Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3255 0 пікір 4 Қазан, 2013 сағат 14:58

«Жас азамат» газетінің он бірінші саны

ЖАС АЗАМАТ

 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

 11 - сан

1918 жылғы 19 ноябрь

Петропавл қ.

 

Алаш қызметкерлерінің қазынасы

Білім-өнерден кейін қалған Алаш тез аяқтанып, алға басып кетуі үшін оң-солды айыртатын, саяси іс жүргізетін оқудың тасқын судай Алаш айдынына тез жайылуы қажет екендігін есепке алып, төмендегі «Алаш қызметкерлерінің қазынасы» деген мәселені ортаға саламыз.

ЖАС АЗАМАТ

 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

 11 - сан

1918 жылғы 19 ноябрь

Петропавл қ.

 

Алаш қызметкерлерінің қазынасы

Білім-өнерден кейін қалған Алаш тез аяқтанып, алға басып кетуі үшін оң-солды айыртатын, саяси іс жүргізетін оқудың тасқын судай Алаш айдынына тез жайылуы қажет екендігін есепке алып, төмендегі «Алаш қызметкерлерінің қазынасы» деген мәселені ортаға саламыз.

Негізінен қарағанда, оқу жаю міндеті мемлекет пен земствода болуға тиісті. Бірақ, осы күнгі саясат, шаруа халінен байқауға болады, біздің мемлекетте, земство да көп жылдар өткенше сау қалпына түсе алмайтындығы. Бұдан көрінеді, жоғарыдағы міндетті екі орын көз телміртпей, оқудың жайылуына қатысты шаралар әзірлеудің керектігі. Бұл шаралар ұлтшылдық ауданынан табылады.

Ұлтшылдық ауданына келсек: оқып жүрен шәкірттер де, оқу бітірген зиялылар да, көкірегі ояу ел азаматтары да ұлтшылдық сезімінің жоғарғы дәрежеге жеткендігін, жеке бастың пайдасынан ұлт пайдасын артық көріп, малдары түгіл жандарын құрбан қылып жатқан азаматтарды көреміз.

Мұны көрген соң, шаралардың табылатындығына көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп, оқудың толқындап тез жайылуына себепкер болатын «Алаш қызметкерлерінің қазынасы» қалай жасалады? Һам оның бас істейтін жұмыстары не? Соны ғана айтып өтеміз. «Алаш қызметкерлерінің қазынасы» осы күнгі қызметте тұратын азаматтардың жалақыларынан ай сайын беріп тұратын белгілі проценттен жасалады. Біздің шамалауымызша, мөлшерлі процент 5 бен 10-ның арасында болуы лайық. Мысалы, 100 сом жалақы алатын азамат 5 сом беріп тұруға міндетті. Одан ары 10 сомға дейін өсірсе, өз ықтиярында. Олар қызметкер есебіне кіреді.

«Алаш Орда», земский управа мүшелері, мұғалімдер, учителдер, мал-адам дәрігерлері, коператив-банк қызметкерлері һәм басқа жалақы алушылар алғашқы кезде бұл «қазынаға» ақша салушылардың саны 500 кісі болса, бұлар орта есеппен 300-ден жалақы алатындар болса, соның өзінен 5 процент алынса, барлығы 750 мың сом түсіп отырады және жыл сайын бізде қызметте тұрушы көбейе бермекші. Сонымен, бұл «қазына» келешекте зорайып, күшті ұйым болар еді. Басқа үлгілі жұрттарда осындай «қазыналар» бар. Чех халқының школдарының көбі театр, кітапхана, халық үйлері жеке адамдардың берген жарғысынан құралған «қазынадан» ашылған.

 «Қазынаның» істейтін басты жұмыстары:

 1) Ел арасына қысы-жазы тегін оқытушылар, шаруаны асылдандыруды үйретушілер жіберу;

 2) Кітап бастыру, оқушылардың көбеюі кітаптың көптігі мен һәм арзан сатылуынан.

 Жалпы міндетті оқу болған күнде де, мектептен тысқары (внешкольное образание) білім болмаса, оқу тағылымы болып жалпыласпайды. Бұл осы күнгі орыстың һәм қазақтың бастауыш мектептерінде оқып шыққандардың біраз жылда қарайып, түк оқымаған кісі сияқты болып қалатындарынан көрінеді. Мектептен тысқары білім зейіннің таралуына, баспасөзге құмарлықтың артуына, қараймасқа себепкер болады. Ал, бұл мектептен тысқары білімді де жаятын «Алаш қызметкерлерінің қазынасы» болады.

