Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ғибырат 1838 12 пікір 5 Ақпан, 2024 сағат 14:02

Жарқ етіп сөнген жасын - Артығали ақын

Сурет adebiportal.kz-тен алынды

Осы жұрт Артығалиды біле ме екен?...

Жиырмаға жетер-жетпесте, қарапайым пенделерге мүлдем ұқсамайтын, болмысы бөлек, табиғаты тылсым, қайталанбас құбылыс ақындар табиғатын:

Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды, - деп, бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдаған ақын Артығали Ыбыраевты әдебиет сүйер қауым, жарқ етіп сөнген жасынға теңейді. Жарқ етіп сөнген жасын... Бұл – Артығали ақынға берілген дәл атау...

Кез-келген өнер иесінің шығармашылығын терең түсіну үшін оның өмірін, өскен ортасы мен ол ер жетіп оң мен солын таныған қоғамын жете біліп, тереңнен тану шарт.

Жасындай жарқ етіп, қыршыннан қиылған ақын Артығали Ыбыраевтың өмірбаяны өте қысқа. Ол 1953 жылы 28 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу аудынының орталығы Байқадам ауылында дүниеге келіп, 1970 жылы Байқадам қазақ орта мектебін бітірген. Мектеп бітірген 1970 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы күзде, екінші курстың басында түрлі себептерге байланысты оқудан шығып, (ол себептерге біз әлі тоқталамыз) академиялық үзіліс алуға мәжбүр болған. 1973 жылы Байқадамдағы Мәдениет үйінде жұмыс істеген. 1974 жылы 4 сәуір күні Тараз қаласында бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Бұл – ақын Артығали Ыбыраевтың ресми өмірбаяны. Санамалап келгенде Артығали ақын 20 жыл 7 ай ғана өмір сүрген.

Мен Артығали ақынның есім-сойын студент кезімде, сонау 1980 жылдардың бірінші жартысында, КазГУ қалашығында естігенмін. Ол кезде біз есімдері тұтқындалған ақындардың айтуға болмайтын өлеңдерін жатқа оқитынбыз. Есімін атауға болмайтын «тұтқындағы ақындардың» өлеңін жатқа айтатындар – студенттер қауымының ортасында ерекше беделге ие, оларға көпшілік үлкен құрметпен қарайтын. Меніңше, 80 жылдардың екінші жартысындағы Горбачевтың «Қайта құруының» жылымық кезеңінде әдебиеттегі «жабық есімдер» тақырыбына қызығушылық ерекше болды. Әсіресе, студенттер қауымы ортасында.

«Ақын жайлы айтады қызықты аңыз», – деп Мұқағали айтқандай, есімі тұтқындалған «жабығы» бар, «ашығы» бар ақындар жайлы не түрлі әңгімелер айтылатын. Сол «аңыз-ақындардың» бірі – Артығали болатын.

Бізде... КазГУ-дің журфагында оқыпты... Керемет талантты ақын... Өте сұлу, келісті жігіт... Бөріктінің көріктісі... Қыздар оған шетінен ғашық... Сондай ғашық қыздарының бірінің жігіті... Әлде ағасы..., мүмкін туысы... Қызғаныштан, Таразда Артығалиға қастандық жасаған... Сол жерде ақын ажал құшқан...

Ақын туралы аңыздың бір парасы  осылай болып келетін. Құлаққа сіңімді, жүйелі, әдемі аңыз...

Мен Артығали ақынның туған бауыры, қазіргі зейнеткер, бұрынғы заң қызметкері Рысқали Ыбыраевпен осы бірер айдың көлемінде ғана, кейіннен таныстым. Оның ақын Артығали Ыбыраевтың туған бауыры екенін білген бетте-ақ, бірден Артығали туралы сұрадым. Бәрі біз естігендей. Мектеп бітірген, университетке түскен, академиялық үзіліс. Байқадамдағы Мәдениет үйінде жұмыс жасаған, кейіннен Тараз қаласында ажал құшқан. Біз естіп өскен аңыздың жаңғырығы.

Мен – кәсіби әдебиетшімін. Халық ауыз әдебиетінің бір түрі – аңыз-әңгімелердің ғылыми теориясын өте жақсы білемін. Аңыз-әңгіменің түп негізінде шындық оқиға болғанымен, кейінгі айтушылар тарапынан түрлі қоспалар қосылатындықтан, аңызға негіз болған оқиға – мүлдем басқа арнадан бастау алуы бек мүмкін. Мені қызықтырған бір-ақ нәрсе. Артығали не себепті оқудан академиялық үзіліс алуға мәжбүр болған?

Мен Рысқали ағадан осыны сұрадым. Рысқали ағаның айтуы бойынша: 1972 жылдың күзінде, Артығали екінші курсты енді бастап жатқан кезде орыстың әлдеқалай бір тілші ғалымы, студенттерге арналған лекцияда, әлде жиналыста тіл туралы, тіл болғанда да қазақ тілінде «ж» хәріпінен басталатын сөздердің алдына «д» харіпін қойып сөйлеу туралы лекция оқиды. Міне, осы жиналыста Артығали сөз сөйлеп, қазақтың «жайлау», «Жамбыл», «Жәркент» деген сөздерін «Джайлау», «Джамбул», «Джаркент» деп айту керек пе, бұл қазақ тіліне қастандық деп, «ж»-ның алдына «д» харіпін қоюға қарсы екенін айта келе, жетім тағдырлы қазақ тілінің сол кездегі жәй-күйіне тоқталып, астанамыз Алматы қаласында қазақ мектептерін көптеп ашу керек деп мәселе көтереді. Сөйлеуші сөзі саяси әуенге ауысып бара жатқандықтан, жиналыс басқарушысы Артығалидан сөзін тоқтатуды талап етеді. Әрине, олар айтты екен деп, сөзін доғара қояр Артығали ма, ол сөзін ары қарай жалғастырады. Жиналыс басқарушысы орнынан тұрып, сөйлеп тұрған Артығалиды күштеп болса да жиналыстан шығарып жіберуге тапсырма берген. Артығалиды бес-алты жігіт күштеп, жабыла сүйреп, фойеге шығарады. Фойедегі тобырдың алыс-жұлысын көрген есік аузындағы вахтер-күзетші орыс жігіті: «Мына чурбан, кольбит пе сендерге қарсы келіп жүрген», – деп, Артығалиды жабыла сүйреп жүрген бес-алты жігітке көмекке ұмтылады. Сол жерде төбелес басталады. Нәтижесінде, фойенің терезесінің әйнегі сынып, Артығалиды милиция алып кетеді. Сол кездегі заң бойынша, милицияға түскен студенттің университетте одан әрі оқуы мүмкін емес еді. Артығали оқудан шығарылып, жеті ай қамауда жатып, сұралады. Осы тұста Артығалидың әке-шешесі баласына екі-үш мерте келіп кетеді. Жеті ай қамақта отырған Артығалиға кейіннен сот болып, бір жыл еріксіз береді. Сот жабық жағдайда өткен. Ақынның жақындарынан ешкімі қатыстырылмаған. Бір жыл еріксіз алған соттан соң Артығалидың қамақта отырған бір күні екі күнге есептеліп, еріксіз деп берген бір жылы өтеліп, ақынның басы азат болып, бостандыққа шығады. Соттан соң ауылға келген Артығали, Байқадамдағы Мәдениет үйінде жылға тақау жұмыс жасайды.

