Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 1149 0 пікір 15 Қаңтар, 2024 сағат 12:43

Естеліктен еске түскен естеліктер

Қазақ халқының шын жанашыры, аса тәжірибелі, иманды мемлекет  қайраткері ретінде мойындаған Тұрғұт Өзалдың 31 жасар қазақ азаматы Алтынбекке ерекше назары ауғандықтан болар тәуелсіз Қазақстанның болашағын Алтекең сияқты жас перімен байланыстыра айтқан мына сөздерін ағалық қана емес, қамқор әкенің ақыл-кеңесі десе де болғандай екен.

Тұрғұт Өзал тебіреніспен: «Алтынбек інім, сендер азаттық алдыңдар, шүкір, сан ғасыр бабалар аңсаған күнге қол жеткіздіңдер, енді осы мемлекеттеріңді нығайтуды ойлаңдар, орыспен қосақталып жүре бермеңдер. Сендер бөлек мемлекет болып қалыптасамыз десеңдер, олардан іргелеріңді аулақ ұстаңдар. Рас. Бір кезде құдай орыспен қосақтап қойды.  ...Бірақ алған елдіктеріңді баянды қылғыларың келсе, сендерге осы байланысты өз қолдарыңмен үзу керек. Онсыз болмайды інім! Ол жерден қан сорғалауы мүмкін, бірақ сендер ол қанды жуып тастап, қанның тоқтағанын, ауырған жараның басылғанын күтіп, ол тамырды тағы үзулерің керек. Аурудан жандарың шығып кетсе де, ол тамырды үзе берулерің керек. Сендер тек солай ғана бөлек мемлекет болып қалыптаса аласыңдар».

Үзіндіні әдейі молынан бердік, түсініксіз болып қалмасын деп, Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдан бергі ішкі-сыртқы жағдайын таразы басына тартып көрген адам, марқұм Өзалдың көрегендігіне көз жеткізе алар.

Маған естеліктен естелік айтқызғалы отырған жағдай, бұдан 32 жыл бұрынғы Алтынбек ініммен кездесіп, сұхбаттас болғаным, әрі жап-жас Алтекеңнің мемлекетшілдігі мен тұтас түркілік ұстанымдарының ерте қалыптасуына ақылгөй-абыз Өзалдың  ықпал-әсері болған екен-ау деген ойға ерік бердім.

Мен 1992 жылы қазақ теле-радио комитетіне қарасты «Алатау» каналында жорналшы болып жүргенде дәм айдап Түрік еліне түрік тілін үйренуге, әрі Түркия жөнінде танымдық телехабарлар дайындауға үш айлық мерзімге баратын 21 адамдық топқа қосылып едім. Жиырма бірілік құрама топты шығарып салар бас қосуда (26.02.1992) Республикалық кино үйінде, киномотографистер одағының бірінші хатшысы О.Рымжанов: «... Сіздер біздің алғашқы қарлығаштарымыз боласыздар, кейінгілерге кесірлерің тимесін. Бәрің 21 екенсіңдер, ол бәлкім жақсылықтың нышаны болар...» деп еді.

Ораз бауырым бұл сөзді текке айтпаған екен. 21-лік құраманы кімдердің, қандай оймен құрағанын кім біліпті? Барғаннан кейінгі 1 айдың ішінде кімнің кім екенін біліп болдық Олардың арасында түрік тілін үйреніп, Түркияның ішкі сыртқы жағдайын  зерделемек түгіл, өз ана тілін де білмейтін қаланың орыстанып кеткен мәзлүмдері болғандықтан, күнделікті үш сағаттық түрік тілі сабағына, мүлде қатыспай көше кезіп, базар, дүкен аралап, арағын аңқытып, темекісін бұрқыратып бәрімізді ұятқа қалдырды. Бұл қасиетті ораза айы болатын.

Курсты ұйымдастырушылар басшысы Нажыбей: «Біз сіздерді бұлай істейді леп шақырған жоқ едік. Өкінішті, қанша уақытымыз, қанша қаржымыз далаға кетті», - деп ренішін жасыра алмады. Сонымен, шамамен бір айдың ішінде 21 – ден 4-5 ақ адам қалды. Қалғаны артынып-тартынып өз қаражатымен елге кетті. Ақырында тележуралист Молдабек Сағымбеков екеуіміз курс жетекшілеріне  қайта-қайта айтып жүріп бір камере алып, 45 күндік түрік тілі курсын аяқтап, практика ретінде 45 күн Түркияны аралап, тарихи орындарды, Түрік қалаларын, бүгінгі және тарихтағы түрік әлемін танытатын танымдық телехабарлар дайындауға жолға шықтық.

