Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3087 0 пікір 7 Қазан, 2013 сағат 07:11

Дәурен Қуат. Көкшеге ел жиылды «Абылайлап»

Еліміздегі баспасөз біткен жарыса жазып, жар сала жария етіп жатқан баһадүр хан бабамыз Абылай тойы туралы айтылар әңгіменің қызуы әлі тарқай қоймаған сияқты.Сондықтан біз де көрген-білгенімізді ортаға сала кетсек артық етпес.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауында» (С. Сейфуллин) 5 қазан күні Абылай ханның 300 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Күндізгі сағат 9-дан өте орталық алаңға жиналған жұрт зау биігінде қыран «қалықтаған» мұнараның саясынан «тақ сайлап», тізе бүккен Абылай хан ескерткішінің алдына шоғырланды. Жергілікті биліктің әдеттегідей әрнеден қауіптенгені ме, әлде көпшіліктен тәртіпті талап еткені ме, әйтеуір аяқ бассаң алдыңнан полиция қызметкерлері шыға келіп, «алай жүрме, былай жүр!» деп бұйырып тұрды. Сол «алай-бұлайдың» арасында малтығып, алып ескерткіштің маңына барған болдық. Біз барғанда ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі басталып кетіпті. Сонда біреулер «Абылайдың рухына шөп-шаламның керегі не, оданда құран бағышталып, мал сойылмайды ма?» десіп қалды. Сөйтіп, Абылай ескерткішінің айналасы гүлмен көмкеріліп біткен соң арнайы шақырылған қонақтар Мәдениет үйіне қарай беттедік. Бұнда да тосқауыл, бұнда да тексеру. Алматыдан, ойдан-қырдан келгенімізді әрең дәлелдеп ішке кірдік: конференция да басталды.

Еліміздегі баспасөз біткен жарыса жазып, жар сала жария етіп жатқан баһадүр хан бабамыз Абылай тойы туралы айтылар әңгіменің қызуы әлі тарқай қоймаған сияқты.Сондықтан біз де көрген-білгенімізді ортаға сала кетсек артық етпес.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауында» (С. Сейфуллин) 5 қазан күні Абылай ханның 300 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Күндізгі сағат 9-дан өте орталық алаңға жиналған жұрт зау биігінде қыран «қалықтаған» мұнараның саясынан «тақ сайлап», тізе бүккен Абылай хан ескерткішінің алдына шоғырланды. Жергілікті биліктің әдеттегідей әрнеден қауіптенгені ме, әлде көпшіліктен тәртіпті талап еткені ме, әйтеуір аяқ бассаң алдыңнан полиция қызметкерлері шыға келіп, «алай жүрме, былай жүр!» деп бұйырып тұрды. Сол «алай-бұлайдың» арасында малтығып, алып ескерткіштің маңына барған болдық. Біз барғанда ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі басталып кетіпті. Сонда біреулер «Абылайдың рухына шөп-шаламның керегі не, оданда құран бағышталып, мал сойылмайды ма?» десіп қалды. Сөйтіп, Абылай ескерткішінің айналасы гүлмен көмкеріліп біткен соң арнайы шақырылған қонақтар Мәдениет үйіне қарай беттедік. Бұнда да тосқауыл, бұнда да тексеру. Алматыдан, ойдан-қырдан келгенімізді әрең дәлелдеп ішке кірдік: конференция да басталды.

«Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференцияның тізгінін  Гумилев атындағы ЕНУ-дің ректоры Ерлан Сыдық мырза қолға алған екен, кіріспе сөзін қысқа қайырған ол Мемлекеттік хатшы Марат Тәжинді мінберге шақырды. Мемхатшы Елбасының «Ардақты ағайын!» деп басталатын құттықтау хатын орысша аз-маз акцент араластырып қазақ тілінде, Қазақстандағы мемлкеттік тілде оқып берді.

Елбасы құттықтау хатында: «Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміздің бедерлі бір белесі, - депті. –  Осыған орай халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы да, оның айбынды ханымыз орда тіккен киелі Көкше жерінде өткізілуі де өте орынды. Біз бұл жиында Абылай ханның ерекше еңбегін ашып көрсетумен шектеліп қалмауымыз керек. Бәрінен бұрын Абылай ханның қолы неге жетті, неге жетпеді, бабамыз нені армандады, бізге нені аманаттады, болашақ ұрпақтарынан нені күтті, келер күндерге нені ескертті, біз сол заманның тарихынан қандай тағылым аламыз деген сауалдарға жауап іздеп, табуға тырысуымыз керек. Мыңжылдықтар тоғысында Абылай арманын жүзеге асырып, азат мемлекет құрған, тәуелсіз елдің ордасын ел ортасына, айбынды ханымыз ат ойнатқан Арқа төсіне орнатқан мына біз жас тәуелсіздігімізді қалай шыңдаймыз, дүбірлі дүниеде алдымыздан тосылатын сын-қатерлерге қалай шыдаймыз деген мәселелер өте маңызды. Азаттықтықтың жолы азапты, тәуелсіздіктің жолы тәуекелге толы болатынын ұмытпауға тиіспіз».       