Артығали Мәдениет үйіндегі жұмысқа бірден қабылданбаған. Қазіргі Сарысу ауданы, Жайылма ауылында тұрып жатқан, 1945 жылы дүниеге келген Артығалидың туған ағасы Еркін Құрманбекұлы Ыбыраевтың айтуына қарағанда, ол кезде сотталып келген адам ең кемі 5-6 ай қара жұмыс істеуге міндетті болыпты. Сондықтан да, Артығалиды өзім веттехник болып жұмыс істейтін «Жайылма» совхозының №2 «Көкдала» фермасына  малшының жәрдемшісі етіп орналастырдым дейді Еркін аға. «Малшының жәрдемшісі» – науқан кезінде малшыға көмектесіп, басқа кезде қора соғу, шөп шабу секілді қара жұмыс істейтін ферманың жұмысшысы. Артығали №2 «Көкдала» фермасында малшының жәрдемшісі болып 5-6 ай жұмыс жасағаннан кейін, Байқадамдағы аудандық Мәдениет үйінің сол кездегі директоры Күздеубаев деген азамат – Сендей ақын Мәдениет үйіне керек, –  деп Артығалиды аудандық Мәдениет үйіне, «Автоклуб меңгерушісі» деген штатпен жұмысқа қабылдаған.

Еркін ағамыз айтады: бірде Артығали екеуміз «Көкдаладан» Байқадамға келіп, шашымызды алдыру үшін «Шаштаразға» кірдік. Ол кездегі Байқадамда жер аударылып келген келімсек орыс, неміс, кәріс, шешендер көп. Шашын алдырайын деп тұрған шешен жігіті шаштараз орысқа орыс тілінде сөйлеп тұр еді, оларға қарап Артығали: – Сендер Қазақстанда, қазақтың жерінде тұрып жатырсыңдар. Сондықтан, қазақша сөйлеуге міндеттісіңдер деп, ана екеуіне ызғармен, өңменінен өткізіп жіберетіндей тесіле қарады. Шешен жігіті Артығалиды білетін болуы керек, қазақша сөйлеп, Артығалидың атын атап: – Сенікі дұрыс, мына кісі қазақша онша білмейді, содан кейін орысша сөйлеп тұрмын, –  деп, ақталғандай болды. Ал, Артығали болса, орыс шаштаразды иегімен нұсқап: – Үйренсін, Қазақстанда тұра ма, қазақ тілін білуге міндетті,– деді. Артығалидың мысы басты ма, білмеймін, ана екеуі – дұрыс, дұрыс – дегендей басын шұлғып жатты. Артығали өте намысқой, ұлтшыл еді,– дейді Еркін аға.

Еркін ағаның осы әңгімесін естігенде, осыдан елу жыл бұрын Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне айтқан Артығалидың бұл сөздерін, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, біз әлі күнге дейін дәтіміз жетіп, айта алмай келеміз,– деген ойды ойлап, өзімнен-өзім ұялып кеттім. Біз қазір «...Қазақ тілі, қазақ тілі...» дей береміз, шын мәнінде көп нәрсе өзімізге байланысты, көп нәрсеге өзіміз кінәліміз... Бізде ұлттық намыс әлі күнге кемшін соғып тұр. Шіркін-ай, Артығалидың арлы намысы – марғау қазағымды ұйқыдан оятып, ұлттық намыс туы көк аспанымызда желбіреп тұрса ғой,– деп іштей армандап кеткенімді өзім де аңдамай қалыппын.

Рысқали ағаның куәлік етуі бойынша, Артығали аудандық Мәдениет үйінде жұмыс жасап жүрген кезінде біртүрлі тұйық болып кеткен. Ешкіммен ашылып сөйлеспейді. Өз бөлмесіне кіріп, есікті іштен жауып алып, не кітап оқып, не жазу жазып отырады екен. Ара-арасында милицияның өзі келіп не порторг жіберген ауылдың үлкендері келіп: – Сен мұндайды қой, жақсы адам бол, – деген секілді әңгіме жүргізіп отырған. Мен анықтап сұрадым: – Нені қой депті сонда?

Рысқали аға:

- 7-8 сыныпта оқитын кезім. Үй ішілік әңгімелерге мені араластыра қоймайтын. Анығын білмедім. Бірақ, қой дегені – анық. Сол кісілер бір әңгіме үстінде әкеме:

- Бала ауылға сыймай жүр, – депті.

Ағам көшеге шықса болды, көпшілік қауым, әсіресе жастар, өлең оқышы, – деп қолқа салатын. Мүмкін соны айтты ма, білмедім, – деді.

Менің ойымша, «ауыл ақсақалдары» Артығалиға: «Сен өзге ұлттарға қазақ тілінде сөйле деп, және тағы басқа саясатқа қарсы нәрселерді айтып, ұлтшыл болуыңды қой»,– деді. Басқа не айтуы мүмкін? Қай дәуірде де билік тарапынан сайланып, кезінде коммунистік партияның қазір әкім-қаралардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүрген біздің «ауыл ақсақалдары» мен «ауыл ақсақалдары кеңесінен» өзге пікірді күтуге де керек емес. Біздің «ауыл ақсақалдары» қай кезде ұлттың сөзін сөйлеп еді?!

Қалай десек те, Артығали – «ноқтаға басы сыймаған» өз дәуірінің тұлғасы. Бұл – анық!

Ақын өмірінің соңғы кезеңі туралы айтқан Рысқали аға:

- Бір күні үйге сол кездегі журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожекеевтің өзі телефон шалып, әкеммен, соңынан Артығали ағаммен сөйлесіп, Артығали ағаға – Сен бізге керексің, ректормен келістім, келер күзде оқуыңды екінші курстан қайта жалғастыру үшін, бізге таяу арада келіп, арызыңды жазып кет, – депті. Ағам содан Алматыға жиналды. Жұмысындағыларға да мән-жайды түсіндіріп айтқан болуы керек, жұмыстағы бастықтары ағама, – Алматыға кетіп бара жатқанда, жолай Тараздағы жиналысқа қатысып, ары қарай Алматыңа кетерсің, – депті.

Бүгінгідей есімде, Артығали ағам Алматыға барып, оқуын қайта жалғастыратынына қатты қуанды. Үлкен жол чемоданының астыңғы жағына өзінің өлеңдері жазылған 48 парақтық қалың «общая тетрадьтің» бес-алтауын және қалыңдығы екі елідей «пишущая лист» деп аталатын үлкен ақ параққа жазылған, «баспаға берем» деген өлеңдерін салып, үстін газетпен жауып, оның үстіне ағамның студент достарына берген апамның сәлемдемесі – ауылдың қазы-қартасын салып, жолға шықты. Содан ағам сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына келіп, «Тараз» қонақ үйінде түнеп, ертесіне жиналысқа қатысып, Тараз арқылы Алматыға өтетін автобусты «Тараз» қонақ үйінің алдындағы ұзын орындықта кітап оқып, күтіп отырады. Кейіннен ағамның өлі денесі сол орындықтың қасынан табылады. Ағам денелі, бойы 1 метр 80 см-дан жоғары бойшаң, қарулы жігіт болатын. Артынан келіп, арматура темірмен ұрып жықпағанда екі-үш жігітке әл бермес еді. Суд-мед экспертизаның анықтауы бойынша, ағам орындықта кітап оқып отырғанда, артынан келіп, мойын тұсы мен қарақұстан тиген темір арматура соққысынан құлап түсіп, сол жерде тіл тарпай кетсе керек. Әлгі найсаптар құлап жатқан ағамның бетінен әлденеше рет тепкен. Қасында шашылып чемоданы қалған. Ағамның қалтасындағы жеке куәлігі мен құжаттарына, ақшасына, чемоданының бет жағындағы қазы-қартаға ешкім тиіспеген. Бірақ, чемоданының түбіне  салынып, бетін газетпен жапқан ағамның баспаға беремін деген қолжазбасы мен 48 беттік бес-алты «общая тетрадьқа» жазылған өлеңдері үшті-күйлі жоқ болып шықты.

