Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Абай мұрасы 1210 1 пікір 12 Қаңтар, 2024 сағат 13:15

Өркениет Абай ілімі аясында

Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес.
                            Абай

Біздің заманда кейбір мемлекеттердің жетіліп, ал кейбіреулерінің, керісінше, әлі мешеуліктен шыға алмай, тіпті жойылып кетіп жатқанын көруге болады. Адамзат тарихынан да көптеген өркениеттің пайда болып, өрлеп барып, қайтадан құлдырау жолына түскенін білеміз.

Не себептен өркениет осылай бірде өрлеп, бірде құлдырау жолына түседі?

Абай ілімі бойынша бұл заңдылықтың сырына үңіліп көрелік.

Қоғам өмірінің табиғи заңдылықтары бар. Адамзат өркениеттері әуелде өрлеп барып, белгілі бір уақыттан соң өзінің өрлеу қарқынын бәсеңдетіп, шегіне жеткен соң, қайтадан құлдырау жолына түсіп, ақыры жойылып кетуі осы заңдылыққа бағынады. Өркениеттің бұл толқынды көрінісін синусоидамен салыстыруға болады. Синусоида қатаң математикалық заңдылық. Ал қоғам өміріне адамның еркі араласады. Ерік жан қасиеті болғандықтан, қоғам өмірі бұл қатаң математикалық заттық заңдылыққа бағынбауы да мүмкін. Бірақ, жан құмарын тән құмары жеңіп, қоғам заттық болмыс алғанда ұқсастығы болады. Сондықтан, бүгінгі заттық құндылық басым заманда қоғам өмірінің өзгерісін синусоида ретінде қарастырамыз. Бұл әдіс қоғам өзгерістерін нақты көрсете алмаса да, жалпы заңдылығын анықтай алады. Себебі, бұл өзгерісті Рим империясы тәрізді мемлекеттердің және өзіміздің өткен дәуіріміз Кеңес Одағының өрлеу және құлдырауынан да көруге болады.

Әуелі өркениеттің жетілу заңдылығын қарастырайық.

Жетілудің екі түрі болады. Бірі – жеке адамның, екіншісі – ұжымдық, не болмаса қоғамдық жетілу.

Рухани жаңғыру барысында адамның имандылығы өсіп, ішкі тәртіп күшейеді. Жан құмарынан шыққан еркіндік оған ішкі және сыртқы тәртіпті қатаң сақтауға мүмкіндік береді. Осылай ішкі және сыртқы тәртіпті сақтау иманды адамдардың әдетіне айналады. Соның нәтижесінде олар кінәрәтті, күнәлі істер жасамай, рухани жетілуге мүмкіндік алады.

Адамдар жетілсе – қоғам жетіледі. Жетілген адамдар көбейгенде қоғам өркениеттің сара жолымен жоғары өрлей бастайды. Мұндай қоғамда Жүрек тазарып, Жан оянады. Оянған Жан Ақыл мен Қайратты Жүрекке билетіп, оларды жетілу жолында қолдануға мүмкіндік алады. Абай адамның жетілу жолын өзінің он жетінші қара сөзінде жазады және өлеңмен былай деп өрнектейді:

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

(Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек)

Асқан ақындық талантымен Абай өзінің терең философиялық ойын осылай қысқаша түйіндеп береді. Ол әуелі Ақыл, Қайрат, Жүректің сипаттарын бере келіп, Ғылым, яғни сана бұларды басқаруы керек екенін көрсетеді. Сондықтан ең әуелі Жүрек көзін ашып, сана-сезімді өсіру керек. Данышпанның «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөзі жан құмары мен тән құмырын бірдей ұстап, оларды үйлесімге келтір дегенді білдіреді.

Жан құмары мен тән құмары үйлесіп, ерік пен тәртіп бірін-бірі қолдау тапқанда қоғам демократия жолына толық түсіп, өркениет өрлей бастайды. Өркениеттің рухани және материалдық құндылықтары бірдей жетіліп, адам өмірін бақытты етеді.

