Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Арылу 4937 9 пікір 8 Қаңтар, 2024 сағат 12:25

Ескі Қазақстан бізге не дайындап жатыр?

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Соңғы кезде бірінші президентіміз, қазір өзі айтқандай қатардағы зейнеткер, Нұрекең бүгінгі күнгі өзінің мәртебесіне сәйкес келмейтін белсенділік танытып жатқанына бәріміз куә болып жатырмыз.

Өзінің інісі, Қазақстанның «бас рэкитері» Болат Назарбаевтың асына барлық ескі Қазақстанның бетке ұстар серкелерін жинауы, «Менің өмірім» атты мемуар кітабын шығарып, оның тұсаукесерін өткізуі, «Астана клуб» форумын өткізіп, онда көлемді баяндама жасауы және күні кеше Мәскеуге барып Ресей президенті Путиннен аудиенция сұрап, кездесуі, осының бәрі Қазақстан халқының көңіліне күмән тудырып, ол қазіргі заңды билікке қарсы бір іс-қимылдар дайындап жатқан жоқ па деген ой тудырады. Біздің осындай қорытындыға келуімізге тек қана зейнеткер Назарбаевтың белсенділігі ғана емес, сонымен қатар оның отбасына қатысты басқа да тұлғаларға тиесілі салалар мен кәсіпорындарда орын алып жатқан күмәнді істер себеп болып отыр. Сөзім дәлелді болу үшін бірнеше мысалдар келтіре кетейін. Мүмкін мен бұл жағдайларды мысалға келтіре отырып әсіре күдіктеніп отыруым мүмкін, бірақ мұның бәрін мен кейбір саяси және салалық эксперттердің пікіріне сүйеніп жазып отырмын.

Бәрімізге белгілі, өткен жылдан бастап еліміздің көптеген қалаларында коммуналдық сипаттағы апаттардың жаппай орын алуы және сол қалалардағы ірі-ірі жылу электр орталықтарының олигарх А. Клебановқа қатысты «ЦАТЭК» акционерлік қоғамының меншігінде екендігін және Клебанов мырзаның шапырашты руына жатпағанмен, сол отбасымен тығыз байланыстағы олигарх екендігін еске алсақ, бұл апаттар тегіннен тегін емес пе, бұл да елде заңды билікке деген халықтың ашу-ызасын шақыруға бағытталған істер емес пе деген сұрақ туады. Осы ретте Клебанов мырзаның жиен інісінің жақында ғана еліміздің белгілі журналистеріне қоқан-лоққы жасап, өмірлеріне қастандық жасауды ұйымдастырғанын да ұмытпаған жөн. Сол коммуналдық апаттарға қайта оралсақ, еліміздің қалаларындағы жылу электр орталықтарындағы құрал-жабдықтардың, жылу жүйелерінің магистралдық және қалааралық құбырларының көпшілігінің ескіргенін де мойындауымыз қажет. Сонымен қатар, қалалардағы коммуналдық сипаттағы апаттардың бұрын да болып тұратыны шындық. Бірақ дәл қазіргі уақыттағы елімізде қалыптасқан жаппай апаттық ахуал жылдағы қалыпты жағдайдан көрі арнайы ұйымдастырылған диверсияға көбірек ұқсайды.

