Сенбі, 27 Сәуір 2024
Дін мен тін 2594 19 пікір 12 Желтоқсан, 2023 сағат 14:53

Ермұрат Бапиға хат

Құрметті Ермұрат Бапиұлы!

Біз, Қазақстан қоғамының азаматы, философ, дінтанушы ғалымдар ретінде Қазақстан Ресубликасындағы исламдық діни-психологиялық климатқа алаңдаушылық білдіреміз!

Сіздің осы ахуалға қатысты қозғап жүрген мәселелеріңіз, сұхбаттарыңыз т.б. толықтай хабардамыз және оған қолдау білдіреміз, айтқан пікірлеріңіз бен қозғаған мәселелеріңіздің өте өзекті екендігіне еш күмән жоқ.

Қазіргі Қазақстандағы ислам дініне қатысты жағдай барынша күрделі және бұл алдын-алу шараларын заңдық-құқықтық, саяси-идеологиялық негізде жүргізуді қажет ететін жағымсыз мәндегі құбылыс болып отыр.

Белең алып отырған сәләфиттік, мадхалиттік, құранидтік т.б.  радикалды қозғалыстар елімізге дендеп еніп, жастардың психологиясына кері әсер ету үстінде.

Еліміздегі кейбір діни адамдар тарапынан: «Ханифитшілдік атын жамылған – салафизм», «исламдандыру атын жамылған – арабтандыру»,  «шариғат атын жамылған – антиқазақшылдық», «діни сауаттандыру атын жамылған – ғылымға, өнерге деген қарсы шығушылық», «намаз оқу атын жамылған – зұлымдыққа да алып бара алатын адамға шексіз еркіндік берушілік», «садақа мен қайырымдылық атын жамылған – діни кәсіпкерлік», «дінтанушы атын жамылған – миссионерлік»,  «көзін ашу атын жамылған – сананы тұмшалаушылық», «діни толеранттылық атын жамылған – теріс пиғылмен іштен тыну», «тарихи тұлғаларды әйгілеу атын жамылған – тек дінді қорғаушылық», «Имам атын жамылған – әулие сезіну», «Молда атын жамылған – күнкөрушілік пен пендешілдік», «Уағыз атын жамылған – пиаршылдық пен танымалдану, манипуляция мен алдау», «Хиджапшылдық атын жамылған – жәлепшілдік», «Талақ атын жамылған – донжуандық», «Пәтуа атын жамылған – діни монополия», «Алла атын жамылған – үрей тудыру, қорқыту, құлдық сана орнатушылық», «Жұмақ атын жамылған – өмірге белсенділікті жоюшылық пен пессимизм орнату», «діни ағартушылық атын жамылған – дүмшелік», «зайырлылық атын жамылған – «ашық уағыздың жаңа формасы мен жаңа мүмкіндіктерін жасау», «Дінтану атын жамылған – исламтану», «Кәпір атын жамылған – ел тұтастығына іріткі салу», «Еркектің қабырғасынан жаратылған атын жамылған – әйелдерді қорлау»   т.б. белең алып келе жатқандығы жасырын емес.

Біз қазіргі ислам дінін негізге алған жат бағыттағы радикалды топтардың шет елден қаржыландырылуы сияқты іргелі саяси-идеологиялық мақсат қойған мағлұматтарға нақты дәйектемеміз бен дәлелдеріміз болмағандықтан, тек зерттеуші ғалымдар ретінде Қаржыландыру көздері мәселесіне терең бойлай алмаймыз.

Бұл тұстағы маңызды мәселе, діни зайырлылық, діни төзімділік қағидаларының бұрмалануының өзі жасырын, астыртын түрде жүзеге асып келеді. Өйткені, бұл үдеріс жаппай белең алғандығы соншалық,  Республика аумағындағы исламдық діни танымды тұтас қамтыған деуге де болатын сияқты. Шындығында, (жұмсартып айтқанда) кейбір ҚМБД өкілдері мен басшылары,  имамдар мен «молдалар институты» тұтастай алғанда, көп жағдайда діни зайырлылықтан ада және мүмкіндіктері болса, дін саласындағы арабтандыру ғана емес, Халифат орнатуды көксейтін пиғылдармен қаруланып отырғандығы да шындық.

Өйткені, біздің көп жылғы практикалық зерттеулеріміз (әңгімелесулер, сырттан бақылаулар) нәтижесі бойынша, «Зайырлы» деп атауға болатын ешқандай да Имамды кездестіре алмағандығымыз болып отыр.

