Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Дін мен тін 781 3 пікір 6 Ақпан, 2024 сағат 13:02

Екінші дәріс. Дін және догма: философиялық талдау

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Дін және догма: философиялық талдау - бірінші дәріс

Құрметті әріптестер!

Бүгін сіздердің назарларыңызға «Дін және догма: философиялық талдау» атты лекцияның 2‑ші бөлімін ұсынамыз.

1. Тәуелсіз Қазақстанның қысқаша діни тарихы

Соңғы кездері елімізде «дәстүрлі дін» саналып келгеен ислам діні өкілдері тарапынан қоғамды шиеленісті жағдайға итеру әрекеттері жиілей бастады. Неге? Оның себептері мен белгілерін білу үшін Тәуелсіздіктен кейінгі діни тарихқа шолу жасау қажет. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, Қазақстанда дінге қақпа ашылды. КСРО кезінде тоталитарлы идеологиядан зардап шегіп, өзінің ұлттық негізден ажырауға шақ қалған қазақ халқы, тәуелсіздік алғанда «дәстүрлі дін ұлт болмысын қалыптастыруға көмекке келеді» деп үміттенді, соған сенді. Қоғамда «діни эйфория»  тәуелсіздік эйфориясымен бір қатарда жүрді. Бұрынғы коммунистер, трактористер мен бұрынғы атеистер және басқалары жаппай дінге ұмтылды...  Жер‑жерде мешіттер ашыла бастады. Қоғамда имамдарға деген үлкен сұраныс пайда болды. Көптеген отбасылар балаларын мектептен шығарып алып,  оларды стихийялы түрде ашылып жатқан медреселерге оқуға беруге дейін барды. Оған қоса, мектеп бітірген жастар шет елдерге «діни оқуға» жіберілді. (Оған біздің Түркиямен туыстық сезім ықпал еткені анық).

Біздің халық әуел бастан табиғаты таза, сенгіш халық еді. Олар номадтық заңдарға сай «көшбасшы + халық» заңымен өмір сүруге бейімделген болатын.  Оның үстіне, ежелден дінге аса қатты берілмеген қазақтарда діни білімге деген үстірт көзқарас басым еді. Олар діннің қоғамға тигізер әсері жөнінен сауатсыз болды. Сол себептен  қазақтар балалары оқуға кеткен мемлекеттердің көбі  авторитарлық, діни монархиялық сипаттағы мемлекеттер екеніне назар аудармады. Нәтижесінде ол жастар сол елдердегі режимдердің саяси және идеологиялық платформасы болған діни ұстанымдарды елге алып келді.

Бұл – жаңадан бой көтерген біздегі авторитарлы режимнің қолайына жақты. Халықтың санасы олар алып келген «Көкте Құдай, патша оның көлеңкесі» деген ұстанымды жатырқаған жоқ. Себебі бұл формула олардың «көшбасшы+халық» дейтін өмір сүру формуласына сай еді. Осылайша, дін қарқынмен дамып, халықтың санасын жаулай бастады. Ол енді ұлттық тәрбие жүйесін қамтып, «қазақ болу» деген түсінік «дінге кіру» дегенмен теңестірілді. Соған сай, халық санасы «адамгершілік қасиеттер тек дінмен келеді» деген догмалық насихат пен діни утопияның жетегіне ілесті. Бұған мемлекеттің дағдарыс пен күйзеліске ұшырауы дем берді ‑ ата‑аналар күнкөріс қамымен «отбасылық тәрбиеден» қол үзді. «Қараусыз қалаған балалар» мешіттерден табылды... Ұлттық құндылықтардың барлығын күрт «исламдандыру» әрекеті қарқын алды. Бұл процесс  2019 ж. билік алмасқанға дейін үзілмей жалғасты.

Билік алмасқан соң ғана, елімізде дінге деген сыни көзқарастар жиі айтыла бастады. Бірақ, үмітті ақтамаған авторитаризм биліктен кетсе де, онымен етене бірлікте болған діни ұстанымдар мен діни уағыздар сол қалыбында қалып қойды. Консервативті, өзгеруге бейімі жоқ дін халық санасын «діни космополитизмге» бұруды үдете түсті, тіптен, ашық агрессиялық жолға бара алатынын байқатты....

Бірақ, қоғамның мемлекетке деген көзқарасы өзгере бастады. Қоғам демократиялық құндылықтарға бұрылу арқылы Әділетті Қазақстанға қол жеткізу міндетін алға қойды. Ол, әрине, Құқықтық мемлекетпен бірге қалыптасатыны анық. Соған сай реформалар қабылдана бастады.

