Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 1826 13 пікір 20 Желтоқсан, 2023 сағат 12:58

Санкция: Ресейге Орбан да араша бола алмады

14 желтоқсанда ресейліктермен тікелей байланыста Путин өзінің жыл сайынғы үлкен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол осы баспасөз мәслихатында Украинаны демилитаризация және денацификация жасап, бейтарап мәртебесін алуға бағытталған «арнайы әскери операцияның» мақсаттары өзгермейтінін тағы бір мәрте мәлімдеді. Бұл жолы Путиннің риторикасы айтарлықтай өзгергендігі анық білініп, орыс әскерлерінің болашақ ілгерілеу шебін білдіруші ретінде Одесса, Николаев, Очаков, Днепропетровск, Харьков қалаларының аттары аталды.

Путиннің осы жолғы іс-әрекеті бір кездегі «халық көсемі» Сталиннің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аяқ астынан һәм күтпеген жерден орыс халқы (бұрын ол тек кеңес халқы делінетін – К.Ж.) туралы сөйлеп, кеңес армияға ақ гвардиялық погондарын қайтарып, медальдарын тағайындаған кездегі сөздерін айна-қатесіз еске түсіреді. Сталин бұған дейін тап осы халықтың көзі ашық, көкірегі ояу бекзаттарының көзін жойды. Арғы тегі гүржі Сталин сияқты, Путинде атағын тарс естен шығарып, кенеттен «орыс» бола қалды.

Оған дейін Путин «Ресей орыстар үшін дейтіндерге қарата, оларды тек ақымақ һәм арандатушы» деп айтаты. Мәселен, атақты орыс ұлтшылы Демушкинді «Ресейге – орыс билігі» деген туды іліп қойғаны үшін түрмеге жаптырды. Жалпы, Ельцин мен Путиннің кезінде Ресейдегі «ОРЫС» сөзі барлық жерде «РЕСЕЙЛІК» деп ауыстырылғанын РФ жаңа тарихынан жақсы білеміз. Украинаны қарусыздандыру және оның саясатын түбегейлі өзгерту туралы әңгіме басталған шақта көзі ашық ТМД-лықтар ресейлік шарттарға бас шайқай қарайтыны анық.

Украина шапқыншылықтың ең қиын алғашқы айларында өліспей беріспеді. РФ шарттарын абсурд деп санады. Тіпті кішкентай Бахмутты басып алуға мақтауы орыс әскері бақандай жеті ай уақытын кеткеніне қарамастан, орыстардың тауы Одесса немесе Харьковте неге шағылды бұл түсініксіз. Донецкке жақын орналасқан Бахмуттанда шағын Авдеевкаға ресей әскерін төпеп төксе де оны қорғаушылар бірнеше ай бойы жартылай қоршауда еш берілмей соғысып жатыр. Бірақ Путиннің хошының көтеріңкі болатын себебі, дәл қазірігі соғыстың өлара жеңістік барысы қатты ұнайды һәм оның барысынан өзі үшін жақсы жаңалықтарды асыға күтеді.

Осы бір асыға күтулер Батыста орын алып жатқан оқиғаларға тікелей байланысты десек артық айтпаймыз. 2023 жылдың соңына қарай одақтастар тарапынан Украинаға келер жылы берілетін көмек көлемі дүдамалдыққа айналып үлгерді. АҚШ бұл көмекті қайта қарастыру әрекеттері ішкі кедергілерге, атап айтсақ, партияаралық күреске (Демократтар мен республикашылар, ал ЕО құрылымдарында – оппозициялық Венгрия) тап болды.

Кремль осылардың барлығын геосаяси жаудың айқын әлсіздігі һәм оның жеңіліске ұшырауына бастап әкелетін басты шарты деп санайды. Осылай тоқмейілсудің ақыры 14 желтоқсанда орын алды. Зеленскийдің Вашингтоннан Скандинавия арқылы еліне оралуы оған бірнеше маңызды әскери және қаржылық көмек пакетін сыйлады. Еуропалық Одақтың өз қатарына Украинаның қосуға бағытталған келіссөздер процесін бастау туралы шешім Путиннің тәтті үмітінің желкесін үзді десек еш артық айтқанымыз емес.

Путиннің Виктор Орбанның келіссөздер процесін бастау туралы шешімге тосқауыл қоя алады деген үміті ақталмады, керісінше, аумақтық жер дауы бола тұрса да, Украина мен Молдова мүлдем басқа мәртебеге ие болды: енді оларға кейбір болмашы дүниелерді реттеп алғандарынан кейін ЕО-ға кіруге кепілдік беріліп отыр. Иә, болмашы дүниелерді реттеп алушылық көп уақытты алуы мүмкін, бірақ олар қазірдің өзінде ЕО ат басын бұрды. Еуропаның Ресейге қарсы санкцияларының 12-ші пакеті қабылданды. Америка жаңа санкциялар енгізсе салысымен, оның ізін ала Жапония мен Ұлыбританияда жаңа санкциялар тізімін жария етті.

Ресейлік стратегтерді алаңдатқан тағы бір дүние 14 желтоқсанда АҚШ Конгресі қабылданған қорғаныс бюджеті жобасының бір бөлігі. Онда Америка президенті Америка Құрама Штаттарының НАТО жұмысын тоқтатпай одан ары өрістетуі керек деген ұсынысы. Бұл тұжырым Америка Құрама Штаттары Сенатының ұсынысы мен мақұлдауымен ғана мүмкін болады. Путиннің іштей тілеген 2025 жылдың қаңтарында Дональд Трамп Ақ үйге қонжиып, барша еуроатлантикалық ынтымақтастықтың шаңырағын ортасына түсіреді деген тәтті үмітінің күлі көкке ұшты.

Егер осы соғыс болмаса, Ресей КСРО кезінінен қалған әлеуетін шеберлікпен пайдаланып, әлемге, оның ішінде НАТО-ға  дөңайбат шегетін басымдығынан айырылып қалмас еді. Путинге ескі кеңестік қару-жарақпен қаруланған Украинаны «демилитаризациялау» мүмкін болмай қалғандығы жаһан жұртына аян болды. Ескі қарудың жетіспеушілігін озық НАТО қару-жарағы алмастыра бастады. 2024 жылы Украина АҚШ-тың, Еуропаның және өзінің отандық қорғаныс кәсіпорындарынан келетін F-16 ұшағымен және тағы басқалармен қаруланып, «демилитаризация» жасаудың не екендігін енді Ресейдің өзіне жуан жұдырықтылықпен ұқтыратын болады.

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ - Орыс Халықаралық Университетінің доценті

Abai.kz

13 пікір