Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 1561 0 пікір 22 Ақпан, 2024 сағат 12:50

Қоғамдық сананың әлеуметтік даму заңдылықтары

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қоғамда сана болуы мүмкін бе? Әрине, қарапайым ойдың адамы мұндай сұраққа күле қарауы мүмкін: «Мемлекетте колхоз болуы мүмкін, совхоз болуы мүмкін. Ал енді, колхоз‑совхозға ұжымдасқан жұртта «ұжымдық сана» қалай болмақ?» ‑ деп. Бірақ, осылай деген адам қатты қателеседі, өйткені, адамзаттың бүткіл даму тарихы «ұдайы қозғалыстағы қоғамдық сананың» көрінісі болып табылады. Қазақ даналығы оны қысқа‑нұсқа «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деп қайырады...

1. Қоғамдық сана туралы философия не дейді?

Қоғам күрделі құрылым. Соған сәйкес қоғамның мәдени‑рухани платформасы ретінде көрініс табатын мәдени құбылыс «қоғамдық сана» деп аталады. Оның құрылымы бірнеше деңгейден құралады:

  1. Қарапайым сана деңгейі
  2. Қоғам психологиясы
  3. Қоғам идеологиясы

Сонымен қатар, қоғамдық сана формалары ретінде саяси сананы, құқықтық сананы, моральді (адами қатынастар жүйесі), өнер мен мәдениетті, дінді, ғылым мен философияны атап өтеміз.

Қарапайым сана – адамдардың күнделікті өз тұрмысына, әрекетіне, іс-қимылына қатысты қалыптасқан практикалық сана түрі. Бұл сана деңгейінде ақиқатты анықтау, күрделі сана рефлексиясына барудың қажеттігі жоқ. Сана -  практикалық маңызға ие. Бірақ, осылай екен деп оның құнын «қарапайым ғана» деп төмендетуге, оған интеллектуалды астамшылықпен қарауға еш негіз жоқ. Мысалы, күнделіті тірлікте бал  шырынын гүлден теріп жинаушы араның омарта иерархиясында алатын орны төменде, әрине. Алайда, «омартаның өмір сүруін қамтамасыз етуде» оның орнын ешбір өзге аралар  алмастыра алмайды. Сол сияқты, адамдар да күнделікті жағдайда өзінің практикалық өмірін қарапайым ойлау логикасына бағындырады. Ал, болашақта сол ортадан небір ғұламалар шығады. Ендеше, адамның ақыл есі жетілген субъектіге айналу процесінің қайнар бастауы осыдан басталады деуге болады. Әрине, бұл деңгейде сана өзіне ғана тән ойлау жүйесін, сөз жүйесін, іс‑әрекет жүйесін қалыптастырады. Ол, көбіне, адамның адами ортада мейлінше қолайлы өмір сүруінің, қайшылықты кедергілерді игерудің төте жолы болып табылады. Сондықтан бұл деңгейді «адами өмір сүрудің әліппесі» деп атауға болады. Осы кезеңде, оған «қызмет етуші» құндылықтар жүйесіне ұлттық тәрбиені, ұлттық құндылықтар: әдет пен салт‑дәстүрді, отбасылық және қауымдық қарым‑қатынас ережелерін атап өтеміз. Сондықтан да қазақ санасындағы «тектілік»,  «ұяда тәрбие көрген» және т.б. құндылықтар осы деңгейден бастау алады деп айта аламыз.

Қоғамдық психология – ол қарапайым сана деңгейінде қалыптасқан, тұрмыстық деңгейде іс-әрекет ретінде көрінетін эмоциялық көңіл-күй мен мінез көрінісі. Ұлттық сана деңгейінде ол мәдениетпен, салт-дәстүрмен астарласатыны себепті – тұрақты сипатта болады. Оны Ұлттық мінез деп атаймыз. Мысалы, қазақ халқы мыңдаған жылдық тарихында өз дәстүрлері мен салттарын ұстана отырып өзінің ұлттық бейнесін сақтап келгенін – бүгінде ғылым толығымен мойындайды. Бірақ, қоғамда әртүрлі әлеуметтік топтар арасында ерекше психологиялық өріс қалыптасатындықтан, олардың арасындағы коммуникация  әруақытта бірыңғай бола бермейді. Сол себепті, қоғам психологиясы иерархиялық сатыларға бөлінеді де, әрбір сатыда тек өзіне ғана тән мінез бен құлық, дүниетаным, өмір сүру әдеті орнығады. Бірақ, ол жалпылық мағынада емес, тек локалды сипатта ғана болады. Мысалы, өмірде «отбасылық әулет» (династия) деген құбылыс жиі орын алады. Онда дәрігердің баласы – дәрігер, шопанның баласы – шопан, ғалымның баласы – ғалым болуын «ұрпақтар сабақтастығы» деп айтады. Неге десеңіз, қазақ даналығында «Ұяда не көрсең, соны ілесің» дегендей, мұнда да осыған дейінгі қалыптасқан «отбасылық психологиялық өріс» бұл отбасының ұрпағы өмірінде проекцияланады. Бұлар – жеке құбылыстар санатына жатады. Ал, жалпылық мағынадағы «қоғамдық психологиялық өріс» өз қозғалысында   халықтың дәстүрі мен мәдениеті, құндылықтар жүйесі сияқты деңгейлерден көрініс табады. Әрине, ол әр халықта, әрбір мемлекетте, елде тек өзіндік қаталанбас сипатқа ие. Сондықтан да қазақтың алаш қайраткерлері «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп, өздерін өздері үнемі қайрап отырған.

