Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 2209 8 пікір 3 Қаңтар, 2024 сағат 14:30

«Жүрекке саяхаттан» басталған ғылыми сапар

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» өрденінің иегері Дүкен (азан шақырып қойған шын аты Дулат) Мәсімханұлы 1963 жылы 20 сәуірде ҚХР Текес ауданына қарасты Ақши ауылында дүние есігін ашты.

«Нақысбек шешен» атанған атасы Нақысбек Жалпетекұлы 1916 жылғы «Қарқара көтерілісіне» дейін Қазақстанның Шалкөде өңірінде қожбанбет руының, 1917 жылдан 1937 жылға дейін Қытайдың Текес ауданындағы албан тайпасының болысы (ақалақшы) болып қызмет атқарған. Анасы Дәмеш Тұрлыбайқызы өңірге белгілі айтыскер ақын болған. Ақындық дарын ана сүтімен дарыған Дүкен өз ортасынан өзгеше мәнерімен суырылып шықты.
Қытайда өткен ғасырдың 70-жылдарының соңына қарай Дың Шяопиң билікке келіп «заттық мәдениетпен рухани мәдениетті қатар дамыту», «барша гүлдер шешек ату, жалпы жарыса үн қату» саясатын жолға қойды. Бұл саясат өз кезегінде қытайдағы қазақ руханиатына да тың серпіліс әкелді. Халық арасында сақталған Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жариялайтын «Шалғын», «Мұра» журналдары, Шетел әдебиетінің озық үлгілерін насихаттайтын «Көкжиек» журналы барлыққа келді.

Сексенінші жылдардағы ең басты әдеби құбылыс ескі сүрлеуден (соцреализм) мүлде басқа бағыт ұстанған жаңа буын ақындар легінің әдебиет майданында атойлап, жұрт нажарын аударуы еді. Әне сол лектің алдынғы шебінде Дүкен Мәсіммханұлы тұрды. Оның жүрекке жылы жырлары әнге айналып, қазақ даласын шарлап кетті.

Ақынның композитор Қастер Сейітқанұлының «Көл бойында» атты әніне жазған:

«Көл бойында келемін самал ескен,
Ырғалады қайың-тал жағада өскен.
Серуендеуші ек көл бойын сәулетай-ау,
Қалай ғана сол күндер қалады естен...» деп басталатын өлеңі мен тағы да осы композитордың «Ауыл кеші көңілді» дейдін әніне жазған

«Аспанында ай күліп,
Аймаласа өңірді.
Шабушы едім тай мініп,
Ауыл кеші көңілді» деп келетін жыр жолдары;
«Танысқалы жүзі болды сан айдың,
Жаны көркем, жаз дидарлы арайлым» деп шырқалатын Сағындық Отарұлының «Арайлым» деген әніне жазған өлеңдері өткен бір дәуірдегі ұлт санасына сілкініс әкелген, халық әніне айналып кеткен үздік туындылар еді.
Ақынның жұрт ықыласына бөленген жырлары 1991 жылы Ұрімжідегі Жастар-өрендер баспасынан «Жүрекке саяхат» деген атпен кітап болып басылып шықты. Бұл кезде болашақ ғалым Бейжіңдегі Ұлттар иниститутының (қазір университет) аудармашы-филолог мамандығын үздік бітіріп, Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып, үлкен ғылымға аяқ басып жүрген еді. Ғылыми жұмыста есте жоқ ескі замандардан сыр шертетін мифологияны зерттеуге ден қойса, күнделікті әдеби процесті де ұмытпай, қытайдағы қазақ әдебиетінде кенже қалған ғылыми фантастикалық жанрға дем беру үшін аталмыш жанрдың үздік шетелдік үлгілерін қытай тілінен қазақ тіліне тәржімалады. Ол аударған «Құлтемір Л.М.», «Жер шарының қызыл белдеуі» романы 1992 жылы жарық көрді.
Еңбегі еленіп, мерейі асқан Дүкен Мәсімқанұлы 1993 жылы ҚР Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен атажұртқа табан тіреп, келісім-шарт мерзімі біткен соң, қара шаңырақта бір жола қалып, аталған оқу ордасының Шығыстану факультетінің Қиыр шыңыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 1999-2002 жылдар аралығында сол кафедраға басшылық жасады. 2003-2009 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі, 2010-2019 жылдары жоғарыдағы осы оқу орнының Филология факультеті Қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары ЕҰУ жанындағы Қытайтану ғылыми-зерттеу иниститунының басшысы болса, 2020 жылдың маусым айынан бүгінге дейін Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану иниститутының директоры болып абыройлы қызмет атқарып келеді.

Қытайдың тілі мен әдебиетін, арғы-бергі тарихын, рухани шежіресін жетік меңгерген Дүкен Мәсімханұлы Қытай әдебиетінің классикалық озық үлгілерін ана тілімізге аударып қазақ еліне таныстырып қана қоймай, екі ел әдебиеті мен қадау-қадау тұлғаларын салыстыра зерттеуде де тыңнан түрен салды. 2008-жылы «Қазақ және Қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» монографиясында Қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүн мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын салыстыра зерттеп, докторлық диссертацисын сәтті қорғады.