Қасындағы адамдардың айтуы бойынша, содан бір күн бұрын, кешке жақын ресторанда отырғанда, бір жігіттер келіп, ағама бір қыздар туралы айтып, жұрттың көзінше ағаммен ерегісіп қалған. Бірақ, төбелес болмаған, – деді де, Рысқали аға үнсіз қалды.

- Содан кейін не болды?

- Тергеу басталды. Осының бәрі қызғаныштан, қыз үшін болыпты деген әңгіме тарады. Бір жігіттерді күдікті ретінде ұстады дейді. Кейіннен дәлел болмағандықтан бостандыққа шығарып жіберген. Ал, ағамды ауылда, Байқадамдағы ел басшылары көпшілік митингісін ұйымдастырып, оркестрлетіп құрметпен жерледі.

Бар болғаны осы, дегендей Рысқали аға үнсіз бетіме қарап тұр. Көзінде мұң бар. Аса биязы, зиялы адам ғой, ішкі толғанысын білдірмейін дегендей бетін басқа жаққа аударып, бұрылып кетті. Мен ол кісіден:

- Сіз өзіңіз осыған сенесіз бе? – дедім.

Ол менің менің сұрағымды естімеген секілді. Аз үнсіздіктен соң:

- Нені айтасың?

Сұрақтың Рысқали ағаға ауыр соғарын білсем де, әлгі сұрағымды қайталап:

- Артығали ағаны осылай өлді дегенге өзіңіз сенесіз бе? – дедім.

Рысқали аға бұрылмады. Маған арқасын беріп, ұзаққа қарап тұрған күйі:

- Сенбеуге менде басқа дәлел жоқ, – деді.

Ал, мен сенбедім... Ойымды жүйелеп көрейін...

1971 жылдың күзінде КазГу-дің журналстика факультетіндегі тіл туралы болған жиналыста, қазақ тіліндегі «ж» дыбысынан басталатын сөздердің «д» хәріпін қойып, жазу мен айтуға қарсы болған және сол кездегі астанамыз Алматы қаласында қазақ мектептерін көптеп ашу керек деген сөздері үшін жиналыстан күштеп шығарылып, соңы төбелеске ұласып, нәтижесінде фойенің терезесінің әйнегі сынғандықтан Артығали қамаққа алынып, жеті ай сұрауда болады. Артынан сот болып, Артығалиды бір жылға еріксіз ретінде бас бостандығынан айырады. Сот жабық түрде өткен. Сотқа айыпкердің ешқандай жақындары, тіптен әке-шешесі де қатыстырылмаған. Оқиғаны осы тұсына дейін бір талдап көрейікші...

Мақұл, жиналыста Артығали қазақ тілі туралы сөйлепті. Арты төбелеске ұласып, фойедегі әйнек сынған.

Оу, төбелес болғанымен, әйнектен басқа қирап қалған еш нәрсе жоқ қой. Адамдарға ешқандай зақым келмеген. Майда бұзақылық ретінде Артығалиға әкімшілік жаза ретінде 15 күн беріп, милицияға түскені үшін сол кездегі студенттерге арналған заңға сәйкес оны оқудан шығарып жіберсін. Болды емес пе? Майда бұзақылығы үшін Артығалиды неге жеті ай тергеп, қамақта ұстаған? Сонда олар жеті ай бойы Артығалидан не сұрай берген? Бұл – бір.

Екіншіден, сот неге жабық түрде өтеді? Бұл дегеніміз – оқиғаның саяси астары бар деген сөз.

Кеңес өкіметі тұсында жойылып бара жатқан ұлт тілі туралы айту – Кеңестік «ұлы орыстық шовинистік» идеологияны сынау деген сөз. Кеңестік идеологияны сынайтын адамдар «басқаша ойлайтын» социализмге зиянды элемент ретінде, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде есепке алынып, тіркеуде тұратын. Менің ішкі түйсігім бойынша, ұлт тілі мен қазақ мектептері туралы айтқан Артығали – «басқаша ойлайтын зиянды элемент» ретінде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті есебінде бұрыннан тұрғаны анық. Себебі, Артығали аяқ астынан қазақ тілі мен ұлттық мектептерді көптеп ашу керек деген пікірге бір күннің ішінде келе қоймаған болар. Қазақ тілі мен ұлттық мектептер туралы ой оны бұрыннан мазалап жүрмесе, ол жиналыстағы көпшілік алдында ұлттық тіл мен қазақ мектептері туралы сөз сөйлемеген де болар еді. Демек, ол осы тақырыпта басқа жерде бірнеше ортада сөйлеген. Сондықтан, «сенімсіз адам» ретінде оның Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің есебінде бұрыннан тұруы бек мүмкін. Сол себепті де оның соты жабық өткен. Сот оған бір жыл еріксіз берген. Заң бойынша, сотқа дейінгі тергеу кезіндегі қамақта отырған бір күн екі күнге есептелетіндіктен, сотқа дейін де жеті ай тергеу қамағында отырған Артығали сот берген бір жыл еріксізден құтылып, ауылға тазарып, ағарып келген. Сонда да болса, ол ауылда милиция, партия комитеті, жұмысшылар комитеті жіберген «ауыл ақсақалдары» арқылы үздіксіз түсіндіру сабақтарын алып отырған. Егер, Артығали «ерекше есепте» тұрған адам болмаса, партия комитеті еріксіз сотталып, оқудан шығып кеткен қандай студентпен «түсіндіру» жұмыстарын жүргізіпті? Білеміз ғой, жоғарыдан тапсырма келмей, партия комитеті де, оларға бағынышты «ауыл ақсақалдары» да саусағын қимылдатпайды. Меніңше, «ауыл ақсақалдары» арқылы Артығалимен болған түсіндіру жұмыстары – жоғары жақтың тапсырмасы.

Артығали ақын ғой, мүмкін ауылда жүрген кезінде ұлт турасындағы пікірлері мен өлеңдерін достарына, жалпы көпшілікке оқуы мүмкін. Әрине, содан кейін «ауыл ақсақалдары» Артығалидың әкесіне: «Бала ауылға сыймай жүр», – деп, айтқын болуы керек. Бұл, әрине – ескерту.

Енді Артығалидың оқуын жалғастыру эпизодын еске түсіріп көрейікші...

Март айының соңында, оқуыңды жағастыру үшін өзің Алматыға келіп, деканатқа арызыңды жазып кетуің керек, – деп, Артығалидың үйіне телефон соққан, журналистика факультетінің сол кездегі деканы – Темірбек Қожекеевтің өзі.

Сентябрьде басталатын оқуды жалғастыру үшін март айында Алматыға келіп, деканатқа арыз тастап кетудің қандай қажеттілігі болды? Сентябрьде басталатын оқуға август айының екінші жартысында келіп арыз жазса да болатын еді ғой. Демек, біреулерге Артығалидың Алматыға деп, ауылы Байқадамнан тысқары жерге шығуы қажет болды. Себебі, тұрғылықты адамдары бірін-бірі танитын кішкене Байқадамда, Артығалиға қастандық жасау – әшкеренің ісі. Сондықтан да, Артығалидың Байқадамнан тысқары жерге шығуы қажет еді.

Мен бұл жерде, танымал тұлға, журфактың сол кездегі деканы Т.Қожекеевті кінәләулан аулақпын. Оған да жоғарыда тұрған біреулер: «Оқудан шығып кеткен студентің Артығали Ыбыраевты жылдамдатып, Алматыға шақыра ғой», – деп бұйрық беруі де әбден мүмкін.

Артығали Таразда қайтыс болады. Чемоданы ашылған. Чемодандағы қазы-қартаға, қалтасындағы ақшасы мен құжаттарына ешкім тиіспеген. Қазы-қартаның астындағы үсті газетпен жабылған бес-алты қалың жазу дәптерлері мен баспаға беремін деп, жеке жазылған қалыңдығы екі елідей үлкен ақ парақтары, яғни, қазіргі тілмен айтқанда «А4» қағаздары жоқ.

