Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 1406 3 пікір 22 Қаңтар, 2024 сағат 13:41

Кел, кел, «қиялдағы капитал» сені күтуде!

Сурет: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі сайтынан алынды

(түсіңде көрмеген байлыққа кенелесің)

Елімізде инфляция деңгейі төмендемей тұр: азық‑түлік, комуналды төлемдердің бағасы жыл басынан бері тағы да қымбаттай түсті. Жыл соңына қарай Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантаров комуналды төлемдердің бағасы 15%-30% дейін көтеріледі деп мәлімдеген болатын. Бірақ,  Алматы тұрғындары соңғы келген түбіртекте жылу бағасының 100% -дан астам қымбаттағанын көріп, жағаларын ұстады... Жан‑жаққа телефон соғып, у‑шу болды да қалды (соның ішінде өзім де бармын)... Ал жылу беруші монополист «Келесі айда қайта есептейміз» деп халықты тыныштандырған болды – не болса да күтеміз енді, мына суық күнде қайда барамыз, бәрібір...

Бірақ, бүгінгі біздің айтпағымыз тіптен басқа мәселе. Ол – еліміздегі қаржылық пирамидалардың тым көбейіп жатуы. Ендеше, жер‑жерде олар көбейіп жатқан кезде, қоғам «Бұлар қалай, қайдан пайда болып жатыр?», «Олардың пайда болуының себептері неде?» деген өзекті сұрақтарды қоя бастауы керек қой. Бірақ біздің қоғам ондай сұрақтарды қоймайды. Себебі, Қазақстан өз тәуелсіздігінен кейін, дербес мемлекеттілігін құра бастағаннан коррупция шырмауында қалып, ел экономикасы «капиталдың объективті заңдылықтары» бойынша емес, «нарықтық экономика» атын жамылған «коррупциялық жазылмаған заңдар» аясында құрыла бастады. Сол кезде аса ірі монополистер пайда болды. Алайда, ол монополияның пайда болуы капитал заңы бойынша бәсекелестікпен емес, билік тұлғаларына ықпал ету арқылы өздеріне тиісті заңдар мен шешімдерді шығартып алу арқылы жүзеге асып отырды. Нәтижесінде, елдегі шешуші стратегиялық экономикалық салаларды өте арзанға, кейде – тегін меншіктеген «жалғанмонополия» өздері алған өндірістік‑логистикалық‑энергетикалық‑комуналдық нысандарды жаңартумен айналыспады. Монополистер тек одан өте көп пайда көруді, онымен мүдделі тараппен бөлісуді көздеді. Нәтижесінде елдегі барлық салада «тозығы жеткен» деген көрсеткіш осыдан жиырма жыл бұрын 60%-70% болса, сол көрсеткіш әлі күнге өзгермей сақталып келеді. Жыл сайын апатты учаскілер жаңаланады. Бірақ көрсеткіш өзгермейді. Себебі, ол «тозығы жеткен» деген сиқырлы сөз жыл сайын бағаны көтеріп отырудың ең легитимді, әрі, оңай жолы болы шықты.

Сөйтіп, стратегиялық саладағы бағалардың үздіксіз өсуі қоғамды  қауіпті жағалауға алып келді, ол – азық‑түлік қаупі. Оны неге қауіпті дейміз, себебі, «ас адамның арқауы» деп айтқандай, елімізде тұрғындардың азық‑түлік қоржыны неғұрлым жұтаңдаған сайын, соғұрлым елдегі ауруханаларға қосымша жүк артылады. Ал, бүгінде емделу бағасы да азық‑түліктен қалысар емес... Ендеше, жағдай тұрақты түрде осылай кете берсе, біздің халқымыздың денсаулығы шынында да «аса қауіпті» жаққа қарай күрт бұрылуы ғажап емес. Әлемде жұрт соғыстан қашады, сонымен бірге ауру‑сырқаудан да қашады... Міне, «қауіп» деп отырғанның мағынасы осы!

Әрине, оны шешудің бір жолы бар, ол ‑ Әділетті Қазақстан. Қоғам осы – Әділетті Қазақстан ұғымын жылы қабылдайды. Неге десеңіз, «әділет» дегенде қоғам: «монополистер тек өз пайдасын ойлай бермей, өздері жауапкершілікке алған саланың Мемлекетке, Халыққа адал қызмет етуін ойлайды,‑ өйткені, олар әділетті», ‑  деген ойды басшылыққа алады. Содан үміт отын оятады... Бірақ, халықтың үміті ертеңі үшін. Ал, бүгін «үміт» оны асырай алмайды: халыққа жылу бүгін керек, тамақ қазір керек, киім‑кешек те «ертең тозамын» демейді, бүгін жыртылып қалады...

Сондықтан да халық үнемі де «ақша жетіспеушілігі» атты қысымда өмір сүруге мәжбүр. Міне, осы – «үнемі ақша жетіспеушілігі» прессингі еліміздегі неше түрлі қаржылық пирамидалардың пайда болуына, көбеюіне алып келіп жатыр десе болады. Мысалы, көп қаржысы бар, оны депозитке салған байлар алаңсыз өмір сүруде. Ал, бірнеше миллионын тірнектеп жиып, банке салған адамдар одан алатын депозитін азсынады, ол оған жетпейді...

Сол кезде оған жарнамадан айқайлап тұрып: «Ақшаңды мұнда әкел! Ай сайын бір миллионнан жүз мың, екі миллионнан екі жүз мың ақшаны сытырлатып санап беремін» дейді. Адам әуелі басын қасып ойланады... Алайда, жоқшылық оны «итеріп» әкеп, әйтеуір бір пирамиданың қорасына тығады! Енді ше, банкіден миллионға жылына 150 мың, ал мұнда айына 200 мың! Ондай «ас та төк» байлыққа қарсы тұру оңай ма? Тіптен, миллиардтаған доллар жинаған олигархтардың өздері ешқашан «болдым‑толдым» деп айтпаған ғой!? Ал, қиыншылықтағы адамнан не сұрауға болады?..

Мұндай қиын ахуал неше түрлі алаяқтарды елге тартушы, көзді қызықтырушы «лакмус қағазына» айналуда. Сонымен бірге, біздің елде қандай да бір «қаржылық пирамиданың» басы көрініп, төбесі қылтиғанда‑ақ «төбеден тоқ еткізуі» тиіс органдардың «көрсе де көрмегендей» кейіп танытатындығы да ‑ алаяқтарға дем беруші күш болып отыр деуге болады...

Міне, жуырда ғана Маңғыстау облысында Қаржы бақылау Агенттігі «Қиялдағы капитал» («Капитал мечты») атты кезекті қаржылық пирамида басшыларын тұтқындады. Енді ол істі сот қарайтын болды. Олар ай сайын он пайыз үстеме ақы береміз деп, халықтан бір миллиардтан астам ақшаны жиып алыпты...

Енді осыған байланысты бір ғана сұрақ қояйық: «Қиялдағы капитал» қаржылық пирамидасына алданғандар арасында бірлі‑жарым олигарх не монополист бар ма?» деген... Сіздер қандай жауап күтер едіңіздер? Мен «Жоқ» деп сенімді түрде айтар едім!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

3 пікір