Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Қоғам 1699 7 пікір 26 Ақпан, 2024 сағат 13:00

Отбасы құндылығы: Ана мен баланы қалай қорғаймыз?

Қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі - ана мен баланы қорғау. Бүгінде нәзік жандылардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыруы, жасөспірім балалардың педофилдерден зәбір көру фактілері жиілеп кетті. Бұл дертпен мемлекеттік деңгейде күрес жүргізілгенімен,  мұндай оқиғалар азаймай отыр. Қазіргі таңда бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтеріліп, құқықтық жағынан реттелуде. Ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жас ұрпағымыздың қауіпсіздігін қалай арашалаймыз? Осы сұрақтың жауабын алу мақсатында сауалнама жүргізген едік.

Ана мен бала мемлекетіміздің байлығы  

 

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Аминат Жаппуева: «Аналар үйіні» қоғамдық қорының координаторы:

- Бірнеше жылдан бері Алматыдағы «Аналар үйінде» координатор болып жұмыс істеймін. Өздеріңіз білесіздер, біздің орталықтың ұстанымы- елімізде ата-анасы бар жетімдердің болмауына үлес қосу, ана мен баланы бір-бірінен жырақтатпау. Орталық өмірдің түрлі қиындығы мен тағдыр тауқыметін көрген қыз-келіншектерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Ана мен баланы қорғау, оларды қоғамға бейімдеу біздің басты міндетіміз. Орталық ана мен баланы қорғау үшін барынша жұмыс жүргізіп жатыр деп санаймын. Сонымен қатар ана мен баланың қауіпсіз өмір сүруіне септігіміз тиіп жатқанына қуанамын. Бізге келетін жас аналардың жасы 17 жастан басталады. Ары тапталған жас қыз тығырықтан шығудың жолын іздеп баласынан бас тартуға бел буады. Міне осындай жағдайға тап болған жас аналарға психологиялық қолдау көрсетіледі. Жас ана 6 айға дейін біздің орталықта тұрып, болашағына жоспар құрып, өмірге бейімделеді. Қор бала мен ананы бірі -бірінен ажыратпау  үшін құрылған. Сонымен қатар «Аналар үйін» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары да келіп паналайды. Бұлар негізінен жыныстық немесе психологиялық зорлыққа ұшыраған, қиын жағдайға тап болған аналар, кейбірі әлі кәмелет  жасына толмаған қыздар. Егер  бізге келген қыз кәмелетке толмаған болса,  қор міндетті түрде қылмыстық іс қозғайды. Арыз жазып,  іс әрі қарай сотқа жолданады. Зәбір көрсеткен кінәлі адам міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бізге экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналар да келеді. Мысал келтіретін болсам,  кейбір келіншектерге отағасы несие алдырып, кейін сол несиесін дер кезінді өтемей қаражатты қарыз қылып мойынына жүктеп кететіндер бар. Көбінесе әйелдер өздерінің басынан өткен қиын оқиғаларын айтпай, жасырып жатады. Тиісті органдарға хабарласып, немесе  сенім нөмірлеріне қоңырау шалып көмек алуды білмейді. Ең бастысы бала мен ананың жағдайының жақсаруына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ана мен бала мемлекетіміздің басты байлығы. Әр бала бақытты өмір сүруге құқылы. Сондықтан ана мен баланың қауіпсіздігі бәрінен маңызды дегім келеді. Қазір елімізде ана мен балаға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Еліміз бойынша 25 орталық бар. Ана мен баланың қорғалуына титтей де болса өз үлесімізді қосып жатырмыз деп санаймын. Дегенмен біз сияқты ұйымдарға келіп, көмек алуды білмейтін қыз -келіншектер бар. Қазір біз еліміздің Денсаулық сакқтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Екі жақты арнайы меморандумға қол қойылған. Еліміздің барлық перзентханалары біз туралы біледі. Айтайын дегенім, тұрмыстық жанжал кезінде аналардан бөлек балалары да зардап шегеді. Әсіресе көп балалы аналарға қиын. Біздің орталықты паналап, тұрақты жұмыспен қамтылып аяққа тұрып кеткен аналар бар. Маман ретінде пікірім тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне жол бермеу үшін бұл мәселеге баса назар аударылуы қажет. Әрине тиісті заңдар қабылданып, жаза қатаңдатылып жатыр. Бұл да қылмысты азайтуға септігін тигізер. Дегенмен ана мен баланы қорғауда жүйелі жұмыстар әлі де атқарылуы керек деп ойлаймын. Бұл жай ғана қабылдайтын мәселе емес,  жан-жақты әрекет етуді көздейтін мәселе.

Жүйелі жұмыстар әлі де керек

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Айгүл Байғожаева, заңгер:

- Жақында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылыққа, адам денсаулығына қаса қана зиян тигізуге, балаларға қатысты жасалатын қылмыс пен ар-намысқа тиетін әрекеттерге қатысты бірқатар нормалардың енгізілгенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ педофилдерге қатысты өмір бойына  бас бостандығынан айыру сынды үкім күшіне енді. Осылардың барлығы қоғамымыз үшін маңызды қадам. Тұрмыстық зорлық- зомбылық жасағандар да тиісті жазаланады. Мысал келтірейін, дамыған елдерде  зәбір көрсетуші бір рет әйеліне қол көтеретін болса, сот арқылы психологиялық әрі психотерапиялық оңалтудан өтеді. Ол тиісті мамандар арқылы қажет кеңеспен қамтылады. Біз де осы саланы қолға алуымыз керек. Өйткені бір рет зәбір көрсеткен адам ол әрекетін бірнеше рет қайталауы мүмкін. Тіпті қалыпты жағдайға айналдырып алатындар бар. Өкінішке қарай, елімізде тұрмыстық-зорлық зомбылық дерегі азаяр емес. Ана мен баланы қорғау дегенді жан-жақты саралай аламыз.  Ең алдымен ана мен баланы қорғау дегеніміз еліміздің болашағын қорғау. Демографиялық жағдайымызды ілгерілету. Ана мен баланы қорғау дегенді тұрмыстық-зорлық зомбылықпен байланыстырамыз. Бірақ бұл тек қана бір бөлігі. Яғни криминалдық жағынан қарағанда ана мен баланың қауіпсіздігін қорғау. Бірақ біз ана мен баланы қорғаудың ең  маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Мемлекетіміз ана мен балаға психологиялық көмек көрсету мен оңалту орталықтарын кеңейтуі керек деп санаймын. Өйткені біз балаларымызды қоғамға бейімдеп, сауықтыру арқылы зайырлы мемлекет бола аламыз. Әйел мен баланы зорлық-зомбылықтан, зәбірден өлгенін күтіп отырудың қажеті жоқ. Тиісті шаралар дер кезінде қабылданып, нақты әрекетке көшетін кез келді. Заң өз алдына, біз мұндай оқиғаларды болдырмаудың жолын іздеуіміз керек. Әрине зорлық-зомбылықтың сан түрлі себептері айтылады. Бірақ бұл жағдай оларды ақтап алуға келмейді. Ана мен баланың саулығы, еліміздегі әрбір адамның амандығы мемлекет үшін басты назарға ілінуі керек.  Еліміздегі азаматтар қауіпсіз өмір сүруі үшін әлі де мемлекеттік деңгейді тиісті нормалар қабылдануы керек деп ойлаймын. Зәбір көрсетушіні темір торға тоғытумен мәселе шешілмейтіні анық. Еліміз алдын алу жұмыстарын жан-жақты жүргізуі керек. Біз қоғам болып осы мәселесемен күресуіміз керек. Ана мен баланы қорғау дегенде мәселеге тереңінен үңілуіміз керек. Бұл жерде ана мен баланың денсаулығы, әл -ауқаты, материалдық жағдайы, білім алуы, қауіпсіздігі, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдалануы барлығы жатады. Тиісінше әр сала бойынша барлық жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекетімізде аналардың құқықтарын қорғау назардан тыс қалған емес. Дегенмен әлі де жүелі жұмыстар істелуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарының баса назарға алынатынын атап өткен болатын. Алдағы уақытта мемлекетіміз ана мен баланы қорғауда жүйелі әрі нақты  істерге көшетініне сеімдімін.

Себеппен емес салдармен қүресу маңызды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Зульфия Байсақова, Алматыдағы «Дағдарыс орталықтары одағының» төрайымы:

- Ана мен баланы қорғауда қандай мәселеге баса назар аударуымыз керек? Әрине қазір елімізде болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары басты себеп. Осы мәселені саралайтын болсақ,  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауының бірнеше себептері бар. Мәселен,  әлеуметтік әрі материалдық жағдайдың төмендігі, яғни тұрақты жұмыс пен табыстың болмауы. Тұрақты  баспананың жоқьтығы. Одан бөлек, ішімдік пен нашақорлыққа салыну. Себебі маскүнем немесе нашақор өз әрекетіне жауап бермейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тағы бір себептерінің бірі - құмар ойын мен лудомания. Одан бөлек те түрлі себептер бар. Қазір бір шаңырақтың астында тұратын жақын адамдардың бір-біріне зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ таныс-біліс, жақын туыстар арасында, бірге кәсіп ашып бизнес жүргізетін достар арасында да зорлық-зомбылық көбейіп жатыр.Тұрмыстық-зорлық зомбылықтан жапа шеккен келіншектер мен балаларға көмектесудің бірнеше жолы бар. Мемлекет тарапынан да барынша  қолдау көрсетіледі. Қиындыққа ұшыраған әрбір  келіншек әлеуметтік оңалту орталығынан тиісті көмектің барлығын тегін ала алады. Яғни тегін тұрады, бес уақыт  тегін тамақпен қамтылады. Одан бөлек психологиялық қолдау, заңгерлер тарапынан құқықтық көмек құжат жағынан болсын жан-жақты көмек қарастырылған.  Бүгінде біздің дағдарыс орталығымызда 47 адам бар. Оның 19 келіншек қалғандары балалары. Қоғамда тұрмыстық сәбір көрген әйелдердің оқиғасы жиілеп кетті. Тіпті соңғы жағаны ұстатқан оқиға ананың екі баласын түншықтырып өлтіруі. Сондай-ақ педофилдердің балаға  тиісетін оқиғасы белең алып кетті. Мұндай оқиғалардың жиілеп кетуі қатты алаңдатады. Бұған дейін қоғам белсенделірі болып тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерді криминалдандыру мәселесін көтерген болатынбыз. Жақында жаңа заң жобалары бекітілді. Тиісті жазалар тағайындалуда. Әрине қазір бұл мәселеге басты назар аударатын кез келді деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан назар аударылғаны көңіл қуантады. Біз ендігі кезде себеппен емес осының салдарымен күресуіміз керек.

Аbai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1597
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1497
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1247
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1217