 Біз ойлаймыз «қазынаға» жүзден 5-10 сом беруден қызметте тұрған азаматтар тартынбас деп. Һәм бергеннен бюжетке кемшілік те келе қоймас деп.

«Қазына» облыс сайын ашылса, іс жүргізуге жеңілірек болар еді. Әзір «қазына» жасау үшін съезд шақыру мүмкін емес, сондықтан бұл «қазына» туралы «Сарыарқа», «Қазақ», «Абай» һәм басқа басылымдар мен жеке азаматтар да өз пікірлерін ортаға салуларын өтінеміз!

Содан кейін пікірлерді қорытып тезірек іске асыру қамына кірісу керек.

 

Қырғыз-қазақ жастарына!

Ашық хат

Аюдай, ақырған жыландай уын төккен ескі үкіметтің дәурені өшіп, бостандық туған таңда Россияда мемлекет бақыты, саясат салты көпке бірдей көңілді түрге кірмейді деген ой ешкімде жоқ.

Қаһарлы қыс өтті де, жадырап жаз келді. Бақыт, теңдік, туысқандық дариясында балықша жүзерміз деген жалынды тілегіміз орындалмады. Орындауға бөгет болған - большевиктер. Бұлар Россияны сыртқы айбынынан, ішкі бірлігінен айырды. Тап болып тартысуды, одақ-одақ боп ұйысуды шығарды. Өзара соғыс ашып, адам қанын судай ағызды. Көсем де, шешен де көбейді.

Осы аласапыраңда, жүгенсіздік, зорлықшылдық заманында ел бастаған ерлеріміз көрініп қызмет істей алмайтын халге кірген соң, еңбекшіл момын қазақ елі көп тобырдың ортасында аяқ асты болуға айналған соң, қазақ жастары бас қосайық деген пікір туып еді. Бұл пікірді туғызған көкті қаптаған қара бұлт - большевик дауылы еді. Бұл дауылдан қазақ елін шамамыз келгенше аман сақтап қалайық, шамамыз келмесе, тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек- бір шұңқырда, тірі болсақ -бір төбеде болармыз, деген мақсат еді. Жас азаматтар саяси қиыншылықтарға қарамай, тоқтаусыз «құс қанатымен» келер, деген үмітпен Омбыдағы қазақ жастары бірінші (ескіше) апрельге съезд шақырды. Барлық жастардың басын қосу мүмкін болмағандықтан, ұйымдардан ғана шақырылды.

15-тен аса ұйымдардың өкілдері 5 апрельге дейін шет ұйымдардың өкілдерін тосып, келмеген соң, съезд ашты. Бірінші - алаш деп жүрген азаматтар алалық шығармас деп, жастардың басын біріктіруге бұл съез бір негіз болсын деп, екінші - жері шалғай ұйымдардың өкілдері жолдан бөгеліп келе алмас, деген оймен апрелдің 5-13-не шейін болған жиылыс, қырғыз-қазақ жастарының съезі деп танып, һәм съездің бекіткен қаулыларын іске іске асыратын уақытша қырғыз-қазақ жастарының ұйымдарының Кіндік комитеті «Жас азаматты» сайлап алды. Съезд қаулысы «Сары-арқа» газетінде жазылды, һәм кітапша болып басылып шықты. Мінеки, сол съезд өткелі жеті айға айналды. Содан бері өкілдер жіберген-жібермеген ұйымдар да (біразын шығарғанда) Кіндік комитетпен хабарласқан жоқ. Бұлардан күтілген жәрдем болмаған соң, Кіндік комитет «Жас азамат» дағдарып тұр.

Әзірше комитеттің істеген жұмыстары:

1) «Жас азамат» газетінің аяққа тұрып, ілгері басуына себепкер болды;

 2) Земствомен бірігіп, Ақмола облысына қараған мұғалім-учителдер съезінің шақырылуына күш берді;

 3) Омбыда екі айлық һәм екі жылдық курстердің ашылуына себепкер болды;

 4) Бұл күнде Кіндік комитет кітапхана ашуға қам қылып жатыр.

Іс ауданын кеңейтуге қаражаты кемдігінен, тым болмаса, ұйымдар ниеттестігін білдіріп дауыс бермегендігінен, «Жас азамат» комитеті бөгеліп отыр. Басындағы бас панасы «Жас Азамат» комитеті мұндай нашар халде тұрған соң, жас балапан «Жас азамат» газеті де ойлаған ойына жете алмауға айналды. Ойлаған ойы: жолы бөлек болмаса да, жастардың жүрегіндегі әуре мәселелерді шешіп, әлеумет талқысына салу еді. Алаш ұранды жастардың құралы, қуаты болу еді.