Меніңше, Артығалиды дәл осы қағаздары үшін өлтірді. Болмаса, неге оның жазу дәптерлері ғана жоқ? Ақшасы мен басқа заттарына ешкім тиіспеген. «Бала ауылға сыймай жүр», – дегені – ескерту! «Адам жоқ – мәселе де жоқ». Бұл – Кеңестік зұлмат репрессияның бастауында тұрған Сталиннің сөзі. Советтік қауіпсіздік комитеті – Артығали тағдырын Сталиннің дәл осы нұсқауы арқылы шешті. Дарынды ақын, ұлтшыл тұлға, ертең кітабы шығып, халыққа кеңінен танымал болып кетсе, ондай белгілі, атақты адамдардың көзін жою қиын болады. Сондықтан, да олар: Сөздері кең тарап, халыққа белгілі болмай тұрып, бұл адамның көзін жою керек деген шешімге келген.

КазГУ-дегі жиналыста, кейін сотталып келсе де Байқадамдағы өзге ұлт өкілдеріне Қазақстанда тұрып жатырсыңдар ма, қазақ тілінде сөйлеңдер,– деп, айтқан сөздеріне қарағанда Артығали шын мәнінде тілін, елін, жерін сүйген биік намысты ұлтшыл тұлға болғаны – анық!

Ал, ресторанда қыз туралы қызғанатындай кейіп танытып, Артығалимен ерегісіп, елдің көзінше сөз шығару, ол – бар болғаны Артығали өлімі туралы болашақ «аңыздың» негізі ғана. Рысқали ағаның куәлік беруі бойынша, Артығалидың мектепте жүрген қызы болған. Бірақ, ол қызбен студент кезде қарым-қатынасы үзілген. Ал, ауылға келгенде «Көкдаланың» қара жұмысынан,кейіннен Мәдениет үйінің жұмысы, қала берді ауыл милициясы мен ауыл ақсақалдарының «түсіндіру жұмыстарынан» қолы босай қалса, ол үнемі оқу-іздену, жазу үстінде болған. Бұл кезде Артығалидың ешқандай қызбен байланысы жоқ. Оған көңіл күйі де соқпаған секілді. Үнемі бақылауда жүрген адамда, қайбір романтикалық көңіл күй болсын! Қайталаймыз: Ауылда жүрген кезінде Артығалидың ешқандай қызбен байланысы болмаған. Бұл – Рысқали ағаның сөзі. Рысқали ағаның сөзіне толық сенуге болады. Артығали қайтыс болған 1973 жылы 9 сыныпта оқитын, өсіп қалған бозбала, ауылға келген ағасының қыздарымен байланысы болса білер еді ғой. Себебі, адамдар бірін-бірі жақсы танитын кішкентай ауылда сөз жатпайды.

«Ішің білсін әлу-ай» дегендей, Артығали өлімінің шын себебін, сол тұстағы көзі қарақты адамдардың біразы іштей сезген. Өздеріңіз ойлаңыздаршы. Митингі жасап, оркестрлетіп құрметпен жерлейтіндей Артығали кім еді сонша?! Сол кездің көзімен қарағанда, Артығали – сотталған бұрынғы студент. Үлкен партия қызметкерлеріне ғана көрсетілетін құрметке, сол тұста оқудан шығып, сотталып келген Артығали қай жағынан алып қарасақ та лайық емес. Күдік тудыратын да осы тұс. Артығалиды митингімен оркестрлетіп, құрметпен жерлеу – халықтың көңілін басқа жаққа бұру үшін жасалған арзан тәсіл ғана. Бар болғаны сол! Саяси қарсыластарын өз қолымен өлтіріп, артынан халықтың ойын басқа жаққа бұру үшін митингі жасап, ол туралы жалынды сөздер сөйлеп, оның атына ауыл, қала, көше аттарын беріп, оркестрлетіп құрметпен жерлеу – Кеңестік жүйенің Сталиннен алып қалған ескі мұрасы.

Қаралы митингі ұйымдастырып, оркестрге азалы күй ойнатып, құрметпен жерлеу – Артығали өлімінің саяси себептері болғанын дәлелдей түседі. Ұлт тілін қорғаймын деп оқудан шығып, сотталып, кеше ғана заң орындары мен партия ұйымынан «түсіндіру сабақтарын» қабылдап жүрген студент өліміне билік тарапынан жасалып жатқан үлкен құрметті басқаша қалай түсінуге болады?

Бір оқиға  бір жерде екі рет қайталанса, онда белгілі бір заңдылық бар деген ғылымдағы «Ықтималдылық теориясы» бойынша, Артығалиды тапсырыспен өлтірді деген ойда «ықтимал сәйкестілік» өте мол. Атап айтар болсақ, біріншіден: Майда бұзақылықпен көпшілік орында төбелескен Артығали жеті ай тергеу қамағында болып, бір жылға еріксіз ретінде сотталған. Сот жабық түрде өткен.  Сотқа айыпкердің ешқандай жақындары қатыстырылмаған. Майда бұзақылықпен милицияға түскен Артығалиды Кеңестік сот жүйесі не үшін жабық түрде соттайды? Майда бұзақылығы үшін жеті ай тергеу қамағында болған Артығалидан заң орындары жеті ай бойы не сұрай берген? Ағарып бостандыққа шығып, ауылға келген соң да Артығалимен «түсіндіру жұмыстары» молынан жүргізілген. Не үшін?

Екіншіден: Қыркүйек айында басталатын оқуына наурыз айында яғни, оқу басталардан жарты жыл бұрын оқуыңды жалғастыру үшін Алматыға келіп, арызыңды жазып кет деген. Бұл мәселе де ойға күдік ұялатады. Үшіншіден: Қайтыс болған Артығали чемоданынан тек қана қолжазбалары жоқ болып шыққан. Қалған заттары түгел. Сонда Артығалидың жазбалары кімге, не үшін қажет болды? Төртіншіден: Оқудан шығып, бір жылға еріксіз сотталып, ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірге «жұмысшылар комитеті» мен «партия комитеті» атынан «ауыл ақсақалдарының» «түсіндіру жұмыстары» сабақтарын молынан тыңдаған Артығалиды өлген соң үлкен митингі жасап, оркестрлетіп, құрметпен жерлеген. Меніңше, күдікті түйткілдің үлкені осы жерде жатыр. Міне, осындай «ықтимал сәйкестіліктерді» таразылай келе, ақын Артығали Ыбыраев – сол кездегі билік тарапынан тапсырыспен өлтірілді деген қорытындыға келуге толық негіз бар.

Менің жеке өз пікірім бойынша, қазақ тілі мен ұлттық мектептер мәселесін көтеріп, Кеңес үкіметінің үгіт-насихаты мен тәрбиесіне көнбегені үшін ақын Артығали Ыбыраев саяси тапсырыспен өлтірілген секілді болып көрінеді де тұрады. Бұл ойымызға менің жоғарыда келтірілген күдіктерім толық дәлел болса керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлтшыл тұлға, ақын Артығали Ыбыраев өзінің ұлттық көзқарасы үшін Кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды деп толық сеніммен айта аламыз.

Ал, біз Артығали ақынды жастық шақтың, махаббат құрбандығы деп жүрміз... Ақын өлімін Кеңестік жүйе өздеріне ыңғайлы етіп, бізге басқаша түсіндірген...

Ал енді, Артығалидың ақындығы жөнінде бірер сөз...

Ақиқатын айтар болсақ, ол дарынды ақын еді. Ерте бастады. Тым ерте аяқтады. Жастай орылып, қыршынынан қиылды. Бар болғаны жиырма жыл, алты ай ғана ғұмыр кешіпті...

Әңгіме Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы, ақын Артығали Ыбыраев жөнінде.