Елбасы құттықтауынан кейін ғылыми-парктикалық конфренцияның модераторы Ерлан Сыдық баяндама жасауға рұқсат сұрады. Негізі Бұқар, Үмбетей жыраулар куәлік етіп қалдырған жыр-толғаулардан бастасақ, Абылай хан дәуірі мен хан бабамыздың өмір- дастаны өзге хандардан гөрі көп айтылады, халық жадынан шығып, ұмытылып қалған жері кем. Бұл бірақ қазақ ортасында Абылайдың насихаты басқа хандардан басым болып келген екен-ді білдірмесе керек. Алайда,  Абылайдың дәрпін асырған, дәрегейіне бас ұрғызған кемел істері, өрлігі мен ерлігі ерекше байыптап, ерекше мән беруді қажет ететін тарихтың бір биік кезеңі. Абылай ел билігіне династиялық жолымен, әулеттік мәртебесінің артықшылығымен жеткен жоқ, ерлігімен, батырлығымен, қара қазан, сар баланың қамы үшін ғазиз жаннан кешкен қауметті тағдырымен, замана мінезін қапысыз таныған саяси ойларының тереңдігімен жетті. Ерлан Сыдық мырзаның баяндамасынан ұстаған сөзіміз осы болды. Ерлан Сыдық баянадамасында тағы бір жақсы ой -  Абылай тұсындағы хан ордасынан шыққан дипломаттарды, - Қытай мен Ресейге, Бұхар мен Иранға, Ойрат, қалмаққа саяси миссиямен жүрген елшілердің аты-жөнін анықтап, тарихшы-ғалымдарымыз зерттеу жұмыстарына кірссе деп тың ой айтып қалды.

Осы күндері Мемлекеттік хатшы Тәжиннің мұрындық болуымен 28 елдің архив-қорларында қазақ ғалымдары жұмыс істеп жатқан көрінеді. Иншалла, ғалымдарымыз табандылық танытып табысты еңбек ете білсе, ол қорлардан ұлы дала ғұламаларының: ойшылдары мен дипломаттарының  ізі табылары бек мүмкін. Және соның бәрі әуелі елімізде ғылыми айналымға еніп, Батыс пен Шығыс жұртына да жария етілуі керек. Әйтпесе, Росс ханым сияқты ғалымдар: «Абылай конокрадтардың басын құрап ел қылған» дейтін түсініктен арыға баспай әңгіме айтып жүре беретін болады. Иә-иә, тап солай. Аталған ғылми-парктикалық конференцияға ұлығылап шақыртумен келген Астанадағы Назарбаев университетінің доценті Д. Росс ханым әлгіндей пікір білдіріп, көзімізді тас төбемізге шығарды.

