Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3054 0 пікір 7 Қазан, 2013 сағат 04:34

Талғат Ешенұлы. «Күнді көру үшін шам жағудың қажеті жоқ»

– Осы күні әдебиетші қауым арасында «қазақ әдебиетінің алтын дәуірі» туралы, Нобель сыйлығына лайық жазушы немесе шығарма туралы әңгіме көп айтылады. Біреулер ықылым за­ман­­дағы түрік жазба ескерткіштерін, біреулер ілкідегі жыраулар мұрасын, біреулер 60-жылдардағы әдебиетті ата­са, қайсыбіреулер қазақ әдебие­тінің алтын дәуірі болашақта туарына сенімді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақ әдебиеті Нобель сыйлы­ғын­сыз да – естияр әдебиет. Өзіңіз ойлаңыз, аузымыздың суы құрып айтатын жапон жазба әдебиетінің тарихы мың жарым жылға барады. Арабтар жазба әдебиетін Құраннан бастайды, ал Еуропадағы анти­калық әдебиеттің ғұмыры біздің дәуірі­міз­ге дейінгі бірінші мыңжылдықта жатыр. Мұның бәрі сол өркениеттердің мұ­ра­ғатында сақталған, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын материалдық мол қазына. Тысталған, қатталған.
Біз мұның бәрінен айырылып қалдық. Ұлы түркі өркениетінің баға жетпес қазы­на­сы орыс, қытай мен монғол жұртының мен­шігіне айналды. Қалғаны орта ғасыр­ларда Кіші Азияға үдере көшкен селжұқ­тармен, османдармен, Еуропаға ығысқан бұлғарлармен, Иранға, Үндістанға ауған туысқан тайпалармен бірге ұзатылып кетті. Жұрнағы да қалмады.

– Осы күні әдебиетші қауым арасында «қазақ әдебиетінің алтын дәуірі» туралы, Нобель сыйлығына лайық жазушы немесе шығарма туралы әңгіме көп айтылады. Біреулер ықылым за­ман­­дағы түрік жазба ескерткіштерін, біреулер ілкідегі жыраулар мұрасын, біреулер 60-жылдардағы әдебиетті ата­са, қайсыбіреулер қазақ әдебие­тінің алтын дәуірі болашақта туарына сенімді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақ әдебиеті Нобель сыйлы­ғын­сыз да – естияр әдебиет. Өзіңіз ойлаңыз, аузымыздың суы құрып айтатын жапон жазба әдебиетінің тарихы мың жарым жылға барады. Арабтар жазба әдебиетін Құраннан бастайды, ал Еуропадағы анти­калық әдебиеттің ғұмыры біздің дәуірі­міз­ге дейінгі бірінші мыңжылдықта жатыр. Мұның бәрі сол өркениеттердің мұ­ра­ғатында сақталған, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын материалдық мол қазына. Тысталған, қатталған.
Біз мұның бәрінен айырылып қалдық. Ұлы түркі өркениетінің баға жетпес қазы­на­сы орыс, қытай мен монғол жұртының мен­шігіне айналды. Қалғаны орта ғасыр­ларда Кіші Азияға үдере көшкен селжұқ­тармен, османдармен, Еуропаға ығысқан бұлғарлармен, Иранға, Үндістанға ауған туысқан тайпалармен бірге ұзатылып кетті. Жұрнағы да қалмады.
Сөйтіп отырып та, біз айналасы жүз жылдың ішінде қазақ жазба әдебиетін жасап шықтық қой. Өкініштісі, өстіп отырып та, «70 жылдық қазақ совет әде­бие­тін жылы жауып қояйық дейтін» пікірлерді естисіз. Біздің өткенді мансұқ­таймыз деп далаға лақтыра бере­тін әдеби қорымыз көл-көсір емес. Ал оны уақыттың таразысына, қоғамның, оқыр­манның сынына салсаңыз, қатаң талқы­дан, сүзгіден өткізсеңіз шөкімдейі ғана қалуы мүмкін. Сон­дықтан социа­листік реализмді, интер­националдық идеяны аластау, отар­шыл санадан арылу деге­німіз сол кезеңдегі әдебиеттен түпкілікті бас тарту дегенді білдірмесе керек.
