Сенбі, 4 Мамыр 2024
46 - сөз 2699 15 пікір 26 Қаңтар, 2024 сағат 14:52

Қазақ тілін қорғаған Рузаны ел де қорғап қалды!

Айдың-күннің аманында аймаңдай Руза апайымызды жоғалтып алып, төтенше жағдайда өткен күндеріміз де артта қалды. Қазақ тілінің қорғаны Руза апайымыз ортамызға оралды.

Кешегі бір күніміз бен түніміз биліктегі жауапты тұлғалармен сөйлесуге кетті. Кереку өңірі басшыларымен де сөзіміз аз болған жоқ...

Ақыры, әділеттілік орнады. Қазақтың қайсар қызы, Қазақ тілінің жанкешті күрескері Руза Бейсенбайтегі апайымыз бүгін бостандыққа шықты!

Қазақ тілі бостандыққа шықты десек те болады!

Руза апаймен сөйлестік, көңіл-күйі дұрыс. Елге рахмет айтуда.

Тал түсте төбемізден жай түскендей болған жайсыз оқиғаның жақсылықпен аяқталуына өз үлестерін қосқан қалың елдің қайратына ризамын. Қиындықтан шығу үшін бір жұдырық болып жұмыла білген жұртқа алғысымыз шексіз!

Қазақ тілін қорғаған Руза апайды ел де қорғап қалды! Өйткені таразыда тек адам тағдыры ғана емес, Тіл тағдыры - Ел тағдыры тұрды!..

Алғашқы күннен бірден қолдаған бір топ депутат әріптестеріме де ризамын.

Сонымен қатар биліктегі жаңаша ойлай бастаған көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарға көп рахмет! Билікте де жаңа тұрпатты жауапты тұлғалар бар екеніне көз жеткіздік.

Егер адам бұрын-соңды ми жүйкесі ауыруымен ауырып, арнайы есепке алынбаған болса, оны сот шешімінсіз бірден психоневрологиялық диспансерге, яғни жындыханаға мәжбүрлеп қамап тастауға ешкімнің құқы жоқ, бұл заңды бұзу!

Енді осы заңсыздыққа барғандар жауапқа тартылуы тиіс!

Иә, бұл кешегі ойларына келгенін істеген отыз жылдық биліктің, өзін қор, өзгені зор тұтқан құлдық саналы саясаттан қалған жарылыстардың жаралы іздері. Ендігі міндет - зардап әкелер жарылыстардың барлығын залалсыздандыру болмақ. Ол әрине әрбір Тәуелсіздік алған мемлекеттер өтуі тиіс - отарсыздану саясаты мен Ұлттық идеология.

Ұлттық идеология болмаса, әрбір аяқ басқан жерден осылай қауіп-қатердің түтіні шыға беретіні белгілі.

Ал Ұлттық идеологияның негізі - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау! Мемлекеттік тілді міндеттеу - Мемлекеттің міндеті! Руза мен Қазыбектердің міндеті емес… парызы болса да…

Сондықтан заң арқылы шешілуі тиіс барлығы.

Руза апайымызға зор денсаулық, қажыр-қайрат тілейміз!

Еліміз өрге, тіліміз төрге шыға бергей!

фото: qazaquni.kz

Қазыбек ИСА

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1192
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1084
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 821
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 955