«Білеміз, – деп айтқанменен, – барлығын»,
Аз ұғамыз бұл өмірдің дәлдігін.
Он алтының бір келерін білгенмін
Кім біліпті кеп қаларын дәл бүгін.
Балалықтың бал мінезі күрт тынып,
Арамызда қалғандар бар мұрт шығып.
Бала ғой деп елемесе шешелер,
Азамат деп сенеді енді жұртшылық.
Азаматтың алтындай ғой ертеңі,
Көңіл шіркін бара жатыр өртеніп.
Балалықты тастау керек, әйтсе де,
Қалды деме ел алдында еркелік.
Еркелікке жоқ ешкімнің таласы,
Еркелетпей тұра ма ана баласын?!
Азаматы бола білсең еліңнің,
Сәбиі боп, еркелей де аласың, – деп, Артығали ақын он алтыға толған күні он алты жолдан тұратын «Өмір заңы» деген өлең жазыпты. Он алты жас... Он алты жол өлең... Заңдылық әлде кездейсоқтық?

Өлеңде айтылған өмір туралы философиялық жүйелі ой, түйінді шешім, көркемдік қуат, он алты жасар ақынның аса мол дарыны мен шығармашылық мүмкіндігінен молынан хабар беріп тұр. Табиғатынан дарынды ақын Артығали – ғажап психолог.

Біз бәріміз де пендеміз. Пәни жалғанда пенде басынан міндетті түрде өтуге тиіс табиғи жағдайдың толғаныс күйі басымыздан әйтеуір бір өтерін білеміз. Соған іштей дайындаламыз. Дәл сол жағдайға қанша жерден іштей дайындалсақ та, өзіне ғана тиесілі уақыты мен келген сол күн – кенеттен келгендей болып, аяқ асты түрлі көңіл-күй сезіміне беріліп, абдырап қалатынымыз және бар. Осы жағдайды терең түйсінген ақын:

Он алтының бір келерін білгенмін
Кім біліпті, кеп қаларын дәл бүгін, – деп, көпке белгілі жәй күйді қалың көпшілік жұртқа паш етіп, абдырап қалғандай сыңай танытады. Күлімсіреп езу тартады. Онысы өзіне жарасып тұр. Өлеңдегі әппақ шықтай мөлдір тазалық оқушысын жылдам баурап алады. Алдымызда балалық бал дәуренді артқа тастаған бозбала тұр. Ол болашаққа үмітке толы пәк сезіммен қарайды.

Бала ғой деп елемесе шешелер,
Азамат деп сенеді енді жұртшылық, – деп, баласына деген ана көңілінен хабар бере келе, балалықты тастау керек, «Елімнің ертеңі мына менмін», – деп, болашақтың үмітті-жауапкершілігін арқаласа да, балалық сезімдегі еркелігімен қоштасқысы келмеген бозбала ақын:

Азаматы бола білсең еліңнің,
Сәбиі боп, еркелей де аласың, – деп, ойын түйіндейді.

Елінің болашағына жауапкер азамат-ақын – балалық балдәуренді де қимай, екі ұдай сезім күйінде тұр. Өлеңнің әр жолындағы ақын сезімі – пәк көңілдің шынайы көрінісі. Азаматтық көңіл-күйінің тап-таза табиғи сезімі үшін он алты жасар бозбала ақынды туған бауырыңдай жақсы көріп, авторға қалайша тез бауыр басып, жақындасып кеткеніңді өзің де сезбей қаласың.

Ақын – қоршаған орта мен өзі өмір сүрген қоғамның төл перзенті. Ол әлемге, өз қоғамы мен айналасына қандай көзбен қарады? Нені сезіп, не түйсінді? Ақын басынан өткен күллі сезім пернелері оның өлеңдерінен көрініс таппақ. Өлең – ақынның жан сыры, оның өмірі мен жүйке-жүйесінің көрінісі. Бұл  – хақ!

Бозбала күнінде жазған Артығалидың «Тамшылар» деп аталатын тағы бір өлеңі бар. Өлеңде айналасына қуана қараған ақынның әппақ жүрегі алақанда тұрғандай анық көрініп, оқушы жанын баурап алады.

Кіп-кішкентай өздері
Кішкентайдың қасында.
Көрінетін көздерден
Қуаныштың жасындай.

Қатаңдау болып естілетін дауыссыз «К», «Қ» дыбыстарынан құралған аллитерациялық төрт жолда, ақын сезімі әдемі бейнеленіп, қатаң дыбыстардың өзі жұмсара түскендей. Жас сәбидей қуанып, айналасына нұр шашып тұрған ақын:

Кіп-кішкентай өздері
Кішкентайдың қасында, – дейді.

Мөлдір тамшының кішкенелігін айту үшін «кіп-кішкентай» деп, айтпақ ойды анықтап тұрған сын есімге күшейткіш буын қосқан ақын, айтар ойын эпитет арқылы айшықтай түсіп, мөлдір тамшыны қуаныштың көз жасына теңейді. Келесі:

Бәрі мөлдір пішінде
Арғысы да бергісі.
Дірілдейді ішінде
Тіршіліктің белгісі, – деген, жеті буынды болып келетін а-б-а-б болып, шалыса ұйқасқан бұл шумақта, ақын сезімі мөлдіреп тұр. Мөлдіреген шынайы тазалық – тіршіліктің басты белгісі деген ақын ойы, оқырман көңілін биікке жетелейді.

Қарап тұрмын үңіле
Күлімдейді жаз алдан.
О, армысың, Дүние
Тамшылармен тазарған.

Тамшылармен тазарған тап-таза дүние мен ақынның жан дүниесі бірін-бірі жатырқамай, риясыз қауышқан. Келер күннің жақсылық пен қуанышты бақыт әкелеріне қалтқысыз сенген ақын, айтпақ болған негізгі ойын түпке сақтайды да, соңынан жеткізеді.

Лирика – қысқа болуы шарт. Ал, осы қысқа өлеңде ақын ойының бар сығындысы оқушы көңілін түгел баурап алуға тиіс. Өлеңдегі айтылған ой оқырманның өн бойына әсер етіп, оның жүрегін бір аунатып түсіріп, ыстық қан тұла бойға түгел тараса, бұл – үздік лириканың басты белгісі. Артығали өлеңдері осы талаптың бәріне түгел жауап береді.

Ол ғажап лирик ақын. Оның төрт-бес, асып кетсе бес-алты шумақтан аспайтын лирикалық жырларының бір де бірі сізді бей-жай қалдырмайды. Ақын өлеңіндегі сезім мен ой өз ырғағымен қабаттаса келе, қамшының өріміндей болып өз жүйесін әдемі тапқан. Ақынның табиғат лирикаларындағы шынайы көрініс табиғат ананың бар сұлулығын паш етіп, оқушының көз алдына жанды сурет алып келеді. Он үш буынды болып келетін, қара өлең формасындағы ақынның «Таңсәрі» өлеңін оқып көрелік:

Даланы кезіп, аймалай келген таңғы ағын,
Көтеріп бірден, әкетті-ау түнгі самалын,
Самал жел желпіп, асықпай ғана бір-бірлеп
Өшіріп жатыр аспанның жұлдыз шамдарын.

Ақын өлеңіндегі Дала, жанымыздың бір бөлшегі – Қазақтың даласы. Желпи соққан самал жел – даланың «жұлдыз-шамдарын» бір-бірлеп өшіріп жатыр. Таңғы сәуле аспан жұлдыздарын бірден өшірмейді, бір-бірлеп өшіреді. Қандай әдемі, айшықты, шынайы сурет. Ақын түнгі аспанның жұлдыздарын шамға теңейді. Көркем ойдан нәр алып, тапқырлықпен табылған келісті эпитет. Ақындық шеберлік дегеніміз де осы. Негізгі ойын түпке сақтайтын Артығали, өлеңнің соңғы шумағының ақырғы екі тармағын:

Жарысып жүрген, табысып жүрген

мың сәуле

Асыға басып, ауылға беттеп келеді, – деп аяқтайды.

