Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ерлік 1514 4 пікір 5 Қаңтар, 2024 сағат 13:09

Офицер қыз Алтыншаш Нұрғожинова...

Фашизмнің қара түнегі ел басына төнгенде Отанды қорғауға ерлермен бірге, әскери қызметке міндетті болмаса да, мыңдаған қыз-келіншектер өз еріктерімен майданға сұранған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыста 100 мыңнан астам әйелдер орденмен, медальдармен марапатталды. 91 әйел Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Архивтік мәліметтерге қарағанда Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған. Олар қай майданда болмасын ерлік пен табандылықты, Отанға шексіз берілгендіктін жарқын үлгілерін көрсетті.

Қазақ даласының қос сұнқары Әлия мен Мәншүкті бүгіндері кім мақтан етпейді? Осы соғысқа қатысқан қазақ әйелдері аз емес. Олар майданның әр тұсында, әскери құрамалардың әр түрінен кездестіруге болады. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкисттер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева т.б. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, дегенмен, батыр атағын алалмаған Алтыншаш Нұрғожинованы айтуға болады.

1944 жылы майдандық «Патриот Родины» газетінде «Даланың тірі бір гүлі» деген тақырыппен жарияланған жауынгер, ақын Михаил Левченконың өлеңін кездестіруге болады. Кейіннен ол майдан жырларын топтастырғанда бұл өлеңді жинағына енгізген. Автор: - Алтыншаш Нұрғожинованың өзім көзіммен көріп, куәсі болған ересен ерлігінің ізі суымай жатып жазған едім, - дейді.

- Ол кезде мен «Патриот Родины» газетінің қатардағы қызметкері едім. Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Котовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп, ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз ай-күйге қарамастан соған қарсы ұмтылды. Өзі де оқ тиіп мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен. Қаза тапқаннан кейін бұрындары көрсеткен талай ерліктерімен қоса осы жолғы батырлығы үшін әскери кеңестің ұсынысымен, Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп, құжат толтырылып, Мәскеуге жіберілген көрінеді. Бірақ, жоғарғы жақтан қазақтың ержүрек қызына батыр атағы берілмеді.

Осы батыр қыздың өмірбаянына келетін болсақ, ол 1924 жылы туған, ұлты қазақ. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариятынан шақырылған. 1941 жылы Орал әскери округінде алты айлық комсоргтар курсын бітірген, гвардия лейтенанты. Орталық, Воронеж және Украина майдандарында соғысқа белсене қатысқан. Оның денесі Польша жерінде, Краковск воеводасының Гутополянск елдімекенінің солтүстік-батыс жағындағы бауырластар зиратында жерленген.

Соғыстың алдында Алтыншаш Нұрғожинованың әке-шешесі Мәскеу қаласында қызмет істеген екен. Ал, қызы болса, сонда мектеп бітіріп, жоғары білім алған. Жалпы, өмірбаянын тексеріп қарағанда, ата-анасы Қазақстанның шығыс өлкесінен деп жазылған. Нақты қай облыс екені белгісіз.

Қайткенде де, сол бір ержүрек қыз Алтыншаштың көрсеткен ерлігі ерен, батыр атануына әр түрлі себеппен қол қойылмаса да, Мәншүк пен Әлия және Хиуаз сияқты ерлігі мәңгі жасамақ.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

4 пікір