Ол өмір қызығын өзінің сезім мүшелері арқылы қабылдайды. Бірақ мұндай бақытты өмірдің адам үшін үлкен қауіптілігі бар. Ол қауіп – жетілудің белгілі бір деңгейінде адамның осы сезімдермен, яғни тәнімен өзін балай бастауы. Осылай ол материяның ықпалына түсіп қалады. Материяның екі қасиеті бар. Ол әуелі жанды қоршап жабады, сонан кейін құлдыратып төмен түсіреді. Көзі жабылған адамды қалай оңай  адастыруға болатыны тәрізді, өзін тәнмен балап, жүрек көзінен айрылған жанды да сондай оңай нәпсіге бағындыруға болады. Себебі, жан өзінің құмарын қанағаттандыру үшін құрал ретінде материалдық әлемді, яғни денесі және қоршаған ортаны пайдаланады. Осылай жан құмары тән құмарына айналып, адамды құлдырау жолына түсіреді. Нәпсіқұмарлық күшейгенде Жүрек көзі жабылып, Ақыл мен Қайрат әлсірейді.  Әлсіреген Ақыл мен Қайрат тәртіпті өз деңгейінде ұстай алмайды. Тәртіп болмаған соң тән құмары күшейіп, жан құмарын жеңіп кетеді. Қоғамның даму қарқыны бәсеңдеп, ақыры құлдырау жолына түседі.

Құлдыраған қоғамда қарапайым адам өзін тәнмен балап, тәннің ықпалымен, яғни тек қана заттық әлемнің заңдылығымен өмір сүреді. Жан құмары мен тән құмарын бірдей ұстауға ұмтылмаған адам үшін бұл табиғи құбылыс. Заттық әлемнің қасиеті – жүрек көзін шелмен қаптап, сонан соң оны төмен тартып құлдырату. Осылай ол өзін тәнмен балап, Ақыл мен Қайратты тек қана тән құмары үшін пайдалана бастайды. Тән құмары нәпсіні оятып, кінәрәтті істерден Жүрек одан сайын былғанады. Жүрек былғанғанда сана-сезім төмендеп, ой-өріс тарылады. Осылай адам таза заттық деңгейге түсіп, өзінің адами қасиеттерінен айрылады. Ол заттық әлемнің заңдылығына шырмалып, одан сайын құлдырайды.

Заттық әлемнің шегі бар және жанға толық ләззат бере алмайды. Ал жан шексіз қанағат алғысы келеді. Осылай тән мен жанның арасында қайшылық пайда болады. Шексіз қанағат алмаған жан жалыға бастайды. Жалыққан Жан ұйқыға кетеді. Ұйқыдағы Жаннан қуат ала алмаған Ақыл мен Қайрат азып, адам тоқмейіл енжар, жалқау, қой мінездіге айналады. Мұндай адамдар туралы Абай:

Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек –

дейді. «Ақылға сәуле қонбаса» деген сөз Ақыл Жүрек арқылы нұрланбаса дегенді білдіреді. Мұндай «Хайуанша жүріп күнелтпек» адамдар көбейген сайын өркениет әуелі өрлеу қарқынын төмендетіп, өзінің шыңына жетіп, сонан соң құлдырау жолына түседі. Өркениеттің құлдырау жолына түсу себебі -- тән құмары жан құмарын жеңіп кетуі. Қандай жетілген өркениет болса да, уақыт келе адамның тән құмары жан құмарын жеңіп отырады. Осылай қоғам бүлініп, өркениет құлдырау жолына түседі. Өркениетті құлдыратпау үшін әрбір азамат тән құмарын тежей отырып, нәпсіге жол бермеуге тырысуы керек.

