Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Алматыдағы жер дүмпуі: 1059 11 пікір 23 Қаңтар, 2024 сағат 13:40

Дабыл неге қосылмады? Хабарлама неге кешікті?

Бүгін түнде Алматыда елді шырт ұйқыдан сілкіп тұрғызған жер сілкінісі болды. Үрейленген халық жеңіл-желпі киіммен сыртқа шығып кетті, көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар қаланың сыртына қарай ағылып, көшелерде қалың кептеліс орнады.

Такси бағалары шарықтап, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды.

(Сурет: Abai.kz порталыныкі)

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер сілкінісінің күші - 5 балл.

«ТЖМ «ННЦСН және И» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелді. 

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1. MPV магнитудасы 6.7. Эпицентрдің координаттары 41.22° С. Е. 78.65° ш. б. Тереңдігі 65 км. Сезілетіндігі туралы мәліметтер (ДСМ-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл»,- деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

(Сурет: ҚазТАГ-тікі)

Түнгі сағат 00:20-дан бастап Алматы әкімі Ерболат Досаев жедел штаб кеңесін өткізіп, қалада халықты жинау пункттерінің құрылғанын хабарлады. Қала тәртібін қадағалайтын полицияның саны артып, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мектеп, колледж, балабақша ғимараттары штаттық режимге көшті.

«Жедел медициналық жәрдем қызметі және барлық көпбейінді стационарлар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимге көшті. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және таратпауларыңызды сұраймыз. Тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз», - деп хабарлады әкімдік.

(Сурет: Polisia.kz-тікі)

Түнгі сағат 03:00 уақытында жер сілкінісінің салдарынан 8 адамның зардап шеккені айтылды. 3 адам көпқабатты үйлердің терезесінен сыртқа секіріп кеткен, бір тұрғын ауыр жарақатпен ауруханаға түскен.

«Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген. Медициналық тексерістен кейін екеуі амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшінші науқастың жағдайы ауыр, қазір ол ауруханада жатыр.Үйден жүгіріп шыққан бес адам жарақат алды. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар да амбулаториялық емдеуге жіберіледі», - деп хабарлады басқармадан.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі түнгі сағат 1-ден бері түрлі дәрежедегі жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алған адамдардың санын жариялады: 44 адам медициналық көмекке жүгінген.

Олардың ішінде бастың көгеруі, дененің тырысуы және аяқ-қолдардың созылуы секілді жарақаттар болған. Түрлі белгілермен олар қалалық ауруханаларға жеткізілді. Оның 34-і ересектер. 3 адам ауруханаға жатқызылды, тағы 31 адам амбулаторлық емдеуге жіберілді. Сондай-ақ 10 балаға медициналық көмек көрсетілді, оның 5-еуі ауруханаға жатқызылса, тағы 5 бала амбулаторлық емделуге жіберілді.

Алматыдағы қуатты жер сілкінісі кезінде қала тұрғындарына SMS хабарлама келмеген және қала бойынша дабыл қосылмаған.

(Сурет: 716.kz-тен алынды)

ДАБЫЛ НЕГЕ ҚОСЫЛМАДЫ? ХАБАРЛАМА НЕГЕ КЕШІКТІ? АТЫҒАЕВТЫҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

Мұның себебін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев түсіндірді. Оның сөзінше, SMS хабарламаларды жедел жібергенде, бұл деректер қала тұрғындарына кеш жетеді. Бұл халық тығыздығымен байланысты.

«Ұялы байланыс операторларының ақпаратты өңдеуге уақыты жоқ, сәйкесінше жедел ақпарат кеш келеді», - деді Нұрлан Атығаев.

(Сурет: Видео скрині)

Ал дабыл неліктен қосылмаған деген сұраққа, Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев: «Алматыда жер сілкінісі кезінде іске қосылатын 843 электр дабыл құрылғысы бар. Олар жер дүмпуі 5 баллдан асқан кезде ғана қосылады», - деді.

Айтуынша, дабыл қосылса тұрғындар арасында дүрбелең одан әрі өршіп кетер еді.

«Түнде дабылды қосу қажеттілік тудырған жоқ. Себебі, бізде 5 балл деңгейінде болды. Сондай- ақ ол қосылса тұрғындар арасында дүрбелең тудыратын еді», - деді ол.

Алматыда таңертеңгі сағат 5 пен 7 аралығында 2-3 балдық жерасты дүмпулері болып өтті. ТЖМ мәліметі бойынша жер сілкінісін Алматыдан басқа Шымкент, Астана, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды ​​облыстары тұрғындары сезген.

Жер дүмпулеріне қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар тарап кетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханалары қирады деген хабарды университеттің баспасөз қызметі жоққа шығарды.

«ҚазҰУ-дың жатақханалары, оның ішінде N6, 8 жатақханалардың қирауы мен қаза тапқандар туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаза тапқандар мен жатақхана қираған оқиға болған жоқ», - делінеді ҚазҰУ таратқан хабарламада.

(Сурет: ҚР ТЖМ-ға тиесілі)

Алматыдағы жер сілкінісінен ешқандай ғимарат бүлінбеді. Бұны Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында айтты.

«Сейсмологиялық бақылаулар мен зертетулер ұлттық орталығының дерегі бойынша, 23 қаңтар түнгі сағат 0.09-де Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қытай Халық Республикасы мен Қырғыз Республикасы шекарасында жер сілкінісі тіркелді. Таңғы сағат 7.00-дегі жағдай бойынша 3 елеулі сейсмикалық жағдай тіркелген. Алматы қаласындағы максималды сезілуі - 5 балл, Шымкент қаласында, Жамбыл облысында 2-3 балл, Жетісу облысында болды. Алдын ала мәлімет бойынша бүлінген ғимараттар мен құрылыстар болған жоқ», - деді Сырым Шәріпханов.

Ал Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтады.

«Алматының тұрғындары мен қонақтарын жақын арада жойқын жер сілкінісі күтілмейтініне сендіргім келеді. Бүгін болған сейсмикалық оқиға ҚХР мен Қырғызстан Республикасының аумағында болды. Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, Жетісу облысының бір бөлігінде сезілген сілкіністер «афтершок» болып табылады. Орталық Азияның барлық дерлік елдері сейсмикалық оқиғаны сезінді. Қазіргі уақытта 10-нан астам афтершок тіркелді, оның ішінде Алматы тұрғындары 2 афтершокты сезінді. Байбаламға салынудың ешқандай себебі жоқ», - деді ол.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2000
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2426
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1982
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1577