Түрік ағайындардың өздері айтқандай біз, түріктердің өздері толық аралап көрмеген ұлы Түрік елі мен жерін Батыстан – Шығысқа, Оңтүстіктен – Солтүстікке қарай шарлап 45 күнде әлденеше бөлімді құжаттық телехабар дайындадық. Осы барыста түрік тілін білмеудің қаншалық бейшаралық екенін барынша сезіндік. Туыстас тіл дегеніңмен мыңдаған шақырымдық шалғайда жатқан, мың жылдық бөгделік өз таңбасын қалдырған бүгінгі түрік тілін меңгеру оңай нәрсе емес еді.

Мен Стамболға барған күннің ертеңінде күнделік дәптеріме Сұлтанмақмұт Торайғыров атамшылап: «Оллаһи ант етемін Алла атымен түрікшені үйренем һәм хатымен» деп текке жазбаған едім.

Араға отыз жыл салып сол күндерді ойласам, ол сөзді шынымен періште аузыма салған екен-ау деп толғанамын. Ағымнан ақтарыла айтсам, мен сол үш ай ішінде шынымен-ақ түрік тілін жәй үйреніп қана қоймай, сол қасиетті тіл арқылы өз өмірімді түбірінен басқа арнаға түсіріп, халқыма, тұтас түрік әлеміне қызмет ететіндей деңгейге көтеріліп «тарихшы, аудармашы» деген атаққа ие болдым. Мен бұл сөздерді нық сеніммен әрі мақтанышпен айта аламын. Оны көзі ашық қазақ баласы біледі.

Тақырыптан ауытқып кеткендей болған бұл жолдардың тақырыпқа қандай қатысы барына оралайын. Түркияда болған 90 күнде, әр күні дерлік күнделік жазған болатынмын. Күнделік жазу менің 1962 жылдан бергі сүйікті ісім еді.

Алматыға келіп жұмысқа кірісіп кеттім. Молдабек екеуіміздің негізгі уақытымыз Түркия сапарынан алып келген тарихи-танымдық тележазбалардан көлемді (40-50 минуттан) бірнеше құжатты түсірілімдер дайындап эфирге жіберуге арналды. Осы аралықта мен 90 күндік күнделіктерім негізінде «Түркия толғаулары» атты сапарнамамды аяқтап қай газетке беруді ойланып жүргенімде, қазақ газеттерінен апталық «Өркен» газетіне көңілім ауа берді. «Өркеннің» бас иесі Алтынбек Сәрсенбаев деген жас жорналистің жазбалары, сол тұстағы аса керекті тақырыптарды батыл қозғап жүргені белгілі болып қалып еді.  Редакциямен хабарласып едім, Бейбіт Исабаев деген жігіт нақ бір алдын-ала келісіп алғандай-ақ елпілдеп:

– Қазір редакцияға келе аласыз ба, Сапарнамаңызды біздің газетке бергіңіз келсе, Алтекең де осында, жолжазбаңызбен танысып ұнатса, осы алдағы номерге салып жіберер едік. Өйткені, Түркиямен қарым-қатынас, Түркиямен қазақ оқырмандарын таныстыру өте қажет тақырыпқа айналды ғой, - деді.

Көп күттірмей-ақ қолжазбамды алып редакцияға бардым, Алтынбек Сарсенбаев деген жас   періні алғаш көруім болса да бірден таныс адамдарша шүйіркелесіп, сөзіміз жараса кеткені әлі есімде.  Алтынбектің қолжазбамды алдымен парақтап шола бір қарап шықты да, басынан қайта қарап, әр жеріне белгі қоя шұқшия түскенінен оған ұнай бастағанын аңғардым. Оқыған беттерін Бейбітке беріп, оған да оқытты.

