Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 2649 3 пікір 11 Қаңтар, 2024 сағат 14:02

Мобильді төлемдер дауы. Каспий банкке шабуыл басталды ма?

Қазір Каспий банктің мобильді төлеміне қатысты қоғамда үлкен дау жүріп жатыр. Халық пен салық органдары екіге бөлініп алып, өз уәждерін айтуда.

Каспий банктың мобильді төлемдері халық арасында өзінің тиімділігін көрсетті.

Керек десеңіз, бұл жүйе тұтас халықтың банк саласына деген сенім қайтарып, симпатиясын қалыптастырды десек артық айтқандық болмас еді.

Есіңізде болар, осыдан 10 жылдай бұрын қарапайым халық өз ақшаларын банкке бұлайша сеніп тапсырмайтын-ды. Мұны мойындаған жөн. Бұл ретте Каспий банкке алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бүгінде мобильді төлемге салық органдарының қадалып қалуының астарында өзге банктердің лоббиі жатқан жоқ па деген заңды сұрақ туындайды.

Айтары жоқ, Каспий банк соңғы жылдары халықпен жұмыс істеп, жұрттың сеніміне ие болды. Мемлекеттің қаржысына операторлық жасап, пайызды өкіртін қосатын өзге банктерді ұйқысынан оятты.

Демек, бұл жерде бір гәп бар.

Бүгінде еліміздегі банктердің бәрі жекелген олигархтардың қолында. Олар нарық заңы бойынша жұмыс істемесе де, сыныққа сылтау іздеп, әділ, нарық заңы бойынша жұмыс істейтін компанияларды Батыраштар мен Қотыраштардың қолымен аяқтан шалу жағын жақсы меңгергенін білеміз.

Бұл – әзірше болжам ғана.

Күні кеше ғана Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында білікті заңгер Аида Өтесін мобильді төлемдерге қатысты ойын ортаға салып, мемлекеттік кірістер комитетінің асыра сілтеушілікке жол бергенін ашып айтты.

– Бізде мемлекет пен халықтың арасындағы салықтық құқықтық қатынас кезінде үнемі проблемалар туындайды.

Міне, 30 жылдан бері Мемлекеттік кірістер комиеті салықтық құқықтық қатынастарды реттеу кезінде халықтың қолайына жақпайтын заңдарды дайындап, соған бастамашы болып ел ішінде дүрбелең туғызатына талай рет куә болдық. Бүгінде мемлекеттік кірістер комитеті өзінің атқарушы орган екенін естен шығарып алды.

Жаңа заң негізінен Парламентте талқылануы керек. Ал салық органдарының негізгі міндеті салық жинау болып табылады. Олар өздерінің міндетін мінсіз атқару үшін халықтың қолайына жақпайтын заңдарға бастамашы болып, соларды қабылдату үшін барын салады. Бұл дұрыс емес.

Егер мобильді төлемдер халық үшін тиімді болса, «Төлемдер туралы» заңға өзгеріс енгізіп, мобильді төлемдерді енгізуі керек қой. Ал мобильді төлемдерді тексеру кәсіпкерлерге де, салық органдарына да тиімсіз, – деп заңгер өз ойын ортаға салды.

Иә, қазір салық органдары өздері көп алып алғаны анық. Олар мобильді төлемдерге қатысты даудың соыңы үлкен әлеуметтік толқуларға әкеп соғуы мүмкін екенін сезініп отырған жоқ. Өздерінің жұмыс ауқымын кеңейтіп, кәсіпкерлерге тырнағын батыруды ғана ойлайды.

Осыдан біршама жыл Қорғас кеден бекетіне жұмыс сапармен барып, сол кездегі кеден басшысы Талғат Ноғаев деген азаматпен сұхбаттасқан едім. Сол кезде «кеден саласы мемлекет қазынасын толтыруға қаншалықты үлес қосып жатыр? » деп сауал қойғанда тәжірибелі кеденші сұрағымның оғаш екенін айта келе, өз жұмыстарын былайша түсіндірген еді.

– Көпшілік кедендік қадағалау саласы бюджет қазынасын толтыруға атсалысатын мекеме деп қарастырады. Бұл – дұрыс емес. Кедендік қадағалау саласының басты қызметі кедендік бақылауды заң аясында ұйымдастыру, елге конторбандалық заттардың кіріп кетпеуін қадағалау. Бюджетті толтыру біздің міндетімізге жатпайды, – деген еді.

Сол сияқты салық органдарының басты міндеті салық жинау. Ал олар болса, түрлі заңдарға бастамашы болып, өз құзіреттерін арттыруға күш салумен келеді.

Күні кеше ғана Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының мемлекетке миллиардтаған салық төлемегенін хабарлап, айтып жатқанын естідік. Сол кезде салық органдары ай қарап, жұлдыз санап жүрді ме? Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.

Салық органдары қарапайым халықтың азғантай моблильді төлемдеріне тексергенше, мемлекетке миллиардтап салық төлемейтін апай төс олигархтар соңына шам алып түспей ме?

Салықшылардың халықты бұлайша ашындыруының арты жаман болатынын түсініп отырған жоқ. Әрине бұл үшін тіліміз жазықты болмасын.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

3 пікір