Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 4136 7 пікір 17 Қаңтар, 2024 сағат 14:40

«Атаманның ақыры» к/ф. Полковник Абылайханов кім?

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

«Атаманның ақыры» кинофильмі 1970 жылы түсірілген, қазақтың біртуар тұлғасы десек артық болмайтын, Шәке ағаның соңғы еңбегі. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы фильмге қарай отырып, түсіру шеберлігіне, актерлардың рольдерді сомдағандағы жеке эмоцияға беріле отырып ойнағаны, декорация мен түсіру орындарының таңдалуы шынымды айтсам таңдай қақтырады. Қазіргілеріміз сол алдыңғы буын өкілдерінің еңбегіне мүлде ілесе алмайтыны еріксіз қынжылтады.

Алдыңғы сұраққа жауап іздеп, тарихи оқиғаға негізделген осы фильмді қайта бір көріп шықтым, СССР идеологиясын насихаттаған, яғни бұрмаланған тарихи желі туралы айтпай-ақ қойсам да болар, қызықтырғаны полковник Абылайханов туралы мәліметтер еді. Ол кісі, бас герой Қасымхан Шадьяровпен бұрыннан таныс, дос, гимназияда бірге оқыған, қазіргі күнде Дутов армиясының штаб бастығы делінеді. Фильм барысында бірде-бір рет аты аталмайды, тек «полковник, Абылайханов мырза...» деген ресми атаулар ғана естіледі (соған қарағанда фильм жасаушылар нақты кім екенін білмесе керек). Оқиға 1921 жылы Құлжада өтті дегенмен, шындығында Сүйдін қаласында болғаны тарихи деректерден белгілі. Қ. Шадияров (шындығында Шанышев) кинода, бұл жақтан қашып барған соң, «Ақ» офицерінің штабс-ротмистр форма-погонымен жүреді және князь делінеді. Оның қалайша князь аталғаны туралы да ойланып қалып едім, түбі Қырым татарларынан, әкесі Құлжа-Жаркенттің белгілі байларынан екен, олай болса шындық болар, ал гимназия дегенге келсек Верный гимназиясы болуы әбден мүмкін, шын өмірі кинодағыдай емес болғанымен, тарихта болған шынайы адам (кейінгі деректерден сол террорлық операцияның басшысы екені анық).

Кейінгі зерттеушілер, өлкетанушылар террорлық актіге қатысушылар (барлығы 9 адам) туралы көптеген мәліметтерді жинақтап, зерттеген (СССР кімді аяған, өз қылмыстарын жасыру үшін, түгелдей дерлік репрессияға ұшыратып, көздерін жойған...). Фильмде Шадияров полковник Абылайхановты алдымен, сосын атаман Дутовты атқаны көрсетілсе, кейінгі деректерде олай емес, яғни, алдымен аяқ-асты бөлмеге кіріп келген адьютанты, сосын атаман атылғаны және атқан адам біресе Шанышев, біресе Хожамияров деп көрсетілгені тағы бар.

Сөзімізге келсек, осы мәселеге Жетісудың әйгілі сұлтаны Тезек Төре Нұралин (Абылайханов) туралы зерттеулер барысында назар аударған едік, өйткені, полковник шені Ресей империясынан «бұратана халықтар өкілдеріне» берілген, саусақпен санарлықтай дегендей, ең жоғарғы әскери шен иесінің бірі болғаны (алғашқы қазақ генералы Ғұбайдолла Шыңғысханды айтпағанда) айтпаса да қызығушылық тудырады. Оның үстіне фильмде Жетісулық екені анық айтылды.

Алдыңғы жазбаларымызда бірнеше рет айтқандай, Жетісуда Абылайханның төрт ұлынан тараған ұрпақтары өмір сүрген және Шоқан Уәлихановтың, Ғазы Уәлихановтардың да Жетісу жеріне, нақтырақ айтсақ Тезек Төремен тағдырларының біраз бөлігі байланысты.