Рас, санамыздан «совет уақытында зиялы қауым жаппай сатқын болды» деген бір примитивті түсінік кетпей қой­ды. Ақын-жазушы атаулы қызылға әуес, атаққа, үлде мен бүлдеге құмар бопты. Құдды Джордж Оруэльдің «Малқора» романындағы Молли байтал секілді дей­ді. Қамшыға жанын тоспапты, жонын тосыпты. Желмен бірге ығыпты. Енді заман өзгергесін нақ сол Молли құсап, көр­ші ферманың қорасында басқаша кісіней бастапты. Жаңылмасам, жалғыз Қалтай аға Мұхаметжанов қана, көзі тірісінде осы кептің, осы мінездің таби­ғатын ашып, ашық мойындап кетті ғой деймін. Бір сұхбатында «Жасыратын несі бар, ол кезде бәрімізде де к... болған жоқ» деді ол кісі. Бұдан артық не айтуға болады? Ал «тарих үшін», «ақиқат үшін» деп өткенімізді күн сайын әшкерелеп, табалап, шағыстырғанда не түсті? Өзіміз пір тұтқан ақын-жазушы атаулыдан идеал қалмады. Оны айтасыз, қырықпышақ болып, өзімізді-өзіміз жеккөрінішті қылып, әдебиеттен оқырманды, халықты алыстатып алдық. Бұлай әр қаламгердің өмірінен, азаматтық, адамгершілік болмысынан ілік іздеп, шаңын қаға берсек, сөре­мізде енді кітап та қалмайтын шы­ғар.
Өткенді доп қылып ойнауға болмайды. Сіздің алтын дәуір туралы қойған сұрағыңызға орай, мен пікірімді былайша нықтай түсер ем. Жеке тұлғалар емес, жалпы әдебиет тұрғысынан алған­да, біздің тарихымызда кемелдігі, көр­кемдігі, тұтастығы, сан алуандығы мен сапасы жағынан 60-жылдарға жететін әдебиет жоқ. Сол кезеңде сел шақыр­ған пассионарлық әдеби-рухани дүмпу 90-жылдарға дейін ұласты, жалғасты.
60-жылдардың феноменін немен түсіндіруге болады? Бұл, ең алдымен, сол дәуірдегі күллі әлемдік саяси, эконо­ми­калық, мәдени тектоникалық өзгеріс­терге тікелей байланысты. Соғыстан кейін күйреген жарты әлем, идеялық, нәсілдік, жікшілдік, жаңа мемлекеттер мен жаңа шекаралардың пайда болуы да әдебиетке зор әсерін тигізді. Ашық­қан қарын тойынды, жыртылған көйлек бүтінделді. Жаңа өмірдің есігі ашылды, жаңа құндылықтардың тиегі ағытылды. Сөйтіп, мүлде жаңа әлемнің оянуы – Еуропадағы, Франциядағы жастар қозғалысының дүмпуі, АҚШ пен Афри­кадағы апартеидке қарсы күрес, Латын Америкасындағы диктаторлық режимдерге қарсылық, КСРО-дағы жеке басқа табынушылықты әшкерелеу «алпысыншы жылдар» әдебиетін өмірге әкелді.
Совет қоғамындағы мәдени сілкініс «самиздаттан» басталды десек те болады. Эрих Мария Ремарк туын көтерген «жоғалған ұрпақтың» маршы, Джон Стейнбек, Альбер Камю, Жан-Поль Сар­тр­­лардың прагматизмге, тотали­тар­лық санаға қарсы күресі, Латын Америкасы мен жапон әдебиетіндегі ата тарих пен ата дәстүрге оралу, тәу ету үрдісі қазақ әдебиетін де дүр сілкіндіргені анық. Сурет өнеріндегі сюрреализм, театрдағы Бертольд Брехтің теориясы, мода мен музыкадағы бұрын-соңды болып көрме­ген революциялар ұлттық мәдениет пен өнер­дің, ұлттық музыка­ның қайнар бұла­ғының көзін ашып берді. Қоса кетейік, қанша мансұқтасақ та, сол кезеңдегі шығармашылық адамына деген оң көзқарас ақын-жазушылардың өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін алаңсыз, жемісті еңбек етуіне мүмкіндік берген.
Алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетін, жоғарыда айтқандай, өзінің әсіреқызыл, саяси, идеялық сипатына қарамай, ұлттың пайым-парасатының, көркемдік ойының, тілінің, рухының бар маржанын бойына жиған шағы деп нық сеніммен айтуға болады. Біздің әдебиет­те енді мұндай кезең қайталанбайтын да шығар. Қайталанса да елдің тағдыр-тала­йы үшін, тарихы үшін дәл осынша­лықты қымбат боларына, дәл осыншалық­ты шешуші роль атқаратынына күмәнім бар. Ендеше, Күнді көру үшін шам жағу­дың қажеті қанша?!
– Ақындардың жаратылысты тануы олардың шығармашылығына өз ықпалын жүргізеді. Біреулер реалист, бірі романтик, енді бірі абстракционис­тер. Адам қандай қиындық болса да жаратылысты тануға құштар. Оны адамдар ғылым, көркем өнер арқылы тани алады. Ғылым мен көркем өнер­дің сырын таныған сайын шығарма­шы­лық адамның қабілеті де жаңа деңгейге көтеріле беретіні даусыз. Өнердің музыка, сурет, ғылымның физика, психология, химия, философия сияқты түр­ле­рінен бейхабарлық жайдақтыққа соқтыратындай.
– Мықты жазушы алдымен мықты оқырман болуы керек дегенді айтып отырсыз ғой. Мұқағали неге «шеңберден шығу керек» деді. Шеңберден шығу өз бостандығыңды өзіңнен, не өзгеден сұрап алу деген үйкүшік күй емес. Бұл жерде «Құдіретті комедияны» мөлдіретіп аударған ақын сол тектес ұлан-ғайыр шығармашылық кеңістікті, интел­лек­туалдық ауқымды меңзеп отыр. Тіпті, осы сөзді ақын «Құдіретті комедияның» бірінші бөлімін аударып болғасын айтыпты десе де сенер едім.
Олар – Мұқағалилар ғой. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Келе қалғанның өзінде сіздің ақыл-ой жемі­сіңіз қалың оқырманның таңдайына қышқыл татуы да мүмкін.
Нақты әдебиетті мысалға алайықшы. Биік парасат, терең таным сатысының белгілі бір деңгейіне шыққан жазушы көкжиектің шексіздігіне көзі жетеді. Содан ары өрмелей береді, өрмелей бере­ді. Бұл да ауру – аутизмнің бір түрі. Нағыз шығармашылық адамы сол үшін талай ұйқысыз түнін, күлкісіз күнін қияды, ден­саулығын жоғалтады. Жылдап дайындалады, айлап жазады. Ақыры деге­ніне жеткендей болады. Бірақ Т.Әсемқұлов жазғандай: «...Бұл екі ортада көңіл көтерудің индустриясы қарап тұрмайды. Халыққа «түсінікті» әдебиет пен кинематографты тудыра қояды. Өзінің үмбетінің лас мәдениетке жүгінгенін көрген эстет-жазушы өзінің кірпияз өнерінің тереңіне одан сайын терең шомады. Міне, осылайша оқырман мен жазу­шының арасында өткел бермес терең ор қазылады».
Асқар Сүлейменовті айтпай-ақ қоя­лық, осы Таласбек, Тыныштықбек аға­ла­рым мен Әмірхан Балқыбектер қомақты лотерея ұтып ап, соны қайда жұмсарын білмей жүрген, өз білімінің тұтқынында қалған адамдар сияқты көрінетін маған. Олай емес екен. Мәселе асылды тастан айыра білмейтін сана­мыздың жабайы қалыбында, ме­шелдігінде жатыр екен.
