Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6296 0 пікір 11 Қазан, 2013 сағат 06:06

Жаңа кітап: "Қазақ этнографиясы"

Зейнолла Сәнік 1935 жылы 15-сәуірде Шаған­то­ғай ауданы­ның Барлық тауы баурайында дүниеге келген. 1945-1953 жыл­дар аралығында бастауыш-орталау мек­тепті бітіріп, 1958 жылға дейін Бей­жің­де Коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мектебінде оқы­ған. 1953 жылдан бастап Шаған­то­ғай ау­данында Жастар одағы кадры, Шың­жаң жастар баспасы қазақ редакциясында орынбасар, Шыңжаң жастар, өрендер баспасында редактор сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Әрі осы саладан құрметпен демалысқа шықты. «Мәдениет зор төңкерісі» ала­па­тының кесірінен 1970-1978 жылдар аралығында «халық жауы» деп жала жа­былып, еңбекпен түзеу жұмыстарына жі­бе­ріліп, ауыр күндерді бастан кеш­ті.

Зейнолла Сәнік 1935 жылы 15-сәуірде Шаған­то­ғай ауданы­ның Барлық тауы баурайында дүниеге келген. 1945-1953 жыл­дар аралығында бастауыш-орталау мек­тепті бітіріп, 1958 жылға дейін Бей­жің­де Коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мектебінде оқы­ған. 1953 жылдан бастап Шаған­то­ғай ау­данында Жастар одағы кадры, Шың­жаң жастар баспасы қазақ редакциясында орынбасар, Шыңжаң жастар, өрендер баспасында редактор сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Әрі осы саладан құрметпен демалысқа шықты. «Мәдениет зор төңкерісі» ала­па­тының кесірінен 1970-1978 жылдар аралығында «халық жауы» деп жала жа­былып, еңбекпен түзеу жұмыстарына жі­бе­ріліп, ауыр күндерді бастан кеш­ті.

Қазақ баспасы істерінің алғашқы не­гізін қалаушылардың бірі. Ол ұйым­дас­тырған және редакциясын қараған «Қызыл жартас», «Қызыл жас ұландар», «Қазақ ертегілері», «Ұзыншақ Пинокио­ның қызықтары», «Балапан әтештің бас­тан кешкендері» сияқты шығарма­лар балалар мен жастар сүйіп оқитын кітапқа айналған еді.
«Қабанбай батыр» атты кітабы елі­міз­де үш рет, шетелде төрт рет басыл­ған. «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Демежан батыр», «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», «Баспай», «Сергел­дең» атты романдары мен тарихи эссе­ле­рі Қазақстанда арты-артынан жарық көріп, оқырмандар мен ғалым­дардың жоғары бағасын алды. Әрі ол елде бұл кітаптар туралы көлемді мақа­лалар, шолулар жазылды. Автордың «Қазақ балалар ертегілері», «Отан деп соқ­қан жүрек», «Туған жерге оралғанда» сияқы кітаптары мен әдеби еңбектері және «Біз бақытты баламыз» деген ән тексті мемлекеттік дәрежедегі сый­лық­тарға ие бол­ған...

Қытай Жазушылар одағының, Қытай фо­ль­к­лоршылар қоғамының, Қытай «Хуа чиау (Мұха жыр)» әдебиет көркемө­нер­шілер қоғамының, қытай аз ұлт жазу­шылары ғылыми қоғамының, Шың­жаң жазушылар қоғамының, Шың­жаң аудармашылар қоғамының, Қа­зақстан Жазушылар одағының мүшесі. Шығармалары мектеп оқу­лық­тарына да енгізілген. ҚХР халықаралық әдебиет сыйлығы «Алтын орденінің» иегері.

Зейнолла Мүбәрәкұлы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған.  Осы институттың Қытайдағы қазақтар арасында жүргізілген фольклорлық экспедициясына көмек қолын созып, Қытайдағы қазақтардың фольклорлық мұрасын жинауына ақыл-кеңесін айтып, өзі жинаған фольклорлық үлгілерді беріп, осы институттың қолжазба қорына тапсыруға ат салысқан. 

Төменде біз Зайнолла Сәнік мен Жанат Зейнолла қызының «Қазақ этнографиясы» атты кітабын оқырман қауымға таныстыруды жөн деп санадық.

ҚХР мемлекеттік фольклоршылар қоғамының үздік зерттеушісі Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының авторлығымен шыққан «Қазақ этнографиясы» атты бұл еңбек Шыңжаң қазақтары арасында тұңғыш рет жарық көріп отыр. Кітап үш үлкен бөлімнен (І бөлім. Этнография дегеніміз не?, ІІ бөлім. Заттық этнография туралы түсінік, ІІІ бөлім. Рухани этнография), 17 тараудан, 75 тараушадан тұрады. Авторлар этнография ұғымын кең көлемде алып, оған этностың шығу тегі, ұстанатын дәстүрі мен діні, тілі, педагогикасы жөнінде тоқталады. Этнография ұғымы туралы жалпы шолу жасайды. Әр бөлімнің ішінен жеке-жеке тарауларды жүйелеп, тараушалар мен толықтырады. Мәселен «Заттық этнография» деген бөлімді өз ішінен бірнеше тарауларға жіктейіді («Қазақтар», «Қазақтың тұрғын үйлері», «Ауыл шаруашылығы», «Басқа кәсіптер»,  «Қазақтың ұлттық киімдері», «Қазақтың ұлттық қолөнері» «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың ұлттық ойындары»), рухани этнографияны да жеке-жеке тарауларға бөліп қарастырады («Қазақ қоғамының құрылымы», «ежелгі наным-сенімдер»,  «Қазақтың халықтық ғылымдарынан», «Қазақ заңдары», «Қазақтың бала тәрбиелеу дәстүрі», «Тұрмыс-салт тәрбиесінің нақтылы ережелері», «Қазақтың өлім ұзату дәстүрі», «Қазақтың этнопедагогикасы»).

І бөлімнің бірінші тарауы 1-5-тараушаларында этнография туралы анықтама, этнографияның сипаты мен міндеті, этнографияның мазмұны, этнографияның басты ерекшеліктері, этнографияны үйрену және зерттеу тақырыптарына жеке-жеке тоқталған. Осы тараудың алтыншы тараушасында Қытай деректеріндегі қазаққа қатысты баяндалған «Ханнаманың» тарауларына сілтеме жасап, үйсін, ғұн, қаңлы тайпаларынан жалғасып келе жатқан этностық құндылықтарға жол ашады. Сонымен бірге осы тараушада этнографияның төл тарихымыздан,  түрік тайпаларына ортақ құндылықтан да бастау алатынын баса айтады. Кітаптың  екінші бөлімінің 1-тарауында «Қазақ»  сөзінің шығу тегі, қазақтың ата-шежіресі, қазақ халқын құрайтын ру-тайпалар мен тайпалық одақтар, қазақ таңбалары, қазақтың саны мен орналасуы жөнінде отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми тұжырымдарына сүйеніп, жаңаша пайымдаулар жасаған.

Ал, осы бөлімнің 2-тарауында қазақ тұрғын үйлерінің пайда болуы мен дамуының тарихы тереңде екенін тілге тиек етіп, сақ, ғұн, үйсін дәуірінен бері дамып, түрліше өзгешеліктерге ұшырап, бүгінгі күнге жеткен қазақ үйі туралы сөз қозғайды. «Қазақтың киіз үй мәдениеті» тараушасында киіз үйдің пайда болуы, киіз үйдің құрылымы, киіз үйдің сүйегі мен жабдықтары туралы тоқталып, олардың жасалуы мен безендірілуі туралы пайымдаулар жасайды. Сонымен бірге мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жөнінде ой қозғап, егін шаруашылығының пайда болу тарихының тереңде екендігін, ҚХР Іле қазақ автономиялы облысы аумағындағы үйсін қабырларынан табылған темір соқаның басы мен басқада егіншілік саймандары туралы мәліметтер келтіріп, оны қазақстандық ғалымдардың егіншіліктің пайда болуы «қола» дәуірінен бастау алады деген ғылыми тұжырымдарымен ұштастырады. Осы тараудың «мал шаруашылығы» деген тараушасында қазақ төрт түлік малының (түйе, жылқы, сиыр, қой және ешкі) қолға үйретілуі жайында сөз болады. Төрт түліктің пайда болуы туралы қазақтың таным-түсінігі, философиялық көзқарасы мен мифтік түсінігі, аңыздық, ертегілік сипаттарына да тоқталады және сол төрт түлік мал туралы халық даналығын, мақал-мәтелдерді де дәйекті түрде ұсынып отырған. Сонымен бірге төрт түлік мал туралы қолданылатын кейбір атаулар туралы да (жасына, түріне, еркек-ұрғашысына, будандастырылуына, белгілі бір тұлғалардың атына тиеселі түріне, т.б. ерекшеліктеріне қарай ) тоқталып өткен. Ат сыншысы, ат сыны, бәйге алатын аттың белгілерін де кең көлемде қозғаған. Қазақтың төрт түлік малға салатын ен-таңбасына, рулық белгілеріне жеке-жеке түсіндірулер жасайды.

Ауыл этнонимі туралы ой айтқан авторлар қазақ ұғымындағы ауылдың дамып бүгінгі күнге жеткені туралы да сөз етеді. Мәселен, қазақ арасындағы рулық, тайпалық, аталастық, туыстық жағынан топтасқан көшпелі өмірдегі ауыл ұғымын, ондағы тіріліктер баяндалады. Жайлау, қыстау мен көктеулік, күзеуліктің белгілі бір ру атымен, болмаса сол рудың беделді адамдарының атымен аталып кеткені де айтылады. Бұл тарауда дала жайылымы туралы да сөз болып, топырақтың құрамы, шөптің топыраққа байланысты азықтық қуатының өзгеруі жайлы ғылыми тұжырымдар ұсынады.

Құсбегілікке қатысты тараушада бүркітті баптау, ұстау, бағу және оны алып жүруге, қондыруға байланысты дүниелердің (тұғыр, томаға, балақ бау, биялай, құндақ, балдақ, т.б.) ерекшеліктерін жеке-жеке таратып түсіндіреді. Ал балықшылыққа қатысты тараушада қазақ қара өлеңінде кездесетін балық өлеңді мысал ретінде келтіріп, балық өлең ішіндегі он тоғыз түрлі балықтың түрін келтіреді. бұл қазақ өмірінің бір көрінісі яғни қазақ даласында бар балық түрлері деп қабылдаған жөн секілді.

Қазақтың жол-қатынас құралы туралы тараушасында ежелгі жібек жолының басып өткен іздері туралы сөз болады. Жібек жолы мәдениеті туралы да тілге тиек етеді. Шығыс, батыс мәдениетінің алмасулары туралы сөз қозғайды.

Кітапта қазақтың ұлттық өлшемдері туралы да тоқталады. Ұзындық өлшем (бір елі, бір сүйем, бір құлаш, әудем жер, көз көрім жер, ат шаптырым жер, қозы көш жер, т.б.), шамалық өлшем (бір шымшым, бір атым, бір шөкім, бір қасық, бір шөміш, бір табақ, бір ұрттам, бір тістем, бір үйір, бір қора, бір үзім, бір жайым, бір шайлық, т.б.), ауырлық өлшем (батпан, зіл батпан, бір тең, т.б.), көлемдік өлшем (от орнындай, үй орнындай, шынының аузындай, жер ошақтай, оймақтай, иненің жасуындай, түймедей, табандай, т.б.), уақыт өлшемі (көзді ашып жұмғанша, бие сауым, ет пісірім, тал түс, жұлдыз шыға, үркер жамбасқа түсе, т.б.), тереңдік, биіктік өлшемдеріне (белуардан, тобық бойын, тізе бойы, ат құлағынан, шашадан, құрық бойы, арқан бойы, найза бойы, т.б.) деген түрлерге бөледі.

Алтыншы тарауда қазақтың ұлттық киімдері туралы тоқталады. онда ерлер мен әйелдер киімі туралы баяндап, әр рудың өзінің ерекшелігін көресетін киім түрлерін де айтады. Сонымен бірге бұл тарауда батырлардың киетін сауыттары мен қару-жарақтарының түрлерін баяндайды

Бірінші бөлімнің басқа тарауларында қазақтың ұлттық қолөнері, зергерлік, ағашшылық өнері және қолөнер жабдықтары, қазақтың ер-тұрман әбзелдері, ою-өрнектердің мағынасы, қазақтың ұлттық тағамдары, табақ тару және оның жосыны (бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табақ, жастар табағы, жай табақ, т.б.) туралы сөз қозғайды. Сонымен бірге, сүт тағамдары, қазақтың ұлттық ойындары  ат спорты туралы ойындар, т.б. түрлерін заттық этнография бөлімінде баяндайды

«Рухани этнография» деп аталатын үшінші бөлімінде қазақтың рулық жүйесі, туыстық қатынасы туралы сөз болады. туыстық жүйеге үш жұртты (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты) жатқызса, рулық жүйеге үш жүзді негіз етіп баяндайды. Қазақтың отбасылық жүйесі туралы да тоқталады. Есім қою дәстүрі туралы да сөз етеді. Адам есімін қоюды жеті түрлі ерекшелік негізінде жіктеп берген.  айталық адамдардың арман-тілегі негізінде туған есімдер: Дәулетбай, Малдыбай т.б. есімдер, жақсы көрген аң-құстар мен өсімдіктердің негізінде туған, олардың өзіндік иесі мен киесі бар деген түсініктен туған адам есімдері: Жылқыбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Шынар, Құндыз, Бұлбұл, т.б., есімдер. Белгілі бір рулардай өсіп-өнсе екен деген ұғымнан туған: Арғынбай, Найманбай, Қытайбай, Уақбай, т.б., батырлардың қару жарағының есімдеріне байланысты қойылатын есімдер, қазақ тағамдары мен ер-тұрман әбзелдеріне байланысты қойылатын аттар: Қылышбай, Найзабек, Садақбай, Шөмішбай, Талқанбай, т.б. есімдер. Ай-күн жыл қайыру есебі мен күн аттарына байланысты қойылған есімдер: Қаңтарбай, Мамырбек, Шілдебай, Қоянбай, Жетібай, Сегізбай Рамазан, Айтбай т.б., Ислам дінінің қазаққа кіруіне байланысты қойылған есімдер: Мадина, Рахымеддолла, Шапих, Фатима, Мұхаммед, Байтолла т.б., есімдер. халық арасында бала тоқтамағанда қойылатын есімдер: Кәдірсіз, Шылғаубай, Елеусіз, Тұрдықан, тұрсын, Тоқтасын, т.б. есімдер.

«Қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл кітапта ежелгі наным-сенімдерге байланысты дүниедерде қамтылған (күнге, айға, жұлдызға табыну, хайуанаттарға табыну, табиғат құбылыстарына табыну, аруаққа табыну, т.б.). Кітаптың «Қазақ бақсылары және бақсылық әдебиет» деген тараушада бақсылардың қоғамдық рөлі жөнінде тоқталады. Тарихта өткен әйгілі бақсылар туралы, олардың жын шақыру жырлары, бұлт пен жауын шақыру жырлары, арбау жырлары, дерт көшіру өлеңдері мен бәдік өлеңдер туралы айтып, нақтылы мысалдар келтірген. «Рухани этнография» деп аталатын бұл бөлімде қазақ халқының тарихтан бері ұстанған діндеріне шолу жасап, ислам діні және хадистер, ислам ғұламалары туралы тоқталады. оған дәлел «Исламдық наным және ислам мәдениеті» деген тараушада исламның таралуы, қажыға барған қазақтар жайын және хадистерден үзінді берген. Кітапта киелі сандар мен түс туралы түсінік. Тарихта шындыққа айналған түстер, философиялық ұғымдар, халық астрономиясы (жұлдызшылар, ауа райын  болжау амалдары, күн санау, ай санау, жыл санау және жыл қайыру) кең көлемді қамтылған. Қазақтың этномедицинасы, қазақ заңдары (үйсін дәуірінің заңдары, Шыңғыс хан заманының заң жосындары, қазақ хандығы дәуірінің заңдары, билер ережесі, шариғат заңдары) этнопедагогика (қазақтың бала тәрбиелеу дәстүрі, жүкті әйелге қамқорлық және бала туған кездегі жосындар, бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүр, ырым-тиымдар, баланың дене бітіміне байланысты сындар мен ырымдар, тиым сөздер) тілге тиек етіледі.

Кітап көлемді (900 бет), кең ауқымда, әр тақырыпты қамтып жазылғандықтан көтерген жүгінің ауыр екендігі оқырман қауымға түсінікті. Салалық бағытта, әр тақырып аясында авторлардың көп ізденіс жасағандығы аңғарылады. Қытайдың хандық дәуіріндегі, тарихи жылнамаларындағы деректері молынан келтірілген. Сондықтан бұл еңбекті қазақ этнографиясы туралы мол мағылұлмат, жан-жақтылы білім беретін, оқырманын қанағаттандыратындай, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға, қазақ этнографиясы туралы білгісі келетін жалпы оқырман қауымға таптырмайтын бағалы еңбек деп айтуға әбден болады. 

 

 

Ақеділ Тойшанұы,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері,

Филология ғылымдарының кандидаты;

 

Набиолла Насихат,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының ғылыми қызметкері

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2185
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2496
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679