Алайда, бұл процесс өте қиын жүруде. Өйткені, «ескі қазақстан» деген атқа ие болған авторитарлы жүйе әлі де өзінің кадрлық және қаржылық, билік ресурстарын, бұрынғы әлеуетін сақтап отыр. Одан әрі де өзін сақтау үшін барын салуда. Бұл жағдайда олар дінді өз мақсатына қолдануды күшейтпесе – азайтпайды. Ал, мұндағы діннің міндеті – халықты азаттық санадан ажыратып, сананы бұрынғыдай «құлдық сана» формасына ауыстыру. Ол үшін халықты өз болмысынан, салт‑дәстүрден ажырату қажет. Өйткені, елімізге енген «неоислам» қазақ салттары мен дәстүрлерінің, мәдени құндылықтарының мәні мен мағынасы бұл дінге көп жағынан сәйкес келмейтінін, тіптен, көбіне‑көп оған қайшы екенін анықтап үлгерген болатын. Ендеше, ұлттық дәстүрді қиратқанда ғана бұл халықты «құлдық санаға әкелуге» қол жеткізуге болады. Осы мақсатты және тәсілді ұстанған Дін «мұсылмандықты» алға тарта отырып, әрекеттерін күшейте түсті. Ғасырлардан келе жатқан салттарымызға, дәстүрімізге шабуылдауды еселеп арттырды

(Домбыраны «харам» деді (артынан бас тартты), шеше түсінігін масқаралады (артынан бас тартты), «айналайын» сөзінің мәнін өзгертіп, оны «қағбаны айналудан шығады» деп рухани тарихымызды шорт кесті (оны өзгерткен жоқ) және т.т.).

2. Оның қоғамға және мемлекетке қаупі неде?

Қауіптілігі ‑ оның  бумеранг принципімен ғылым мен білімнің дамуына кері әсерін тигізуінде. Соның әсерінен Қоғам дін фанатизмге қарай бет бұра бастады. Әсіресе, мұнда өмір тәжірибесі аз жастардың санасы қорғаусыз қалуда. Бұл қоғамда үлкен алаңдаушылық тудыруда. Біздің халық қаншама ғасырлардан кейін күшті тәуелсіз мемлекеттілігін құру  мүмкіндігіне (шанс десек болады) ие болғанда, одан дін ықпалымен айырылып қалсақ ‑ ол шансты мәңгілікке жоғалтамыз.

Мұндай қауіп күшейгенін зиялы қауым сезеді. Жуырда олар Президентке, өзге билік тармақтарына осыны ескеріп Үндеу жариялады. Қазақтың қазіргі заман абыз ақсақалы, академик‑философ Д.Кішібеков бастап қол қойған Үндеуде мынадай ойлар айтылады:

Елімізде діни-радикалдық бағыттар күш алып келеді. Соңғы кездері тіпті қарқынды түрде дамуда. Ұлттық құндылықтарымызғы, ұлттық ерекшеліктерімізге айрықша шабуылдар жасалуда. Бұдан былай мемлекет тарапынан нақты шараларды қолға алмаса, мүлде кеш болатыны сөзсіз. Көрші Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттері салафиттік-уаһабиттік жат идеологияға тыйым салуды қолға алды. Өзбекстан тіпті заң шығарып үлгерді. Егер біздің елімізде де мемлекет нақты заң қабылдамаса, көрші елдердегі теріс діни ағым өкілдері Қазақстанға қарай ағылады. Сондықтан, Мемлекет тарапынан заң қабылдау жөнінде шешім шыққаны көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр» деп нақты атап өтілді.

Иә, бүгінде туыстар, достар, тіпті бір отбасы мүшелері дін мәселесі төңіректе бір-бірімен араздасып,  бір дастархан басына отыра алмайтын жағдайлар орын алып отырғаны рас.  Бұл ұлтты бөлшектеуге апаратын әрі ұлттық қауіпсіздік жағдайына да орасан зор нұсқан келтіретін факт.

Сондықтан, алда қайта қаралатын Дін туралы заң жобасына зиялы қауым (ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналисттер, өнер адамдары, жалпы қоғам белсенділері) көптеген ұсыныстар жолдады. Онда киім киіс,  сақал‑мұрт, дін уағызын заңға сай жүргізу,  мемлекеттік мекемелерді одан ажырату, әлеуметтік желіні уағызға қолдану, дінге сырттан келетін қаржылық қолдауды қатаң бақылауға алу, ұлттық құндылықтар идеологиясын жасау, ғылым‑білім, өнер мен мәдениет насихатын күшейту, мешіт құрылысын шектеп, орнына балабақшалар, мектептер, студенттік жатақханалар салу сияқты ұсыныстар айтылды.

Қорыта келе, Мұхтар Әуезовтың  “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген ұлағатты сөзін есімізге алғымыз келеді. Бұл сөздің астарында ұлттық тәрбиені ұлықтау керектігі туралы үлкен мән бар. Балабақшадан бастап ұлттық құндылықтарды, ғылым мен білімді насихаттап, жас толқынның бойына сіңіретін ауқымды жобалар, іргелі жұмыстар жүргізілуі керек» деп түйіндеді зиялы қауым. «Ел болашағы үшін бүгін әрекет жасамасақ, ертең мүлде кеш болмақ», ‑ дейді олар.

