Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4357 0 пікір 18 Қараша, 2013 сағат 06:02

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

5.

Жоғарыда аты аталған, Кенесары мен кенесарышыларға қарсы майданның бас жауынгері және ол пікірінен көзі жұмылғанша қайтпаған, «Правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченкоға идея беріп және соны бір жыл бойы қадағалап, табыспен жүзеге асырған Т.Шойынбаевтың «Кенесары Қасымов қозғалысының феодалдық-монархиялық сипаты туралы» мақаласы («Социалистік Қазақстан», 1951 жыл, 27 маусым) жарияланып, онда қазақы қылмыстарды былай қойып, Кенесарыны ағылшынның шпионы, Е.Бекмахановты (суретте) солардың жансызы етіп шығарды. Дәлірек айтсақ, онда:
«Дәл осы кезде Англияның дүниеге үстем болуға ұмтылуы шектен тыс еді, оның бұл басқыншылығы бірқатар Шығыс елдерін құлдап алғанынан, Орта Азияға, Қазақстанға, Шығыстың басқа аудандарына көп барлаушылар мен экспедициялар жібергенінен айқын көрінеді. Кабулда, Ғиратта, Кандағарда ағылшын шпиондарының орталығы құрылды. Сол кездегі архивтегі материал: «ағылшындардың қырғыздарға (қазақтарға) да баса көктеп келе жатқанын» баяндайды.

5.

Жоғарыда аты аталған, Кенесары мен кенесарышыларға қарсы майданның бас жауынгері және ол пікірінен көзі жұмылғанша қайтпаған, «Правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченкоға идея беріп және соны бір жыл бойы қадағалап, табыспен жүзеге асырған Т.Шойынбаевтың «Кенесары Қасымов қозғалысының феодалдық-монархиялық сипаты туралы» мақаласы («Социалистік Қазақстан», 1951 жыл, 27 маусым) жарияланып, онда қазақы қылмыстарды былай қойып, Кенесарыны ағылшынның шпионы, Е.Бекмахановты (суретте) солардың жансызы етіп шығарды. Дәлірек айтсақ, онда:
«Дәл осы кезде Англияның дүниеге үстем болуға ұмтылуы шектен тыс еді, оның бұл басқыншылығы бірқатар Шығыс елдерін құлдап алғанынан, Орта Азияға, Қазақстанға, Шығыстың басқа аудандарына көп барлаушылар мен экспедициялар жібергенінен айқын көрінеді. Кабулда, Ғиратта, Кандағарда ағылшын шпиондарының орталығы құрылды. Сол кездегі архивтегі материал: «ағылшындардың қырғыздарға (қазақтарға) да баса көктеп келе жатқанын» баяндайды.
Кенесары қозғалысының ақыры жақындаған кездің өзінде, қырғыз халқына қарсы агрессиялық соғыс әзірлеп, өз жағына үш жүздің сұлтандарын тартуға тырысып, орыс халқы мен қазақ халқын біріне-бірін қарсы қоюдағы өзінің сүйген әдісіне қайта оралды. Сонда ол сұлтандар мен билерге үндеуінде былай деп жазады: «Сіздердің хұзырларыңызға мәлім болсын, Алланың әмірімен, кәпірдің қысымымен кіші жүз бен орта жүзден көшіп, ұлы жүздің Шу, Іле төңірегіндегі жерлеріне келдік. Біз ата-бабамыздың замандарынан бері сіздердің ру басыларыңыз болып келдік. Сіздер қашанда біздің айтқанымыздан шықпай келдіңіздер, сол үшін сұлтандар да сіздерді өзіне қосылуға шақырып, «кәпірлерге» (орыстарға) қарсы күресуге шақырды».
Міне, осындай орыс, қазақ, қырғыз халықтарының қас дұшпаны Кенесары қозғалысы шектен тыс мадақталып, жалған тарихшы Бекмаханов бұл бүліншілік әрекетті «қалың бұқараны саяси тәрбиелеудің тамаша мектебі» деп жариялады.
Орыс патшасы қазақ бұқарасының үнін өшіріп, қанап бақты, бірақ осылай бола тұрса да, Кенесары, егерде патшалық үкімет оның барлық хандық артықшылық халдерін сақтауға кепіл болса, онда қазақ халқын талау үшін Кенесарының патшалық үкіметтің де итаршысы болуға даяр екендігі белгілі еді»,–деп атап көрсетті.
Бұдан соң сол тұстағы жазушы-драматург әрі тарихшы Мұсатай Ақынжанов та шет қалмады. Шет қала алмайтын да. Сондықтан да ол «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы №6 санында «Қазақстан тарихындағы буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы» мақаласын жариялады. Мұнда тек қазақы тарих тәпсірленді:
«Соғыс кезінде совет тарихшыларының едәуірі Отан қорғау жұмысына атсалысып жүрген кезде, Е.Бекмаханов әлдеқашан тарихтан алынып тасталынған содырлы Кенесары Қасымовты «тірілтіп», жат пікірді қайта соныламақ болды. Бірақ оның бұл әрекетін Қазақстан жұртшылығы өте суық қабылдады. Орталық партия комитетінің органы «Правда» Бекмахановтың ұстаған жолының қате екенін, бағытының буржуазияшыл-ұлтшылдық екенін әшкереледі.
... Жұртшылыққа белгілі Қазақстанда XIX ғасырдың алғашқы жарымындағы үстем тап – «ақсүйектер» мен бай-феодалдар болған. Олардың өздерінше «ақ сүйектік және дворяндық ұлт мәселесі» болды. Қазақ «ақсүйектері» Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін хандар тұсындағы артықшылығы мен құдіреттілігінен айырылды. Сондықтан олар Қазақстанды орыс мемлекетінен бөліп алуды тіледі. Мұнысымен олар қазақ елінің басына хандарды – «ақсүйектерді» қойғысы келді. Сөйтіп қазақ халқының тағдырын хандарға тапсыруға тырысты. Міне, осыны Сталин жолдас феодалдық-монархиялық «ұлтшылдық» деп атайды.
... Хандық үкіметтің жойылуы қазақ халқы үшін, сөз жоқ, жеңілдік болды. Өйткені Маркстың айтуынша 700-800 жылға созылған Шыңғыс хан тұқымдарының «жексұрын қансоқталығына» аз да болса тиым салынатын еді. Әрине, оны орыс патшасы қазақ еңбекшілеріне жаны ашығандықтан емес, өз құлқы үшін, хансыз қазақ елін чиновниктер арқылы жеке билеп, жеке қанау үшін істеді. Солай бола тұрса да, бұл бір адым ілгері басқандық еді. Өйткені екі қанаушының бірі, әсіресе, 800 жылға созылған «жексұрын қансоқталық» кемитін еді. Екіншіден, ортағасырлық хандық құрылыс казақ ішіне капитализмнің кіруін бөгеп, экономикада натуралдық қалыпты сақтап отыратын еді. Сондықтан хандық институтының жоғалуы қазақ халқы үшін дұрыс қадам болды.
Қазақ халқының Кенесары соңына ермей, Россиямен бірге болуды тілеуінің тарихи зор мәні бар еді: 1) Кенесарыға еріп кеткенде, қазақ еңбекшілері орта ғасырдың шырмауында, қол-аяғын жаза алмай отырған, қаусаған шірік хандықтардың біреуіне тәуелді болып, ақыры ағылшын жыртқыштарының құлдығына түсетін еді. 2) Қазақ елінің быт-шыт болып тозу қаупі болды. Өйткені, Кіші жүз қай жағынан болса да Россиямен біріккен. Ол, сөз жоқ, одан айырылмайтын еді. Олай болса, тұтас қазақ елі бірнеше хандықтарға бөлініп, Қытайдың, Орта Азия хандықтарының, Россияның қол астына бытырап кетіп, халықтығынан айрылатын еді. 3) Шаруашылық тұрмыс құру жөнінен шығыс хандықтары қазақ халқының отырықшылануына, егіншілік кәсібіне айналысуына жол бермейтін еді. Өйткені, оның өзі ескі ортағасырлық тұрмыста болды. Ал бұл кезде қазақ елінің ұлы жүзден басқасында Россияға қосылу арқылы егін, отырықшылық, сауда қатынасы күшейді. 4) Россия тек патшалық Россия емес еді, халықтық-бұқаралық Россия да бар болатын. Орыстық халықтық-бұқаралық мәдениеті де өсті. Бұқаралық Россия өзімен отырған елдердің болашақ Абай, Ыбырай, Шоқандарын туғызуға әсер етіп отырды.
... Кенесары генерал Горчаковқа жазған бір хатында: «Орта жүзден кетіп барамын, өйткені бастықтардан да, қол астында отырған халықтардан да ешбір мейрім таппадым, бәрі де жаулық етеді»,– деп мойындаған. Бұдан шығатын корытынды: Кенесары Орта жүзге сия алмай, халық қаһарына қарсы тұра алмай, зытып отырған.
Бірақ, оның Орта жүзден Кіші жүзге ауысуы тегін емес. Өзінің ескі достары Хиуа, Бұқар хандықтарына жақындап көмек алу болған. Өйткені, ол орыс патшасына қарсы халықтық азаттық күресіне басшылық етем десе, сол кезде шыңына жеткен нағыз халық қозғалысы Исатай – Махамбеттің күресіне қосылуы керек еді. Керісінше, ол – оған жау болған. Жаппастың ішінде Наурызбай тобы Махамбетке қарсы оқ атқан. Ал оның керісінше ел талаушы Жанғожамен бірігіп кеткен. Жанғожа екеуі тізе қосып алып, бейбіт өмір сүріп отырған қазақ ауылдарын Созақ, Сайрам қалаларын шапқыншылыққа ұшыратқан.
Кенесары Кіші жүздің жеріне келіп орналасқаннан кейін өзінің «әскери күшін» молайтып алу үшін неше түрлі сұмдық айла-амалдар істеген. Орынбордың генерал-губернаторы Перовскиймен, Хиуа, Коқан хандығымен Жанғожа Нұрмағамбетұлы сықылды ел тонаушылармен жақсы қарым-қатынас жасаған. Перовскийге жазған бір хатында:«Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым да келмейді...»,– деп жағымпаздана келіп, осы келіп отырған жерінен қозғамауын тілейді»,– деп баян етті.
Дәл осы мақаладағы тарихи шындыққа жақын пікір – егер сол тұстағы саяси, шекаралық құрылым сақталып қалса, онда қазақ халқы телімденіп, үшке бөлініп, құрып кетеді – деген пікір. Бұл қауіп, қашан «Алашорда» көсемдері 1920 жылы тамызда Қазақстанның бүгінгі территориясын анықтап, Ленин қол қойғанға дейін төніп тұрды.
Ал Кенесарының рухани саладағы келтірген кесірі «Әдебиет және искусство» басылымының 1951 жылғы №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақалада әшкереленді. Онда:
«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.
Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаиылов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М.Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан Жазушылар Одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.
БК(б)П Орталық комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2-июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16-июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнінде ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі,– деп жазды «Правда» – оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу – ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі»,– деп атап өтілді.
Кенесары туралы дау-дамай мен жаулық іздеу мұнымен де тоқталмады. Қазақстан Компартиясы бұл кезде үлкен саяси қарар дайындап үлгерді. Тарихшы Ә.Тәкеновтің мағлұматы бойынша:
«1951 жылы 14-тамызда ҚК(б)П Орталық комитеті «Қазақстан совет жазушылары Одағы жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктер және оларды жою шаралары туралы» қаулы алды. Тек 1951 жылдың көкек-қазан айлары аралығында 30 пьеса мен 174 ән текстері репертуардан шығарылды».
Тарихта көркем шығарманың сотталған жайлары кездескен, ал әннің сотталуы тек кеңес тұсында ғана орын алды. Сол әндердің сазы қалғанымен де, сөздері уақытпен бірге тылсымға сіңіп кетті. Ұмытылды. Оның өзі жеке бір дербес әңгіме.
Міне, осы «Жазушылар Одағының жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктерге және оларды жою шараларына» байланысты 1951 жылы 24-тамызда Орталық комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатысқан Жазушылар Одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Ысқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақcтан Жазушылар одағындағы өрескел қателер мен кемшіліктер туралы және Қазақстан К(б)П Орталық комитеті бюросының 1951 жылғы 14-тамыздағы қарарына байланысты міндеттер» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.
С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, керітартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан Кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.
Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекхожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаиылов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды»,– деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.
