Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 1305 5 пікір 22 Ақпан, 2024 сағат 14:14

Ақылбек Шаяхмет. Бұл дүние неге жалған?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бұл дүние неге жалған?

–  Бұл дүние неге жалған?

–  Өйткені, тау құлап, өртенген орман.

–  Бұл дүние неге жалған?

–  Өйткені, құлпырып өскен гүл солған.

–  Бұл дүние неге жалған?

–  Өйткені, жүзеге аспаған көп арман.

–  Бұл дүние неге жалған?

–  Өйткені, мал-мүлкің, барлығы қалған.

–  Бұл дүние неге жалған?

–  Өйткені, ажалға ешкім де бола алмас қорған.

–  Бұл дүние неге жалған?

Өйткені, шын өмір күтіп тұр алдан.

Бірден он бірге дейін

(ересектерге арналған санамақ)

Бір!
Тура жүр!
Екі!
Жақсы ойға бекі!
Үш!
Биіктен төмен түс!
Төрт!
Жүректі шалмасын дерт.
Бес!
Қиынның түйінін шеш!
Алты!
Бүтінің болмасын жарты.
Жеті!
Көрінсін мақсаттың шеті.
Сегіз!
Сөз арық, іс болсын семіз.
Тоғыз!
Өмірің болсын аңыз.
Он!
Алысқа апарсын жол!
Он бір!
Ұйқасы келмей тұр, құрғыр!

Сұхбат

–  Күнде көріп жүрміз,
Бәрін біліп жүрміз...
Жемқор, парақор, пәлеқор
Қайда?
– Біздің елде!
– Сыбайлас, удай мас, мисыз бас
Қайда?
– Біздің елде!
– Жағымпаз, құмарпаз, ақылы аз
Қайда?
– Біздің елде!
– Бір аяғы жерде,
Бір аяғы көрде,
Ол не?
– Білсең де білме,
Көрсең де көрме,
Көресіні көрмей
Көрге де кірме.
– Неге?
– Жөнсіз сауал қойып,
Миды жеме!

Диалог

-  Баста неге көз бен құлақ жоғары?
-  Олар көру және есту құралы.
-  Мұрын неге төмен тұрған олардан?
-  Дем алуға, иіс сезуге жаралған.
- Ауыз ба екен қам жасайтын әрдайым.
- Тамақ жеуге, сөз сөйлеуге ол дайын.
- Ішінде оның тұрған жоқ па  отыз тіс.
- Отыз тісің – сырттан қорғар бекініс.
- Ал ауызда салақтайды тіл неге?
- Тілдің, сірә, пайдасы көп елге де.
- Не айтар едің басты ұстаған мойынға?
- Мойын басты бұрғызбайды қиынға.
- Сонда қалай бағалайсың иықты?
- Иық жүкті көтерумен сүйікті.
- Кеуде жайлы көрген жандар не дейді?
- Кеудесі кең болса елін де елейді.
- Екі аяққа  қандай талап қоясың?
- Сол аяқпен жүріп дүние жиясың.
- Екі қолдың бар ма көрген құрметі?
- Жұмысы оның – адамға еткен қызметі.
- Мұның бәрін билеп тұрған сонда кім?
- Ол өзіңнің басындағы ми, жаным!
- Адам неге тұрады екен елжіреп?
- Тебіреніп, толғантатын – ол жүрек!

Монолог

Желіп жеттім жетпіске,
Не бітірдім тал түсте.
Тазарттым ба Тобылды,
Салдым ба өткел Ертіске?

Аштым ба бір кен көзін,
Сөйледім бе ел сөзін.
Жұрт қиналып жүргенде
Көрсеттім бе мен төзім?

Әлде кейін қалдым ба,
Боркеміктеу болдым ба.
Жағымпазды жәдігөй
Жақтан ұра алдым ба?

Жалбақтамай төреге,
Бірге мінген кемеге
Жолаушыға жаны ізгі
Көрсеттім бе өнеге?

Көріп жүріп сый түрлі,
Қандырдым ба ұйқымды.
Шамам келмей қалды ма
Оятуға жұртымды?