Олар қайтеді? Пайымдаған «шығар­машылық катарсистің» шырқау шегіне жеттім-ау деген уақытында әлгі жоғары­да айтылған, көңіл көтеріп жүргендердің арасында өзіне орын қалмағанын, жоқ екенін түйсінеді. Бітті, олардың ендігі жүйкесі, күш-жігері шығармашылығын одан әрі қырлауға шыңдауға емес, өз­дерін мойындатуға, түсіндіруге кетпек. Ал «түсінікті» әдебиеттің өкілдеріне рахат: мойнына шарф тағып, гламурно киініп, роман, повесті мақала жазғандай тасқын­датып, «ыңқылдақ» әнге «сұңқыл­дақ» өлең құрап, жұрттың ортасында жай­қалып жүргені. Сонда жаңағы «ұлан­ғайыр шығармашылық кеңістік пен ин­теллектуалдық ауқым», философия, фи­зи­­ка мен химия кімге керек, қайда қалды, айтыңызшы? Өкінішке қарай, бұл әлеуметтік-психологиялық қайшылық әдеби ортаны қазір тіпті меңдеп алды. Емі жоқ.
– Сонда сіздіңше, шығармашылық адамы үшін аста-төк білімнің қажеті шамалы ма?
– Біреулер әдемі жазады, бірақ әдемі сөйлей алмайды. Біреулер әдемі сөйлей­ді, бірақ әдемі жаза алмайды. Әдемі жаза алатындардан неге әдемі сөйлей алмайтыны туралы сұрасаңыз – ойға қала­сыз. Әдемі сөйлей алатындардан неге әдемі жаза алмайтыны туралы сұрасаңыз – ренішке қаласыз. Талант­сызға ғылым да, философия да, тіпті музыка да ешқашан көмектесе алмайды. Талантсыз бәрібір бір төбенің етегінде қалады.
Әрине, шығармашылық адамының жан-жақты болғаны абзал. Алайда, бі­лім­­­ді де әдемі жарата білу керек қой. Амери­када «пайдалы ілімнің культі» деген ұғым бар. Яғни қусаңыз өзіңізге пайдасы тиетін ілімді ғана қуыңыз. Сіздің кітап­ханаңызда сан тақырыптағы миллион том кітап болса да, оның пайдасын көр­месеңіз – макулатура. Өзіңізге де, кітапқа да обал.
Бірде марқұм Қадыр Мырза-Әлі ағамыз­дың үйіне жолымыз түсті. Әдет­те­гі көзіңді ашып, көңіліңді тербейтін әң­гіме үстінде Қадыр аға: «Менің кітап­ханамды бай дейді. Шынында менің үйімнің әр қабырғасы – кітап көрмесі. Бірақ осы кітаптардың 60 пайызын ғана оқыған шығармын» деді. Таңырқадық, күлдік. Ал Умберто Эко бір сұхбатында: «Кітап­ханамда 30 мың кітап бар. Енді соның оқылмай қалған жартысын өртетіп жатырмын» депті. Міне. Мораль – тек өзіңе пайдалы дүниені оқы, тыңда, таны, жина. Менде қазір ары кетсе, екі жүздей кітап бар, қалғаны қала, қызмет ауыстырып, ары-бері көшіп жүргенде қоқыста қалды.
– Кезінде Мұқағали, Күләш Ахметова туралы Әбділда Тәжібаев, Жұмекен туралы Әбу Сәрсенбаев, Тыныштықбек туралы Әбіш Кекілбаев, «Алтын көпірлік­тер» туралы Темірхан Медетбек сияқты ағаларымыз жылы пікірлерін айтып, сол ақындарымыздың жолын ашты десек болады. Ал қазір тек сұхбатта­рында жастар­дың атын атағаны болмаса, аға­ла­ры­мыздың нақты жазған мақа­ла­ларын кезіктіре қойған жоқпыз. Бірақ қазақ поэзиясы дамып кетті деген пікір көп айтылады. Маяковский «әр түрлі ақындардың көп болғаны жақсы» деуші ме еді?! Мысалы, аға буын дәс­түрлі поэзияны жақтайды, жастар жағы экспериментті жоғары қояды. Сіз не дейсіз, жалпы Тәуелсіздік жылдарын­дағы әдебиет туралы пікіріңіз қандай?