Қатарластарының арасында аса сақ әрі аңғал: «Өзім де қумын. Он жетінші жылғыдан әріге аяқ баспаймын»,− деген сөзі мәтелге айналып кеткен Тайыр Жароков та осы науқанның тұсында атой салып шықты. Еркімен шықты ма, жоқ, тобырға ілесті ме, қайдам, алайда оның сөзінің астары Сәбит Мұқановтан бастап Қасым Аманжолов пен Халижан Бекхожин сияқты қазақ поэзиясының майдангер ақиықтарын найзаның ұшына іліп берді.
Тайыр Жароков (мазмұны): «БК(б)П ОК-нің Жазушылар одағындағы ұйымдық және шығармашылық жұмыстардағы осы уақытқа дейін жіберіліп келген өрескел саяси қателер туралы қарары өте орынды және оның түп тамыры Қазақстан Жазушылар Одағының басшыларының ұйымдастыруда жіберген селсоқтығында жатыр. Оның басты себебі, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов және басқалар сияқты аға жазушылар ұйымдық және шығармашылық жұмыстан өздерін шет ұстайды. Бірін-бірі іш тартқан таныстық қарым-қатынастар, селсоқтық, әсіресе аға буынның арасындағы сын мен өзара сынның жоқтығы, марксизм-ленинизммен жеткілікті қаруланбауы, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов қатарлы жетекші жазушылардың бойынан идеологиялық өрескел бұрмалаушылық пен буржуазиялық ұлтшылдықтың орын алуы, тым масаттанып кетуі, менменсуі, одақтың жұмысына, шығармаларды талқылауға араласпауы, өзінің туындыларын талдауға ұсынбай, бірден баспаға өткізуі осындай қателіктерге жол берді.
Соның нәтижесінде Бекхожиннің, Аманжоловтың, Тәжібаевтің туындыларындағы өрескел қателіктерді КБАП(б) ОК-і орынды сынады. Сын мен өзара сынның, саяси-тәрбиелік жұмыстың жоқтығы Бекхожин мен Аманжоловтың өмірден қол үзуіне, Аманжоловтың жалаң эстетикаға, Тәжібаевтің символизмге, Бекхожиннің буржуазиялық ұлтшылдыққа ұрынуына алып келді. Соның нәтижесінде идеялық жат туындылар, топшылдық пайда болды. Тез өсіп келе жатқан ақын Бекхожин 1940 жылы бәрімізге белгілі «Науан батыр» дастанын жазды, онда Кенесары Қасымов пен оның інісі Науан барынша дәріптелді. Кенесарыны қазақ халқының көсемі ретінде асқақтата жырлады, ал біз оның тек қазақ халқының ғана емес, орыс пен қырғыз халқына да қарсы күрескенін білеміз. «Науан батыр» дастанында Бекхожин: Наурызбай өзінің қаһарлы ағасын сүйді, туған тауларын сүйді, халқын сүйді,– дейді. Бұл жолма-жол аударма әлсіздеу болуы мүмкін. Бірақ оның ойы айқын.
Батырлар сүюші еді Кене ағасын,
Кененің кең пейіштей Сарыарқасын,– дейді. Немесе:
Қазақ ек ала киіз туырлықты,
Такаббар, менсінбеуші ек басқа жұртты,–
деп Бекхожин бұл сөзді Кенесарының бауыры Науанның ойымен жеткізеді.
1944 жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Кешегі Кенекеме тартып туған,– дейді.
Ол қазақ жауынгерлеріне осылай бағыт береді.
1948 жылы Бекхожин өзінің жинағында колхоздың шопаны туралы: «Отарлы қой итарқада жатыр күйсеп»,– деп жазды. Ақын Бекхожин – кеңес азаматы, ұлы отан соғысының қызған кезінде бір жауынгерді өзінің өлеңінде Кенесарыға ұқсаңдар деп үгіттейді, ал екінші өлеңінде колхоздың қойшысын «софыға» теңеп, әулие жасағысы келеді. Сөйтіп ол қазақ даласын қалай сүйсе де, Бекхожин сүйген дала – революцияға дейінгі кейбір ақындар суреттеген дала, міне, Бекхожиннің бұл туындысы осындай бояу арқылы ұлтшылдықпен үндесіп жатыр. Бұл туындылар еліміздің қоғамдық өмірімен, өндіріспен, колхоз құрылысымен байланыспайды, керісінше, революцияға дейінгі Қазақстандағы өлеңдерде айтылатын қайдағы бір діни ағымдағы софымен жалғасып жатады.
Мұның барлығы бізге, Бекхожин жолдастың дұрыс жолмен жүрмегенін, Қазақстанның тарихын бұрмалап, Кенесарыны дәріптегенін, өзінің соңғы туындыларында бүгінгі күннің шындығын боямалағанын айтуға мәжбүр етеді. Бекхожин «Мариям Жагорқызы» дастанында да өрескел қателер жіберді. Алайда, кейбір жолдастар, орыс қызының тағдырын мұсылмандықты қабылдаумен аяқтайды – дейді, ондай жағдай бұл дастанда жоқ, ондай өрескел ұлтшылдық та жоқ!
Бекхожиннің ақын замандасының бірі Аманжолов, оның да фамилиясы ҚК(б)П Орталық комитетінің шешімінде аталып өтеді. 1951 жылы 14-тамыздағы осы қаулыда Қасым Аманжоловтың фамилиясы ұлтшыл қателіктер жібергендердің қатарында аталады... Қасым Аманжолов «Жалған дүниеге менің де бабам кетті»,− деп өкінеді. Бұған автор ғана емес, оны қарап шыққан адам да кінәлі. Ал 1951 жылы жазған өлеңінде бұрынғы азиялық шығыстың аңызға айналған құдіретін жоқтады. Сондықтан да Аманжолов БК(б)П-ның қаулысына тегін аталып отырған жоқ. 1940 жылы ол Кенесары туралы дастан жазды. Оның жарияланбағаны жақсы болды. Бұл арада ол өзінің сол кездегі жанқияр досы Бекхожиннан кем түскен жоқ, дастан жарияланбағанымен, егер жаны, миы елжіреп тұрмаса, былай жазбас еді. «Сарыарқа» жинағында қазақ даласы орыс жерінен, қазақ халқы орыс халқынан бөлек алынып көрсетілген. Бұл мәселеге С.Мұқанов жолдас тиянақты түрде тоқталғандықтан да, назар аударып жатпаймын. Сол жинаққа кірген «Ертіс» атты өлеңінде: «ол өзен менің кеудемде толқын атып жатыр» – дейді. Егер Ертіс өзені болмаса, сол Арқа болмаса, социалистік құрылысты орнатып жатқан қазақ халқы өзінің батырларын, ғалымдарын, жігіттерін тудырмас па еді? Бұл арада ол Сосюра сияқты қазақ даласын біздің Отанымыздан бөліп алу арқылы саяси қателік жіберген (уақытыңыз бітті)»,− деп айып таққан.
Иә, туған жеріңді жырлаудың өзі де «саяси қателік» болған заманды біз де бастан өткіздік-ау! Артында отаны, жері, туған елі туралы бір шумақ өлеңі қалмаған талантты ақынның тегеуіріні осындай үрейдің салдарынан еш кетті.
Бұл науқаннан партияда жоқ жазушы, бірақ сол кезде оны мүшелікке қайтадан қабылдау мәселесі көтеріліп жатқан, сөйтіп уақытша алдарқатуға түскен Ғ.Мүсірепов те қалыс қалмады.1932-1937 жылдары Мирзоянның тұсында М.Әуезовтің «жеке рецензенті» (бұл міндет кейін Қ.Жұмалиевке жүктелді) болған Ғабит Мүсірепов «қолына қалам алды». 1947 – 1953 жылдардың арасындағы Ғ.Мүсірепов араласқан сөздер үнемі төмендегі сипатта өтті және осындағы аталған шығармаларға қарап әңгіме қай тақырыпта қозғалып отырғаны (проза, драма, эпос, т.б.) туралы бірден аңғаруға болады. Біз сол пікірлердің бір парасын ғана берумен шектелеміз.
Ғ.Мүсірепов: «Қазақстан К(б)П партиясы Орталық комитетінің кеңестік Жазушылар Одағының жұмысы туралы соңғы шешімінде: біздің әдебиет майданымыздағы буржуазиялық ұлтшылдықтың қалдықтарын түбірімен жойып, тазалауды және оның жаңадан өршуіне мүмкіндік бермеуді заңды талап етіп, қатаң ескерту жасады. Қазақ әдебиетінің даму жолы – жас әдебиетті артқа тартып, кеңес әдебиетінің революциялық жолынан бөлектенуге жетектеген осынау бір басты зиянкестікке қарсы күресумен қалыптасты. БК(б)П және Қазақстан К(б)П Орталық комитеттерінің соңғы жылдардағы идеология саласындағы көптеген мәселелер бойынша қабылдаған шешімдері, бізге, Қазақстан жазушыларына, көпшілігіміздің көптеген зиянды, идеясыз, буржуазиялық-ұлтшыл шығармаларымызды әшкерелеуге көмектесті».
Партиядан тысқары қалса да, ол кімді қолдаса, сол жақтың пікірі басым түсетін Ғабит Мүсірепов өзінің қашанғы әдетімен тура осы науқанда да тұлғалардың сілкілесуін сырттан бақылап, миығын тартып, соңында өзі де араласқансып сыздықтай сөйледі. Бұл – мысқыл емес, нақты өмір көрінісі. Соның нәтижесінде бейбіт өмірде – батыл, саяси науқанда – баспақ, Мұқанов пен Әуезовті теңшей салмақтаған «талқы таразысы» қалпын 1947 – 1953 жылдар арасындағы аласапыранда да сақтап қалды. Мысалы, 1952 жылғы 11-сәуірдегі драматургия туралы мәжіліс те сілкілесусіз өткен жоқ.
Ғ.Мүсірепов: «Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз. Бұған, ең бірінші Одақтың төрағасы ретінде Мұқанов кінәлі, сонымен қатар, коллегиялды түрде басқаруға атсалысуға тиісті Төралқаның мүшелері – біздің де кінәміз аз емес».
Ол М.Әуезовке қосып С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті. Әр сөзін есептеп, терең саяси астар беріп, нығызданып тұрып, нығыздап сөйледі.
Ғ.Мүсірепов: «Қазақстан Жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. Бұл біздің күресіміздің әлсіздігін, қатаң партиялық тәртіпті сақтай отырып жүйелі түрде, батыл және ашық күресе алмағанымызды танытады... Ұлтшыл қателікті сынаудың орынына сынды мещандық күрестің құралына айналдыру дегеніміз, біріншіден, сынның бүкіл саяси мәнін жою болып табылады, екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды!»,– деді.
Бұл жолы да екі арыстанның жұлқысуын қостамағандай көрінгенімен, «партияны және көпшілік бұқараны» жаңа қауіптен «сақтандырды».
Ғ.Мүсірепов: «Өткеннің мәдени мұраларын игеру мәселесін әлі қозғағамыз жоқ. Соған қарамастан, өткен күн мен фольклор тақырыбына арналған біздің біраз туындыларымыздағы идеялық жағымсыздықтар туралы хабарлар одаққа түсіп жатқан сыңайлы. Біз, бұл тұрғыдан алғанда Мүсіреповтің – «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері», Әуезовтің – «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Айман – Шолпан», «Бекет», «Ақан сері – Зайра», «Қобыланды», Хұсайыновтың – «Шаншарлар», «Алдар Көсе», Тәжібаевтің – «Ұшқыш кілем», «Біз – қазақпыз», «Күмбез», Жұмалиевтің – «Едіге» сияқты тағы да басқа пьесаларды қайта қарап, қайта бағалауға міндеттіміз. Өткеннің мұрасын сыни көзбен игеру тұрғысынан қарағанда бұл туындылардың бәрінің де кінәраттары бары анық. Мысалы, «Қозы Көрпештің» Мәскеу драма театрындағы қойылымы барысында маған Қодар бейнесін жаңаша шешу керек болды, оның санасы оянып, белгілі бір дәрежеде өзінің кінәсін жуғысы келеді. Сонымен қатар, осы жанрдағы біраз туындыларда эпосты қайта қорытуда ұлтшылдықтың тиірменіне су құятын тұстардың бары анық. Осы орайдан алғанда, менің ойымша, Тәжібаев жолдастың шығармашылығы ерекше көмек күтіп тұрғандай»,– деп келер күндерде алдарынан тосып тұрған эпос пен фольклор туралы талқылы жаңа науқанды емеуірін ете сөйледі.
Бұл – Ғабит Мүсіреповтің жеке басының ғана «көрегендігі» емес, кеңес өкіметінің партияның басшылығымен қақпайлап әкеле жатқан идеологиялық арандату саясаты еді.