Бірінші қатер, олардың ақпарат құралдарындағы діни идеология мен насихаттар, тіпті, ҚМБД «ғұламалар кеңесі» шығарған пәтуалар т.б. тұтастай дерлік жат бағыттағы діни ағымдардың ұстанымдарына ыңғайластырылғандығында болып отыр. Сайып келгенде, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, тәжірибе сынағынан өткізілген, өмір сүрудің игілікті және «дұрыс» қағидаттары болып саналған әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтымызға, ұлттық өнерімізге, ұлттық ділімізге, ұлттық кодымызға деген агрессияшыл шабуылдар үдеп келеді. Ашық шабуылдарды санамағанда, «шабуылдағысы келетін пиғылдар» да бұл тұста соншалықты маңызды болып отыр.

Салафизм, құранидттер, уахабшылдық т.б. пиғылдары ашық болатын антиқазақшылдық күрескерлер болса, сонымен қатар, тұтас исламдық институттың жабық, күңгірттеу,  жасырын жүргізілетін өздерін «зайырлы» деп бағалайтын ҚМБД өкілдері тарапынан болып отырған насихаттар оған куә бола алады.

Бұл біздің барлық дінге қатысты БАҚ-ындағы ақпараттарға көп жылдық контент-анализдік зерттеулер жүргізуіміздің нәтижесінен туындаған ой-пікірлер.

Екінші бір қатерлі қыры, теолог, діни мамандар, дін саласымен шұғылданатын дінтанушы ғалымдардың көпшілігі діни апалогетикамен (дінді ақтап алушылар), діни насихаттармен, діни уағыздармен белсенді түрде шұғылдануға қарай бет бұрған. Олар ислам дінінің ғылыми жақтарына емес, оның насихаттық-идеологиялық қырына маңыз береді және өздері оның практиктеріне де айналып үлгерген, сөйтіп,  «заңсыз миссионерлік қызмет» атқарып келеді. Олар өздерінің атақ-жөндерін оңтайлы пайдалана отырып, отандық тарихты, ұлттық мәдениет тарихын, ұлттық өнерді бұрмалап түсіндіріп, тұтас қазақ руханиятын исламдандыруға (арабтандыру) белсене кірскендіктері де байқалады.

Олардың еңбектері шындығында «ғылыми» емес (квазинаука), үгіт насихаттардан құралып, жастарды фанаттыққа баулиды. Ал билік басындағылар өздері дінтанушы-теолог, исламтанушы маман болмағандықтан, олардың бұл көзқарастарына, идеяларына сеніп қалуы да мүмкін.

Үшінші бір қатерлі қыры – діни білім беру орындарындағы діни фанаттыққа баулу үдерісі. Ол қарапайым мектепте оқытылатын  «Дінтану» (қазір Дінтану және зайырлылық) пәнінен бастау алады. Бастапқыда бұл пән діни санадағы төзімділік пен зайырлылықты оқытуды мақсат етсе, қазір керісінше, діни фанатыққа насихаттаудың құралына айналған. Мекептегі бұл пәннен сабақ беретін мұғалімдердің  діни білімінң тайыздығымен қатар, өздерінің Біліп-Білмей жүргізіп отырған фанаттық пен әсіредіншілдікті үйретуге деген құштарлықтары да байқалады.

Оны біз кейбір мектептен кейінгі оқуға келген студенттердің діни көзқарастарынан жиі байқадық.

Жоғары оқу орындарындағы дінтану, исламтану, теология мамандықтарында оқитын студенттердің көпшілігінің  көзқарастары да зайырлылықтан мүлдем алшақ, діни радикалды бағыт ұстанады.      

Төртінші бір қатерлі жағы – «заңсыз діни исламдық миссонерліктің»  өркендеп отырғаны. Қазіргі таңда Тик-Ток, Ватсап, Фейсбук т.б. ақпараттық  желілерде ашықтан-ашық діни насихаттар қаулап келеді. Оларды кімнің жүргізіп отырғандығына ешқандай Тексерулерден өткізілмейді. Осы тұста: «Түлкіден дін үйренсең, тауық ұрлаған сауап болады» деген Азербайжан мақалы есімізге түседі. Ал әлдеқандай зерттеулер мен тексерулер болғанның өзінде, діни зайырлылық пен радикалдықты ажырататын эксперттердің көзқарастары да күдік туғызады.

Оны дінтанушы сарапшылардың көпшілігінің пікірлерінен байқауға болады. Бұл «қасқырға қой бақтырғанның» кері болып отыр.    