Қоғамдық идеология – қоғам болмысының теориялық-концептуалдық көрінісі. Ол түсініктер, пайымдар, теориялар мен концепциялар арқылы көрінеді. Тұтас алғанда ол қоғамдағы қалыптасқан саяси жүйенің, құқықтық және моралдік ережелердің, эстетикалық және этикалық қатынастардың, экологиялық сананың, діни және философиялық сананың, ғылым мен білімнің жинақтаулы бейнесі болып табылады.

Идеология қоғам мүддесі мен мақсатына қызмет етуге, қоғам өмірін үздіксіз жетілдіруге бағытталған. Оның стратегиясы мен тактикасы алдын‑ала қабылданып, қоғам осы бағыт бойынша өзінің ішкі дамытушы күштерін іске қосады. Яғни, қоғамдық идеология – қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың әрекетін бір арнаға салатын бағдарламалық даму механизмі. Ол қоғам қажеттілігіне сәйкес болуы тиіс. Идеологиясыз қоғам болмайды. Идеология қоғамды оның өз мүддесіне сай, ақыл мен сана іске қосылған даму жолына бастайды. Осмы жағдайда, егер, идеология қоғам сұранысы мен дамуынан кешеуілдесе, онда қоғамда деидеологизация процесі іске қосылып, қоғам негізгі даму бағдарын жоғалта бастайды. Сондықтан қоғамдық идеология қоғамның даму деңгейімен үнемі де сәйкестендіріліп отыруы қажет. Онсыз қоғамда саяси, құқықтық, моралдік, діни тұрғыда дағдарыс пайда болады. Қазіргі рухани даму үрдісі, унитарлы мемлекетке сай ұлт болмысын қалыптастыру, қоғамдық сананы модернизациялап, демократия негізінде тұратын құқықтық сананы ояту, құқықтық мемлекет мәдениетін қалыптастыру – осы мақсаттардан туындап жатқаны анық. Оны іске асырушылар, ең алдымен, қоғамның даму заңдылықтарын жетік меңгерген, жан‑жақты біліктілікпен қатар, философиялық анализ деңгейінде ойлай алатын (бір сөзбен айтсақ ‑ философтар) болуы тиіс. Философиялық анализ қоғамдағы идеологиялық дамуға методологиялық тұрғыда жетекшілік етеді, үдемелі серпін береді..

2. Қазақстан жағдайындағы қоғамдық сана ерекшеліктерінің сипаты және өзара арақатынасы

Қазақстан ұзақ жылдар тәуелді (отарлық) жағдайда болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең гипердағдарысты жағдайға тап келді. Сондықтан, ҚР-на тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің төл қоғамдық идеологиясын құруға мүмкіндік   болмады. Ол жағдайда барлық күш-жігер тәуелсіздікті сақтап қалу, дағдарысты экономиканы тәуелсіздікті қамтамасыз ету рельсіне қарай бұру – басты мақсат ретінде айқындалды. Халық пен биліктің күш жігері осы бағытқа жұмылдырылды. Нәтижесінде ‑ мемлекет өзінің табиғи байлығын қолдана отырып, экономиканы біршама тұрақтандыруға қол жеткізді. Ол 2000 жылдарға сәйкес келеді. Содан кейін ғана Ұлттық дамудың алғашқы конструкциялары жасала бастады. Конституцияда атап көрсетілген «унитарлы мемлекет» ұғымына сәйкес, бүкілхалықтық маңызы бар «Мәдени мұра» бағдарламасы іске қосылды. Ол табысты жұмыс істеп, ҚР әділетті мұрагері – қазақ халқының ақтағдақ тарихынан көптеген деректер жиналды, оны қоры байыды.