Жаным ашып халқыма,
Не қалдырдым артыма.
Берік бола алдым ба
Ата-баба салтына?

Сақтадым ба тілімді,
Ұстадым ба дінімді.
Неге, бірақ, жүрегім
Тілім-тілім тілінді?

Наламды кім түсінді,
Мұң толтырды ішімді.
Өз әлімше жасадым
Қолдан келген ісімді.

Тұрсам бәрін саралап,
Болған шығар қанағат.
Ендігі істі аяқтау
Ұрпағыма аманат!

*   *  *

Қытай жатыр жерімнің бір шетінде,
Орыс жатыр жерімнің бір шетінде.
Қожа қылған соларды қоңысыма,
Айтшы, Алла, өзіңнің құдіретің бе?

Тауы, қыры, өзені қазағымның
Салады еске бабамның таза күнін.
Құлпытастар қисайған күңіреніп
Жеткізер ме халықтың аза-мұңын?!

Өзендердің таза еді суы қандай,
Жағадағы жап-жасыл нуы қандай?!
Сондай жұмсақ болатын топырағы,
Басып қалсаң – табаның жылынардай.

Ойласақ да жүрміз деп анық басып,
Қаз-үйректі үркіттік мамық тасып.
Жота-белден киіктер ауа көшіп,
Өзен-көлден кетіпті балық қашып.

Өткен өтті, кетті деп бұрынғылар,
Ішке бүгіп жата ма сырын бұлар.
Туып-өскен жерде де, қарап тұрсам,
Толып кетті қулар мен жырындылар.

Жетпей жатыр айтқан сөз саналыға,
Әлдекімнің жасаған амалы ма?!
Таза ауаны сіміріп жұтсам деп ем,
Газдың иісі тірелді тамағыма.

Жақсылыққа бұрылып ел ниеті,
Жауын жауып, тазарып жердің беті,
Мұсылманның дұғасы қабыл болып,
Желмен, сумен кетсе екен келген дерті.

*   *  *

Тәурат, Забур, Інжіл, Құран – төрт кітап,
Төртеуінсіз қалар еді жұрт жұтап.
Жыпырлаған жапырағы болмаса,
Адамдарға сая болмас құр бұтақ.

Бәрі есепте – өткен жолың, басқан із,
Басқа келген тауқіметтен қашпаңыз.
Жәбір көрсең аңдып жүрген дұшпаннан,
Жүрегіңе қорған болар – бес парыз.

Аш жүрсе де ораза мен намазын
Ұмытпаған жаны жомарт қазағым.
Кейінгілер зейін қойып жүрсін деп,
Жазып кеткен назымы мен ғазалын.

Сол қазақты дінсіз деген күншілдер
Әзәзіл ме? Айтыңдаршы, кімсіңдер?!
Адамзаты жаралған деп маймылдан,
Әлі күнге атеист боп жүрсіңдер.

Біреу жаяу, мінсе біреу арбаға,
Орын табар барлығына кең дала.
Туыстарың қаза келсе тосыннан,
Амалсыздан жүгінеді молдаға.

*   *  *

Суық тиді тамағыма.
Жөтелдім.
Қамшы тиді тұщы етіме.
Көтердім.
Көздеп атқан оғы тиді дұшпанның,
Құдай салса, мен көндім.
Алла жазса, аман-есен өтермін.
Сақта мені оттан, судан, апаттан,
Тіл тигенде, көз тигенде не етермін?!

*   *  *

Тәй тұрдым.
Қаз бастым.
Тағы аттадым.
Қопардым тоң болған  қыртысты қап-қалың.
Бойыма жұқты ма тер төгіп тапқаным?
Біреуге жақтым.
Біреуге жақпадым.
Артыма қарадым.
Аялдап, тоқтадым,

Осынша жол жүрсем, бойымда жоқ па мін?!
Арман не мінген соң сипалап ат жалын,
Кең жолға апарса кішкентай соқпағым.
Ілгері жүруге кей кезде жоқ халім,
Көкірек кей кезде – қайнаған от-жалын,
Рақат па, азап па,  алдына кеп тұрмыз
Артында  не бары беймәлім қақпаның...

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

5 пікір