Қысқаша таратып айтсақ, Абылайханұлы Әділ (1815 жылы Ташкент түбінде опат болған) қазіргі ұрпақтары түгелдей дерліктей Жетісу жерінде, мекендейді. Әділ ұрпақтарынан ең атақтысы Тезек Төре (1821-1879), оның ұлдарының кейбірі түрлі гимназияларда оқығандарымен, әскери қызметте болмаған, азаматтық, яғни болыс, би сияқты қызметтер атқарған. Қалған Әділ ұрпақтарынан (негізі Орыс жазуларында - 8, Қытай жазуларында - 10, қазақ шежірелерінде - 15-ке дейін ұлдарының аттары аталады) әскери қызметте болғандарын естімедік.

Абылайханұлдары Сығай, Тағайлардың ұрпақтарына келсек, болыс, би сияқты азаматтық қызметер атқарған, әскери қызметте болмаған.

Шоқан Уәлихановты (1835-65 ж.ж.) бар қазақ біледі. Ал, Тезек Төренің қызын алып, күйеу болған Ғазы Уәлихановқа келсек, бұл кісі туралы зерттеу мақаламызда «...Даңқы асқан дейтіндей қазақ ұлының соңы да соншалықты қаралы-аянышты үзіліпті, «ДВ» (Орыстілділер жазбалары «Другой Валиханов») дерегі бойынша, Сұлтанғазы 1919 жылы емес, 22 июнь 1909 жылы Саблинодағы саяжайында (дача) өз қызметшілерінің үйді тонау кезінде опат болыпты (Бұл да бір жұмбақ оқиға ол кезде 1905-тегідей төңкеріс жоқ, неліктен осындай қылмыс жасалғаны белгісіз). Сүйегі 1 июль күні Петербургке жеткізіліп, сондағы танымал мұсылмандар, әскери қызметтестері, Лейб-гвардия полкінің өкілдері т.б. қарсы алыпты. Жерленген жері Ново-Волков мұсылман қорымы екен, алайда, ол бейіттер қазіргі уақытта сүріліп кетіп жоқ болса керек...

Екі Уәлихановтардың тағдырларының көп жерлері ұқсас, тіпті штабс-ротмистр әскери шендерін де 25-26 жас кезінде алған және бір ойланарлық жағдай Черняевтың қанды жорығы кезінде екеуі де қызметтен бас тартқан. Екеуі де Жетісудың атақты сұлтаны Тезек Төреге күйеу...» деппіз.

Сонымен, Жетісудағы Абылайханов деп жазылуы мүмкін төрт адамдардың ұрпақтарын қарастырдық, ендігі мұқият қаратйтынымыз, Абылайханның кенже ұлы Сөк (Сүйік, Сюк) Төре ұрпақтарынан Ешмұханбет сұлтан туралы болмақ. Ешмұханбет Тезек Төренің қызы Күлханды (Гулхан) алған, Тезек Төре туралы зерттеулеріміз барысында бұл туралы: «...Бұларға қосымша төре қызы Күлханды 1875-жылдары ұзатқанын және Ешмұханбеттің формуляры барлығы айтылды. Сол құжатты келтіре кетейік:

№375. (1911г. 31-августа)- Послужной список старшего переводчика казахского (жазылуы Киргиз) языка при степном генерал-губернаторе, статского советника султана Иш-Мухаммеда Аблайханова). Осы жерде сұлтан Иш-Мухаммед Сюк-оглы Аблайханов (жазылуы), поручик - Жошы Аблайхановтың баласы, ал әйелінің полковник Тезек Аблайхановтың қызы Күлхан екендігі және әлденеше орден, медальдардың иегері, жасы 59 да, яғни 1852-жылы туғандығы көрсетіледі. Сібір-Әскери гимназиясында оқып, толық бітірмесе де, Сібір, Семиречье казак әскерлері қатарында болып, кейінірек Алматы, Омск, Оренбург қалаларында, Атбасар, Қарқаралы, Ақмола уездерінде әр жылдарда түрлі қызметтерде болғандығы жазылған. 1910-жылы денсаулығына байланысты Үкімет тарапынан арнайы зейнетақы (пенсия) тағайындалған. Балалары: Мегдатша (28.08.1877), Мадамхан (10.01.1880), Файрузша (10.11.1888) атты ұлдары, Тұрлыхан (30.08.1882) атты қызы бар екендігі көрсетілген.