Ғ.Мүсірепов: «Мұндай жайсыз жағдайға душар болудың басты себебі, одақтың басында отырған жетекші жазушылардың өздерінің біразының ұлтшылдық пен идеясыздықтың дертіне ұшырап келуі және қазір де сонымен ауырып жүр. Сондықтан да бізде принципті-партиялық біртұтас ұстаным жетіспеді, қазір де жетісіп отырған жоқ, соның кесірінен сын мен өзара сынға үрке қараймыз. Осыған орай ұйымның алдына бір сұрақ қойғым келеді: осындай жағдайсыз жағдайға олар тосқауыл қоя ала ма? Қазақстан Орталық комитетінің соңғы қарарында көрсетілгеніндей, әдебиет майданын ұлтшылдықтан және одан басқа да идеясыздықтың қоқсығынан тазалау қолдарынан келе ме? Әрине, сөзсіз қолдарынан келетіні даусыз. Алайда ол үшін біздің одағымыз, оның ішінде басшылар, кеңес әдебиетінің жоғары идеялық-көркемдік талабының деңгейіне көтерілуі тиіс. Ол үшін, бірінші, партиялық сын мен өзара сынды принципі түрде жүзеге асырып, іс жүзінде төзіп болмайтын ақсақалдық өктемдікті доғару қажет.
Большевиктік сын қазір ұлтшылдық пен идеясыздықтың түп-төркінін терең ашып беріп отыр. Бұған тек осы дертке ұшырағандар ғана емес, сонымен қатар өзге де өзімшілдік пен тағы да басқа қасақаналықты мақсат еткендер ғана таласуы мүмкін. Партиялық сын мен өзара сын біздің көпшілігіміздің бойымыздағы ұлтшылдық пен өзге де қателіктеріміздің қыртысын ашып беді. Мұны жоюға бағытталған сынның аса пәрменді күшінің орыны үлкен. Біздің уақытымыздың көпшілігі бұрыннан белгілі, дәлелденген, таптауырын болған нәрселерді мыжғылаумен өтеді, ал одан шығудың жолы аз айтылады.
Большевиктік сын нені ашып берді? Большевиктік сын кейбір жазушылардың пікірі Кенесары Қасымовты дәріптеуде буржуазияшыл-ұлтшыл Бекмахановтың пікірлерімен ұштасып жатқандығын көрсетті. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, С.Мұқановтың «Балуан шолақ» повестінде, «XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», Жұмалиев пен Исмаиловтың оқу құралдарында, Бекхожиннің шығармаларында Кенесары халықтың көсемі ретінде, ал, оның көтерілісі прогрессивті болып көрсетілді. Олардың бұл еңбектерінде ұлтшылдықтың екінші беті − орыс халқына қарсылық көп орын алды. Бұл Исмаиылов пен Бекхожиннің ұстанымы ғана емес, сонымен қатар олардың ондаған жылдар бойы жүргізіп келе жатқан жүйелі әрекеті. Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Ол аз десеңіз, жазушы ретінде, ғалым ретінде жинаған барлық беделін әдебиеттің жас мамандарын тура сондай ғылыми ұстанымда дайындап келгені де даусыз. Басқа ешкім емес, тура Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді. Мұқанов жолдастың өрескел қатесі де бұдан кем соқпайды. Ол өзінің «Очерктерінде» Едіге мен Қобландының, Кенесары мен Наурызбайдың, Көтібар мен Есеттің арманы Аманкелді Имановтың Октябрь революциясындағы күресі арқылы жүзеге асты деп жазды. Бұдан большевик комиссар Аманкелді Иманов, Едіге мен Кенесарының арманы мен мақсаты үшін күрескен болып шығады. Сөйтіп, Сталин жолдас қазақтың Чапаевы деп атаған Аманкелді Иманов Социалистік Октябрь революциясының жемісі емес, Едігеден бері келе жатқан феодалдық қоғам батырларының ұрпағы болып қана қалады»,− деп бұларға тарихшылар Толыбеков пен Қыстауовты да қосақтап қойды.
Сөзінің соңында «ақсақалдықтың дертіне» қайтып оралып, сын мен өзара сынның «үлгісі» ретінде өзін де іліктіріп:
«Ең соңғы жазылмай келе жатқан дертіміз, біздің барлық таластарымыз бен шығармашылық талқылауларымыздың шылауына оралып қалмай келе жатқан ауруымыз, ол − жекелеген жазушы жолдастардың ұлтшылдық қателіктерді өзінің әдебиеттегі бірінші орында екенін дәлелдеуге ұмтылған күрес құралына айналдырып отыр. Жолдас Тәжібаевтың пайымдауынша: Мұқанов қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы деген атқа ие болуы үшін Әуезовпен бақталастырып жүрген көрінеді, ал Саин болса, Орталық комитеттің отырысында ешқандай шімірікпестен: Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов үшеуі әдебиеттің ақсақалы атану үшін өзара бақталастырады,− деді. Сын мен өзара сынды өрістету барысында топшылдықтың көрініс беретінін жоққа шығармаймын, керісінше, өзімді де, өзгені де осы бір ұлттық дерттен сақтануға шақырамын. Бұл − ондай дерт менде жоқ дегендік емес»,− деп ойын қорытты.
Бұл да сол қызылөңеш кезеңге тән тақыс тәсіл. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол ұлтшылдық деген не және оны қалай тану керектігі жайлы ұзақ толғап, айтарын әріден бастады:
М.Әуезов: «Осында қатысып отырған жолдастардың бәріне де белгілі, соңғы он күнде, соңғы бір айда мерзімді басылымдар мен республикалық газеттерде БК(б)П Орталық комитетінің «Звезда» мен «Ленинград» журналдарындағы қателіктер туралы тарихи қарарының қабылданғанына бес жыл толуы аталып өтіп жатыр. Соған орай осы біз талқылап отырған мәселе бойынша одақтас республикаларда да мәжіліс өтіп жатыр. Мұның үстіне «Правда» газетінде «Әдебиеттегі идеологиялыық бұрмалаушылықтар» жөнінде мақала да жарияланды. Біздің әдебиетімізге қатысты үлкен жиналыстар өзімізде де өтті. Бұл өзіміздің Орталық комитеттің 1951жылғы 14-тамыздағы қаулысынан да көрініс тапты. Қазір барлық жерде және бәрінің алдына бір ғана өте үлкен, өте маңызды, өмірлік мәні зор идеология майданын тазалау, соның ішінде, әдебиеттегі ең үлкен олқылық – бүкіл бір ұйымды, жекелеген жағдайда – көптеген жетекші жазушыларды – ұлтшылдықтан арылту мәселесі қойылып отыр. Буржуазиялық ұлтшылдық дегеніміз – тарихи, саяси тұрғыдан алғанда да оның сүлдесін ысырып тастап, мәңгілік бас тартқаннан соң да, жекелеген жазушылар мен ғылым қайраткерлерінің санасынан оңайшылықпен кетпейтін өміршең құбылыс. Ұлтшылдық дегеніміз – саналы түрде болсын, не санасыз түйсік арқылы болсын, бүкіл қоғамның ағзасына зиян келтіретін күйдіргі болып табылады.
Буржуазияшыл ұлтшылдар, әдебиеттің қазіргі жағдайын талдау барысында анықталып жатқанындай, Украинада, Әзірбайжанда, Белоруссияда, Өзбекстанда да бар, не ана халықтың, не мына халықтың өткен тарихының ұзақтығына, мәдениеті мен тарихының жоғары деңгейде дамығанына, оның көпсанды, не азсанды халық екеніне қарамастан, ұлтшылдықтың бет-бейнесі барлық жерде бірдей. Ұлтшылдықтың барлық көрінісі көптеген жағдайда бір-бірімен өзектесіп жатады, БК(б)П ОК-нің қаулысы мен ұлттық компартиялардың қаулыларында аталған ұлтшылдықты алатын болсақ, олардың жалпы бағыты да, кейпі де бірбеткей екенін байқаймыз.
Мен осы арада, біздің жағдайымыздағы пролетарлық интернационализмге және кеңестік патриотизмге, халықтар достығы жөніндегі лениндік-сталиндік ілімге қарсы тұрушы буржуазиялық ұлтшылдықтың ішкі мағынасын айта кетейін. Буржуазиялық ұлтшылдық – тарихи өркениет атаулының барлығына, біздің халқымыздың өткендегі тарихына, барлық құтқарушы тарихи өркениетке қарсы тұрады. Егерде мұны қазақ халқының тарихына байланыстырып айтсақ, бұл тарих бізге не береді? Өткен уақытта біз Шоқан Уәлиханов, Алтынсарин және Абай сияқты бірнеше жарқын есімдерді ғана білдік. Біздің халқымыздың бақытына қарай, бұл адамдар ұлтшылдықтың шырмауына түспеді, оған тосқауыл қоя білді, өзінің халқының болашағын құтқарушы орыс мәдениетін бағдарға ұстады.
Егерде көзқарастары панисламизммен, пантүркизммен ұштасып, алашордашылармен астасып жатқан ұлтшылдарды алатын болсақ, кеңес өкіметінің шындығы жағдайында қазіргі ұлтшылдардың жолы тарихи өркениетке қайшы келеді. Өткеніміздегі қара түнекті жеңе білген біздің халқымыздың жалғыз-ақ даму жолы бар. Шоқан, Алтынсарин және Абай ту етіп ұстағанның бәрін де ұлтшылдықты жоққа шығарады.
Сонымен, ұлтшылдықтың белгілері қандай? Буржуазиялық ұлтшылдықтың (ұстанымы бойынша) – кеңес одағындағы туысқан республикалардың мәдениет тарихы өзіне орыс мәдениетін сіңірмеуі тиіс, бұдан біз олардың өзінің өткеніне сүйіспеншілікпен қарайтынын, таптық күресті, таптық қайшылықты ескермейтінін, ұлтшылдықтың керітартпашылығын, тарихи қылмысты оқиғаларды жағымды етіп көрсетіп, қасақана теріс баға беретінін байқаймыз. Ұлтшылдық – бір халықтың, дәл қазіргі жағдайда кеңес одағы халықтарының томаға тұйық, өз бетінше дербес тарихи дамуын қалауы арқылы ол көп жағдайда пантүркизммен, панисламизммен ұштасып жатуы мүмкін. Сонымен қатар, Россияның құрамына кірген халықтардың тарихи тағдырына әсер ететін Россияның ықпалына қарсы шығу оқиғаларының бірнеше рет қайталанып отырғанына қарағанда, олардың орыс халқының мәдениетін бағалай білмейтіні және оның ықпалының маңызын жоққа шығаратыны аңғарылады.
Міне, олардың осындай жалпы жағдайдан біздің қателіктерімізге ауысатын болсақ, онда әрқайсымыздың жіберген үлкенді, кішілі қателіктеріміз, осы мәселелердің нақты көрініс табуынан туындап отыр, ол ең алдымен – біздің халқымыздың тарихын оның өзін (құрып кетуден) құтқарушыға қарсы қойып, маңызын жоққа шығарудан, ұлы октябрь революциясынан бастап социалистік мәдениеттің біздің халқымызға бергенінің бәріне қарсы тұрудан көрінеді. Екінші жағынан алғанда, біз бұл арада буржуазиялық ұстаныммен тікелей астасып жатқан орыстардың барлық ықпалына қарсы тар шеңбердегі ұлттық элементтерді көреміз. Егерде осы көзқарас тұрғысынан қарап, өзіміздің қателерімізді сараласақ, өкінішке орай, одан біз жоғарыда аталған өте жағымсыз, өте кірпияз жайлардың біразын табамыз.
Сондықтан да мен бұл сөзімді біздің мекемемізді осындай дерттен тазарту үшін, әр жазушының толық ағаруы үшін ешкімнің бетіне қарамайтын сын, өзара сын тілімен сөйлесу керек. Бұл туралы өткендегі және қазіргі қателіктерге бірдей маңыз бере отырып айту керек. Ескі қателерге жаңа қате деп қарау керек, көркем шығармашылық тұрғысындағы қателіктерді ғана емес, ғылыми-зерттеу саласындағы орын алып отырған қателіктерді де қайта қарау қажет. Соның ішінде, әсіресе, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов сияқты жетекші жазушылардың жіберіп отырған қателіктері баса көрсетілуі тиіс. Ең бірінші біздің атымызды атап, сынағандар әділдік жасаған. Өйткені, бізге деген халықтың үлкен сенімі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бізге жұртшылық үлкен сенім артқандықтан да талап та күшті болуы тиіс, өйткені, олар біздің табыстарымызға қуана білді, енді біздің қателіктерімізді көріп қабағын түйіп, біздің қателеріміз үшін жапа шегіп жүрмеуі керек. Бізді сондай ықыласпен қоршаған халықтың сүйіспеншілігі мен сенімі бізді көп нәрсеге міндеттейді. Бұл арада мен, Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысы туралы талқылауда осыдан 25 жыл бұрын жазылғанына қарамастан өзімнің «Хан Кене» пьесамның зиянды ықпалын айтқамын. Егерде осындай жекелеген әдеби қателіктеріне Әуезов жауап қайтара алмаса, онысы теріс болар еді.