Әлемдік ұлы гармониялық-үйлесімділікті ақын: «Жарысып жүрген, табысып жүрген мың сәуле», – деп суреттеген. Табиғаттың ұлы үйлесімділігі – Жарық күнді, – сезімтал да байқампаз ақын «мың сәуле» деп атаған. Біз күнде көріп жүрген жарық күн – мың сәуленің қосындысы. Осы «мың сәуле» қараңғылықты түріп тастап, адам жанын рахатқа бөлеп, ауылға беттеп келеді...

Бұл – Артығалиға дейін ешкім айтпаған сөзбен салынған тірі сурет. Сөз құдіреті дегеніміз де осы. Артығали өлеңдеріндегі ақын сезімі шынайы. Ол жалғандыққа барып, оқушысын алдамайды. Ақын нені көріп, нені сезді, сол сәттегі сезім күйін ол қысылып қымтырылмай, шынайы түрде өлең тіліне аударады. Артығали өлеңдерінің оқушының талғам биігінен көрініс беруінің негізгі себептерінің де бірі осы болса керек.

Психология ғылымының зерттеуі бойынша, қыз бен жігіт арасында болатын махаббат сезімі – бала есін білген 4-5 жасынан бастап оянады екен. Естір құлаққа күлкілі секілді. Десек те, ғылыми зерттеу нәтижесі осылай дейді. Ғылыммен таласа алмайсың. Бұл – шындық болса керек. Себебі, 4-5 жастағы “Балалар бақшасына” баратын сәбилерден бастап жасөсіспірім қыз-жігіттерге дейін өздерінің кімді жақсы көретінін жасырмай айтады. Ал, бұрынғы аға ұрпақ өкілдері өз сезім-шындығын еркін айта алмады. Қысылатын. Тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпағы қалыптасын келе жатса керек. Бүгінгі таңдағы жастарымызда тәуелсіз ой мен сезім еркіндігі “мен мұндалап” тұр. Қуанарлық жағдай.

Қалай десек те, ғылымда дәлелденгендей, 4-5 жастағы сәбиден бастап сүйіспеншілік-махаббабат сезімі оянатынына Артығалидың “Күту” атты өлеңі анық дәлел. Махаббат лирикалары тобына жататын ақынның аталмыш өлеңі – сәби Артығалида ақындық дарын мен махаббат сезімі қатар оянғандай әсер қалдырады.

Ақын өзінің махаббат лирикаларында тіптен шыншыл. Алғашқы сәтсіз бала махаббат – оның өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырған. Ол ішкі сыры мен құпиясын ешкімнен жасырмайды. Сүйгенінен өзінің кіші болуы – ақынның терең өкініші, жан жарасы. Жүректі жаралаған өз өкінішін ақын:

Шыңырауымнан шықпай қалса дүрбелең,
Кішіліктің кесірі деп білген ем, – деп,

өте әдемі жеткізген. Бұдан ары ақын:

Сен тұрмысқа шыққан күні өрістен
Қозы-лақты қайыра алмай жүрген ем, – дейді.

Содан кейінгі ішкі психологиялық сезім күрделене түсіп, тіптен шиеленісіп кетеді. Алғашқы тағдыр талқысын бала Артығали өте ауыр қабылдаған. Аса күрделі өмір сынағын басынан өткізіп жатқан лирикалық өлеңнің бас кейіпкері сол кездегі көңіл-күйінің ақиқатын:

Айдалада алған едім жылап та,
Сонда сені теңеген ем лаққа, – дейді.

Мөлдіреп тұрған шынайы сезім. Ержетіп үлкейдім деп жүрген бала-жігіт жылап алғанын да жасырмайды. Тағдыр соққысы, сүйгеніне деген ашу-реніш, өкпе-наз барлығы, барлығы «Айдалада алған едім жылап та», –  деген өлең жолына сыйып тұр. Сүйгенін жамандыққа қимайтын ғашық жүрек, сүйіктісін лаққа теңейді. Әдемі теңеу. Қозы-лақ баққан баланың түсінігі бойынша, лақтан сүйкімді, лақтан әдемі, лақтан сұлу не болуы мүмкін?! Бірақ, Артығалидың лағы – қайыру бермей кеткен бірбеткей, асау лақ.

Сүйген жүрек ғашығын күтуін тоқтатар емес... Өлеңінің соңғы екі жолын ақын:

Сіздің ауыл, біздің ауыл – іргелес
Қол созымда көрінетін қыр-белес..., деп, шығыс нақышындағы сағыныш сазымен қортындылайды. Соңғы екі жолда сұлу өрілген әдемі эллегия бар.

Жиырмадан сәл асқанда қыршын кеткен Артығали ақынның аңыз-әңгімелерге негізделіп, өлең түрінде айтылатын жыр – «баллада» жанрында жазылған «Бір қыз туралы балладасын» дәл қай жасында жазғанын дөп басып айту қиын. Бірақ, поэзия әлеміне енді қадам басқан жап-жас бозбала ақынның қорықпай баллада жанрына қалам тартуы – өзінің ақындық дарын күшінің мүмкіншілігіне деген сенімінің айқын көрінісі. Аты айтып тұрғандай, Артығали балладасының бас кейіпкері – сұлу көркімен, жүріс-тұрысы, сыр-сымбаты арқылы елді тамсандырып, күллі жігіт атаулыны өзіне ғашық еткен жап-жас қыз. Күллі жұртты тамсандырған сұлу қыз бір күнде мылқау болып қалады. Тағдыр соққысы деген осы. Сыртынан ғашық болған жігіттер де, қыздың сымбаты мен көркін тамсана сөз қылатын қалың ел де уақыт өте келе қызды ұмытып кетеді. Уақыт өтіп жатыр... Күндердің күнінде, ата-анасы мылқау қызын бір шалға бермекші болады. Міне, баллада өрісіндегі шиеленісті оқиға осы тұстан басталады.

Ата-анасы шалға бермек болған мылқау қыз:

Анасына келіп бір күн ым қылды.
Айтар сөзін айта алмады, қылғынды, – дейді ақын.

Оқушы елең етіп, бүкіл денесін жиып алады.  Оқиға қайда бастап барады? Қыз не айтпақ? Ол мылқау ғой... Автор бұдан ары қарай елеңдеп, бар назарымен ширығып отырған оқушысын ширата түсу ниетінде:

Кенет... кенет..., дейді.

Не болып бара жатыр? Автор не айтпақшы? Оқырман бар назарын келесі өлең жолына салып, демін ішіне тартып, асыға оқи жөнеледі. Не болар екен ары қарай?

Кенет... кенет...
«Сүймеймін!», – деп шыңғырды,
«Сүймеймін!», – деп күнге қарай жүгірді.
«Сүймеймін!», –деп шаршап-талып құлады.
«Сүймеймін!», –деп жер жастанып жылады.
«Сүймеймін!», –деп жан ұшырып тұншықты.

Махаббат тілеген қыз жүрегі шалға күйеуге шығуға жан-тәнімен қарсы. Міне осы жан ұшырған қыз қарсылығын автор грдациялық-өрлеу үстінде бейнелейді. Қыз «Сүймеймін!», –деп шыңғырады. Бұл әрине тілі жоқ сөйлей алмайтын арудың ішкі қарсылығы... Оның жан дүниесін түсінер пенде баласы жоқ... Бүкіл әлемнен қолдау таппай, өзімен-өзі булыққан қыз далаға қарай жүгіреді. Ақын осы тұсты:

«Сүймеймін!», –деп күнге қарай жүгірді, – деп, терең білгірлікпен әдемі суреттеген.

