Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 1937 33 пікір 15 Қаңтар, 2024 сағат 12:54

Жаңа Қазақстан: Заманбекті ұлықтау

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

2005 жылғы президент сайлауы кезінде үйінен өлі табылған қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовті ескі билік «өзін-өзі үш рет атып, қайтыс болды» деп әжуалап, жауапкершіліктен жалтарғысы келген еді.

Арада ондаған жылдар өтсе де батыр ұлын халқы бір сәтте ұмытқан жоқ. Ақиқаттың ашылуын талап етумен келді. Бірақ ескі билік қашанғы әдетіне басып естісе де, естімеген кейіп танытты.

Енді міне, сол сеңнің бұзылғанына куә болып отырмыз.

Кеше Алматыда қоғам қайраткерінің 80 жылдығына орай өткізілген аста марқұмның туып өскен Кеген ауданында ескерткіш мүсіні, Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орналатыны мәлім болды.

Бұл ақжолтай жаңалықты асқа арнайы келген Президенттің хатшысы Берік Уәли жеткізген. Аста сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әмімбаевтың арнау сөзі де оқылған. Көпшілік Нұрқаділовқа болған биліктің оңды көзқарасын жақсылыққа бағалап, өлім құпиясының көп ұзамай ашылатынына сенім білдіруде.

Қоғам белсенділері де Жаңа Қазақстанның саяси өзгерістерінің нақты көрінісі ретінде бағалауда. «Қаңтар оқиғасынан», жүзеге аспай қалған «мемлекеттік төңкерістен» кейін халықтың 30 жыл ел билеген Назарбаев жүйесіне сыни талаптары күшейген. Марқұмның ұлы Қайрат Нұрқаділов та прокуратураға әкесін ақтау туралы талап арызын жазғаны белгілі болған еді.

Асқа жиналған қоғам қайраткерлерінің қатарында сөз сөйлеген Рысбек Сәрсенбаев Заманбек марқұмға Алматыдан көше атын беру мәселесін көтерді. Қала орталығы болмаса да, өзі қалың қазақты қоныстандырған «Шаңырақ» ақшам ауданы жағынан қарастыруды айтты.

Марқұм Нұрқаділов Оңтүстік Астананы басқарып тұрғанда төрт бірдей ауданның орыс әкімдерін орынынан алып, үйсіз-күйсіз жүрген зиялыларға, өнер адамдарына баспана беріп, «жаппай жекешелендірудің» кесірінен қалаға ағылған ауыл жұртына қала маңынан тегін жер беріп, Кеңес заманынан басталған қитұрқы саясаттың жолын кесіп, Алматыны қазақландырған еді. Елі үшін басын бәй тіккен ер қандай құрметке де лайық!

Abai.kz

33 пікір