Жекелеген жазушылардың жетістіктеріне бәрімізге ортақ жетістік ретінде халықтың қуана білуі, біздің өз қателіктерімізге батыл қарауымызды қажет етеді. «Жас гвардиядағы» қателігіне қатысты Фадеевке және Симоновтың, Катаевтің, сондай-ақ Корнейчуктың, Ванда Василевскаяның қателіктеріне байланысты көп айтылды, осыдан кейін әрқайсымыз өзіміздің жауапкершілігімізді терең түсінетінімізге сенемін және бұл орайда біздің одақтық мекеменің жетекші міндет атқаруы тиіс деп білемін. СССР Жазушылар Одағының ХІІІ пленумы кезінде атап көрсетілген әрбір қателіктерінің әрбіреуіне сондай салқынқандылық танытып, байыпты сынға байсалды қараған Фадеевтің, Симоновтың мінезіне өте ризашылықпен қарадым. Бұл жолдастарға мен: «Сіздердің бұл байсалды мінездеріңіз бізге де сабақ болады, сіздер – халықтың аса зор ықпалына ие орыс кеңес әдебиетінің жетекші екі жазушысы, кеңес жазушысына қаратылған сынды қалай қабылдау керектігіне үлгі көрсеттіңіздер», – (дедім). Біз мұның лирикалық сүйсініс емес екенін ескерте кетеміз.
Бұл арада үлкен жауапкершілік, саған сенген халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік туындайды. Олар сенің сынға ұшырап, газетке шыққаның үшін – жұртшылықтың саған қатты сеніп қалғаны үшін, сенің кейбір шығармаларыңда адасқаның үшін ұялмайды, бұл арадағы ұяттың мағынасы одан көрі тереңде. Олар: өзіңнің халқың мен жұртшылықтың сенімін дұрыс пайдаланбағаның үшін, ол сенімді зиянды іске жұмсағаның үшін ұялады. Міне, бұл ең ащы, ең ауыр түңіліс.
Сондықтан да мен «Хан Кене» туралы айтып отырмын, мен мұны 1934 жылы сахнаға ұсынбауым керек еді. Бұл буржуазиялық-ұлтшылдықтың ұстанымындағы және пролетарлық бауырластыққа қарсы келетін пьеса болатын. Өйткені оның ұстанғаны – ұлтшылдық болғандықтан да оның орыс халқына да, қазақ халқына да керегі жоқ еді. Кенесары халықтар достығының тамырын отауға ұмтылды, пьеса орысқа қарсы бағыт ұстанды. Кенесары патшаға ғана қарсы күресіп қойған жоқ, мұқым орысқа, сол кезде Россиядан келген нәрсенің барлығына қарсы тұрды.
Халқымыздың бақытына қарай Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары өздерінің де қазақ халқының феодалдық үстем табының арасынан шыққанына қарамастан, олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өздерінің қысқа немесе ұзақ өмір жолында олар өзінің табын ысырып тастап, келешектің иелері еңбекші шаруалардың мүддесін қорғады, олар қырдағы феодалдық-патриархалдық түсініктен бастап орыс мәдениетінің маңызын түсінуге, өзінің артта қалған қараңғы халқының күйінен бастап ұлы орыс халқының озық мәдениетінің тарихи маңызын түсінуге дейінгі күрделі жолдан өтті.
Кенесарыны дәріптеу арқылы, мен, осының бәріне қарсы тұрдым. Сонымен қатар осындай ұлтшылдық қате жіберу арқылы әрқайсымыз жеке өзінің шындығына ғана емес, өзінің өмір шындығына да қарсы тұрды. Мұның барлығын мен осы уақытқа дейін мойындауым керек еді, менің бүгінгі күнге дейінгі жетістігімнің бәрі үшін де орыс мәдениетіне қарыздармын. Маған әліпбидің алғашқы әрпін танытқан, орыс әдебиетіне деген сүйіспеншілігімді оятқан орыс мұғаліміне қарыздармын. Филология ғылымының докторы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты дәрежесіне жеткенім үшін, тіпті бүкіл өмірдегі жетістігім үшін, өткені қараңғы, артта қалған халқымыздың барлық ұрпақтары барлық қазақ жазушылары сияқты, мен де ұлы октябрь социалистік революциясы бәрімізге ортақ қол жеткізген ұлы орыс мәдениетіне қарыздармын.
Біздің бәріміз де осы ұлтшылдық неге орын алып отыр, біздің еңбегімізге және өзімізге қалай сіңіп кетіп жүр, соның барлығына ой жіберуіміз керек. Мен өзімнің өмірлік және шығармашылық жолыма көз сала отырып, қазақ халқының қазіргі жаңа мәдениеті – біздің бүкілодақтық социалистік мәдениет тарихының бір бөлшегі деп мақтанышпен мәлімдей аламын. Мен сонымен қатар, өзімнің екі тілде жазатын жазушы екенімді, екінші ана тілім – орыс тілі екенін ерекше мақтаныш тұтамын. Мен өзімнің бойымдағы барлық парасат мәдениетін ең алдымен орыстың қайнарынан алдым. Соңғы 10-12 жылдағы өзімнің жазушылық, шығармашылық өміріме көз жіберсем, онда қазақ әдебиеті мен тарихының белгілі бір даму кезеңін қамтитын етене бой үйреткен жұмысым, яғни, Абай – біздің идеялық-тарихи мәселелерді, тарихи процесті түсіну барысындағы қатемізді ашуға көмектесіпті. Менің жұмысымда – жазушы-суреткердің және ғылыми зерттеуші қызметкердің міндеттері аталған жайлар бойынша шығармашылық тұрғыдан тоғысып жатады. Менің кейіпкерім ұлтшылдыққа қарсы жүрді, ал мен сол кейіпкеріммен өмір сүре отырып, ұлтшыл қателікке ұрынуым мүмкін. Сол кемшіліктерімді шынымен мойындай отырып, кейде өткен күндердің идеологиясының қалдықтары мен қателіктері бәріміздің де сезім иірімінде қалып қоятынын да жасырғым келмейді. Сондықтан да ол қателіктер туралы бізді қатал сынап, бізге қатаң талап қойып отыру керек.
«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томында кеткен қателіктерге келетін болсақ, оған редактор ретінде қаншалықты дәрежеде жауапты екендігімді айтып өткен болатынмын. Оның ішінде Кенесары туралы тарау қатты сыналды. Бұл еңбекті біз қайтадан қарап жатырмыз, авторлардың жаңа құрамының көмегімен ол қателікті жөндейміз деп ойлаймын.
Енді Жазушылар одағы тарапынан кеткен қателікке байланысты екі ескерту айтқым келеді. Ол драматургия, оның ішінде жеке бір пьесаға қатысты пікір. Мүсірепов дұрыс айтты, бәрі де, оның ішінде Әуезовтің де, Мүсіреповтің де эпостық фольклордың негізінде жазылған тарихи пьесалары да қайта қаралуы тиіс. Бұл өзгертулер біздің халқымыздың бүгіні мен өткеніне қатысты бүгінгі күннің дәл қазіргі талабына сай жүргізілуі тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда біздің жағымды кейіпкерлеріміздің бейнесін қайтадан қарауға тура келеді».
Әңгіме – қазақ ішіндегі әңгімеге ойысқанда жоғарыдағы өршіл идея бәсең тартып, кілт бұзылады. Өзін-өзі әшкерелегенінің есесін қайырғысы келгендей, біздің ойымызша өзінің «жалғыз салт атты көрінбеуі үшін» ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді. Бұрынғы айтылған пікірінің негізге ала отырып, оны үстемелете жеткізді. М.Әуезов:
«Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасына тоқталғым келеді. Бұл пьеса кәнігі ұлтшыл, орыс халқына жаны қас болған панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ол – Ақан сері Россиядан келген орыс шаруалары мен қоныс аударушылардың қазақ жеріне орналасуына саналы түрде қарсы күрес жүргізген. Патша өкіметі тентіреткен, жерсіз және панасыз қалған шаруалардың шарасыздығын ол білген. Қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған... Ол көзінің жасын көл етіп төккен қазақтың ауызымен: «Біз оның (патшаның – Т.Ж.) мұжықтарға бауыздап беретін лағы сияқтымыз!.. Патшаның сүйікті ұлдары келген соң бізді өлексе сияқты лақтырып тастай салды», – деген сөз айтқызады. Байқап отырғандарыңыздай, бұл арада орысқа қарсылық анық байқалады және бұл: Россияда қазаққа орын жоқ – деген түжырымға әкеп тірейді. Ақан сері патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсайды, халықты исламияның жетегінде жүруге, панисламизмге үгіттейді. Міне, Ақан серінің насихаты қайда бағытталған? Мен Ақан серінің әндері мен музыкалық әуендері болған жоқ деп тұрғамын жоқ, олар бар, бірақ ол қалдырған сол мұралар несімен тамаша? Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, ол халыққа мүлдем жат, оңаша өмір сүрді. Ол ақын ретінде «Құлагер» деген атының өлімін, қыранының ажалын, жас кезіндегі қыздарға ғашықтығын, өзінің кешігіп келген басқа кезекті үшінші, төртінші қызға махаббатын жырлады. Осы қайшылықтардың барлығын ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалау қажет. Алайда бізде ол жұмыс істелмеді. Керісінше, Ғ.Мүсірепов жолдастың бұл пьесасы 10 жыл бойы барлық театрларда, соның ішінде академиялық театрда үзбей қойылып, бұл адам тұрақты түрде насихатталып келеді. Осы сияқты тарихи тұлғаларды бағалау мен жалған трактовка арқылы оларды сахнада насихаттаудың, тіпті Кенесары туралы жалған трактовкадан айырмашылығы қандай? Міне, осыны да ойластырған дұрыс»,– деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Тағы да қайталап айтамыз, Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Сондай-ақ, осы тұста Ғ.Мүсірепов партиялық топтың жағына шығып (Орталық комитеттің хатшысы І.Омаровтың ұсынысымен партиялылығын қалпына келтірудің шаралары қарастырылып жатқан), Н.Н.Поспеловтың, Сәрсековтің баяндамаларына сырттай кеңес бермеді ме екен деген күдік те ұялайды. М.Әуезов 1950 жылы Мәскеуден Ысқақ Дүйсенбаевқа жазған хатында:
«Бұл қалпында Ғалиге (Әбетовке) қайтадан бірталай жұмыс істеу қажет. Ең әуелі Ақан туралы бұндай ұзақ жазбасын. Мен Ақанның әлеуметтік тақырыптардағы өлеңдерін түгел көргенім осы еді...»,– деп жазған болатын.
Сол жолы Ақанның жапандағы жалғыздығы «Құлагердің» қасіреті емес, дүниеден баз кешкен софылықтың салты екенін, тәркі дүниелік философияға бой ұрғанын терең сезінген сияқты. Мүмкін, Мағжанның мақаласы да жадында жаңғыруы мүмкін. Қалай дегенмен де сол әсердің таты осы пікірге жұғып қалғаны анық.
М.Әуезов (жалғасы): «Біздің алдымызда тұрған жауапты міндеттің бірі – қазақ әдебиеті тарихының бағдарламасын жасау. Біздің бағдарламамызда бір тосаңсу белгісі бар. Ол қазақ кеңес әдебиетінің жолын орыс кеңес әдебиетінен бөліп тастап отыр. Орталық баспасөзде көптеген мақалалар басылады, бірақ біз оны насихаттамаймыз, аударып баспаймыз.
СССР Жазушылар Одағының ХІІ пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы талқыланды, онда бізді сынады да, мақтады да. Бірақ біз пленумнан қайтып оралғаннан кейін біз жағдайды өзгерттік пе, орыс жазушылары айтқан сол пікірлерді біз насихаттадық па? Жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда бізде томаға тұйықтық анық байқалады, қазақ әдебиетінің дамуы бағыты орыс әдебиетінен бөлініп қарастырылады. Қазір өре жайылуға мүмкіндік жоқ, алайда мұның барлығы, қордаланып қалған шығармашылық жүк кейде бізге зиянын тигізді, әдеби процестің жалпы жағдайына әсер етті, бұдан былайғы шығармашылық жұмысымызды қатал, принципті және тура сын мен өзара сын арқылы қайта құруымыз керек. БК(б)П Орталық комитетінің соңғы шешімін мен әділетті, нақты мақсаттарға жұмылдырылған шешім деп қабылдаймын»,– деп сөзін аяқтады.