Тағы бір мысал. Күнделікті жаңалықтардан көріп, естіп отырғанымыздай Маңғыстау өңірінде тағы да мұнай саласының жұмыскерлері екі аптадан бері ереуіл ұйымдастырып жатыр. Бұл жолы Жетібай елді мекеніндегі мұнай саласына сервистік қызмет көрсететін West Oil компаниясының жұмыскерлері компания басшылығына, Қазмұнайгаз ұлттық компаниясына және жергілікті билікке өз талаптарын қойып, олар өз шешімін таппаса ереуіл тоқтамайтынын жариялап отыр. Компания басшылығы және Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының өкілдері қойылған үш талаптың біреуін мерзім-мерзіммен орындайтынын, ал қалған екеуінің орындалуы қисынға келмейтінін үзілді-кесілді жариялады. Компания күн сайын ереуілдің нәтижесінде жиырма миллион теңгенің үстінде шығын шегіп отырғанын айтып, сотқа жүгінген болатын. Соттың шешімі бойынша ереуіл заңсыз деп танылып, ереуіл қатысушыларының тиісті жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Бұл айтылғандардың бәрі соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтор кеңістігінде кең таралып жатыр. Мұны қайталап отырғаным көптеген белгілі политологтер мен эксперттердің пікірінше бұл ереуілшілердің артында белгілі бір мүдделі тұлға немесе топ тұруы мүмкіндігін айтуда. Нақтылап айтатын болсақ ондай тұлға бұрынғы президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев болуы мүмкін деген жорамал айтылуда. Қанды қаңтар Маңғыстау өңірінде басталған бейбіт ереуілден басталса, ал бұл жолы сол сценарий қолдан ұйымдастырылуы мүмкін.

Ескі Қазақстан өкілдерінің, әсіресе бірінші президенттің белсенділігінің артуы және жоғарыда айтылған жер-жерлерде мемлекетіміздің саяси әлеуметтік ахуалын ушықтырып, ал қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайын қиындатуға бағытталған шаралардың бәрі бір мақсатты көздеуі мүмкін. Ол біздің ойымызша қарапайым халықтың заңды билікке деген ашу-ызасын тудыру, соның нәтижесінде халықты тағы да көшеге шығарып, қаңтарда іске аспаған ойларын іске асыру, сөйтіп билікке ескі Қазақстанның өкілін әкелу болуы мүмкін.

Саяси политологтер мен эксперттердің пікірінше ескі Қазақстан өкілдерінің шамадан тыс белсенділігі, егер заңды билік тарапынан жедел де тиімді шаралар қабылданбаса, елімізде екінші қаңтарға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Әрине ол қандай шаралар болуы мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінгі күні ең бастысы Назарбаевтың екпінін бастырып, оның қазіргі белсенділігіне тоқтау салатындай жағдай тудыру қажет. Бұрынғы Президенттің санасына, егер ол сабасына түсіп, тынышталмаса, оған қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкіндігін жеткізу қажет. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық Заңының 36-бабында «Республиканың экс-Президенті, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзінің Республика Президенті өкілеттігін атқаруымен байланысты іс-әрекеті үшін жауап бермейді» делінген. Ал енді бұрынғы Президент өзі қызмет атқарған мерзімде мемлекетімізге опасыздық жасады ма? Егер жақсылап ойлансақ Нұрекеңнің шкафында ондай скелеттер баршылық. Бәріміздің есімізде шығар екі мыңыншы жылдардың басында болған «қазақгейт» дау-дамайы. Аталған дау-дамай АҚШ Орталық барлау басқармасының агенті Джеймс Гиффен мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың арасындағы қылмыстық сөз байласуға байланысты туындаған болатын. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен батыстың транснационалдық корпорациялары арасында мұнай газ саласында мемлекетіміздің мүддесіне орасан зор мөлшерде залал келтірген айрықша тиімсіз келісім-шарттар жасалды. Көптеген эксперттер мен тиісті мамандардың пікірінше сөз болып отырған келісім-шарттар үшін Қазақстанның бұрынғы Президенті үлкен сомада «откат» алған. Бұл келісім-шарттардың ауыр салдарын еліміздің экономикасы бүгінгі күнге дейін тартып келеді. Бұл мемлекетімізге жасалған опасыздық па, жоқ па? Менің ойымша осылай деп айтуға толық негіз бар. Оны еліміздің құқық қорғау органдары таразылай жатар. Әрине біз – қазақ халқы өте кешірімді халықпыз. Мәселе міндетті түрде оны түрмеге отырғызуда емес. Тек халықтың аузынан жырып, сыртқа шығарған миллиардтаған долларлардың бір бөлегін, тек өзінікін ғана емес, бүкіл отбасының, елге қайтарып, ал өзі қарапайым зейнеткер есебінде тыныш өмірін сүрсе болғаны.

Байқоңыров Сәмет Ықыласұлы,

Ақтау қаласы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1453
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1301
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1057
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107