– Әр жерде түрлі ащы-тұщы пікірлер айтамыз. Бірақ осы Тәуелсіздік жылда­рын­дағы әдебиет тарихын зерттеген фундаменталдық еңбектер бар ма? Мен кездестірмедім, оқымасам кешірім сұ­рай­мын. Мұндай пікір екеуміздің аузымызбен айтылмай, кәсіби әдебиет­тану­шылардың, сыншылардың қала­мы­нан шықса өтімдірек болар еді, шіркін.
«Бүгінгі қазақ поэзиясы дамып кетті, проза кенжелеп қалды» деген айтыс қажетсіз, жалған айтыс деп санаймын. Меніңше, қазақ прозасы мен поэзиясын жарыстыру – қос рельсті жарыстыр­ғанмен бірдей.
Ал жалпы әдебиеттің соңғы жиырма жылдағы тіршілік-тынысын тағы да қоғамдық, әлеуметтік факторлармен, өзгерістермен байланыстыруға тура келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­дығында қазақ қаламгерлері тайм-аут алды десе де болады. Шығармашылық жұмыстан гөрі қоғамдық жұмыстың бәсі басым болды. Олар да мемлекеттік құ­рылыста діңкелеп жүрді. Оның үстіне тарих доңғалағының күрт бұрылысы жаңа тақырыптарды, идеяларды, кейіпк­ер­лерді қажет ететін.
Осы тұстағы бір шетін құбылысты тағы айналып өтуге болмайды. Үлкен өзгерістер үлкен құрбандықтарды талап етеді екен. Алағай да бұлағай кезең мемлекеттің әлеуметтік қолдауынан айырылған қаламгер қауымға ауыр соқты. Өзім білетін жәйтті айтайын.
Мысалы, тағдырдың тәлкегі 90-жылдардың орта тұсында көктемгі жаң­бырдан кейінгі жауқазындай дүркірей кө­терілген біздің тұрғыластарды да естен тандырып кетті. Дидар Амантай, Марал­тай Райымбекұлы, Рахат Қосбар­мақов, Сәндібек Жұбаниязов, Амангелді Кеңшілік, Нұржан Қуантайұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Жарас Сәрсек, Қазыбек Құттымұратұлы, Әмірхан Балқыбек, Батырболат Айтболатұлы бастаған жұл­дыз­­ды шоғыр әдебиетке аяғын апыл-тапыл басып, именіп немесе тасырлатып, есігін теуіп кірген жоқ еді. Олар үлкен дайын­дықпен, естияр зердемен келген. Бірақ олардың нағыз жалынды шағында өндір­тіп жазуына өлара қолбайлау болды. Өкініштісі, сол жылдары жойдасыз сілк­інген әлеуметтік өмірдің әткеншегі күні бүгінге дейін шайқатылып тұр.
Дәстүрлі поэзия мен эксперимент жайына келсек, өз басым, түк те көріп отырған жоқпын. Бұл неге байланысты келіспеушілік? Тілге ме, түр мен маз­мұн­ға ма?
Хорхе Луис Борхестің «Тілдің өзі – әдеби дәстүр» дейтіні бар ғой. Бұл әдеби ереже, аксиома қазақ әдебиетінің жүз жылдық тарихында тіпті де өзгерген жоқ. Жүз жылда сол баяғы дәстүрлі тіл, дәс­түрлі тіл мәйегі, дәстүрлі тіл қолда­нысы.
Кейінгі кездері жастар мұндай сынға жиі ұшырайтын болды. Аға буынның, ұстаздардың ескертпесіне, сынына құрметпен қарауға тиіспіз. Бірақ бұл ұстаным «жастар мүлде дәстүрден жаңылды, тілді бүлдірді, ұлттық бояуды құртты» дегенге саймаса керек.