Ғ.Мұстафин: «Жазушылардың ұжымын біріктіре түсудің орынына, жазушылардың шығармашылық қуатын партия мен үкіметтің жазушылардың алдына қойған міндетті орындауға бағыттаудың есесіне, Жазушылар Одағының төрағасы С.Мұқанов жолдас қажетсіз іспен айналысты. Әуезовке деген жеке басының жеккөрініші оны шектен шығарып жіберді. Мұқанов жолдас буржуазияшыл-ұлтшылдықтың барлық көрінісін тек Әуезовтің шығармасынан табады және мұндай өрескел бұрмалаушылықтар С.Мұқановтың өзінің де шығармаларында аз кездеспейді. Осы уақытқа дейін өзінің қателігін мойындамақ түгілі, ол қателіктерін түзеген де жоқ, керісінше, дәл осындай қателіктерді талдау барысында Жұмалиев пен Бекхожин жолдастар сияқты өзінің жақтастарын қолдап отырды. Жолдас Әуезов өзінің қателіктерін бірнеше рет мойындады, алайда ол қатені түзетуді қолына алмады. Мұндай ауыр идеологиялық бұрмалаушылықтың оған қарсы сөйлеген басқа жазушылардан да кездесетіндігіне көңілі тоғайып қалды».
Партияның оқшантайындағы үмітті тұлғалар ғана емес, ғылыммен, шығармашылықпен айналысатын зиялылар да мінез көрсетіп қалды. Беймәлім әрі тұрпайы көрінетін жайлардың астарын кейінгі оқырман дұрыс түсінсін деген ниетпен, сол айтыста басты айыпкерлердің қатарына қосылған және өзара пікірлес, айтар сөзін алдын ала келісіп алған Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожиннің, Қ.Аманжолов пен Қ.Бекхожиннің арасындағы мына оқиғаның көрінісін әдейі алдын-ала келтіреміз.
Е.Исмаиылов (осы талқыдағы сөйлеген сөзінен): «Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битый, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген»,– деді»
Кенесары мен Наурызбайды ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, тәуелсіздіктің туы, намыстың көк семсері ретінде арғы атасы – Шыңғыс хан мен Жошыдан, бергі атасы – Абылай мен Қасымнан бастап жырлаған, «Ақсақ құлан», «Қаз оты», «Наурызбай – Қаншайым» атты дастандардың авторы, Кенесары көтерілісі туралы қазақ ақындарына тікелей тапсырма берген Х.Бекхожинді Ә.Тәжібаев өзінің сөзінде «төрелердің толғаушысы» атандырып, Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Е.Исмаиыловтан кейінгі төртінші орынды алатын халық жауы ретінде айыптады. Ол сөздің астарында саяси астармен қоса ақындық бақас бәсеке де қылтиып тұрды.
Ә.Тәжібаев (мазмұндама): «Өкінішке орай, жұмсартып айтқанда, мұндай «ауытқушылықтар» әлі де көзін жойған жоқ. Қазақ кеңес ақыны, партия мүшесі Қалижан Бекхожиннің «шығармашылық жолын» айтсақ та жеткілікті. Ол өзінің «Әдебиет және искусство» журналының 1939 жылғы № 4-5 сандарында жарияланған «Ақсақ құлан» дастанында Шыңғысханды:
Дариға, кешегі өткен әкем Шыңғыс,
Ер еді-ау Күншығыстан шыққан тұнғыш (?),–
деп сарнады.
Бұл шумақтардың идеялық бағытының зиянкестігін дәлелдеп жатпаса да, ақынның көздеген жаулық пиғылы өз-өзінен түсінікті. Шыңғысханға осылай табынудың тамырын қайдан іздеген жөн? Кеңес ақынына хан-агрессордың қанқұмарлығына ашық сұғыну қайдан келді? «Дариға» деп күңіренуінің астарындағы күйзелісті сағынышта не ой жатыр?
Бір кезде контрреволюциялық «Алашорданың» жыршысы Мағжан Жұмабаев өзінің «есалаң жырларында»: «Гүннен туған, Күннен туған, мен шығыстың ұлымын!» – деген сандырағы бар болатын. Міне, Бекхожиннің Шығысы мен Шыңғысының үндестігі қайдан шығып отыр. Осыдан барып, қанішер хан қазақтың бабасы болған бекхожиндік шежіре туған. «Аспан күл, жер мұз боп кетсе де» – деген Жұмабаевтің ұраны осылай бастау алған. «Қазақта Кенекеме ер жетпейді» деген ұранына Бекхожин де қосылып «Науан» атты дастан жазды. Сонда ханның сауынына жиылған батырларды арыстанға, жолбарысқа, бүркітке, сұңқарға теңейді. Наурызбайды ақын «Науан» деп еркелетіп атайды. Ол орыспен достыққа ұмтылған Ахметтің басын кесіп әкеледі, тұтқындарды жылқының жарылған қарынына орап ханға әкеледі.
Міне, дастанның мазмұны осы. Дастанның әр жолына хандық пен ұлтшылдықтың уы сіңген. Дастанның әр сөзі екі халықтың – орыс пен қазақтың бейнесін қасақана қара маймен бояған. Бұл олардың арасында орнаған қайырым мен бауырластықты қаскөйлікпен арандату емес пе? Хиуаның, Қоқанның хандары, Кенесарының өзі де еңбекші қазақты тонап, олардың қыздары мен ұлдарын құлдық пен күңдікке әкеткенін Бекхожин қасақана жасырады, жасырып қана қоймайды, ол қазақтың сорлы халіне орыс халқын кінәлі етіп қояды.
Бекхожиннің суреттеуі бойынша, қазақтар Россияға қосылғанша жақсы өмір сүрді, өз күндерін көңілді, ойын-сауықпен, молшылықта өткізіпті. Бізге бақытсыздықты әкелген Россия екен. Ал Кенесары хан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды қайтару үшін күресіпті. Автор қазақ халқы өзінің ханын сүйіп еді – дейді.
Сонымен, ақынның суреттеуінше: Кенесары жай ғана пенде емес, алланың сүйген құлы, ол қазақты билеу үшін жаратылған. Сондықтан да Кенесарының тұсында «Сарыарқа пейішке» бергісіз болыпты. Қазақ халқын ұлы орыс халқына қарсы арандату үшін айтылған өтірік пен жалаға қоса, дастан ұлттың сезімін улайтын діни сенімді қоздырады. Шығармасын ширықтыра түсу үшін «алашордашылардың» көсемдерінің қатарында жүрген, октябрь революциясына қарсы шыққан, контрреволюциялық көтерілістің қару ретінде өткір дастан жазған ақынның кейбір сөздерін, теңеулерін, жолдарын, кейде шумақтарын тұтастай пайдаланады. Абылай мен Кенесарыны әспеттеген сондай дастандардың бірін революцияның жауы, «Алашорданың» мүшесі Мағжан Жұмабаев «Баян батыр» деп атаған. Бекхожин Жұмабаевтің дастанының атын «Науан батыр» өзгертіп алады. Мағжан:
Бәрінен асып туған батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян,– десе, Қалижан:
Бәрінен айбыны артық батыр Науан,
Қазақта батыр бар ма жеткен оған,–
деп Мағжан Жұмабаевті жол ма жол, сөз бе сөз қайталайды.
Мағжанда батыр Баян қалмақтарға қарсы: «Абылай! Абылай» – деп шапса, Қалижан Бекхожинде Науан орыстарға осылай әскери ұранмен аттанады. Абылай мен Кенесарыны «құдайдың ерекше жаратқаны» туралы сөзді де Жұмабаев Бекхожинге өсиет етіп қалдырыпты. Арызданушының атынан Қалижан Бекхожин Кенесарыға: «Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің, Самсаған албастыдай сонау жаудан»,– дейді. Сөйтіп, орыстарды қазақ халқының жауы ретінде көрсетіп, оларды «албастыдай басып келе жатыр» деп Бекхожин тағы да орыс пролетариаты мен октябрь социалистік революциясына шабыт беруші адамдарды «албастыға», тағы да басқа «жын, шайтанға» теңеген контрреволюционер Жұмабаевтің теңеулерін тірілтеді. Мұндай мысалдарды өте көп кездестіруге болады. Тіпті, шелтиген, шатырайған, сұмдық, ел талаған деген сияқты тағы да басқа теңеулер арқылы орыс солдатын сондай бір сүйкімсіз етіп көрсеткен. Ең соңында «Науан батырдағы»: «Құдая, кер заманға кез келтірдің!»,– деген сөз дәл ме дәл – қазақ халқының жауы, Аманкелдіні өлтірген Міржақып Дулатовтан алынған.
1944 жылы шыққан «Шеру» атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Кешегі Кенекеме тартып туған.
Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,
Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!),–
деп берген батасы да «таң қаларлық».
Көріп отырғанымыздай, Бекхожин «Науан батыр» дастанында Кенесарының Россияға бағытталған қанды жорығын, алынбаған кекті романтикалық көтеріңкі леппен жеткізеді. Ол енді фашизмді талқандап жатқан біздің кеңес офицерін: Есіңе ал кешегі өткен Кенекемді, кек жолында кеудесін оққа тосқан... Кенекемдей ерлікпен атың шықсын,– деп Кенесарының өзіне тартуға шақырады.
Бұл ұран нені білдіреді? Кенесары ханның жолымен жүрген, Кенесары сияқты кек қайтарған офицер кіммен және кімге қарсы оқ атуы тиіс? Мұндай офицердің фашистерге қарсы оқ атуы мүмкін бе? Бұл өлеңінде Бекхожин ашық және бар дауысымен алашордашыл ақындардың ақындық сөздігін пайдалана отырып, «кек» алуға шақырады. Осыдан кейін оның осы «Шеру» жинағына енген «Қазақ ұлына» атты өлеңіндегі: «атаң қазақ разы болсын», «ата қоныс – Сарыарқа разы болсын»,– дегендегі «қазақ», «қазағым» деген сөздің емеуірінін қалай түсіну керектігіне қиналасың.
Бұл жолдар Кенесары туралы дастанның сарынымен тікелей астасып жатыр. Мұндай интонация Бекхожиннің көптеген туындыларынан ұшырасады. Оның өзге тақырыпқа жазған туындыларында да ұлтшылдық сарыны есіп тұрады. Мысалы, «Домбыра» атты өлеңіндегі: Нәзік, тәтті күйіңді тыңдап өстім, Ұмытпас қасиетіңді сенің ешкім. Алтын арфа, күмбірлі оркестрге, Мен сені ешқашанда теңгермеспін», – деген (мазмұндалып алынды – Т.Ж.) жолдарды оқиықшы.
Домбыра – біздің ұлттық аспабымыз, біз оны сүйеміз. Бұрын жалғыз өзінің ғана әлсіз үні шығатын домбыраның үні тек кеңестік Қазақстан тұсында ғана жаңаша күмбірлеп, үлкен ұлттық оркестрге айналды. Алайда оны «даңғырлаған оркестрге» немесе «алтын арфаға» қарсы қоюға бола ма? Әрине, болмайды! Симфониялық оркестр де біздің құндылығымыз, онсыз қазақ халқының мақтанышы опера өнерін ұйымдастыра алмас едік.
Симфониялық музыканы одан әрі дамытуға және қазақ жастарының музыка өнерінің жоғары деңгейіне көтерілуге ұмтылуы, сондай-ақ жас композиторлар мен орындаушылардың орыстың классиалық және қазіргі кеңестік музыканың озық үлгілерін үйренуге тәрбиелеу – біздің міндеттеріміздің бірі болып табылады. Ал Бекхожин «домбыра» деп қасарысып тұрып алса, оны ешқандай оркестрмен, арфамен теңестіргісі келмесе, оған не айтасың? Бекхожин үшін сол бір өткен заман, «солтүстік жұмақ болған» өмір қымбат. Адамдардың ішінен ол «құдай ерекше етіп тудырған» Кенесарыны, Шыңғысханды, Наурызбайды, музыкалық аспаптардың ішінен өткен заманды жырлағанда қосыла шертіп отыруы үшін домбыраны таңдап алады. Ол оның ұлтшыл дауысын өшіретін оркестрден қашады, ол оны тітіркендіреді, сондықтан да оны «даңғырлаған» деп суреттейді».
