «ұлттық қалыптасудың орта сатысында тұрған» Қазақияға одақтық мәртебе әперем деп «жергілікті ерекшеліктерді асыра көрсету» арқылы ауытқушылыққа ұрынушылар танытатын «уклонның нәтижесі социализмнен қол үзу және кәдімгі буржуазиялық ұлтшылдарға айналып азғындау болады». Алайда оны әзірге Қожанов бастаған ұлт қайраткерлері біліп жатқан жоқ. Олар партияның ашық та түсінікті қағидаларын, ұлттардың дамуына мүмкіндік беруді көздейтін шешімдерін басшылыққа алып, өлкедегі ұлттық-мемлекеттік межелеп-жіктеуді ел-жұртқа шынымен пайдалы етіп жасауға тырысады.

Жалғасы бар...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

15 пікір