Бұған қосымша айтарымыз, қазіргі кей шежірешілердің Сөк ұрпақтарын таратқанда Жошыдан - Ешпай, одан Батырша (Патруща), Беделхан және Ешмұханбет, одан Мегдатшы, Мадамхан, Файрузша дегендері дұрыс еместігі.

Ешпай да Ешмұқанбет те бір адам, балалары да солай, Файрузшаны қазақ Батырша, Байырша, Мадамханды – Меделхан, Беделхан деп кеткен, соған үңілмеген шежірешілер бір адамды екі адам етіп жазып, қателік жіберген. Бұндай қателіктердің себептері орыстілділер тарапынан кеткендігі алдында айтылды...» дегенбіз.

Ешмухамбет зейнеткерлікке (пенсияға) шығып қайтып, қазіргі Ескелді ауданындағы Жалғызағаш, Өрқайыңдыға пәуескемен келгенінде бар тұрғын орыс, қазақ нан-тұз алып, иіліп қарсы алыпты дегенді ел аузынан естідік. Ал тарихи деректерде белгілі адам болғанын растайтын біраз деректер бар: Формуляр жазуларындағы қызметтерінен басқа, 1891 жылы Патша мұрагерін қарсы алушылар қатарында болған; 1906 жылы Мемлекеттік Думаның сайлауына Омбы атынан түскен; «Дала Уәляаты» газетінде редактор болып, «Дала Өлкесі» т.б. басылымдарда көптеген мақалалары шыққан. Бұларға қосымша 1916 жылғы дүрбелеңде Патша билігі елді тыныштандыру үшін Жетісуға жібергені туралы да мәліметтер кездеседі. Энциклопедияларда, Ресей шенеунигі, аудармашы, жорналшы деп атап көрсетілген.

Міне, осы кісінің балалары, яғни Тезек Төренің туған жиендері, әскери қызметтерде болған. Үлкен ұлы Мегдатша (28.08.1877) Абылайханов (фамилиясына арғы атақты бабасының атын қалағаны көрініп тұр) туралы энциклопедиялық және архивтік мәліметтерде, 1878 жылы туып, Омбыда 17.04.19 жылы ұзақ ауырып қайтыс болғаны, Орыс империясының штабс-капитаны, Орыс-Жапон және кейінгі Азамат соғысына қатысқаны, Алаш Орданың әскери қайраткері болғандығы айтылады. Орысша құжаттарда Мигдатча Ишмухамет-оглы Аблайханов деп жазылған, Сібір Кадет корпусын, Павлов әскери училищесін бітіріп подпоручик шенінде 242-Белебей резервті батальонда қызметін бастаған. Бірнеше ордендердің кавалері, кейінгі шені штабс-капитан. 1917 жылы Алаш орданың Ақмола облыстық кеңесіне мүшелікке сайланып, Алаш отрядтарын құруға белсене араласқан.

Осы Алаш ардақтыларының бірі болған кісінің ақыры туралы, жас ғалым А. Мырзаның жариялауымен интернетте жарық көрген, 1919 жылы   «Сарыарқа» газетінде мынандай хабарлама бар екен: «Жапон хәм Герман соғысына қатысқан қазақ Миғаш Абылайханов опат. Биыл 17-ші апрельде қазақ офицері Миғаш Абылайханов опат болды. Миғаш мырза бұрынғы «Дала уәлаятының генерал-губернаторының тілмашы Ешмұхамед төре Абылайхановтың баласы. Ана жылғы Жапон соғысында, одан кейін Герман соғысында болып, соғыстан аман-есен келіп, ақырында Омбыда жиырма шақты күндей ауырып дүниеден қайтты. Миғаш мырза әскер қызметінен басқа ұлт ісіне кірісе алмай кетті. Иманы жолдас болсын, артында қалған ата-анасына, туған туысқандарына көркем сабырлық берсін. Бек-мұхамед Серкебаев». (Бұл хабарды жазушы Серкебаевтар әулетінің атасы екенін түсінген болармыз).