Бесінші бір қатерлі қыры қазіргі таңдағы қоғамдық санадағы, кейбір биліктегілердің де «Құдайдан қорқудан имамнан қорқуға» ауысып кеткендігі болып отыр. Әрине, саяси қызметкер, шенеуніктер, құқық қорғау органдары қызметкерлері т.б.  дінді зерттеуші, дінтанушы болуға т.б. міндетті де емес. Бірақ «ИМАМОФОБИЯ» деп атауға боолатын құбылыс ислам дініне тікелей-тікелей емес  қатысты қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған. Имамның Өзіміз сияқты қарапайым жан екендігі ескерілмей қалғандықтан,  оны «жердегі Құдаймен байланыс орнататын өкіл», «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс», «барлық ақиқатты меңгерген, дінге қатысты айтқандарының барлығы абсолютті дұрыс», «Күдікті, сенімсіз болған күннің өзінде де оған еш қарсы келуге болмайтын» т.б. қасиетті адам, саф алтындай таза тұлға деген түсінік қалыптасқан. Бұндай ИМАМОФОБИЯЛЫҚ санамызды тазартпай, біз кез-келген жалған, арғы жағы тайыз, жастардың санасын улайтын уағыздар легін өзіміз де тыңдап, бойымызға сіңіре береміз. Сондықтан, кей сәттерде оларға тыйым салудан Қорқу пайда болған. Өйткені, ол уағызшылар «Алланың қарғысы» арқылы үрей тудырудың технологиясын меңгерген.

Алтыншы қатерлі қыры діннің этикалық қызметінің бұрмалануы.  Біз бұл жерде қазіргі Қазақстандағы діни-психолгиялық климат туралы баяндап отырғанымызды атап өтеміз. Феноменологиялық әдіс бойынша бір нәрсені зерттеу оның өзін емес, санадағы көрінісін маңызды деп санайды. Мәселен, исламның рухани көздері болып саналатын Құран, Хадистер, мұсылман дінінің тарихы, ондағы тұлғалар т.б. емес, нақты «біз ислам дінін қалай түсініп жүрміз»  деген еліміздегі діни санаға бетбұрыс маңызды.  Бұл тұстағы жағымсыз қырларының бірі – ислам дінін өз мақсатына пайдалану, мәселен, зұлымдық жасауға, әділетсіз болуға, қылмыс та жасауға, тіпті адамды да өлтіруге болады, өйткені, ол намаз оқиды, «Құдай бәрін де кешіреді» деген желеу бар. Бұл аса қауіпті беталыс. Депутат Ринат Зайытовтың да намаз оқиытындардың 80  пайызы алаяқтар  деп айтып жүргені де осы мәселе.

Бұған әрине, статистикалық, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу керек, мүмкін адам қайтыс болған қаралы үйден ақша жинайтын имамдарды қосқанда, одан да көп шығар.

Демек, кей тұстарда, ислам діні қазір қазақтар арасында өзінің зұлымдықтарын, қателіктерін, алаяқтықтарын ақтап алудың құралына айналған. «Намазшылдық» бейне бір Бәріне де жол ашатын өзінің «Рұқсат қағазы» іспеттес болып кеткен (Орта ғасырдағы Папаның индульгенциялары (грамоталары еске түседі).

Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтындығын  еліміздегі билік басшыларына да айтқымыз келеді. Өйткені, стратегиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл Сіздердің де немелерелеріңіз бен шөберелеріңізге қатер төндіретін құбылыс.

Қорыта келе, мынадай шараларды жүзеге асыруды ұсынамыз:

1. ҚМБД мүшелерін толықтай ратификациялау қажет және діни зайырлылық бойынша түбегейлі реформация жасалуы тиіс: оның әрбір мүшесін қатаң тестілеуден өткізу керек, бірақ «насихаттауды жаны қалап тұратын ең зайырлы деп саналған дінтанушы теологтар» емес, білікті, дінге бейтарап әлеуметтанушы, саясаттанушы, философ, психолог ғалымдар сол тестілеу комиссиясының құрамына енгізілуі тиіс. Сонымен қатар, пәтуа шығаратын «Ғұламалар кеңесі» деп аталатын органдарына зайырлы, діни бейтарап ғалымдарды да мүшелікке (50 пайыздан кем емес мөлшерде) тарту керек.

2. Имамдар институтындағы «заңсыз діни кәсіпкерлік» деп атауға болатын құбылысқа тиым салу керек. Ол «қаралы үйден жаназа шығару» арқылы түсетін пайдадан, әр түрлі діни негізде құрылған «қайырымдылық қорларынан», «пітір садақалардан» т.б. жиналатын қаржының бақылаусыздығынан туындап отыр. Шындығында, кей жағдайда, қазіргі имамдық институт ағартушылық, қоғамды гуманитарландыру т.б. қызметінен ауытқып, бизнес пен жемқорлық құрылымдарына айналып кеткен тәрізді.

