Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 1748 6 пікір 8 Қаңтар, 2024 сағат 12:16

Марғұлан Боранбайдың түрмеден жолдаған үшбу хаты

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Өйтіп-бүйтіп, 2024 жылға да жеттік. Енді бір айналымнан кейін – 2025 жыл. Фиништік мәре.

25-те, толық 52 жасымда, абақтыдан шығып, жұрт қатарына қосыламын.

Бір жыл деген не? Оның қалай өтіп шыққанын да байқамай қалармыз. Сондықтан бүгіннен бастап, ат әбзелдерін, ертоқымымды дұрыстап, айбалтамды қайрап, етігімді майлап, бостандыққа дайындалайын.

Турмеде біраз жайттардан тыс қалдым. Құдай сақтап қалды ма, кім білсін? Бірақ, алдымда әлі талай қызықты оқиғалар, талай саяси дода, сайлау-жарыстар күтуде.

Тек мені ғана емес, бүкіл қазақты!

Бүгінгі‐кешегі күнмен шектелмей, өткен-кеткенді езе бермей, күйіс қайтармай, келешекті ойлап, сол келешекке нақты жоспар қойып, бірге дайындалайық.

Мақсатымыз өзгерген жоқ!

Қазақ ұлтшылдары саяси күшке айналып, ситуативті кездейсоқ ахуалға тәуелді емес, жүйелі партия немесе партиялар болып, әр деңгейдегі сайлауларға қатысып, ол сайлауларды ұтып, соның арқасында Мәжілістің көпшілігін құрып, билікке келу керек.

Түрмеге әкелген тақырып – жерімізде қаптаған «ватник-сепаратистер», солардың қаупі еді. Ол қауіп енді жоқ деп айтуға болады. «Ватниктердің» дәуірі аяқталуға жақын, кәрі қойдың қалған өмірінен аспас, азар болса 1-2 жыл. Ресейдің ыдыраумен олар да келмеске кетер.

Қазірдің өзінде оларға күш жұмсап, уақыт бөліп, көңіл, назар аударып қажеті жоқ – ысырап.

Олардың өздері, әсіресе, ішіндегі серкелері, белсенділері тықыр таянғанын сезіп, тығылатын жер іздеуде, дорбалары жиналған, қашуға дайын тұр.

Көбісі кетіп те үлгерген, ұялғанынан жасырады, біз естімесін деп. Қазақстаннан безіп кеткен.

Не босқын емес, не мұғажыр емес – безген.

Олар – кешегі күн. Бүгінгі күн – кеше мен ертеңгі күннің арасындағы 2 аттам дәліз. Бізге толатын күн – ертең!

Жасасын Қазақ Республикасы! Қазақ ұлтшылдары жасасын!

Марғұлан Боранбай,

5 қаңтар. Өскемен түрмесі

Abai.kz

6 пікір