Екінші ұлдың, яғни Мадамхан (қазақша Меделхан, Беделхан) Абылайхановтың тағдыры туралы айтар болсақ, ашық деректерден кездестіре қоймадым. Алайда, біздің Жетісу-Алтынемел өңіріндегі 1930 жылдары белең алған аштық-қашқын-босқындық туралы құжаттардан ол кісі жөнінде біраз материалдар кездестірген едік. Атышулы ЧК адамдарды тергеу істерінде «Қытайдағы белгілі, бұндағы қазақтардың сонда қашуын қолдайтын және оларға барынша көмектесетін, интеллигент-эмигрант (істегі жазу) Медельхан Аблайхановпен байланыстарың бар» деген айып таққан. Соның ішінде атышулы 58-баппен репрессияға ұшыраған Тәжі Төренің ұрпақтарымен бірге тергелген 10 адамның 1933 жылғы қылмыстық ісін зерттеу барысында М. Абылайхановтың әскери оқу оқығанын, офицер болғандығын, 1920-жылдары атаман Дутовтың армиясымен бірге Қытайға өтіп кеткендігі, көзқарасы «монархист» болғандығы жөнінде құжаттардан көз жеткіздік.

Бұл, 1933 жылғы істе М. Абылайхановтың Қытайға 1923 жылы өткендігі жазылған, атаман Дутовтың 1921 жылы атылғанын ескерсек, бұнда қате кеткен болар деген ойдамыз. Негізінде, фильмдегідей ол кісі 1921 жылы атаманмен бірге атылмаған, өйткені, осы документтерде ол кісінің ауып барған қазақтарға ол жақта көптей көмектескені айтылады. Қазіргі күндері ол жақта ұрпақтары бар-жоқтығынан әзірге хабарымыз жоқ.

Қорытынды

Тарихымыздағы «ақтаңдақтарды», ұмытылған, ұмытыла бастаған қазақтың аяулы тұлғаларын зерттеуші жас ғалымдарға ойтүрткі болсын деген ниетпен осы жазбамыз жазылды.

Бұрқ-сарқ еткен төңкеріс, қуғын-сүргін, ашаршылық қазақ қоғамына қаншалықты қасірет алып келгендігі туралы қанша жазса да аз болмас! Осы жазбада көріп отырғандарыңыздай ағайынды екі туған бауырдың бірі Меғдатша (қазақша Миғаш) Алаш Орданы қолдаса, туған інісі Мадамхан (қазақша Меделхан, Беделхан) «монархистік» көзқараста болған! Үшінші бауырлары Файрузша (қазақша Батырша, Патрузша, Байырша) туралы мағлұматтар әзірге кездеспеді (бұл үш ағайындылардың формулярларын әзірге көрген жоқпын). Дегенмен, ел арасындағы санаулы, құлағы түрік қарттардан естуімізше «...Байырша, әскери болмады, ол да ағасымен бірге Қытайға кеткен және олардың ұрпақтары туралы Меделханнан бір қыз қалып, елге келген, Семей жақта еді...» деген сөз бар... Бұл да зерттеушілер еншісі (айтпақшы, жас тарихшыларға тағы бір айтарым, біздің ұлттық ерекшеліктерді толық түсінбейтіндердің ру, адам атындағы «ауыр» есімдердің өзімізшеленіп айтылуы (Мысалы: Ешмұхаммед – Ешпай; Файрузша – Байырша...) мәселелерінде көптеген қателіктерге ұшырайтындықтарына мұқият болыңыздар)...

Қосымша дерек ретінде, фильмде көрсетілгендей атушылардың атаманмен Абылайханов арқылы жақындасқаны жөнінде тарихи болжам бар екенін айта кетуге болады. Олай болса, нақты табам деген адам, М. Абылайханов оқыған оқу орындарындағы тізімдерден Шанышевты да іздесе, шығуы тиіс.

Атақты, классикаға айналған тамаша фильмдегі «қарсы жақтағы», яғни, атаман Дутовтың қасындағы қазақ баласының кім екендігі турасында осындай шолу жасадық...

Қайда жұрсе де, қандай жағдайда жүрсе де, өз елін, өз жерін бір сәтке де ұмытпаған, қазағым деп еңіреп, елім деп шырылдап өткен ерлердің рухтарына тағзым етелік...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

7 пікір