3. Тек позитивті тұрғыдан ғана ұсынылатын: «Діни зайырлылық», «Еркін ой сана», «Диалектикалық теология» т.б. салалар бойынша іргелі зерттеулер жүргізу керек және осы сала бойынша гранттар ұйымдастырылуы тиіс. Мемлекет тарапынан аталған осы үш бағыт бойынша конкурстар ұйымдастырып, қаржы бөлінуі тиіс. Сәйкесінше, ол айналып келіп, қайтадан исламды уағыздайтын инструменттер түрінде емес, керісінше, қоғамдық санаға діни төзімділік пен зайырлылықты көбірек уағыздайтын мазмұнды ғана қамтуы тиіс.

4. Барлық діни идеологияларға шектеу қоюымыз қажет. Ақпараттық желілердегі «заңсыз миссионерлер» заң жолымен қудалануы тиіс. Қазіргі таңдағы мектеп, колледж, университет т.б. білім беру орындарындағы исламдық діни насихаттарға шектеулер қою керек. Ол насихаттардың көпшілігі жоғарыда айтылғандай, «зайырлылық атын жамылған уахабиттік» сипат алып отырғандығы жасырын емес. Шындығында, бұндай зайырлылыққа үндейтін көзқарастарды діни насихаттық санамен қаруланбаған ғалымдар (әсіресе, философтар мен психологтар) жүргізуі тиіс.

Дінді шектен тыс уағыздау Сөзсіз фанаттық алып баратындығын (бұдан басқа жол болуы мүмкін емес) қатаң ескеру керек. Қазақ даласында діни дүмшелікпен күрестің бірнеше жүз жылдық тарихы бар. ХІХ ғасырдағы қазақ зиялылары мен ХХ ғасыр басындағы Қазақ зиялылары үшін де  бұл мәселе өзекті болғандығының дәлелдеп те керегі жоқ. Сонда біз, 150 жыл бойы «баяғы жартас бір жартас» ретінде көрініс тапқан, мемлекет тарапынан оңай шешімін табатын мәселеге неліктен нүкте қоя алмаймыз деген сауал туындайды.

Демек, кез-келген зайырлы мемлекет дінді өте қатаң бақылауда ұстауы тиіс, оны тым босаңсытып жіберуге болмайды. «Жіберіп тарту – жіберіп тарту – жіберіп тарту...» қағидасы қолға алынуы қажет. Мәселен, қазіргі Өзбекстандағы діни элементтерді қатаң бақылауға алу шаралары, кезіндегі Кемал Ататүріктің идеологиясы т.б. осы қағидаға сүйенелген. Ал бұл қағидаға сүйенбеген мемлекеттер Ауғанстан, Сирия т.б. екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Шындығында, егер де қатаң бақылау болмаса, шектен шығып кететіндігі бұл ислам діннің табиғатына тән,  оны көне Әль-Фараби (бабамызды кейбір фанаттар еретик, дінбұзар санаған) заманынан жалғасқан дәстүрлерден көруге болады.

5. ҚМБД-ны «монополиялық мәртебеден» айыру керек. (Мәселен, экономикада да монополия шексіз үстемдікке ие болады). Қазіргі таңда ол, мемлекетіміз зайырлылық ұстанымда болғандығына қарамастан, қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп еніп келеді. ҚМБД шешімдері еш баламасыз, пікірталассыз, талғаусыз, сұрыптаусыз мүлтіксіз «Дұрыс» болып қабылданады (сынаусыз нәрсе қашанда қателікке алып барады, ал сынау оны жетілдіре түседі). Сондықтан да, «өзін монополия сезіну синдромын» жою үшін, олардың барлық шешімдерін сараптамадан өткізетін ғылыми кеңестер болуы тиіс. Әрине, бұл тұста да, кейбір дінтанушы ғалымдарымыздың көзқарастары да аса жағымды емес екендігін ескеріп, олардың өзін сұрыптау керек. Жоғарыда айтқандай, елімізде «дінтанушы атын жамылған ислам миссионерлері» де аз емес.

Берік Аташ – Философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ оқытушысы

Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азамыт құқылы. Мақалада аты аталын жекелеген адамдар мен қоғамдық ұйымдар редакциямызға жауап беруге ерікті болса, олардың да жауабын ұсынуға әзірміз.

Abai.kz

19 пікір