ЛЕКЦИЯҒА ҚОСЫМША МАТЕРИАЛДАР:

(автордың дін туралы әр кездегі жазбаларынан үзінділер)

ЖАРАТЫЛЫСТАНУДЫҢ ДІНИ АСТАРЫ НЕДЕ?

Кез келген дін Ұлы Жаратылыс болғанын мойындаудан, яғни одан әрі Ұлы Жаратушы бар екенін мойындаудан бастау алады... Бірақ, адамзат санасы ол шексіз жаратылысты толық дәлелдей алмайды. Сондықтан ол процесс (жаратылу процессі) тек Сенімге сүйенеді. Бұл - діннің өмір сүру формуласы. Ал, Сенім төңіргеніде адамзатта бір ұстаным жоқ. Сол себепті, жер бетінде әлденеше діндер пайда болып, адамдар өзара "сенім топтарына" бөлініп алды. Ол "топтар" бір-бірімен  кейде толерантты, кейде - төзімсіздікпен өмір сүруде... Бұрын, ғылым-білімнің аз кезінде өз сенімі үшін адамзат қатты соғысты... Ғылым-білім дамыған сайын, Ұлы Жаратылыс құпиясын білудің мүмкіндігі арта берді... Сөйтіп, Ғылым мен Білім біртіндеп жер бетіндегі "діни соғыстарды" тоқтата алды.

ҚАЗАҚША ТӘҢІРТАНУ

Қазақтың "Тәңірді тану" дегені "табиғатты тану", яғни Тәңірдің тұтас Жаратылысын тану деген сөз.  Мұнда бүкіл Табиғат, Тіршілік атаулы "Тәңір жаратылысы" болғандықтан, оған (құмырсқаға дейін) қиянат жасау - Тәңірге жасалған қиянат (күнә) болып саналады. Қазақтың ОБАЛ ұғымы содан туындайды. Сол себепті, қазақ мал сойғанда олардың Киелерінен (мыс Шопан ата, Зеңгі баба, Қамбар ата, Ойсыл қара, Сексек ата және т.т.) кешірім сұрап, Киелердің рұқсатын алуы тиіс. Бұл дәстүр әлі күнге жалғасып келе жатыр... Қазақтың діни түсінігінде "адам тірі кезінде өзінің Тәңір жаратылысы екенін дәлелдеп үлгеруі керек" деп санайды. Ендеше, біздің түсінігіміз бойынша жақсылық та осы өмірде, жамандық та  осы өмірде!

ҒЫЛЫМ МЕН ДІН

Қазіргі қазақ қоғамына дін керек пе, ғылым керек пе?

Бұл екеуін қатар алып жүрем деушілер, не болмаса, ғылымды діннен іздеушілер, оның мүмкін емесін ұға алмай жүргендер. Қазіргі Ғылым - дін қалыбына симайтын деңгейде дамып кетті. Оның (ғылымның) өз Формуласын игерудің өзі оңай емес - инемен құдық қазғандай! Ғылымды "кемірген" адамда - ғылымнан басқаға уақыты да жоқ. Ол, дінді "әр адамның жеке шаруасы" деп санайды.

ҚАЗАҚ ҰЛЫЛАРЫ

ҚОРҚЫТ БАБА - Мәңгілік өмір сарынын қобызға салып күңіренткен... Мәңгілік өмір - халықтың бірлігін, бауырлықты, ағайындықты, қомқорлықты, адалдық пен әділдікті және ұрпақ жалғасын білдіретін қасиетті ұғым. Қорқыт бабаның бізге қалдырған асыл мұрасы осы!

АСАН ҚАЙҒЫ - желмаямен әрбір қазақ жұртына жетіп, оларға "Осы жердің Иесі де, Киесі де өзіңсің! Отырған жеріңді Жерұйыққа айналдыра ал – «Мына жерге түйе өсір, мына жеріңе қойыңды бақ, мына жеріңде сәйгулік туар... – деп өмір жолын көрсеткен...

ЖЕР ИЕСІ МЕН КИЕСІ дегеннің астарында -туған жерің Отаның - Отанды сүй, оны жау қолына берме, гүлдендір, ТӘҢІР берген қысқа өміріңде осы жеріңді жұмаққа айналдыр деген өсиет жатыр.

ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ  астарында «Аянбай еңбек ет, шаруаның көзін тап, табиғатыңды - Жер Анаңды  аялап күт, өзгеге көзіңді алартпа - бар бақытың туған жеріңде және өз қолыңда»  деген даналық жатыр.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1453
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1301
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1056
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107