Тура осы кезде әуелде Қ.Сәтбаевтің тапсырмасын орындап, баяндама жасап жүрген философия ғылымдарының кандидаты Нұрымбек Жанділдин Орталық комитеттің Ғылым бөлімінің меңгерушілігіне ауысып, енді сол Қ.Сәтбаевтің үстінен тексеру жүргізіп жатса да «информация жинау үшін» осы мәжіліске қатысып отырған болатын. «Партияның жан алғыш жан торсығы» Ә.Тәжібаевтің «домбыраның оркестрге» қарсы ұлтшылдық рухтағы соғысы туралы пікірі жадында сақталып қалса керек, араға екі-үш жыл салып барып, Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған кезінде оны қайта жаңғыртып «домбыраны» оркестрден алып тастап, «екі ішекті қу тақтайды» қуғындаған болатын.
Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Ең соңында, «Пионер» журналының 1949 жылғы № 4 санында «Қазоты» деген дастансымағын жариялады. Жақшаның ішіне «Орыс аңызынан» деп жазылған. Туынды мынадай жолдармен басталады: «Ерте, ерте, ертеде, құба қыпшықтың дәуірінде, біздің еліміз қыспаққа алынғанда...» қыпшақ тайпасынан шыққан ағайынды екі адам болыпты. Олардың аттары – Сұрша мен Атырақ екен, екеуі де атақты батыр болыпты. Атырақ жаугершілікке ұшыраған... жат елді қорғауға кетеді. Ол елде Атырақ... емін-еркін өмір сүреді. Сонда:«Бақытқа кенелдіріп, өмірін ойын-сауықпен өткіздірген қай ел?»,– дегенге автор нақты жауап бермейді, тек «Кавказ тауының арғы бетіне» мекзейді. Егерде Каспий теңізі арқылы көрсетілген бағыт бойынша тура тартса, оқырман Түркиядан бір-ақ шығады».
Өзге-өзге, өзіне де ақындық кие қонған Әбділданың мына емеуіріні шабыт емес, шалықтау, шарықтау емес, шабыну еді. Әйтпесе, орыс деректеріндегі «Қап тауының арғы беті» – қазақ даласынан қарағанда «бергі беті, яғни, кешегі Ноғай даласы, бүгінгі Қобан бойы екенін Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алған Тәжібаев жолдас білсе керек-ті.
Ә.Тәжібаев (жалғасы): «Сұрша кенже інісін елге қайтару үшін атқа мінеді. Сұрша батыр бетпақ даланы аралайды. Сол «бетпақ даладан» інісі бала кезінде жақсы көретін Қазоты деген өсімдікті тауып алады. Ол сол гүлді Атыраққа жібереді. Ханға Қазотын әкелген жаушы қобызда ойнай бастайды. Қобыз айрауықтың ащы зарымен боз інгендей боздай жөнеледі. Хан Атырақ қазотын иіскей отырып, қобыздың күйіне қосылып ащы жасын төгеді. Ең соңында ол: жат елінде – сұлтан болғанша, өз еліңде – ұлтан болған дұрыс екен-ау. Туған жерге барамын, ағамды бауырыма аламын,– деген Атырақ өзін «бақыт пен қуанышқа бөлеген» елден кетіп, өзінің «бетпақдаласына» құл болып жүру үшін қайтып келеді.
Автордың жақшаның ішінде көрсеткен «Орыстың аңызынан» дегені оқырманды жаңылдыру үшін қолданылған құр алдарқатудың амалы ғана. Бұл туынды «Науан батырдағы» кейіпкерді көпе-көріне тірілте жырлаған қайырма ғана. Тек бұл арада автор Кенесары «Кавказдың арғы бетінен» аңсары ауа «іздеген» сол бір «ақ орданы», «алтын тақты», «думан мен қызықты» іздеуді ұсынып отыр».
Шыңғыс ханнан бұрын өмір сүрген, орыс жылнамаларында жазылып қалған, Карамзин, Жуковский, К.И.Никитин пайдаланған бұл әфсананы қалайда «қиыннан қиыстырып» Кенесарыға телуі – арандатудың ең арсыз түрі. Қазақша айтқанда, Қалижан Бекхожинді өкпеге ғана емес, өлімге де қиып, басын тігіп беріп отыр.
Ә.Тәжібаев (жалғасы): «Ақын Бекхожиннің жолы осындай. Алайда, оның зиянды ойлары тек поэтикалық шығармаларында ғана емес, ол құрастыруға қатысқан оқу құралдары мен хрестоматиядан да орын алған. Осыған қарамастан, Бекхожин өзінің зиянды әрекетін жұртшылықтың алдында ашық мойындауға тырысудың орынына, оның қатесін көрсетуге болады екен-ау – деген ой қаперіне де кіріп шықпайды. Оның басты себебі, бірінші, ол өзінің кінәсінің ауыр екенін біліп, соны мойындаудан сескенеді, екіншіден, ол өзінің көркемдік ерекшелікті сылтауратып сынды тұншықтырғысы келеді, сөйтіп, оның назарын басқа жаққа бағыттап жібергісі келеді.
Біздің ойымызша, Бекхожин саналы түрде жүріп келе жатқан зиянды жол тым ұзаққа созылып кетті. Кеңес оқырмандарының санасын ірітуге тырысқан мұндай жүйелі жортуылды тамырымен жоятын кез келді. Мұндай «көркем бұрмалаушылыққа» бұдан әрі қарай жұртшылық төзбейді».
Төзбегенде не істеу керек еді? Әрине, «тамырымен отап, жою» керек. Өйткені оның ақындық өмірі «тым ұзарып барады». Замандастарының: «Әбділда өзімнен басқа ақын өмір сүрмесе екен деп тілеуші еді»,– деген қиянатты сөздің растығына сеніп-ақ қалғың келеді. Бұдан артық талдап, түсіндіріп жатудың өзі артық. Төзбейтін теңеулер, «зиянкес бұрмалаушылықтар», Бекхожинді ақын ретінде емес, адам ретінде көзін жоюды көздеген Ә.Тәжібаевтің ұзақ жылдарға созылған, біз әдеп сақтап, пайдаланбай кеткен деректердегі бар пиғылы осы сөзден соң ашылып қалғандай. Осы пікір таласы туралы естелігін тыңдап, «Батыр Науан» дастанын «Жұлдыз» журналына жариялауға рұқста беруді өтінгенімізде, арыстан ақынның жүректегі үрейі қайратты қою мұртын тікірейтіп шыға келді. Жағдайды түсіндіргенімізде түсі жылып, әлсіз саусақтарымен қаламын ұстап:
«Мен «Батыр Науан» атты бұл дастанымды қазіргі кезден елу бір жыл бұрын, әдебиетке жаңа ғана қатыса бастаған жас албырт шағымда жазған едім. Сол тұста қазақ советтік автономиялық республикасының құрылғанына жиырма жол толуына арналға «Тарту» атты өлең, әңгімелер жинағы кітап болып шыққан, сол кітапта менің осы поэмамнан үзінді жарияланды. Бұл дастанымда мен аты шулы қаһарман Кенесары мен Наурызбайды жырлағанымды, Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы жасаған ұлтшылдық әрекет деп теріс түйіндеді. Соның салдарынан менің поэмам әділетсіз ауыр сынға душар болды. Енді қазіргі дәуірде партиямыздың әділ басшылығымен өткендегі тарихи уақиғаларға әділеттік пайыммен топшылауды қағида тұтқан шақта, Кенесары, Наурызбай көтерілісі өзіміздің «Жұлдыз» журналының бетінде тарихи өз бағасына қайта ие болды, мен сол үшін өте риза болып, ұмыт қалған бұл дастанымды баспасөзде жариялауға ұсынып отырмын (Денсаулық болмай, жайым кетіп жүргендіктен поэманың толық нұсқасын архивімнен іздестіріп таба алмадым). Автор»,– деп алғысөз жазып, біз арқылы журналға жариялауға ұсынып еді.
Марқұм «Батыр Науанның» қайыра басылымын көруге үлгере алмай дүниеден өтті. Сол жолы қимас бауырындай мейірлі сезіммен ол жоғарыдағы талқы туралы айта келіп, Е.Исмаиыловтың сөзіне орай:
«Ақыры түрмеге қамалатын болдым. Сондықтан да Есмағамбет екеуміздің не істеп кеткенімізді арттағылар біле жүрсін деп, өзімнің кінәмды мойындағансып, әй бір көсілдім. Ал бізге Кенесары туралы жинақ құрастыруға тапсырма берген Орталық комитеттің өзі болатын. Мен сол Орталық комитеттің өзіне ишара жасай отырып сөйледім. Ажалдан мені сол сөзім құтқарды ма, кім білсін. Менің мінезім қапастағы булығуды көтермейді. Құсадан, не қыстығып жүріп өзіме өзім қол жұмсаудан жазым болар едім. Ал Есмағамбет туралы айтатын пікірімді алдын-ала өзімен келісіп алғамын. Ол сол сырдың барлығын өз сөзінде айта бастағанда зәрем ұшып кетті. Атамашы сол күндерді. Бәрінен де мен үшін Әбділдәнің сөзі қауіпті еді»,– деген мағлұматты бізге айтып беріп еді.
Соңғы пікірді бұдан әрі дамытпаймыз. Х.Бекхожиннің «келер күндердің» қаперіне ұсынған сөзінен үзінді келтірумен шектелеміз.
Қ.Бекхожин: «Осы арада, Кенесарыны әспеттеу туралы қате пікірлер 1940 жылы Қазақ ССР-нің 20 жылдығына орай орталық газеттерде жарияланған біздің сол кездегі басшыларымыздың (Скворцов пен Қазақпаев) Кенесарыны ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде мойындаған мақалалары арқылы таралғанын айтып өту артық емес... Бұл екі адамның (мәтінде бұл сөз Скворцов пен Қазақпаевтың атынан кейін қолданылған – Т.Ж.) Бекмаханов пен Исмаиыловтың Кенесары Қасымовтың тарихтағы орыны жөніндегі жалған пайымдаулары олардың пікірлестерін де, Қазақ ССР тарихының редакциялық алқасын да аталған қателіктерді жіберуге алып келді.
Осы жалған тұжырым көптеген біздің жазушыларымыздың, ақындарымыздың, тіпті халық ақындарының шығармашылығына да зиянын тигізді, олар осы теріс тұжырымды бағытқа алып, оның мәнісіне бармастан Кенесарыны – қазақ тарихындағы осы бір қара тұлғаны өздерінің шығармаларында мадақтады.
Жекелеген жазушылардың қателігін айтпай-ақ, Орталық комитеттің осы шешіміне байланысты, баспасөздердегі сындарға байланысты: қазақ және орыс халқының жауына – Кенесарыға қатысты жіберген өрескел қателерім үшін өзімді-өзім батыл және қатал түрде айыптайтынымды партия жиналысының алдында айтуды парызым деп білемін»,– деп (сонда, 84-бет) жария етті.
Әрине, «жекелеген жазушылардың қателігіне тоқталмай», «өзін-өзі батыл және қатал айыптауы» да мінезді ақынның мінезін танытады. Дегенмен де партия жиналысында жауынгер ақын «партиялық адалдықты» сақтап өзінің кенесарышылдығының түпкі тегін ақындық көркем көзқарастан іздемей, «ақылшыдан» іздейді. Оның себебін былай түсіндіреді:
Қ.Бекхожин (жалғасы): «Мен өзімнің әлі тәжірибе жинақтамаған қарапайым әдеби қызметімді СССР ҒА-ның Қазақстандағы филиалының Тіл және әдебиет секторында, Кенесары мен басқа да хандар мен билер туралы пікірлердің дәнін сепкен Исмаиыловтың жетекшілігінде атқара жүріп, Қазақстан тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихының кейбір тұстарын түсінуде адасып кетіппін...».
Әрине, сол кездің ғана емес, жалпы талқы атаулының дәстүрі бойынша Қ.Бекхожин де «еруліге қаруын қайырып», Ә.Тәжібаевқа да қарата астарлы сес танытты:
Қ.Бекхожин (жалғасы): «Мен Тәжібаевтің сөзіне ризашылығымды білдіре алмаймын, оның өзі де көптеген ұлтшылдық қателіктерді жіберсе де, ұлтшылдық дегеннің не екеніне және оны кімге оп-оңай жапсыра салуға болатынына партиялық тұрғыдан және өзінің түйсігімен саралап түсінбей, өзінің мақаласында (осының алдында Ә.Тәжібаевтің жоғарыдағы мазмұндағы мақаласы жарияланған болатын – Т.Ж.) маған ұлтшылдықтың көр-жердегі барлық қылмысын айып етіп тақты, ал менің шығармаларымды ұлтшылдық қателіктің жүйесі ретінде көрсетті. Олай емес, мен сіз айтқандай ешқандай қарғыс атқыр ұлтшылдықтың жазғыштарына еліктегемін жоқ, сіз сияқты буржуазиялық символизмді үйренгемін де жоқ және ол дертпен ауырғамын да жоқ. Мен өзімнің қателіктерімді үнемі ашық айтып келдім, қазір де сіз сияқты былғақтамай ашық айтып отырмын. Мен орыс және кеңес классиктерінен үйренемін. Менің ойымша, партия ұйымы большевиктік сынды біреудің екінші адамнан кек алуының қаруына айналдыруға, Тәжібаев сияқты жолдастардың бір кездегі менің айтқан сыныма қарымта қайыруының амалы ретінде пайдалануға жол бермес деп ойлаймын».