Неге күнге қарай? Ескі түркілік ұғымда күн – барша ізгілік, әділет, мейірім символы. Сондықтан да болу керек, көшпелі ерте түркілер мен олардың қазіргі ұрпақтары киіз үйлерінің есігін күнге қаратып тіккен. Мүмкін, сол сәтте жаны қысылған сұлудың ерте түркілік сенімі оянған болар... Мүмкін автор тарапынан ойлап табылған символдық іс-әрекет. Қалай десек те, қыздың күнге қарап жүгіргені оқушы үшін тосын да, ерсі де емес. Керісінше, жаны қысылған қыздың іс-әрекетіне оқушы шексіз сенеді. Содан соң қыз «шаршап-талып құлайды, жер жастанып жылайды». Ақынның «жер жастанып жылайды», – дегені де әдемі образды, бейнелі сурет.

Бұдан арғы оқиға градациялық негізде өрлей түсіп, шарықтау шегіне жетеді. Қыз тұншығып жатыр. Ақырғы арпалыс... Оқиғаның шарықтау шегіндегі  ақырғы арпалысты автор:

«Сүймеймін!», – деп, жан ұшырып,

тұншықты, – дейді де,

содан соңғы оқиғаны:

Мылқау қызға кенет өстіп тіл шықты, – деп аяқтайды.

Автор оқиға шешімін екі ақ жолға сыйғызып, баллада оқиғасын шорт бітірген. Ақын оқиға шешімін кенеттен айтқанда ғана оқушы «уф» деп демін бір-ақ алады.

Балладаның соңғы шумағын оқып біткенше оқушы тас-түйін, жан-ұшырған көңіл күйде отырады. Ақындық дарынмен бір бірлікте біте қайнасқан шеберлік – оқушы ойын еріксіз өзіне баурап алған. Оқырманын бір ғана сәтте түрлі көңіл-күйге түсірген сөз құдіреті мен ақын талантына еріксіз басыңды иесің.

Артығалидың «Бір қыз туралы балладасында» мылқау қыз тағдыры суреттелсе де, шығарма махаббат туралы. Иә, ... иә ... Махаббат туралы. Достоевский «сұлулық әлемді құтқарады», – депті. Асығыс қортылып, үстірт айтылған пікір. Сұлулық – жалқы ұғым. Сондықтан, әлемді құтқаратын сұлуық емес – махаббат.

Махаббат, ол – әділет, мейірім, сүйіспеншілік, сенім-иман. Міне, осы ұғымдар пенде жүрегіне махаббат ұялатады. Қыз жүрегі әділет көксеп, мейірім тіледі. Бар болмысы, жан-жүрегімен тіледі. Ақын осы сәттегі мылқау қыздың ішкі жан-жүйесіндегі жай-күйін градациялық-өрлеу үстінде ғажап суреттеген. Әділет пен мейірім сұраған қыз тілегін Рахман нұрына бөленген Ұлы жаратушы естіді һәм қабыл етіп, тілегін берді. Ақын біз айтып отырған бұл эпизодты баллададағы оқиға желісіне қоспаған. Бұл әрине, шығармада суреттелетін оқиғаның ар жағындағы көрінбей тұрған ой. Мылқау қыздың әділетсіздікке қарсылығын көріп отырған оқушы, Жаратқан ие бір Алла қыздың тілегін қабыл еткеніне іштей иланады. Артығалидың «Бір қыз туралы балладасын» оқыған оқушы бір Алла құдіретіне һәм өмірде әділет пен махаббат барына сенеді. Шығарманың айтқысы келген негізгі ойы да, идеясы да осы болса керек.

Артығалидың «Бір қыз туралы балладасы» өте талантты шығарма. Оқушының сезім-күйін дөп басқан ақын, көп сөзділікке бармайды. Шығарманың композициялық құрылысы, оқиғаның психологиялық байланысы мен автордың сөз қолданысында артық тұрған бір сөз не бір қимыл-қозғалыс жоқ. Барлығы кірпішпен қалағандай өз орнында. Бір сөзбен айтқанда, Артығали ақынның «Бір қыз туралы балладасы», қазақ поэзиясындағы баллада жанрында өзіндік ерекшелігімен дараланып, оқшау тұрған биік шығарма екендігінде дау жоқ.

Артығали лирикалары – ойлы лирика. Онда терең мазмұн да бар, әдемі үйлескен келісті ырғақ та бар. Оның жыр жолдарынан әшейін ұйқас үшін айтыла салған бостекті бір ауыз сөз таппайсыз. Ақын өлеңдеріндегі бірінші жол екінші жолды толықтырып, мазмұнын тереңдете түсіп, оқушы қиялын шырқау биікке көтеріп отырады. Артығали өлеңдеріндегі жүрекке жылы, тосын суретке құралған «Ақ орамал сияқтанып ай туды», «Жүрегін мүмкін, жұлдызға соғып жарады», «Сырымнан мұңлы сыңсиды балғын құрақтар», «Оянған омырауың», «Өткір еді көздері отпен аралас», «Топ сәуле дірілдейді, жарқ етсе ақ білегің», «Адамдар сияр табытқа, ақындар бірақ, сыймайды», – деген секіліді өлең жолдарындағы айшықты образды суреттерге ә дегенде тосырқай қарап, соңынан еріксіз таңырқап қаласыз.

Бақытты болғысы келмейтін пенде жоқ. Барлығымыз да бақытты болуға талпынып, пендешілікпен ғұмыр кешеміз. Ең қызығы – бақытты әркім әр қалай, өзінше түсінеді. Артығали да бақытты өзінше түсінген. Ол былай дейді:

Бақытта жоқ мекен тұрақ
Кейде адамдар жоқты іздейді.
Өзі қуып жетер бірақ
Қуғандарға жеткізбейді.

Ойланып барып, соңынан таң қаласың. Рас-ау, бақытты боламын деп, бақытты қуып жеткен адамды көргеніміз жоқ. Анығында, бақыт адамдарға өзі келеді. Қызығы да сол, шын бақытты адам өзінің бақытты екенін білмейді. Адамдар арасында күні бүгінге дейін талас тудырып, әрбір пенде білім деңгейі мен пайым-парасатына қарай өзінше түсінетін философиялық ұғым – «бақытты» ақын төрт-ақ жолға сыйғызған. Таң қаласың, жиырма жыл ғана ғұмыр кешкен Артығали ақын осының бәрін қайдан білген? Білім... әлде, ақындық түйсік... Дөп басып айту өте қиын.

Түйсік дегеннен шығады, әдебиет зерттеушілерінің айтуына қарағанда, ақындарда табиғи түйсік өте жоғарғы деңгейде дамыған. Тіптен олар өздерінің ажалын да күні бұрын түйсік арқылы сезген дейді де, мысалға, әңгіме үстінде бір досына Лермонтов айтқан: «Менің өмірім таусылып, өлімім тақап қалды», – деген сөзін келтіреді. Тек бұл емес, Грибоедов: «Білем – Тегераннан тірі оралмаймын», – десе, ақын Николай Гумилев:

Өлермін бір қуыста
Қою шөпті уыстап, – деп, өз өлімін өте дәл айтқан.

Күн өтіп өлген Андрей Белый:

Алтын сәулеге сенуші ең
Күн жебесінен мерт болдың, – деген өлеңін өз өлімінен  көп бұрын жазған.

«Мен өлемін өзімнің биігімде», – деген Төлеген Айбергенов, ақындық даңқ тұғырының биік шыңында тұрған отыз жасында, Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында аяқ астынан ауырып қайтыс болды. Төлеген де өз тағдыры мен ажал сағатын алдын-ала болжап, біліп отырған сияқты.