– Ой, ағасы қаламыңыз жүйрік екен, айтарыңыз тіпті көп, әрі танымдық-тағылымдық дүниелер де баршылық екен, Бейбіт бізге осындай материалдар өте қажет екенін өзің де білесің. Маған ұнаған тұстарына әдейі белгі қойдым. Соны  көрнекілендіре көрсетіп беруге мән беріңдер, - деді.

– Рахмет, құттықтаймын газетімізге белсене араласып, түрік ағайындардан үйренер тағылымдық деталдарды көбірек айта отырып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың оңға да, солға да қиыс кетпей жедел дамуына не керегін батыл айтатын уақыт келді. Соны сіздер сияқты өмір көрген ағалар айтпағанда кім айтады? Қалаған уақытыңызда. Қалаған ақыл-кеңесіңізді  тыңдауға дайынмын. Басқа жұмысқа жіберіп жатыр, басшылар. Бірақ, сүйікті газетімнен қол үзбеймін, - деді.

Мен де рахметімді айтып, жаңа қызметіне табыс тіледім. Өз қолжазбамдағы (машинкамен) оның белгі қойған тұстарын  анықтап алып едім. Жас перім, менің ерекше тоқталған тұстарымды дәп басып таныған екен.

Бүгінг оқырмандарға «Сапарнамамдағы» марқұм Алтынбек бауырымның көзіндей де, сөзіндей де болған қолтаңбасы бар үзінділерден бірнешеуін қайта ұсына отырып ой бөліскенді жөн көрдім.

«Түріктің түріктен басқа досы жоқ» (А.С.)

Түркия мемлекеті, түрік халқы айрықша тағдырлы, сондықтан да айрықша талайлы, қым-қиғаш қайшылыққа толы қанды шайқастардың кіл жеңімпазы болу мәртебесі шын бұйырған бақытты халық. Арғы ата-бабасы өсіп-өнген асқақ Алтай мен азиялық шетсіз-шексіз даладан бауыр-туыстан жырылып, батысқа қарай жөңкіген мың жылдық тарихында айналасын төрт теңіз (Қара теңіз, Мәрмәр теңізі, Егей теңізі, Ақ теңіз) қоршаған мынау құтты мекенге келіп біржола орныққанға дейін, тіпті, одан кейін де, күні бүгінге дейін бұлар нендей тауқыметтерді бастарынан кешірмеді дейсіз?! Осы бір тарихты түрік ағайындар кейде кеудесін кере, мақтанышпен сүйсіне әңгімелесе, кейде, тіпті ашына, ширыға әңгімелейді.

Түріктер – өте сезімтал, әсершіл халық. Өткен-кеткен тарих туралы сөз болғанда, таксиші түріктер екі қолын тік көтерем деп, рөлден айырылып қала жаздайды, дүкеншілер саудасын ұмытады. Ал, біздің сөзуар журналистеріміз бір қозғалса тоқтай алмайды, әрі тоқтата да алмайсың. Алайда, тоқсан ауыз сөз айтса да, оның тобықтай түйіні «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деген ата сөзіне жүгінеді. Түрік ағайындар мақал-мәтелді «ата сөз» деп атайды екен. Біздегі аталы сөз, баталы сөз дегенмен төркіндестігін ескерсек, сөздік қорымызды қандас, ділдес түріктің осы «ата сөзін» қабылдап байытсақ, қандай жақсы болар еді дегім келеді.

Ата-Түрік кімнің атасы?.. (А.С.)

1917 ж. қазан төңкерісінен кейін Лениннен басталған ұлы көсемдік 20-ғасырдағы адамзат өркениетінің сау тәніне түскен жұқпалы аурау микробындай тез жайыла тарап, бүкіләлемдік көсемдер – пұттар мен икондар – галереясы пайда болды. Адам баласының ішіндегі шексіз үстемдікке, тирандыққа құштар, құлдық қоғам билеушілері кезінен бастау алған монорхиялық жүгенсіздік сандырағы бұл ғасырды бүкіл адамзаттың мыңдаған жылдық тарихынан, тамырынан ажыратып, «жаңа дәуір құрғыш» озбыр, қызыл диктаторлардың қанды шеңгеліне берді. Келмеске кеткен кешегі қызыл державаны үлгі тұтқан бүкіл әлемдік саяси, мемлекеттік құрылымдары мен оның қуыршақ көсемдерін көз алдыңа келтірсең, мұның шындық екенін түсінесің.