Иә, «кектің қарымы» осылай қайтарылыпты. Бәрібір, Ә.Тәжібаевтің жоғарыдағы әшкерелеуінен кейін оның бұлай демеске лажы да жоқ еді. Өйткені, олардың көзінше және талап етуінше «оның ақындық өмірі ұзаққа созылуы тиісті емес» болатын. Сөзінің соңында өзінің ұлтшылдық ұстанымын оятқан Есмағамбет Исмаиыловты «өздерінің өзара келісіп алғанындай» «қарақшыға байлап» кетеді.
Қ.Бекхожин (жалғасы): Ең соңында айтарым, өзінің ұлтшыл, оның ішінде Кенесары туралы қателерін осы уақытқа дейін ашық және шын жүректен мойындамай отырған Исмаиыловтың тәртібін қатаң талқыға салуға болмай ма? Кенесарыны әспеттеген ондай адам жоқ, ол бұл мәселе жөнінде идеялық қателік қана жіберіп қойған жоқ, сонымен қатар бірнеше жыл бойы мұқым бір мемлекеттік ғылыми мекемені жұмылдырып, мемлекеттің қаржысын жұмсап, Кенесарының тарихын мадақтайтын зерттеулер жаздырды, сөйтіп, жалған дәлелдер арқылы Кенесарыны «халықтық» тұлға етіп көрсетіп, қоғамдық ойды адастырды. Соның тапсырмасымен кеңес ақындары бірқатар қате шығармалар жазды. Жылқыайдаров, Керімбаев, Шипин сияқты халық ақындарымен қоса ақын Аманжолов та оның тапсырмасымен Кенесары мен Наурызбайды мадақтайтын дастандар шығарды. Неге ж.Аманжолов өзінің Кенесары туралы жіберген қателігін ашық мойындауды парызым деп есептемейді? Өзіміздің барлық қателігімізді ашық мойындап, оны сынау арқылы ғана өзіміздің шығармаларымызға жат, зиянды идеялардың кіріп кетпеуіне жол ашамыз».
Бұл талқыға «бір басынан дауы арылмаған» Қасым Аманжолов та араласып кетті, ол өзін ақтау орайын кешегі досы, бүгінгі қаралаушысы Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожинге әкеп тіреді.
Қ.Аманжолов: «... Сол кезеңнен кейін менің шығармашылығымда бұл тақырып қайталанған жоқ, қайталануы мүмкін де емес. Мен ол дастанның бір де бір бетін ешқашанда жариялаған емеспін, соған қарамастан, арада бірнеше жыл өткеннен кейін болса да өзімнің қателігімді мойындап отырғанымның өзі де жақсылық. Сөйтсем, 1940 жылы дайындығым аз, саяси көзқарасым жоқ, талантым ұшталмаған тұста осы іске араласып кетіппін. Турасын айтайын, партия жиналысынан жасыратын ештеңем жоқ... Ол кезде Исмаиылов пен Бекхожин ғылым академиясында істейтін. Бекхожин екеуіміздің айырылмас дос болғанымызды бәріңіз білесіздер. Менің әдеби сауатым жоқ болатын, ал Бекхожинның жоғары әдеби білімі бар болғандықтан да, мен онымен дос болдым, айтқанын тыңдадым. Бірде Бекхожин Кенесары туралы жинаққа арнап дастан жазуымды өтінді. Сол дастан үшін екі жүз жетпіс сом алдың – дейді Бекхожин. Шынын айтсам, соның екеуі де есімде жоқ. Міне менің қателігім осында... Бекхожинның ұлтшылдығын әшкерелеп, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жаздым»,– деп (сонда, 92 бет) жиналысқа қатысушылардан өзін арашалауды өтінді.
Жиналыс оның бұл өтінішін қанағаттандырды. Себебі, оның өзін-өзі ақтауға мүмкіндік берген «арылу» мен «парызды» «Хандардың жоқтаушысы» атты мақаласы арқылы өтеген еді:
Қ.Аманжолов: «Бекхожиннің бізде болып жатқан жиылыстардың бір де бірінде өз шығармаларының кемшіліктері туралы жұмған аузын ашпауына қарағанда, онда тіпті кемшілік жоқ па деп ойлайсың. Шынында солай ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін, Бекхожиннің өзі үндегісі келмесе, оның шығармаларын сөйлетіп көрейік.
Бекхожин өзінің әдеби бетін «Ақсақ құлан» поэмасымен ашты. Бұл поэма «Әдебиет және Искусство» журналында басылып шықты. Поэмада Алаша (Шыңғыс) ханның баласы Жошы ханның құлан қуып жүріп мерт болғаны баяндалады. Совет мектебінде тәрбие алып шыққан жас ақынның қиял қармағына ең бірінші болып «Ақсақ құлан» ертегісінің ілінуі таңғаларлық оқиға! Өз заманымыздың алуан сырларын көрмей, атам заманғы жандармен сырласу Бекхожинге не үшін керек болғаны бізге күңгірт. Мүмкін, автор хандар заманына марксизм-ленинзм тұрғысынан қарай отырып, жүйелі бір пікір айтпақ болған шығар – дейін десек, олай болмай шығыпты. Бар айтқаны: Алаша – Жошы хандардың «аруағын» күңірентіп, солардың өшіп қалған өмірінің күлін үрлеп, содан бір «поэзиялық от» тұтатпақ болыпты автор. Поэмада Алаша – Жошы хандардың «салтанаты», қуаныш-сүйініштері ғана баяндалады да қояды. Оның үстіне автор Алаша – Жошыларды қазақ халқының қамқоры етіп көрсетуге тырысады. Мұнысы тіпті тарихи шындыққа жанаспайды. Онысымен қоймай, автор өз кейіпкерінің аузына мынадай сөз салады:
Дариға, кешегі өткен әкем Шыңғыс,
Ер еді-ау Күншығыстан шыққан тұнғыш (?).
Әлемді алқымға алып, айғай салып.
Жалғанды етіп еді-ау жалғыз уыс!
«Бұл менің сөзім емес, Жошының сөзі»,– деп таласар автор. Біздіңше, бұл автордың сөзі. Жошыға осыны айтқызып отырған автор. Ал, авторға мұндай сөздің неге керегі болды? Автордың мұндағы айтайын деп (айтып та) отырғаны: «Шыңғыс – қазақ хандарының, яғни, бүкіл қазақтың әкесі еді. Ол біздің шығыстан шыққан тұнғыш ер еді»,– деу. Шыңғыстың «Әлемді алқымға алып», «жалғанда жалғыз уыс» еткеніне автор өте сүйсінеді.
Бұл жерде автор тарихи шындықтың өңін айналдырып жібергені былай тұрсын, тіпті, саяси қате ұғым тудырады. Қанды шеңгел; «Шыңғыс сенің әкең еді»,– деп халқымыздың тарихын кірлейді, жала жабады. Бекхожиннің бұл саяси қате пікірі оның екінші поэмасы «Батыр Науанда» да қайталанады.
Бұл поэмада Кенесары мен Наурызбай әңгіме болады. Әңгіме болғанда Кенесары мен Наурызбайдың тарихында болмаған, болған күнде де айтуға тұрмайтын бір ұшқалақ оқиға баяндалады. Күндердің бір күнінде Кенесарының құлағына мынадай бір сыбыс жетеді: пәлен деген ауылға орыстың бір офицері келіпті. Сол офицер қазақтың бір қызымен көңіл қосыпты-мыс. Бұл хабарға, автордың айтуынша, Кенесары қатты назаланады. «Дереу қызды өлтіріп, офицерді менің алдыма айдап алып кел»,– деп Кенесары Наурызбайға әмір етеді. Наурызбай Кененің айтқанын екі қылмай орындайды. Офицерді бірнеше күндік жерге жаяу айдайды, аттың баурына алып, ұрып-сабайды, арқандап таңады, терекке байлап қояды. Қысқасы, автор жазықсыз офицерге көрмегенді көрсеттіреді.
Ал, осындай сөлекет оқиғаның Бекхожинге неге керегі болды? Мұнымен не айтпақ болды? Бұл сұраққа жауапты Бекхожиннің өзінен естиміз:
Батырлар сүюші еді Кене ағасын,
Кененің кең пейіштей Сары Арқасын.
(«Тарту» жинағы, 133-бет).
«Кененің Сары Арқасы – кең пейіш еді» деу – біріншіден, шындыққа жатпайды, екіншіден – барып тұрған керітартпа пікір. Мұндай пікір тек хандар заманын аңсаған, алға емес, артқа қараған жылауық бишаралардың ғана аузынан шығуға тиіс.
Қазақ ек ала киіз туырлықты,
Такаппар, менсінбеуші ек басқа жұрты.
Құдая, кер заманға кез келтірдің.
Қазақ боп естіп пе едік бұл сұмдықты,–
деп сарнайды Бекхожин сол поэмасында. Бұл сарнау – кімнін сарнауына ұқсайды? Немесе:
Сорлаған ел жұртынды сақта өзің,
Самсаған албастыдай сонау жаудан»,–
деп күңіренеді автор.
Міне, автордың «Батыр Науан» поэмасын жазғандағы, онда қолдан сюжет ойлап тапқандағы айтайын дегендері осындай қоқыс, ұлтшылдық пікірлер. Бекхожин бұл поэмасында да Шыңғыс ханның аруағына бас ұра жығылады.
«Кешегі атышулы Шыңғысқа ұқсап»,– дейді де Наурызбайды Шыңғысқа теңейді. Бұған қарағанда Бекхожиннің «Ақсақ құлан», «Батыр Науан» поэмаларын жазғандағы ой арқауы бір екенін айқын көреміз. Бұл екі поэмадағы оның ой пікірі ағып келіп мынадай арнаға құяды: кешегі қанды шеңгел Шығыс қазақ хандарының атасы еді, Кенесары, Наурызбай сол Шыңғыстың ұрпағы еді,– дейді. Сүйтеді де «бетті Шыңғысқа (яғни Шығысқа) қарай бұру керек. Европа мәдениетіне қарсы шығу керек»,– деген саяси идеяны дәріптейді. Бекхожин мұны мойындасын, мойындамасын, бірақ оның поэмаларында айтылған пікірлерден туатын қорытынды осындай. Бұл қателіктер оның 8-класқа арнап шығарған оқу құралында да кездеседі. Тіпті онда айтуға болмайтын сұмдық сөздер жазылған...
1944-жылы Бекхожиннің «Шеру» атты өлеңдер жинағы шықты. Жинақ «Қазақ ұлына» деген кіріспе өлеңмен басталады. Бұл өлеңде ол не айтады? Қазақ жауынгеріне жаумен жағалас дегенде, «атаң қазақ разы болсын», «ата қоныс – Сарыарқа разы болсын» – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Совет елі үшін, большевиктер партиясы үшін, совет еліндегі туысқан халықтардың бақыты үшін, ұлы октябрь социалистік туы үшін күрес – деген сөздер Бекхожиннің аузына түспейді. Неміс басқыншыларын жойған негізгі күштерімізді көргісі келмейді.
«Өртенгенді қазекең азат етсін»,– деген екіұшты мағына беретін, ешбір логикаға жатпайтын пікірмен өлеңін бітіреді. «Қол бастаған батырға» деген өлеңінде:
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Кешегі Кенекемнің тартып туған.
Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,
Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!).
Бекхожин бұл арада ұлттық қасиетті дәріптейін деп отырған жоқ, «Кенекең кекті кеткен еді, соны ұмытпа»,– деген сияқты бұлдыр бірдеңені бықсытып отыр.
БК(б)П Орталық комитеті «Драма театрларының репертуарлары туралы» қаулысында: «біздің кейбір жазушыларымыз өз заманымыздың кейіпкерлерін көрмей, патшалардың, хандардың, вельможалардың өмірлерін жазуды әдет қылып жүр»,– делінген. Осы қаулыны Бекхожин оқыды. Жданов жолдастың баяндамасын да оқыды. Сөйтіп отырып не істеді десеңіздерші: «Сабалақ» (Абылай хан) деген поэма жазды. Оған «заказ» беріп жаздырып жүрген «Пионер» журналы редакторының орынбасары Боранбаев сол поэманы журналға баспақ та болды. Бірақ ҚЛКЖО Орталық комитетіндегі жолдастар ол зиянды поэманы алдырып тастады. Бұған қарағанда, Бекхожин жолдас өзінің теріс бағытқа түсіп кеткендігін күні бүгінге дейін мойындағысы келмейтінін көреміз. Кемшілікті большевикше мойындау – совет адамдарының қағидасы. Бұл қағиданы Бекхожин бойына жуытқысы келмейді. Ал, бірақ басқаның кемшілігі туралы айқайлағанда Бекхожиннің тамағы жыртыла жаздайды.