Толып жатқан ұйымдар ат шығарғанға мәз болып, жемісті іс істей алмасақ; бір із, бір жобада бола алмасақ; ұлт алдында, тарих алдында не деп жауап береміз? Мұнымыз - ақылдан қайғы жегенге ұқсайды.

Ертең Автономия алып ел боламыз, елді жетектеп жеткіземіз, деген жастардың бірігуді не бұрыс деп не дұрыс деп тапқандықтарын білдірмеулері - қайғылы жұмбақ. Үндемей жатуы – не жалпы бірігуді қаламағандық, не ұлт сезімі оянбағандық, не салақтық.

Біз кінәні соңғы салақтыққа аударамыз. Әлі де болса, жастар салақтықты қалдырып, іске кірісулеріңді өтінеміз!

Жастар! «Жас азамат» комитетін, «Жас азамат» газетін естен шығармаңдар! Газет аяғын нық басса, сендердің тұрмыс майданында күресуге, ұлтқа қызмет қылуға жарағандарыңды көрсетеді. Бұл айтқанды дұрыс деп тапсаңдар, «Жас азамат» газетінің ел ішіне көбірек таралуына, алушылардың көбеюіне, «Алаш серіктігіне» мүшелердің көп кіруіне себепкер болыңдар! Һәм ойын жасап, одан түскен пайданы газетке мүшелік жарна есебінде жіберіп тұрыңдар! Жастар белсеніп кіріссе, жалғыз ойын жасау мен-ақ, газетті жүргізіп кетер еді деген ойымыз бар.

Қуаттаған, қолдаған дауыстарыңызды естиміз, деген ұйымдықпен қаламыз. «Күш бірлікте!».

Омбыдағы Кіндік «Жас азамат» комитеті.

 

Ұмытшақтық

Омбыдағы екі жылдық мұғалімдер курсының құттықтауға бас ашылу құрметіне орыстың жиырма шақты ұйымдарынан кісі шақырылған екен. Құттықтауға жалғыз-ақ ұйымнан кісі келген. Орыс ұйымдарының мұнысы қазаққа шетін көзбен қарағандықтан емес, әншейін ұмытқандықтан шығар және бұл ұмытшақтық әрқайда қазақ туралы ғана болатын шығар десек, басқа ұлттарға да істейтіндігі, орысша шығатын «Башқұрт комитетінің тілінен» көрінеді.

Бұл газет жазады: «Орыс газеттерінде ресми хабарларда башқұрт әскерлерінің большевиктермен қалай соғысып жатқандығы толық жазылмайды. Верхнеуральск қаласы мен уезін алғанда Башқұрттан үш полк жұртты, Орскіні алғанда 4-нші жаяу әскер Башқұрт полкінің көрсеткен қайратына атаман Дутов сүйінді.

Екатеринборды алғанда қала ішіндегі халық, башқұрт әскеріне ай-жұлдыз орнатқан ту сыйлап, құрметпен қарсы алды. Ақтөбе фронтында биыл ең күштісі башқұрт әскері. Красноуфимск уезінде бір болыс башқұрт большевиктерге қарсы тұрды. Волга фронтында үшінші башқұрт полкі чехтармен бірге жүр. Самарадан өткенде башқұрт әскерінде сондай тәртіп болған, бұларды Самар халқы Жапон әскері деп ұран шақырған. Бугульма жағының халі нашарланған соң, бұған да Башқұрт әскері жіберіліп жатыр...

Башқұрт әскеріндегі жігіттер орыстікіндей тәжірибе көрмеген жастар емес, өңшең ысылған, талай соғыстың дәмін татқан қаһармандар...

Башқұрт халқы және бір тілекте... Саяси партияларыңды білмейді... Башқұрттар Россияның большевиктен құтылуына көп қызмет көрсетті...

Башқұрт халқының сол қызметі тарихқа кіреді, башқұрт тиісті сыбағасын алады... Біз ойлаймыз, орыс халқы әдейі үндемейді деп. Тегінде орыстың ежелгі ұмытшақтығы жазылмайды деп ойлаймыз. Башқұрттың қайғысы да, мұқтаждығы да, қызметі де атам заманнан бері ұмтылып келеді – деп.

Бостандықтан бұрынғы ұмытшақтық өзімен тұр еді, ендігі мына ұмытшақтыққа жол болсын! Ендігісі «үркек аттың жүні жидіп тұрса да осқыруын қоймайдыға» келеді.

Ұмытшақтақтың бірлесуге қаншалықты зияны бар екенін білдірген тәжірибені басмыздан кешірдік қой.