Әңгіме түр мен мазмұнда ма? Түр мен мазмұнды біз заттың, шығарманың тұтас­тығы мен байланысының кепілі дейміз ғой. Сондай-ақ, заттағы, шығарма­дағы үйлесім тапқанша көп өзгеріске ұшырайтыны, экспериментке түсетіні де – түр мен мазмұн. Тіпті, жазу үстінде түр мен мазмұнның керегі де шамалы ғой. Біз оны қо­лайы­мызға жақ­қанда, ыңғайлы болға­сын ғана қолда­на­мыз. Ендеше, дәл осы жерде бір-бірімізді көк­пар­ға шақырып, қойта­қымға басудың жөні бар ма? Оның үстіне әлемде әде­биет­ке деген қоғам­дық сұраныс пен тұ­тыну формасы бая­ғыда өзгер­генін жадымыздан шығармайық. Жазу процесін, көркемдік, тілдік талапты да қазіргі заманда қор­ға­сын қалыпқа салып, қа­тырып қоя алмайсыз. Шығарма­шылыққа шексіз, шетсіз еркіндік берілгенде ғана тынық­қан, шыныққан сананың жемісін көре бастайсыз.
– Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі қан­дай құбылысты бөле-жара атар еді­ңіз?
– Менің таңқалатыным, әлі күнге дейін қазақ әдебиеті урбанизацияға қарсы әдебиет боп келеді. Кейінгі кезде «Қазақ әдебиеті» осы тақырыпты індетіп, қаузап жүр ғой. Өзгеше, тың ой-пікірлерді де оқып жатырмыз. Толықтай қолдай­мын.
Қараңыз, қазақ баласының жаппай қалаға орныға бастағанына жарты ға­сыр­дан асты. Біздің өзіміз әулеттің қа­лаға ауған екінші буынымыз. Қазір үшін­ші, тіпті, төртінші буын өсіп келеді. Ал қала прозасы, қала поэзиясы атымен жоқ десе де болады.
Әрине, әке-шешесі, аға-әпкесі жарты ғұмырын «Жетім бұрыш» жағалап жүріп өткізген қаракөздер үшін, бала-шағасы­мен пәтерден-пәтерге көшіп, жалақыға қарап, өлместің күнін көріп отырған буын үшін қаланың кейде сүйкімсіз, жат көрі­не­тіні заңдылық. Бірақ бұл бәрінің басынан өткен кеп қой. Бұл қала кімді құшағын ашып қарсы алып еді?! Габриель Гарсиа Маркес қаладағы баспаға «Жүз жылдық жалғыздығын» әкелгенде қалтасында 85 песосы ғана болған екен. Велимир Хлебников, ақшасы жоқтықтан өзі жақсы көрген кітапты қонаққа барған жерінде, тиіп-қашып оқыпты. Умберто Эко әке­сі­нен көргенін істеп, дүңгіршектерді жа­ғалап білім қуған. Тіпті, өзіміздің Кең­шіліктің алғашқы жыр жинағы 32-ақ бет екен.
Борхес бір естелігінде былай деп ағынан жарылады: «Мен қалада ұзақ жылдар бойы елеусіз жазушы болдым. «Мәңгілік тарихы» атты кітабымды шы­ғарған соң, бір жылдан кейін, 47 данасы сатылғанын естігенде қуанғанымды көрсеңіз! Кітабымды сатып алған әр адамды іздеп тауып, құшып, сүйіп, кітапта кеткен қателіктер болса, бәрінен кешірім сұрағым келді».
Осылардың ешбірі мойнына бұршақ салып, түзге қашып кеткен жоқ. Біздің де осы қаладан ешқайда көшкіміз кел­мейді, көшпейміз де. Себебі, өмірдің үлкен сәтсіздіктері мен кішкентай же­ңіс­тері, қуанышымыз бен өкінішіміз, махаббатымыз бен мехнатымыз, бәрі-бәрі осы қаламен байланысты. Бұл – біздің таңдауымыз, тағдырымыз.
Бір ақиқат бар: индустрия, инновация мен жаңа технологиялар заманында қаланы алмай, дала ұшпаққа шықпайды. Сіздің ауылға деген шексіз адалдығыңыз, жеке басыңыздың сентиментализмі ертең әдебиетке көмектесе алмай қалуы кәдік. Осы бастан қамданбасақ, мұның рухани салдарлары алапат болуы ғажап емес, оқырманды жоғалтып аламыз. Ендігі жерде нағыз белсенді, көкірек көзі ашық, кітапқа, оқуға адал оқырман қалада қалыптасады. Солар үшін күресіп, соларға ие болуымыз керек.