Сонымен, Шыңғыс хан – Жошы хан – Абылай хан – Кене хан... дегендердің Бекхожин тартқан желісінің ұзын-ырғасын аралап шықтық. Бұл шірік арқаннан тартылған желіні өмір шындығының күшті қолы үзіп тастауға тиіс. Бекхожин жолдасқа өзінің творчестволық жұмысындағы қателіктерін көрсетумен қатар, шығармасының бағытын тез арада заманымыздың тілегіне сай арнаға бір жола бұру керек екенін ескертеміз» («Соц. Қазақстан», 1947, 7-наурыз).
Иә, осы ретте таяу арада Мәскеу мұрағатынан табылған «бүкілодақтық ақсақал» М.И.Калининге арнап жазылған: «Михаил Иванович! Топорами, вилами, воруженными силами, на нас напали, кровожадные есенцы!»,– деген арыз хат еске түседі. Бұл қандай ұлттардың арасындағы шайқас екенін білмей, зәресі ұшқан «ақсақал»: «Есенцы (чеченцы деп ұқты ма, кім білсін) деген қандай ұлт? Табыңдар»,– деп бұрыштама соғыпты. Ал тура сол хат Ж.Шаяхметовке де жолданыпты. Тек «есеннің» орынына «бегістің» атын қойыпты. Шұғыл тексеріп, іздестіре жүріп әрең табады. Сөйтсе, шалғайдағы, тіпті қазақы ұғымның өзінде түкпірдің түкпірі болып саналатын ауылдағы шалғынға таласқан он үйден тұратын бір елдің екі бұтағы екен. Демек, екі арызды да орысша жазып беріп тұрған бір адам болды ғой. Бауыржан Омаров пен Рақымжан Отарбаев бауырларымнан естіген осы қазақы тапқырлыққа таңданарымызды, не Ә.Тәжібаев пен Қ.Аманжоловтың мына сөздеріне таңданарымызды білмей біз де дағдарып қалдық. Екі ақиық ақынның бірінің сөзі екіншісінен айнымайды, тек айтушылардың аты ғана басқа. Уақыт арасын екшей келе Ә.Тәжібаев бұрынырақ шыққан Қ.Аманжоловтың мақаласын орысшаға аударып пайдаланған – деген уәжге тоқталдық. Қасым Аманжоловтың өзі сол жолы:
«Маған тапсырма берген халық жауы Е.Исмаиылов пен Х.Бекхожин»,– деп райынан қайтты.
Х.Бекхожинді әшкерелеген «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жазғанын желеу етіп, партия жиналысының алдына өзінің атын қаулыдан сызып тастауды өтінді. Белсенділер оның өз «айыбын жуғанын» ескеріп, Қ.Аманжоловтың атын партия ұйымының қарарынан алып тастады.
Қ.Бекхожин: «Қасымның ақталғанына ішімнен қатты қуандым. Сыртымнан мысымды бастырғым келмей, мен де мақала жаздым. Көпшілік алдында ақталды. Енді оған сын батпайтын және күні кешегі бірге жатып, бірге тұратын, бір күн көріспесек заманақыр орнайтындай сезілетін досыма қыр көрсеткім келді. Екеуміздің де мінезіміз жетісіп тұрған жоқ еді. Оның тез сөзге ергені шамыма қатты батты. Ал ақшаның айтылуының себебі, Кенесары туралы жинақ шықпай қалған, ал қаламақысын Қасым екеуміз алып қойғамыз. Соны қайтартама деп зәресінің ұшқаны ғой. Ол үкіметтің қаулысымен бөлініп, төленгендіктен қайтаруға жатпайды. Мен шарпысып қалғанда соны еске салғамын әдейі. Әттең, қандай тату едік, екеуміз де мінезіміздің еркінде кеттік»,– деді арыстан жалды ақын.
Ал жиналыста Қ.Бекхожин, бәрібір жазадан құтылмайтынын біле тұрып, өзінің «соңғы сөзін»:
«Осы партия жиналысында: Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға, оның реакциялық мәніне қатысты қателіктерімді түзету жолында адал еңбек ететініме уәде беремін»,– деген үмітті тілекпен аяқтады.
Жауап сөзінде «келісімді орындап» Е.Исмаиылов Х.Бекхожиннің атын атамайды. Бірақ астарлы емеуірінді екеуі де, өзгелер де түсінген.
Е.Исмаиылов: «Бізде Кенесары Қасымов туралы арнайы мақала жазбаған, алайда оң баға берген әдебиетші-тарихшылар бар. Олардың аттарын атамай-ақ қояйын, өзімнің кінәмды өзгеге аударғым келіп тұрған жоқ, алайда Қазақстан тарихы ғылымындағы қайшылықтарға және Кенесары Қасымовқа қатысты әдеби мәселелерді зерттеуде жіберілген қателіктерге, олардың белгілі мөлшерде тарихшыларға ықпал жасағанына қарамастан, кейбір жолдастар өзін-өзі ақтауға тырысты. Бұл – шындық. Алайда мынадай сұрақ қойғым келеді: Мұқанов пен Жұмалиев жолдастар өзінің оқулықтарының тұтас бір тарауын шынымен де Исмаиыловтың ықпалымен жазды ма? (Республиканың) жиырма жылдығына арналған тезистер де Исмаиыловтың диктовкасымен жазылды ма? Тимофеев-Федоровтың мақаласын да Исмаиылов жазып беріп пе? Иә, мен қатты қателестім, нағыз табанды кенесарышыл болдым, алайда осының бәрін, барлық пәлені Исмаиыловқа үйіп-төгіп, оның жалғыз өзін кінәлі деп мәлімдеуге болмайды.
Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битый, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген»,– деді.
Әдебиетшілердің арасында өзгелердің қателігін көрсетуге шебер, ал өздері ештеңе істемей, «тыныш қысып» отырғанды жөн көретін сыншысымақтар бар. Ешқашанда да ештеңеге араласпайтын, ештеңе жазбайтын жолдастар да бар. 5-6 жыл бойы қолына қалам ұстамағандар да кездеседі. Әрине, ол жолдастар ешқашан қателеспейді (күлкі).
Әрине, ішінара қателіктер кетуі де мүмкін, партия мен үкімет талап етіп отырғанда табанды түрде еңбектену керек.
Мен принципті шығармашылық сынды қашанда қабылдаймын, алайда, өзің баяғыда бас тартқан ескі қолжазбаларыңды ақтарып, қояңды шығаруға бағытталған сыңаржақ сынды қабылдамаймын. Мұндай кемшіліктерді, соның ішінде Қ.Жармағамбетов жолдастың баяндамасында айтылған сындарды мойындаудан бас тартамын, менің жақсы істерімді жасырып, жаманаттың барлығын маған жапсырған мұндай сынды жоққа шығарамын. Лайықты, орынды сынды өзім де жақсы көремін және ондағы қателерді түзетуге тырысамын. Партия ұйымы тарапынан айтылған сынды да қабылдаймын. Партия жиналысында мен Кенесары Қасымовтың қозғалысына, оның реакциялық мәніне баға беруге қатысты кеткен өрескел қателерімді түзеймін, адал еңбек етемін деп уәде беремін».
Жанталасты талқылау аяқталып, енді қаулы қабылдауға қарай ойысады. Ұлтшылдығы әшкереленіп, қаулыға ілініп бара жатқан Қ.Бекхожин оны жұмсартуға ұмтылып:
«Мен бір анықтама бере кетейін, менің мақалам ешқайда талқыланған жоқ. Ал Қ.Аманжоловтың мақаласы 1948 жылы 12-ақпанда талқыланған, оны Жароков пен Жұмалиев жолдастар біледі»,– деп бір қате үшін екі рет жазалауға болмайтынын еске салады.
Алайда оған Ә.Тәжібаев: «Қазоты» – дегеніміз дастан. Ол бұл арада талқыланған жоқ. Мен қайталап айтамын, біріншіден, бұл қате туынды, екіншіден, «Ақсақ құлан» туралы сөз қозғағанда, ондағы бейнелі образдарды мен түсінбей отырғамын жоқ. Сіздің: «Оның (Тәжібаевтың – Т.Ж.) менен қарымта қайыруы үшін оның мақаласына «Ленинская смена» газетінің орын беруі өрескелдік,– деген пікіріңіз дұрыс емес»,– деп қарсы уәж айтып, қаулыны күшінде қалдыруды ұсынған.
Жалпы мерзімі үш жылға созылған осы арпалысты, жанталасты, әшкерелеуші бағыт ұстаған талқылауларда өзінің пікірін ашық білдірген және қарсы уәж айтқан тұлға Есмағамбет Исмаиылов қана.
Е.Исмаиылов: «Қаулыда мен туралы жеке бап бар. Менің ойымша бұл тым қатаң ұстаным. Неге «Көптеген қателері» деп жазылған? Бұл дұрыс шешім емес. Қандай «көптеген қателік»? Бұл ойдан шығарылған жала. Менің атымды өзге жолдастардың қатарындағы тізімге қосуларыңызды өтінемін.
Неклюдов: Исмаиыловтың мұндай ұсыныс жасауының басты себебі, ол Ғылым Академиясындағы жиналыстағы сияқты осы арада да өзінің қателіктері мен кемшіліктерін барынша терең ашып берген жоқ. Бұл арада өзінің көзқарасы арқылы шәкірттеріне тигізген зиянды әрекеттерге де баға берілуі тиіс. Сондықтан да мен қарарда көрсетілген формулировканы қалдыруды ұсынамын және оған: Исмаиыловтың сөзінде сын аз болды, өзінің қызметі арқылы тигізіп отырған саяси зиянкестігіне баға бермеді,– дегенді қосып жазу керек.
Мұстафин: Тәжібаев жолдас қабылданған қаулыға қанағаттанбай отыр. Сондықтан да бұл пункті дауысқа саламын.
Тәжібаевтің: Бекхожин өзінің қателеріне сын көзбен қараған жоқ және жеткіліксіз мойындады,– деген ұсынысы дауысқа салынды. Оны қостап бір ғана дауыс берілді».
Сол тұстағы айдарынан жел есіп тұрған Қ.Жармағамбетов, әрине, өзіне қарсы пікірге өктем үнмен жауап берді:
«Енді, Исмаиылов жолдасқа жауап берейін, ол мені: жақсы істерін жасырып, жаманаттың барлығын жапсырған» жалақор сыншы деп айыптады, жалақорлық сынмен айналысқамын жоқ, айналыспаймын да, ал сіздің еңбегіңіз баршаға мәлім, мүмкін мен Кенесарыға мінездеме беретін барлық еңбектеріңізге толық тоқталмаған шығармын. Егерде дұрыстап қараса, сіздің еңбектеріңізден бұдан басқа да кемшіліктерді табуға болады. Сіздің өзге еңбектеріңізге баға беру – менің міндетіме жатпайды.
Ал Нұрпейіс Байғаниннің қолжазбасына қатысты айтарым, мен оның редакторымен 25 күн бірге отырып қарап шықтым, баспасөзде сілтеме жасалған бұл кітаппен менен басқа сіздердің ешқайсыларыңыз таныс емессіздер. Қабдолов (Ғабдуллов) қолжазбаны маған берді де, редакция жаса! – деді. Менің айтарым, демек, халық ақындарының шығармаларына жасалған редакторлық та сіздің еңбегіңіз жоқ.
Сөзімді аяқтай келе айтарым, көптеген жолдастар осы партия жиналысында өздерінің қателіктерін мойындады. Қатені мойындау – қатені түзетуге жасалған қадам, сондықтан да біздің жиналысымыздың қорытынды қарарында: қатесін мойындап сөйлеген жолдастар – өздерінің Кенесарыны бағалауда жіберген қателіктерін мойындады және оны өздерінің еңбектерінде, шығармаларының жаңа басылымында түзететін болады,– деп жазуымыз керек. Міне, менің бар айтайын дегенім осы».
Қарама-қарсы пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі.
Мұндай саяси-көркем мағынаға ие емес Жазушылар Одағының қорындағы және баспасөз беттеріндегі жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдыққа, өкінішке ұрындыратынын ескерте кетуді жөн көрдік. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі ғана жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді.
Бұл да келешекке сабақ.
(Жалғасы бар)
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2103
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2202
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624