Бүкіл Түркияны аралау барысында, мен осы әсерден бір минут те арыла алмадым...

Адамзат тарихындағы жеке тұлғалардың рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, өз қолымызбен «құдай» жасап құлдырау, мына ғасырдың адамдарына, тіпті ұят-ақ. Дүниежүзінде ұлылық нышаны болған ғажаптар аз емес шығар. Бірақ ұлттан, халықтан ұлы, одан жоғары қоятын  құдірет бар дегенге (жауапты бір Алладан басқа) сенуге болмас! Ұлттың, халықтың ішінен шыққан бір шарананың сол ұлтқа, сол халыққа әке, ата болуға қандай қақысы бар? Бала қашаннан бері әке-шешесіне ата болуға қабілетті бола қалып еді?! Мұны сорақылық демей не дерсің? Озбыр Мао мен қандықол Сталин, монтаны Лениндерден жүрегі әбден шайлыққан мен сияқты жәбірленген ұрпақтың кеудесінен, аты-жөні кім болса да, бұттар мен икондарға жылы орын табыла қоймайтынын айтсам, ақ көңіл оқырмандарым ренжи қоймас.

Назым Хикмет шынымен осындай оңбаған адам болған ба? (А.С.)

Меһмет Доган сияқты бауырларымыздың бас шайқап күлуі, мүсіркеуі – бізге жаны ашығандығы екенін 1984 ж. Ыстамбұлда шыққан «Бұл Отанды тастап кеткендер» атты кітапты оқығанда, әдебиет білгірлерімен әңгімелескенде ғана білдім. Назым Хикмет 1902 жылы Түркияда ауқатты отбасында туылған пашазада еді. 1921 жылдан өлгенге (1963) дейін Россияда, Польшада тұрады. Назым Хикметтің кешегі Кеңес әдебиеті тарихының дүниежүзі әдебиеті бөлімінде қалай оқытылғаны, қалай көкке көтере мақталғаны бәрімізге аян. Ал түрік әдебиетінде оның ешқандай орны да, еңбегі де жоқ екені, керісінше, оны «Отанның ең үлкен сатқыны» деп қарайтын көзқарастың басым екенін байқадым. «Ол үлкен ақын емес, үлкейтілген ақын. Қызылдарға қызмет еткізу үшін әдейі  қампайтылған баллон сияқты» деп жазады, жоғарыда аталған жинақта. Кітап авторының жазуынша, Назым Хикметтің тегі польшалық еврей болған және һәм Түркия сұлтандарына қызмет етіп, сенімге кіргендіктен, кәдімгі орыс патшасына қызметі үшін дворяндық атаққа ие болған неміс, француз, татар, т.б. ақсүйектер сияқты, пашалық дәреже алған.

Әңгіме оның шығу тегінде емес, оның кім үшін, қалай қызмет еткенінде болар. Назым Хикмет: «Мен – Советтер Одағының перзентімін... Сталин менің көзімнің жарығы, қиялымның қайнар бұлағы, мені ол жаратты. Москвада оның атындағы университетте оқыдым. Барлық жағынан мен оған қарыздармын» деп жазғанына қарап-ақ, оның Түркия үшін Отан сатқынынан басқа ешкім де болмағанын аңғару қиын емес шығар.

Назым Хикмет өмірінің соңында ата-бабасының жері Польшаға барып тұрақтанады. Ол Борзеский деген поляк фамилиясын қабылдайды да, 1963-жылғы 21-қыркүйекте сол есіммен өледі. Бірақ, оны Москваға әкеліп, атақты коммунистер зиратына жерлейді. Мінеки, Назым Хикмет туралы түркиялық шындық осылай сайрайды...

Бүгінгі жас, тәуелсіз Қазақ елі әдебиетінің тарихын жасауда, оның бауырлас түркі халықтарының әдебиетімен байланысын, тарихын, оқулықтар жазарда ғалымдарымыз осындай қайшылықты дүние астарына жіті үңілуі, енді тек қазақша, түрікше ойлап, пікір жүргізуге үйренуі керек.

1986 желтоқсан – Анкарадағы «Орыс елшілігі) (А.С.)

