Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4801 4 пікір 13 Ақпан, 2024 сағат 17:07

Алғыс айту күнінің басты идеясы қандай?

Коллаж iman.kz сайтынан алынды

Мемлекеттің қуаттылығы, болашағы басқа да факторлармен қатар, халқының бірлігімен, татулығымен, бір-біріне ризашылығымен анықталады.

Осы орайда пайда болу тарихында анықталғандай, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын мереке - «Алғыс айту» күні идеясына толық сай келіп, Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін қамтамасыз етуге бағатталып, мерекеленіп жүрме деген қоғамды толғандыратын сұраққа өз ойымды білдіргім келеді. Осы мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтып ризашылығын білдіреді. Бұл қазақтар мейірімді, дархан халық ретінде елімізге еріксіз қоныс аударған түрлі этностарға қамқор болды деген ойды қоғамдық санада қалыптастырып, қазақ халқының бойында ұлттық мақтаныш сезімін көтеріп, еліміздің бүгінгісі мен болашағына жауапкершілік сезімін арттырады. Сонымен қатар еліміздегі өзге этнос өкілдерініңде қазақ халқына мемлекет құрушы ұлт ретінде құрметі одан сайын артады.

Мемлекеттік, жергілікті деңгейде ресми органдардың ұйымдастыруымен репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдікке, қолда бармен бөлісу мен көмекке бүгінде еліміздегі өзге этностар алғыс айтып, мереке ретінде кеңінен аталып өтуде.

Бірақ халық арасында бұл мереке мүлдем басқа идеямен, жалпы адамгершілік тұрғысында аталып өтіп жатыр. Оқушы ұстазға, іні ағасына, баласы анасына тұрғысында жалғасып, алғыстар жаудырылуда.

Өкінішке орай ресми түрде де алғыс айту күні мерекесінің басты идеясына сай келмейтін шаралар аталып өтуде. Оған мысал осы мерекеге байланысты  Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлеріне арналған «Батырларға алғыс» акциясы, «Алтын жүрек» мемориалында бастау алған «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы сияқты елімізде өткен шараларды келтіруге болады.

Демек тарихи ақиқат боп саналатын қазақ халқының сол кездегі кеңпейіл, қонақжай, мейірімділігі және қилы заманда тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдерінің одан әрі өсіп өркендеуі қоғамдық-тарихи  санада әлі толық қалыптаспаған. Біз, елімізде алғыс айту күнін басты идеясына сай мерекелегенде ғана қоғамдық-тарихи сана мемлекетіміздің саясатына сай өзгеріп, Қазақстан халқының бірлігімен татулығы одан әрі нығаяды.

Марат Исламов, 

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, философия докторы (PhD) 

Abai.kz

4 пікір