Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қағазстан 1144 5 пікір 16 Қаңтар, 2024 сағат 14:17

«Конституциялық сот заңдылықтан алыстауда»

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

«Әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету - мемлекеттің міндеті» - Қ.К.Тоқаев.

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген маңызды сұхбатында: «Біз Ата заңның үстемді­гін қамтамасыз ететін, конститу­ция­лық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірдік», - депті.

Заңгерлер қауымының, Парламент депутаттарының осы соттың шешімдерінің заңдылықтарына күмәнмен қарауы жиілеп келеді. Аталған жағдайды бір қаулыны талдау арқылы көрсетіп берейін.

Азамат Қ. Дуйсембиев «судьялық лауазымынан негізсіз босатылдым» деп, Жоғары Сот Кеңесінің шешіміне әкімшілік сотқа шағымданған. Алайда оның арызын сот қаралмайтынын айтып, қайтарған. Арызданушы өзінің Конституцияда көзделген әркімнің сот арқылы қорғалуына құқығы бар деген норма сақталмады деп, Конституциялық Сотқа жүгінгенмен де, оның мүддесі ескерусіз қалды.

Конституциялық сот Қанат Дуйсембиевтің өтінішін қарап, оны «ҚР Конституциясының 13-бабының 2-тармағына сәйкес келеді» деп, шешім қабылдады. Конституциялық Соттың «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 44-бабы 4-тармағының, 44-1-бабы 3-тармағының және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 10 нормативтік қаулысын зерделей келе айтарым, бұл құқықтық акт Ата заңға қайшы шығарылған.

Конституциялық Соттың осы аталған қаулысындағы: «...судья лауазымдарынан босатудың ерекше тәртібіне қарай Конституциялық заңда және Заңда белгіленген Комиссияның немесе Сот жюриінің шешімдеріне Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасау рәсімі олардың Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтірмейді деп ойлайды» - деген, және де басқа уәждері мүлдем негізсіз. Өйткені Конституциялық Сот осы шешімі арқылы Қ.Дуйсембиевтің Конституцияның 13-бабының 2-тармағында көрсетілген: «Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» - деп шегеленген норманы бұрмалап отыр.

Келесі 14-бап жолданушы, судья лауазымынан босатылған тұлғаның құқының қорғау жолын, заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайтының айтып тұр. Демек Қ. Дуйсембиев осы қаулы бойынша судья болғаны үшін сотқа жүгіну құқынан айрылып кемсітіліп отыр.

Ата заңның 39-бабында, Конституцияның 11, 13-15-баптарында... көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс делінген. Демек Конституциялық Соттың негіздемелері, құқықтық сілтемелері бұл нормаларды өзгерте алмайды.

Енді «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңына көңіл бөліп, осы күрделі мәселені қалай реттейтінін байқап көрелік. Бұл заң да менің айтқанымды қоштап, «1-бапта Конституциялық Сот Қазақстанның бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді» деген. Ары қарай 7-бапта «Конституциялық Соттың судьялары өздері тағайындалғаннан кейін мынадай мазмұнда ант береді, өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы мәртебелі мiндетiн адал әрі әділ атқаруға, турашыл болуға және өз қызметімде Қазақстан Конституциясына ғана бағынуға, оның үстемдігін қамтамасыз етуге салтанатты түрде ант етемiн» депті.

Осы келтіргенімізді 31-бап тағы да бір нақтылап Конституциялық іс жүргізу Қазақстан Конституциясының үстемдігі қағидаты негізінде жүзеге асырылатының айтып, бекітеді.

Демек Конституциялық Сот Ата заңымыздың үстемдігін қамтамасыз етпей, ең жоғары заңды күші бар Конституцияның нормаларына бағынбай, азамат Қанат Дуйсембиевтің демек сіз бен біздің құқымызды аяқ асты етіп отыр.

Қорытындылай келе менің айтарым Елімізде Конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында, Конституциялық Сот осы заңсыз шешімін 61-баптын негізінде қайта қарауға міндетті.

Айыпқан Мухамадиев,

заң ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

5 пікір