Не десек те, ақындар Тәңірдің тегін жаратқан адамдары емес. Артығали да өзінің ажалын алдын-ала сезген секілді. Ол өзінің ішкі азапты ой, психологиялық шиеленіске құрылып, символизм стилінде жазылған «Қаршыға» өлеңінде:

Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады.
Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады.
Арманы үшін азапқа түскен осы құс
Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады, – дейді.

Меніңше, «Жүрегін жұлдызға соғып жарған қаршыға», – ақын Артығалидың символдық өз бейнесі. Дәл солай! Ол осы жерде өзін айтып отыр. Ақын «Соқпақ соңы» өлеңінде:

Сынасып сабыр–меже, күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен,
...Сірә мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!, – дейді.

Сан түрлі ойға қалдыратын бұл өлеңдегі айтылар ойды бір-екі ауыз сөзбен түйіндей салу мүмкін емес. Бұл өлеңде жүріп өткен жол, із... өмір... өлім... бәрі-бәрі бар. Ақын тек бұл өлеңінде ғана емес, «Далам менің» өлеңінде: «Бір гүлің үшін қиылып кетсем, қыршындай», – десе, «Жыр–төбе» өлеңінде:

Арман жоқ менде амандап сені апаттан
Күлімдеп тұрып, қиылып кетсем қыршындай...

Біртүрлі ажалын сағынып, өлімін күтіп отырған секілді. Не десек те, болашағынан көп үміт күттірген дарынды ақын Артығали Ыбыраевтың жиырмадан енді аса бергенде қыршынынан қиылғаны рас.

Осындайда, шіркін-ай... Ең болмағанда Төлеген Айбергеновтың жасына да жетпеді ғой деп армандайсың. Пенделік қой, әрине...

Қалай десек те, өмірімен, шығармашылығымен ғана емес, өлімінің өзімен де ақындар артында сан түрлі аңыз қалдырып кететіні – ақиқат!

Сондықтан да болар, Артығали «Ақын» деген өлеңінде:

Қамықпа досым, қамықпа
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды, – деп жырлап, шын ақындарға уақыт шеңберіндегі кеңістік деген ұғым тарлық ететінін айтады.

Артығалидың «Ақын» деп аталатын төрт шумақ өлеңінің соңғы шумағының айтар ойының көтеріп тұрған жүгінің салмағы орасан мол. Соңғы шумақтың алдыңғы екі тармағында Артығали ақын досына келер күндерден күдеріңді үзбе деп, жігерлендіру береді. Болашақта болар жақсылықты ақын: «Көктеме күнін сыйлайды», – деп түйіндейді. Күллі әлемдегі жан-жануар, өсімдік атаулы толысып, нәрленіп, жаңғырып келер жаңалығы мен жақсылығы мол жаңа мезгілді ерте қазақтар – «Көктеме» деп атаған. Сірә, біз қазір қолданып жүрген «көктем» сөзі де осы «көктеме» сөзінен бастау алса керек. Төрт түлік малдың ең жуасы қой: «Көктемеде бір тойдым, көбік қарда бір тойдым», – депті деген де ескі тәмсіл бар.

Досына үміт сыйлап, жігерлендірмек ойын ақын осы «көктеме» сөзі арқылы беріп тұр. Десек те, тұтасып келген әдемі шумақта бір-біріне кереғар екі ой бар. Біріншісі, болашақтан үмітің мен күдеріңді үзбе деген жігерлендіру болса, екінші ой табиғаты тылсым ақын жаны жайында. Болмысы бөлек ақындардың «жұмбақ жанына» көктеменің өзі де ем таба алмайтындай. Қарапайым пенделерге мүлдем ұқсамайтын, құпиясы мол, бөлек жаратылыс ақын жанын автор: «Адамдар сыйған табытқа, ақындар бірақ сыймайды», – деп бір-ақ жолға сыйғызған. Күллі дүние адамы сыйған, пенде тәнінің мәңгілік мекені табытқа ақындар сыймайды. Ешкімге ұқсамайтын, тіптен басқаша, ерекше тәмсіл. Ақын жаны ерекше құбылыс екенін дәл осылай айтқан өзге ақынды өз басым білмейді екенмін. Қарапайым пенде мен ақынның ой-жүйесінің арасындағы айырмашылықты Артығали ақын  соншалық нәзік сезіммен түйсінген. Бұл не? Бәлкім, өмірді зерттеп білген ой қорытындысы. Әлде, Тәңірдің өзі тарту еткен ақындық түйсік. Мүмкін, екеуі де...

Артығалидың ақындық талантының құпиясы тым тереңде жатыр. Оның жырларындағы әрбір сөздің астарына жіті қарап, байыппен үңілу шарт. Сонда ғана біз ақын жырларында айтылған ойдың мағыналық жүйесі мен бағытын бағамдай аламыз.

Бар болғаны жиырма жастан асар-аспас қана өмір сүрген Артығали – соңында анау айтқан мол мұра қалдырмаса да, екшеп алғандай «сылдырап өңкей келісім» сұлу жыр қалдырған қазақ поэзиясының аса талантты өкілі. Артығали Ыбыраев есімі қалың оқырман қауымға жете таныс болмаса да, әдебиет сүйер қауым үшін белгісіз есім емес. Байбота Серікбай, Ұлықбек Есдәулет, Маралтай Райымбекұлы, Зәмзә Қоңырова секілді белгілі ақындар мен Қали Сәрсенбайдай қалам қайраткерлері орайына қарай республикалық ақпарат құралдары арқылы Артығали ақынның өмірі мен шығармашылығын талдай отырып, ақын шығармаларын қалың оқырман қауымға таныстырып өтуді мақсат етіпті.

Артығали ақындығы туралы Маралтай Райымбекұлы өз мақаласында: «Артығали он бес жасында сол кездегі қазақ әдебиетінің бүгінгі марқасқаларына айналған Мұқағали, Төлеген сияқты алыптарынан дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, тіпті, ақындық болмыс жағынан да ілгері тұрғанын айтуға тиіспіз», – дейді. (М. Райымбекұлы. Ұғымына жұрттың сыймаған. Мақала. Артығали Ыбыраев. Бір қыз туралы баллада. 42-бет. Алматы: ҚазАқпарат, 2008)

Келіспейміз. Автор ақын ғой, артықтау айтып, көбірек алып қойған. Қазақ болашағынан үміт күттіріп, тұлпар болар тайын танымал тұлпарлармен салыстырмайды. Себебі, әр тұлпардың өз тағдыры барын олар тереңнен сезінген. Оның үстіне тұлпарлар жөнінде «бақ» және «бап» деген ұғым тағы бар. Ақындар турасында да дәл осыны айтуға болады.

Сөз жоқ, Артығали талантты ақын. Десек те, Төлеген мен Мұқағали жырларына қарағанда, Артығали жырларынан поэзия әлеміне енді қадам басқан балаң сезім анық аңғарылады. Артығали жырларын Төлегеннің мұңлы, Мұқағалидың асқақ сезімді сыршыл поэзиясымен салыстыра зерттеп талдамай жатып, дәлелсіз сөйлеу жөн емес.

«Артығали поэзиясынан Төлегеннің сағыныш-мұңы мен Мұқағалидың асқақ үнді сыршылдығын аңдадық», – десек, дұрысы осы болар. Даланы асқақтату үшін, тауларды аласартудың жөні жоқ. Мұқағали бір басқа, Төлеген басқа. Сол секілді, жаратылысынан ақын болып туған Артығали шығармашылығының өзгешелігін пайымдау үшін де, ақынның соңында қалған аз ғана мұрасын жан-жақты ғылыми негізде талдай отырып, зерттеу шарт. Сонда ғана біз Артығали ақынның қазақ поэзиясындағы орнын анықтай аламыз.

Нұрғали Махан

Abai.kz

12 пікір