Келесі кезекте, болашақ даму бағдары бола алатын «құндылықтар жүйесін» қалыптастыру қолға алына бастады. Ол мемлекеттің сол кездегі даму сатысымен сәйкес келді. Бұл кездері қолға алынған «Рухани жаңғыру», «Қоғамдық сананы модернизациялау» дегеніміз ‑ Ұлттың рухани күш-жігерін жаңа бағытқа, яғни, әлемдік ғылым мен технология жетістіктерін ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып, Қазақстанды әлемдегі озық елдер қатарына қосу сияқты оңтайлы мақсаттарды көздегенін жасырмаймыз. Бәірақ, әрине, ол үшін мемлекет халықтың интеллектуалды потенциялын іске қосуға міндетті еді.

Бірақ, өкінішке қарай, әуел баста жап‑жақсы алгоритмнен басталған бұл шаралар, қатаң авторитаризм жағдайында орын алатын субъективизм мен коррупциялық қиратушы күштердің жетегінде кетті. Бұл процесске қоғамтанушы ғалымдар көптеп араласты. Алайда, ресми билік тарапынан жүргізілген «алогикалық саяси ситуация» қоғамдық дамудың көзделген нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік бермеді.  Олар, жалпы айтқанда, еліміздегі білім беру жүйесіндегі жіберілген өрескел қателіктер мен кемшіліктер, ғылымның экономикалық‑әлеуметтік дамуда сұранысқа ие болмауы, ғылым мен білімнің қоғамда құндылықтар қатарына ене алмауы, соның ішінде, қоғам санасын модернизациялауда басты роль атқаратын философия мен философтардың, ата тарихқа жол сілтей отырып, қоғамның «біртұтас тарихи санасын» қалыптастырушы тарихшы ғалымдардың маңызы құлдырады, оладың қызметі ескерусіз қалды. Нәтижесінде мемлекетқұрушы және мемлекетке жауапкершілікті қазақ қоғамы, жетекші ұлт ретінде философиялық‑тарихи‑сыни ойлау мәдениетінен ажырады, одан тысқары қалды.

Бұл салаларда белгісіздік пен бос кеңістік басты, яғни, ваакумдық жағдай орнады. Көп ұзамай ол бос кеңістікті белгілі бір идеологиялық сипаттағы догмалық нарративтер басты. Ол, өз кезегінде, қоғамдық құндылықтар жүйесінің өзгеруіне, қоғамның тәуелсіздік идеясын көмескілеуге әкеліп,  қоғам мен мемлекет даму қарқынын күрт жоғалтты. Псевдотеориялар оның қарқынды дамуына кері әсерін тигізе бастады. Қоғам санасы дағдарыс пен тұрақсыздық фазасына аяқ басты. Соған сай жаппай қоғамдық наразылықтар мен қарсылықтар шеруі ұлғая түсті. Билік беделін жоғалтты. Ұлтқа «ұлт болып қалыптасу» мүмкіндігінен, яғни, басқаша айтсақ – «мемлекеттік тәуелсіздіктен  ажырау» қаупі төнді. Мұның бәрі де қоғамдық және мемлекеттік дамудың жаңа сапалық өзгерістерге мұқтаж екенін анық көрсетті және болашақта орын алуы тиіс өзгерістер сипатын айқындады.

Осындай тұйық кезде өзгеріс «биліктің жұмсақ түрде алмасуы» арқылы жүзеге асты. Бірақ, бұл оңай шаруа болмай шықты. Мемлекетте «ескі мен жаңаның» астыртын күресі басталды. Ескі жүйе қалайда өз жеткен биігінен ажырағысы келмесе, жаңа жүйе қоғамды бейбіт түрде реформалау арқылы елдегі «қос биліктен»,  яғни,  белгісіздік пен тұрақсыздықтан құтқару жолдарын қарастыруымен болды. Ал, қоғамның өз тарихында бұрын‑соңды мұндай тәжірибенің болмауы – әртүрлі қоғамдық эксприменттерге жол ашты. Бірақ, мұндай қиыншылықтарға қарамастан, болашақ дамудың басты белгілері айқын еді, ол – авторитаризмді ығыстыру және қоғамды демократияландыру. Бұл жол ‑  халықты мемлекетті басқару ісіне тартып, ұлтты «мемлекеттік субъектіге» айналдыру арқылы – ұлттық дамуды жаңа деңгейге көтеру болатын.

Оның ең басты объективті нысандары мыналар: бұрынғы «алдымен экономика, саясат содан кейін» дейтін, сөйтіп, саясаттан тыс қалған қоғамның  сыртынан небір коррупциялық‑экономикалық схемалар құруға жол ашқан «даму жолын» қиратып, экономикалық дамуды ұлт пен мемлекеттік даму мүддесіне бағындыру болды. Ол үшін қоғамда мейлінше ашықтықты қамтамасыз етіп, халықтың құқықтық санасын қалыптастырып – қоғамды жегідей жеген коррупциядан тазарту, авторитаризмнің «жеке‑дара туындысы» ‑ олигаполиядан арылу міндеттері қойылды.