– Мынау сіздердің  орыстарыңздың мекені, 1986 ж. Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан соң ұзамай, анкаралық студенттер мен қала халқы мына елшілікті қоршап алып, орыстардың әбден зәресін  ұшырған еді. «Тарт қолыңды Қазақстаннан! Қазақ түркілерін жәбірге бермейміз!» деген ұрандар көтеріп, үндеулер жариялағанын білесіздер ме?!» деп, көтеріле сөйледі, қызу қанды Нәдим бауырымыз.

1991 жылы Қазақстаннан оқуға келген 54 шәкірттің жағдайы? (А.С.)

Мен «тәрбие, түркілік-ислами тәрбие» деген тіркесті жаңалық ашқым келген соң айтып отырғаным жоқ. Біздің орыстық, коммунистік тәрбиеден жас ұрпақты арашалап, тазарту үшін, тек осы жолды таңдау керек. Біздің 70 жыл бойы дінді, оның ішінде ислам дінін қудалап іске алғысыз қылып келгеніміз, тіпті, бүгінге дейін демократ, ұлтжанды зиялыларымыз бен басшыларымыздың: «Исламға беріліп кетпейміз, ислам фанатизіміне жол бермейміз!» дегендей мағынасыз мәлімдемелер жасап жүргенін жақсы білеміз. Ислам фанатизмі қалыбын талқандайтын уақыт жетті. «Дін болмаса, ұлт та, ар-ұят та болмайды. Біз жылуды білмейтін, жазаны да  ұмытқан тасбауыр ұрпақтың өкіліміз.  Бізге аяушылық, мүсіркеу  дегендер жат болды. Мұнда қожаларымызбен (ұстаздарымызбен) әңгімелесіп, уағыздар тыңдағалы, кітаптар оқи алатын болғалы дүние төңкеріліп түскендей. Өкініш пен ұяттан еңіреп жылаған күндеріміз болды. Біздің ағайларымыз (қазақстандық) бізге не үйреткен? Бізді кім болсын деп оқытқан? Энгельс: «Адам маймылдан жаралған» дейді. Ал ислам: «Адамды Алла жаратқан» дейді. Осы уақытқа дейін «Қалайша жексұрын маймылдан жаралдық екен» деп ойландық па? Тыраш, пенделік намысымыз қайда қалды? Ойланыңыздар! Әлі де кеш емес!..» дейді, мұнда оқып жатқан балаларымыз.

Мінеки, кеше ғана «құдай жоқ» деп тақылдап жүрген атеист балаларымыз өзімізге осындай салмақты сұрақтар қойып, ойланарлық уағыздар айтады.

Түйін сөз 

Сонымен редакция басшыларымен келіскендей, 90 күндік күнделіктің ішінен өте қажет деп тапқан тұстарын реттеп-дайындап бердім. «Өркеннің» 1992 жылғы маусым-шілде айындағы бес номерінің айқара бетінде жарияланып оқырмандардың алғысына бөленген едік.

Содан бері де 31 жыл зырлап өте шығыпты-ау! Сол кезде туған сәбилердің өзі омыраулап отызға келгенімен, «Түркия толғауларын» оқымағанын ескеріп, әрі Тұрғұт Өзалдай әлем таныған мемлекет қайраткерінің қазақ халқының шын жанашыр досының жап-жас,  аймаңдайлы бозымының болашағынан үлкен үміт күтіп айтқан ақыл-кеңестерін, оның жан-жүрегімен түсініп тұшына отырып қабылдағанын «Түркия толғауларының» әр жеріне белгі қоя отырып, соны көрнекілендіре көрсетуді өтінгеннен-ақ байқалған. Сондықтан сапарнамамның соңына қосымша ат қойып, Алтекең айрықша риза болған тұстарын (А.С.) деген ескертпемен беріп өтуді лайық  көрдім. Соңғы күндері Тұрғұт Өзалдан бүгінгі қазақ-қытай қарым-қатынастары жөнінде не айтар едіңіз деп сұрай қалар болсақ,  ол ешбір ойланбастан-ақ сол  ақыл-кеңесін қайталаған болар еді-ау, - деп ойладым.

Алаш азаматтары, Сіздердің ол туралы не ойлап жүргендеріңізді білгім келеді?

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1492
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1347
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1095
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1137