– Сіздің ойыңызша бүгінгі қазақ поэзиясы қандай болуы керек. Жастар бүгінде поэзияда қалыптасқан екі мектеп бар деп есептейді. Бірі – Тыныш­тықбек Әбдікәкімұлының, екіншісі – Есенғали Раушановтың мектебі. Шы­­ғыс­та Азамат Тасқара, Алматыда Қай­­сар Қауымбек, Жақсылық Қажы­мұратұлы, Астанада Олжас Қасым дейтін жас жігіттер шығып келе жатыр. Мен Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық­тардың қатарын әдейі айтпай отырмын. Өйткені, олар отызға келді. Жиырмадан асып, алқынып отырған ақындар бар. Енді солар туралы айтылу керек сияқты. Қазіргі жастар поэзиясы, интернет кеңістігіндегі әдеби ахуал туралы не айтар едіңіз?
– «Қазақ әдебиетіне» өлеңі шыққан­ның немесе Абай ескерткішінің алдында өлең оқығанның бәрі ақын емес. Өлеңді сен зорлықпен меңгермеуің керек, өлең сені меңгеруі керек. Өлеңнің малайы болуға тиіссің. Сонда сен нағыз ақынсың – Ұлықбек, Есенғали, Ертай ағаларымыз тәрізді.
Кітапқа, оқуға, өлеңге адалдық тұрғы­сы­нан алғанда жастар поэзиясына көз­қа­расым өте жақсы. Көп оқиды, ізденеді, амбициялары ұнайды. Комплекс жоқ, жаңа заманның талабын, құндылықтарын ашық, ауырсынбай қабылдауға бейіл.
Ал олардың шығармашылығына келсек, өз басым, алғаш қолыма түскен ав­т­ор­­дың бір-екі өлеңін ғана бастап оқимын. Ұнаса жастықтың астында жатады, сөре­де тұрады, ұнамаса... түсінікті. Сағынып, ынтығып шығар алыстарға сапарың жол үстінде емес, аялдамада, вокзалда, аэропортта басталады ғой. Өлеңде де сол секілді. Автордың екі шумағын не бір өлеңін құлай ұнатсаң, оның да, сенің де одан кейінгі ұзақ сонар сапарың қызықты әрі сәтті болмақ.
Жастардың арасында Азамат Тас­қара­ны ерекше бөліп атар едім. Тек Алматыдағы, Астанадағы үлкенді-кішілі ақын-жазушыдан, біздің бойымыздан байқалып қалатын «снобизмнен» аман, ада болса екен деймін. Ерлан Жүніс қазір өзіне ғана жарасатын, тұнық, мөл­дір күйді тауып алды. Ақбереннің табиға­тындағы, өлеңіндегі мазасыздық – жо­ғары танымға ұмтылыстың, із­де­нім­­паз­дықтың белгісі. Мен өзім білетін, оқыған жігіттерді ғана айтып отырмын. Жалпы, осылардың қатарындағы тұтас бір буын қазақ поэзиясының болашағы боларына сенемін.
Екінші, талантты бауыр-қарын­даст­арымды интернетті жаттығу алаңына айналдырып алудан сақтандырғым келеді. Асылында, жаныңның алаңы –жаттығу алаңы. Өлеңнің ұясы – жалғызілікті қалпың.
Қазіргі интернеттегі поэзия – анар­хия­лық поэзия. Әлеуметтік желідегі танымалдыққа малдануға да, алдануға да болмайды. Оның тұтқынына түссең сенің жаныңды жай таптырмайтын атаққұмарлығың, тоғышарлығың кешік­пей шығармаларыңа да көшеді. Сарқ­ылып, тартылып, ақырында тролль лақ­тырып, лайк басып қана отыратын лузер­ге айналуың да мүмкін. Ал сен сол көптің бірі болғың келе ме?!
Біреудің көз-көңіл терезесінен, өмір терезесінен қараған, компьютердің терезесіне телмірген қызық, әрине. Бірақ ең қызығы, ең пайдалысы – өзіңнің жаныңның терезесіне көбірек үңілу ғой.
Кім біліпті, өмірдің өзінің аузынан түсіп қалғандай өлеңдер туатын шығар әлі де!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2072
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2499
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2112
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1609