Бұл ұлттық санаға, қоғам санасына біршама серпіліс берді – қоғамда митингілер туралы заң өзгертілді, сайлау туралы заңға өзгеріс енгізіліп, тұңғыш рет парламентке оппозициялық тұлғалар енді. Әрине, ескі жүйенің қатал қарсылығы ондай азаматтардың санын шектесе де, енді, қоғамның өзекті мәселелері Мәжіліс мінберінен ашық айтыла бастады. Ұлт та өзінің кім екенін тани бастады, алаш қайраткерлері армандаған «Оян, қазақ» миссиясын айқындап, билікке де және өзіне‑өзі қояр талаптарын күшейтті. Сөйтіп, ұзақ жылдардан кейін, қоғам санасы «алдымен ұлт пен мемлекет, қоғам мен халық мүддесін көздейтін саясат, содн кейін ғана осы ережелерге сай құрылатын экономика» деген принципті басшылыққа алуға үйрене бастады. Бұл кезең мемлекетте бұрынғы мойындалып келген «көпұлттылық» принципінен айнып, «бір ұлт –бір мемлекет» қалыбына, яғни, Қазақстан атты конституциялық униттарлы мемлекет құру бғытына ойысты. Қазір бұл процесс қарқынды жалғасуда. Оның қарқыны мен бағыты тұрақты жұмыс істейтін «Қоғамдық кеңестер» мен жыл сайын шақырылатын «Ұлттық Құрылтайда» жан‑жақты талқыланып, өзін реттеп отыруға қабілетті бола түсті.

Авторитаризм кезінде жаппай орын алған «қоғамдық апатия» енді ескі домаларды қирата бастады. Қоғам Тіл туралы, Дін туралы және басқа  да әлеуметтік маңызды заңдарды қайта қарап, оларға жаңа сапалы өзгерістер енгізуге бет бұруда. Мұнда еліміздің өте қиын геосаяси жағдайы мұқият ескеріліп, «асықпай жүріп, анық бас» деген қазақы даналықтың үлгісін басшылыққа алу да орын алып отыр. Бірақ, соған қарамастан, қоғамда «мақсатқа тезірек жету» деген сарын да орын алып тұр. Өкінішке қарай, бұл жағдай қоғамды біріктіруге емес, оған керісінше әсерін тигізіп жатыр. Бір қызығы, ондай «асығушылар» отыз жылдық тоқыраудан әбден әлсіреген қоғамның шамасы ол қарқынға төтеп бере алмайтынын білсе де – қоғамды соған итермелеуде. Шындықты айту керек, бұл қоғамды «отыз жыл ертегімен қоректендірген» жүйенің қолайына жағады. Себебі, қазіргі кездегі кез келген бейберекетсіздік дамуды артқа шегеріп, бұрынғы жүйенің өзін реанимациялауға мұрсат берер еді. Біз «кезекті уәдемен» өмір сүретін ондай қадамға енді қайтып бара алмаймыз.

Біз экономикасын ұлт мүддесіне бұра отырып, халықаралық жағдайдағы қатерлі конъюктураны ескере отырып – одан өзіне тиімді қорытынды жасауымыз қажет. Ол – ұлттық тұтастық, қоғамдық сананың жасампаздық сипаты, өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуы, жұмыссыздықты жою, экономикалық дамумен қатар ғылым мен білімді дамыту, моралдік‑этикалық ахуалды жалпыадамгершілік деңгейге көтеру, бәріне бірдей құқықтық сана қалыптастыру және т.с.с құндылықтар жүйесін ұлттық мәдениет негізінде қайта өмірге келтіру болып табылады.

Ол туралы президенттік жастар кадр резерві форумында Президент Қ.К.Тоқаев была деп мәлімдеді:

  • Жылдар бойы жауыр болған бюрократияғағ қағазбастылыққа үзілді‑кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі, барлық маңызды шешімдер азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс.
  • Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінген жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс.Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамта түседі.
  • Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет.
  • Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттіктің статистикасы соған меңзейді.

Міне, жаңа қоғам парадигмасы осы. Бұл парадигма ұлы философ Әл Фарабидің, ұлы философ Гегелдің «адамдар өздері қабылдаған әрі мойындаған заңдар аясында ғана еркіндікке ие» деген қағидаларымен толық сай келеді. Біз, осылай, философиялық ойлау мәдениеті қалыптасқан игілікті қоғамға қарай бет бұрудамыз. Сана озық болса – қоғам да оған сай болады.

Әбдірашит Бәкірұлы ‑  философ‑публицист

Жылысбаев Жұман Дүйсебаұлы ‑ Еуразия технологиялық университеті, «Білім беру технологиялар» мектебнің филосоия пәнінің оқытушысы

Abai.kz

0 пікір