Бірақ өркениеттің құлдырау дәуірі де мәңгілікті емес. Белгілі бір дәрежеге жеткен соң өркениет қайта жандана бастайды. Әуелі ол құлдырау қарқынын бәсеңдетіп, құлдырау шегіне жеткен соң, қайта жандана бастайды. Осылай синусоида заңдылығымен қайта өрлеу дәуірі басталады. Бұл құбылыстың себебін былай деп суреттеуге болады. Өркениет құлдыраған сайын тән құмары өсіп, жанды күйзеліске түсіреді. Күйзелген Жан адамға үлкен бақытсыздық әкеліп, оны қиналысқа салады. Қайғы-қасіреттен қиналған адам өзінің ақылын пайдаланып, одан құтылу жолын іздейді. Осылай ол ізденіс жолын түсіп, құбылыстың сырын тереңірек түсіну үшін ғылым-білімге ұмтылады. Ғылым-білім адамның ой жүйесін өзгертіп, жүрек көзін аша бастайды. Жүрек көзі ашылған соң, сана өсіп, адам рухани ұйқыдан оянады. Қайрат пен Жігер – жан қасиеттері. Қайрат ұйықтаған ойды түртіп, адамға тыныштық бермей, оның болмысын өзгертеді. Жүрек тазарған сайын Жан құмары оянып, күш ала бастайды. Рухани күш молайған сайын, адам өзінің нәпсісін жеңе бастайды. Осылай жан құмары тән құмарын ауыздықтап, рухани жаңғыру жолы ашылады. Адамның, сонымен бірге бүкіл қоғамның, құлдырау қарқыны әуелі саябырлап барып өзінің ең төменгі нүктесіне жеткен соң, қайтадан өрлеу жолына қарай бағыт алады. Өрлеудің келесі толқыны пайда болып, өркениет қайтадан өрлеу жолына түседі. Осылай синусоида заңдылығы қайтадан қайталанады. Бұл құбылыстың себебін ақпарат жүйесінде жиі айтылып жүрген «Қиын заман мықты адамдарды тудырады,  мықты адамдар жақсы заман жасайды,  жақсы заман әлсіз адамдарды тудырады, ал әлсіз адамдар қиын заман жасайды» деген сөздермен көрсетуге болады. Қоғам табиғаттың екіұдайылық заңдылығы бойынша осылай құбылып отырады.

Қорыта айтқанда, фәни әлемдегі адам өзінің рухани болмысын сезінбегендіктен, өзін заттық болмысымен, яғни тәнімен балайды. Заттық болмыстың құрсауына түскен адам жан құмарын тән арқылы қанағаттандыруға ұмтылады. Осылай ол рухани болмысын ұмытып, материалдық деңгейге түсіп, заттық қасиет алады. Ал заттық қасиет жан қасиетіне қарама-қарсы, яғни уақытша, надандық құрсауында және өткінші. Осылай адам баласы нәпсіге беріліп, түрлі күнәлі істерге барып, өзінің рухани болмысынан айырылып, қоғамды құлдырау жолына түсіреді.

Мұндай адамдардан құралған қоғам белгілі бір деңгейге жеткенде жойылып кетеді. Жойылып кету деген сөз жоқ болып кету дегенді білдірмейді. Заттық әлемде ештеңе де жоқ болып кетпейді. Барлық құбылыс түрлі қуаттар көрінісі. Физика заңдылығы бойынша ешқандай қуат жойылып кетпейді, және жоқтан бар да пайда болмайды. Қуаттар тек қана бір түрден екінші түрге айналып, өзгеріп отырады. Мысалы, Ресей тарихын алатын болсақ, ол Николай ІІ патша дәуірінде монархиялық ел болды, Қазан төңкерісінен кейін социалистік елге айналды, ал 1991 жылдан бастап капиталистік жүйенің бейнесін алды. Осылай Ресей, сонымен бірге біздің ел де, жойылып кеткен жоқ, өзгеріп, бір ғасырдың ішінде үш түрлі бейне алды.

Бірақ өзгеріс кенеттен болмайды. Табиғатта секіру деген жоқ. Инерция заңдылығы бар. Бұл инерция өтпелі кезеңді тудырады. Қандай өзгеріс болса да біртіндеп, эволюция заңдылығымен болады. Бұл өзгеріс осылай бірде жоғарылап, бірде төмендеп, синусоида заңдылығы тәрізді көрініс береді. Әсіресе тірі  табиғаттың өзгерісін түсіну қиын. Себебі жанда ерік бар. Сол еркімен жан табиғаттың өзгерісіне әсер етіп, бұл заңдылықтың түрлі құбылыстарын беруі мүмкін. Мысалы, рухани жаңғырумен үнемі шұғылданған адам тән құмарына берілмейді. Олар жетілу жолында биігірек көтеріліп, сонан кейін ғана құлдырауы мүмкін. Ал рухани жетілу жолына толық түскен адамдарда құлдырау деген жоқ.  Олар үздіксіз жетілу жолымен Абай көрсеткен Түп Иеге қайтады. Материалдық әлемнің ықпалына түспеген нағыз демократия осындай болады. Бұл Абайдың «толық адам» жолы. Бұл жолмен әркім жүре алмайды. Сондықтан, мұндай қоғам да жоқ. Бірақ жүрек көзі ашылып, оянған жеке жандар бар. Оларға мұндай мүмкіндік те бар.

Сонымен, өркениеттің құлдырауы, не болмаса өркендеуі қоғамның рухани ахуалына, әрбір адамның санасының жетілу деңгейіне байланысты екен.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар