Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 1385 1 пікір 21 Желтоқсан, 2023 сағат 12:29

Депутат: Су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы...

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің 20 желтоқсанда Мәжіліс отырысында қаралған «Жекелеген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша су ресурстарының басқарылу тиімділігін талдау» Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы Төрағасының есебі бойынша әзірлеген қосымша баяндамасын Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынып отырмыз...

Еділ Жаңбыршин:

Құрметті әріптестер!

Жасыратыны жоқ, су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы. Өйткені біз трансшекаралық су ресурстарына өте тәуелді, әрі шөлейтті мемлекетпіз.

Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан жылына табиғаттан 25 миллиард текше метр су ресурстарын алады. Оның 21 миллиарды тұтынуға кетсе, қалған 4 миллиард су шығынданып, далаға кетіп жатыр. Өкініштісі, соңғы жылдары су шығындары – 48 пайызға өскен. Бұл өте қауіпті жағдай.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін» – деп айтты. Аталған дефициттік цифра қазіргі таңда елімізде алынатын су қорының 60 пайызын құрап отыр. Болашақта осы су тапшылығы орын алса, 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірлері сусыз қалуы әбден мүмкін. Эколог-ғалым ретінде пайымым, Мемлекет басшысы осы бастан бекерден-бекер су дефицитін қауіп етіп отырған жоқ. Жағдай қазірдің өзінде мәз емес.

Құрметті қатысушылар!

Осы ретте, су мәселесі бойынша біраз жүйелі проблемаларға тоқталып өтуді жөн көрдім.

Бірінші. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 20 жылдан бері толық шешілер емес. Біз әртүрлі бағдарламаларды қабылдауды қатырамыз.

Мәселен, 2002-2010 жылдары «Ауыз Су», 2011-2020 жылдары «Ақ Бұлақ», ал 2020-2025 жылдарға арналған «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы Жол» сияқты 5 бағдарламаға бюджеттен 1,5 трлн. теңгені нақты бөлдік.

Дегенмен, әлі күнге дейін 51 пайыз ауыл таза ауыз суына қол жеткізе алмаса, 36 пайыз ауылда орталықтандырылған су жүйелері жоқ. 21 ғасырда, қыстың күні қырауда қол арбамен, бидонмен су тасыған ауыл тұрғындары жетерлік.

Екінші. Негізгі су ресурстарын тұтынушы сала – бұл ауылшаруашылығы. Агроөндірістік кешендердегі судың шығыны 40 пайызға жетіп отыр.

Оған себеп, 30 жылдан бері ирригациялық каналдардың әбден тозуы, иесіз қалуы, уақтылы жөнделмеуі.

Келесі мәселе, бұл салада су үнемдеуші технологияларды пайдалану деңгейінің өте төмендігі. Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жерлердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады.

Мысалы, құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль, суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 метр куб су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығындаймыз.

Үшінші. Алдағы бес жылдықта еліміздің Ішкі Жалпы Өнімін екі есеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Ал өндірістің ең негізгі ресурсының бірі – бұл су. Қазір кәсіпорындар су ресурстарымыздың 28 пайызын тұтынса, алдағы 5 жылда бұл цифра кемі 1,5 – 2 есеге өсетіні анық.

Сондықтан, өндірісте суды қайта пайдалану мәселесін заңмен шегелеп, міндеттеу керек. Өйткені, өндірістік кәсіпорындардың тек 30 пайызы ғана суды қайта пайдаланып отыр.

Бір ғана мысал, көліктерді жууатын нысандар суды қайта пайдалануды жолға қоймаған. Ал, олардың көбі ауыз сумен көлік жуады. Қаншама су ысырап болып жатыр.

Төртінші. Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешімін табар емес. Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Тасқын, ерінді қар, жауын-шашын сулары да Жаратушының бізге берген сыйы. Мұның бәрін ішкі су қорымыз деп қабылдауымыз қажет.

Мәселен, Қытай, Аргентина, Бразилия, Араб пен Таяу Шығыс елдерінің көбінде әрбір жауын-шашынның тамшысын мүмкіндігінше ішуге де, өндіріске де пайдаланады. Мысалы Германияның Франкфурт аэропорты жауын суын пайдалану жүйесі арқылы жылына бір миллион куб суды үнемдейді. Біз Астанамыздың еріген қар суын тіпті пайдаланбаймыз.

Бұдан басқа, кәріз, ағынды лас суларды да әлемнің көптеген Сингапур сияқты елдері 100 пайыз қайта өңдеп, тіпті ауыз суға пайдаланады.

Ал, бізде суды қайта пайдалану небәрі 2,5 пайыз.

Бесінші. Қазақстанның су қорларының бірі – жер асты сулары. Қолымыздағы бар деректерге сүйенсек тұщы су қорымыз 43 млрд текше метр. Бірақ бұл мәлімет Кеңес Одағынан кейін қайта актуализациядан толық өткен жоқ. Яғни жер асты суларын қайта зерттеп, бағалап нақты қорын анықтау мемлекет үшін аса маңызды.

Бұдан басқа, жаңа әріптестерім депутаттар Садықов және Абден айтып кетті өңірлерде жер асты суларының зияндануы мен оны үнемсіз пайдалануы орын алып отыр. Жер асты су қорын – мұнай, газ, уран сияқты еліміздің стратегиялық қоры деп есептеуіміз қажет. Оны қорғау, үнемдеу аса маңызды міндет!

Жер асты суларын басқаруда да кемшіліктер бар. Бұл маңызды ресурстарды басқаруды жүйелі іске асыру үшін, жер асты суларын басқару компетенциясын жаңа құрылған Су министрлігіне берген дұрыс болар еді. Бұл жөнінде жаңа Су министрі Нұржан Молдиярұлы да өзі позициясын айтты.

Тағы бір күрделі мәселе Каспий теңізінің тартылуы. Кейбір жағалаулар 3-4 км кетіп қалды. Жайықтың теңізге  құятын жері 30-40 см болып қалған. Ертең теңіз порттарымыздың жағдай қандай болмақ. Бізге көрші мемлекеттермен бірлесіп кешенді зерттеулер жүргізіп, оның нақты себептерін анықтау қажет. Каспийді жоғалтсақ, елдің әлеуметтік экономикасы былай тұрсын, ол Арал теңізінің тағдырын қайталап, планетарлық масштабтағы экологиялық катастрофаға алып келетіні айтпаса да түсінікті.

Алтыншы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.

Бірақ, бүгінгі Үкіметтің салғырт, әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін толық таппайтындай көрінеді.

Қорыта келе, еліміздегі саяси реформалардың нәтижесінде Жоғарғы аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп беруі тиіс. Бұл Ата Заңымызбен бекітілген норма.

Жоғары аудиторлық палатаның негізгі функцияларының бірі – бюджет қаржысын тиімді жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу.

Сондықтан, болашақта әрбір есептеріңіз қаралып отырған проблеманы жан-жақты, ауқымды, терең зерделеп, жалпымемлекеттік деңгейде қарастырылуы қажет. Өйткені, Сіздер Заң шығарушы билік – Парламенттің мінберіне келіп отырсыздар.

Ал Үкімет, ең бірінші кезекте суды үнемдеу идеологиясын Президент айтқандай, ұлттық идеяға айналдыруды қолға алуы тиіс. Ол үшін барлық потенциалымызды қолдану маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Тасбақа аяң десекте болады.

Бағана депутат-әріптестерімнің тарапынан көтерілген кадр мәселесі, ауыз сумен қамтамасыз ету, суды үнемдеу, трансшекаралық су дипломатиясы, әділ су тарифі, суды қайта пайдалану, жалпысалалық цифровизация, жер-асты суларын дұрыс пайдалану сияқты мәселелермен жан-жақты, жүйелі түрде айналысу қажет.

Құрметті Үкімет мүшелері!

Мына менің қолымда Сіздерге арналған ондаған нақты ұсыныстар бар. Осыны іске асырсаңыздар да суға қатысты біраз шаруа шешілетіні анық.

Дана халқымыз айтқандай: «Судың да, сұрауы бар!».

Abai.kz

1 пікір