 

 

Қазақ жеріне қолқа салушылар

Өткен араларда қазақ жеріне салқын тидіретін төмендегі төрт түрлі жобаның ізі көрінді:

1) Сібірде қант жасау комиссиясына кірген профессор Лебедев доклад оқыды: «Алтай, Семей, Ақмола, Енисей аудандарында қызылша-қант жасау заводтарын ашуға болады. Заводқа жылына үш жүз мың пұт қант шығарғандай мөлшермен, жәйлі-жәйсізі аралас, 20 мың десятина жер керек» - деп. Алтай – Енисейде министрлер кабинеті бұрынғы патша жерін нысанаға ұстаған. Ақмола – Семей туралы пікір жабық болса да айдай айқын. Бұл екі облыста қазақ жерінен алынатындығы.

2) Жер министірлігінде: «суы тапшы жерлерге арық жүргізу керек, батпақты жерлерді құрғату керек»,- деген жоба қаралып жатыр.

Ертедегі жобаның сарынымен кетсе, Ақмола мен Атбасарға қараған, Нұра өзені, Теңіз көлі мен Есіл өзені арасында жеті жүз мың десятина жерге Қызылжардан Атбасарға дейін қараған ел мен Торғай өзені арасында 800 мың десятина жерге арық жүргізіледі. Бұл санға банк тағы қосар.

Осы айтылған аумақ суарылып, бірбеткей егін шаруасына қолайланса-ақ келімсек қарашекпеді толтырады, тұрғын көшпелі қазақ шөлге қарай жылыстайды деген сөз.

3) Сібірде қолайлы жердің аздығын, жер сұраушылардың көптігін есепке алып, егіндік жердегі қазынаның, жеке байлардың мәдени мал шаруаларын (культурные скотоводческие хозайства) таулы-тасты жерлерге көшіріп, бұлардан босаған жерлерді сұраушыларға үлестіру керек деген жоба шықты.

Бұл енді қазаққа таулы-тасты жердің еркін тимейтіндігін, өнер-білімнің пайдаға асырмайтын нәрсесі, аяқ баспайтын жері болмайтындығын көрсетеді.

4) Уфада өткен мемлекет саяси кеңесі Россияның шаруа кәсібін түзеуге шет мемлекеттердің капиталы іс құралдары кірсін деген жобаны бекітіп шығарды.

Бір жақтан шет мемлекеттердің капиталы қазақ жерінде кен қазу, фабрика-завод салуға кіріссе, екінші жақтан жоғарыдағы үш жобаны да орындауға кіріседі. Болмаса, ұясы бұзылған Россия мемлекеті апырып-жапырып өз бетімен істей алмас еді. Автономияң болмаған күнде, шетіңе беретін қолқаң ол Жер - мәңгі байлық. Алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшадан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға әлсіреп жатқандық жер үшін.

 Ел баласы.

 

Татулық

Омбы. 11 ноябрь. Шетел хабары. Париждағы Эйфель мұнарасынан ауа телеграфпен Француздың генеральный штабы хабар берген: Бүгін Германия мен Ынтымақтас патшалықтардың арасында татулық сөйлесу [келіссөз] басталады. Германия қойылған шарттардың бәріне де көнеді деп.

Барлық майдандарда соғыс тоқтатылған.

Венгрия мен Италия татулық сөйлесіп жатыр. Венгрияның Кіндік советі төрт қырлы сайлау туралы манифест шығарған.

 

Құлақтандыру

Екі жылдық мұғалімдер курсы Омбыда ашылды. Атбасарда ноябрьдің (ескіше) бірінде ашылады. Екеуіне де керекті оқытушылары һәм басқа аспаптары түгенделді. Курсқа мыналар алынады:

1) жасы 16-дан асқан һам жұқпалы науқасы жоқ адамдар.

2) орысша екі класты школ бітіргендер.

3) тәртіпті 5 жылдық бастауыш мұсылман мектептерін бітіргендер,

4) ескі медреселерден жақсы оқып, ел арасында мұғалім болып жүргендер,

5) өз бетімен оқып жоғарыда айтылғандай білімі барлар.

 Оқытушылардың тамақ-киімінен басқасы земстводан. Курсты бітіріп шыққан ақысы, дәрежесі учительдердікімен бірдей болады. Талапкерлер еркек, әйел демей, Омбы курсына ноябрьдің (жаңаша) 25-іне дейін, Атбасар курсына ноябрьдің ескіше 20-на дейін алына беріледі.

 

Ақмола облыстық земская управасы

 

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2022
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2023
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587