Сенбі, 27 Сәуір 2024
Талқы 1810 4 пікір 3 Қаңтар, 2024 сағат 13:03

Президент сұхбаты: Байден, Путин, Ши, Назарбаев...

Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінде Дихан Қамзабекұлы Мемлекет басшысынан: «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыпта сұхбат алды. Осы сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 2023 жылға баға беріп, 2024 жылға қатысты өз ойын ортаға салады. Сұхбатта не айтылып, не қойғандығы жөнінен оқырмандарымызды құлағдар еткенді жөн көрдік.

ӨТКЕН ЖЫЛҒА ҚАТЫСТЫ:

«2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады...

Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық.

Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады», - деді.

Мемлекет басшысы өзінің 2024 жылдан не күтетінін және еліміздің алдында қандай міндеттер тұрғандығын атап өтті.

«Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.

Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.

Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалады», - деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы не істелініп, не қойғандығы жайында қысқаша айта келе, 2024 атқарылуы тиіс жұмыстар жайында шағын шолу жасады.

Одан ары қазақ қоғамында орын алған маңызды саяси-әлеуметтік оқиғаларға байланысты өз пайымдауын жасады. Нақтылап айтар болсақ: «Қасіретті Қаңтар оқиғасына», «қосарланған билік» жүйесіне», «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі Мемлекет басшысы қолға алған түбегейлі саяси реформаларға», «Қазақстандағы саяси тұтқындарға», «2026 жылғы сайлауға» қатысты қойылған сауалдарға нақты жауап берілді. Енді осыларды қысқаша жіпке тізе кетейік.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

ҚАСІРЕТТІ «ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ» ТУРАЛЫ:

«Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.

Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды», - деп өз бағалауын жасады.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

«ҚОСАРЛАНҒАН БИЛІК» ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ:

«Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді», - деп жауап берді.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

ҰҚШҰ БІТІМГЕРЛІК КҮШТЕРІН ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ:

«ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды», - деп жауап берді.

«ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН» КЕЙІНГІ САЯСИ РЕФОРМАЛАР ТУРАСЫНДА:

«Мен саяси реформалардың 2019 жылы басталғанын айтып өттім. Сол кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңесте маңызды заңнамалық бастамалар әзірленіп, жүзеге асырылды. Сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілді. Елімізде олигополияның диктатурасы туралы алғаш рет ашық айтыла бастады.

Бұл өзгерістер саяси және экономикалық монополия үстемдік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар уақыт тегершігін кері айналдырып, бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бұдан еш нәтиже шыққан жоқ», - деп көп нәрсенің басын аша сөз етті.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ТҰТҚЫНДАР МӘСЕЛЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ:

«Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ.

Кейбіреулер прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын кесірлік көрсетіп, заң бұзады. Ондай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.

Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұрған, саяси цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды?», - деп өз уәжін білдірді.

2026 ЖЫЛҒЫ САЙЛАУ ТУРАЛЫ:

«Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?» деген сауалына:

«Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.

Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке экономикалық жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берген болатын.

Сол міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру болса, екінші бір маңызды міндет – инвестиция тарту еді. Осылардың жүзеге қалай асырылатынын сөз ете келген президентіміз ары қарай:

«Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, мына мәселеге назар аударғым келеді. Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз», - деп түйіндеді.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЫЗДАНУЫ ТУРАЛЫ:

Осы сұхбатта «халықтың қарызға батуы күрделі мәселесі» назардан тыс қалмады. Осыған қатысты Мемлекет басшысы: «Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі. 

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайынмын», - деді.

Қымбатшылық белең алып, жұмыссыздық, отын-энергетика кешені мәселесі өзекті бола түсті осы проблемалар төңірегінде Президент:

«Кез келген елдің Үкіметі стратегиялық міндеттері мен күнделікті жұмысын қоса атқарады. Бізде де солай. Ең бастысы, тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек», - деді.

«Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді», - деді.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

АЭС ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАТЫСТЫ:

«Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды», - деп өз пікірін білдірді.

Осы сұхбатта елді алаңдатқан Батыс пен Қытай және Ресей текетіресі де назардан тыс қалған жоқ.

БАТЫС, ҚЫТАЙ ЖӘНЕ РЕСЕЙ ТЕКЕТІРЕСІ:

Батыс турасында, Қытай жайында һәм Ресей төңірегінде өз ойын жинақтаған мемлекет басшысы:

«Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер министрі болғанда осы басымдықтарды айқындауға тікелей атсалыстым. Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе, көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды», - деп өз түйіндеуін жасады.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

БАТЫС ТУРАСЫНДА:

«Тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогтер болмаса, аймақтағы мемлекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл еді. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консультативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді», - деді.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

ҚЫТАЙ ЖАЙЫНДА:

«Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды», - деп жұртты ақылға шақыра сөз қозғады.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

РЕСЕЙ ТӨҢІРЕГІНДЕ:

«Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық», - деді.

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ:

Осы сұхбатта мемлекет басшысы Назарбаев дәуіріне өз пайымдауын жасады:

«Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада алпыс жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам», - деді.

Ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс деген ұлағатқа толы осы жолғы сұхбаттың сөз ұғар жанға берері көп.

Abai.kz

4 пікір