Жұбайы - шетел филологиясы ғылымымының докторы, профессор Айнұр Әбиденқызы екеуі бірлесіп құрастырған «Қытайша-Қазақша үлкен сөздік» (қызыл сөздік) екі ел қарым-қатынасының дамуына үлкен көпірлік рол ойнауда десек артық айтқандық болмайды. Сол кездегі Сенат төрағасы лауазымындағы қазіргі Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың аталмыш кітаптың жазылуына тапсырма беріп, тұсаукесеріне арнайы қатысуының өзі ғылыми еңбектің салмағының деңгейін көрсетсе керек. «Қызыл сөздіктің» бұдан бұрын құрастырылған сөздіктерден басты айырмашылығы оның кемелділігінде, атап айтқанда соңғы 40 жыл ауқымындағы Ғаламшар мен Қазақ еліндегі тарихи, геосаяси, геоэкономикалық, ғылыми, мәдени, ІТ, денсаулық сақтау т.с.с. салалардағы неше мыңдаған жаңа атау-терминдердің барынша толық қамтылуы деуге болады. Қысқасы Дүкен ағамыз мен Айнұр жеңгеміз ондаған жылдар бойы көз майларын тауысып құрастырған бұл сөздік – Қытайдың «Сөз теңізі» (辞海), «Қазіргі заманғы қытай тілі сөздігі» (现代汉语辞典) қатарлы түсіндірме сөздіктеріндегі сөздік қорын тұтас дерлік қамтыған.

Бүгінде біреу білсе, біреу білмейді, ғалым ағамыз Қытайтануда ғана емес, атажұртқа бағыт алған қазақ көшінің толғақты мәселелерімен де белсене айналысты. Елге оралған алғашқы жылдарда көші-қон заңын әзірлеу, қандастардың азаматтық, ықтиярхат, квота, білім алу, еңбекпен қамту, денсаулық сақтау, зейнетақы алу т.б. заңдардың қабылдануына ерекше еңбек сіңірді. Көш бастау алған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұлы көштің іркілмеуі үшін үкіметтік комиссиялармен белсенді жұмыс жасады.
Тәуелсіздік сарқылмас қайрат беріп, Филология ғылымы саласында қарқынды еңбек еткен ақын, ғалым, ұстаз, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы Атажүртта да қанға сіңген ақындығын тастаған жоқ. «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Алкүрең арман», «Өз аспаным өзімде», «Сап, сап көңілім», «Жүрегімнің жұмбағы» қатарлы жыр жинақтарын оқырмандарына ұсынды. Отандық шығыстану ғылымына ондаған монография берді. Қытайдың арғы-бергідегі әйгілі ақын-жазушыларынан тәржімалаған еңбектері «Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» атты бес том болып жарияға шықты. Қазақ елі үшін жүздеген қытайтанушы мамандар тәрбиеледі. Соңғы 4-5 жылдың жүзінде еліміздегі ғылыми да, стратегиялық та маңызы айырықша Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына басшылық жасап, ғылыми орталықтың жұмысына ерекше серпін берді. Әрине, Д.Мәсімханұлының еңбегі мемлекет және әлемдік қауымдастық тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Ол бүгінге дейін «Оғызнама» туралы зерттеу» деп аталатын еңбегі үшін Қытайдың «азсанды ұлттар әдебиетін зерттеу саласындағы үздік еңбек» сыйлығын (1990 ж.), ғылыми-зерттеу мен әдеби шығармашылықтағы көрнекті жетістігі үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығын (1991 ж.), әдеби шығармашылық және аударма саласындағы жетістіктері үшін ҚХР Жазушылар одағының «Тың талант» сыйлығын (1992), сол кездегі мемлекет басшысының жарлығымен «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) «Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.) медалдарымен марапатталды. 2010 жылы Д. Мәсімханұлы ҚР Білім және ғылым министрінің жарлығымен «ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен, 2013 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы медальмен марапатталды. 2012 жылы Қазақстан жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдебиет сыйлығына және ШЫҰ-ның (Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы) «Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» сыйлығына (алтың медаль) ие болды.
2013 жылы желтоқсан айында Д.Мәсімханұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, 2022 жылы қазан айында «Парасат» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ ақын ретінде ол бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жыр мүшайраларының жүлдегері.

Дүкен Мәсімханұлының сол баяғы «Жүрекке саяхаттан» басталған ақындық жолы бара-бара күрделі ғылыми сапарға ұласып, еңбегі ел игілігіне айналған ғалым ағамыз өткен жылы (2023 ж.) алпыстың асқарына шықты. Деніне саулық, отбасына бақыт тілейміз. Алар асуыңыз әлі алда деп сенеміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

8 пікір