«Мен Абылай ханға Батыс қалай қарайды?» деген сауал төңірегінде сөйлеймін» деп бастаған Росс ханымның сөзіне расында елең ете түскен едік. Сөйтсек, ол қарағым жоқ жерден жаңалық ашып қарааап тұр. Росс ханымның білетініне сүйенсек, Абылай заманында қазақтар үндістердің бір  тайпасы – камачилер секілді жалпақ далада жалаңаш тәніне тері жамылып алып шауып жүріпті. Солтүстігінде зеңбірегінің аузы от құсқан орыс, Шығысында мыңжылдықтарды игерген тарихы бар қытай отырғанда камачи-қазақтар қалай құрып кетпеген? Құрып кетуі мүмкін еді. Бірақ Абылай дейтін кісі атқа мініп ерлігі ұры-қарылықтан аспайтын конокрадтардың басын қосып, ел қылыпты. Росс ханым «осылай да осылай» дей келіп, «Абылай керемет адам болған екен, ол адамды сіздер ғана емес, мына біздер де құрметтеуге тиіспіз» деп ентігін басты. Бұл нені білдіреді? Бұл  - шығыстанушылар мен еуроцентристердің қазақ туралы (әңгіме Абылай туралы болған соң ерекшелеп айтып отырмыз) бірбеткей жайдақ түсінігін ғана емес, біздің өз тарихымызға деген құрметіміздің кемдігін білдіреді. Әйтпесе, білдей бір Жоғары оқу орнының (Назарбаев университетінің!) доценті тап осылай демесе керек-ті. Росс ханымнан кейін әйгілі тарихшымыз  Е. Бекмахановтың қызы Ләйлә Бекмаханова сөз алып, Абылай мен бүлікші Емельян Пугачевтің арасында қарым-қатынас болғанын, хат жазысып тұрғанын баян қылды. «Біз бұдан орыс пен қазақ халқының тағдыр-тәлейі бұрыннан-ақ бір болғанын аңғарамыз», - деді Ләйлә ханым. Жұрт осы тұста қалғып-мүлги бастаған, кенет мінбеге сексеннің сеңгіріндегі қарт ғалым Тұрсынбек Кәкішов көтерілді. Сөзді дәмдеп-тұздап айтудың мәнісін шебер меңгерген ақсақал ақсақалдығын танытып Мемлекеттік хатшыға қарап: «Әй, Марат!» - деп алды. Кең сарайдың іші гу ете қалды. Сол гуіл мен дүркірете қол соғу қария сөйлеп болғанша, басылған жоқ. «Марат, сен тарихымызға жаңаша қарайық» деп бастама көтердің, мен сонда «ә, Құдай бізге де бірдеме береді екенсің», - деп қуандым. Қуанып жүрмін. Қуанып жүре бермей мен айтар сөзін ірікпей айтатын адаммын. Ілгеріде осы Көкшетау қаласында Абылайдың ескерткіші ашылып, сол шараға мына мені шақырды. Әне Света Жалмағамбетова отыр, бұлар мені шақырары шақырып алып сөз бермей қойды. Себебі мен мінезі жаман адаммын. Қатты айтып тастаймын. Сондай мінезімді тағы бір көрсеткелі келдім (залдағылар мәз). Абылайдың 300 жылдығын сендер Көкшетауда емес, Астанада өткізулерің керек еді. Көкшені мен бұндай шараға лайық емес деп тұрған жоқпын, себебі өзім осы өңірдің тумасымын. Бірақ әлгі Астананың неменесін, Ққдай-ау, туған күнін бе, тойлағанда улап-шулап кетесіңдер, сол сияқты болмаса да Абылай тойы көпке ортақ мереке ретінде Астанада аталып өтуі керек еді. Тіпті осы жылды «Абылай жылы» атасақ та болар еді».

Осылайша қадап-қадап сөйлеген ақсақал «Абылай хан дәуірі – халқымыздың ерлігі мен өрлігінің дәуірі болды» деген Шоқан Уәлихановтың сөзімен ойын қортындылады. «Ерлік пен өрлік дәуірі дәріптелгенде барып бүгінгі ұрпақ өз бойынан ерлік пен өрлік рухын таба алады», - деді ол.

Тұрсынбек ағадан кейін сөз Шот-Аман Уәлиханға тиген. Бірақ Шот ағамыздың басы баяндама жазылған ала қағаздың бетінен көтерілмегеннен кейін бе, көпшілік көп ықылас таныта қоймады.

  «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференция түскі аста баспасөз өкілдерінің арасында жалғасты. Мысалы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат Абылайды жоңғарлардың тұтқынынан сұрап алып хан сайлаған қазақтың елдігін сөйлегенде, журналистер ортасы «Шірікін-ай!» деп бір серпілді. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің «Абылайдың отыз қатын алып, қырықтан астам ұрпақ сүйгенінің өзі өнеге емес пе?» деген сөзі әдемі әзіл сияқты сезілгенімен ұрпақ жалғастыру жолында хан бабамыз расында өз заманында өзгелерге үлгі көрсеткендей екен десіп риза болдық. Әйтседе, Абылайдың ерлігіне тамсанып қана отырған бізді баба рухына лайықты құрмет жасалу қажет деп әрекет еткен сенатор Жабал Ерғалидің бір ауыз сөзі тәнті етті. Көкшетау облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы, жазушы-журналист, сенат депутаты Жабал ағамыз Президент әкімшілігіне Абылай хан атындағы орден тағайындау туралы ұсыныс жасапты. Депутаттың сөзіне қарағанда, ұсыныс Президент Назарбаев тарапынан мақұлданыпта үлгерген көрінеді. Абылай хан атындағы орден ерлік көрсеткен, жоғары жетістікке жеткен әскери қызметкерлері беріледі. Иә, «Абылайлап» Көкше жеріне барған көпшілік жиынынан біз естіген жан жылытар сөздің бірі осы болса керек.

Алматы-Астана-Көшетау - Көшетау-Астана-Алматы.

Abai.kz            

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2066
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2495
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2104
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608