Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 2047 1 пікір 11 Желтоқсан, 2023 сағат 11:45

Уақыттың тамырын тап басқан туындылар

Кітап оқудың адам өмірін өзгертетін, жаңа даңғылға жетелейтін күші бар екені әлмисақтан белгілі. Түрлі тақырыптарды арқау еткен түрлі туындылардың қоғамға тигізер ықпалы да бөлек. Аудармашы, әдебиетші Зауре Төрехан тілге тиек еткен шығармалар ой мен сөз, іс-әрекет үштігіне терең бойлатады.

Әрбір жазушыға тән ерекше қабілет бар, ол – қабылдағыштық. Мәселен, кез келген қалам иесі адамның жан-дүниесін сезініп, бақыты мен қайғысын жүрегінен өткізу арқылы басқа адамның өмірін өз көзімен емес, сол адамның көзімен көргендей болады. Осылайша кітап жазғанда бұл қабілеті кейіпкерлерді шынайы етіп көрсетуге көмек береді.

Сол қабілет­тің екінші қыры – еліктеу, яғни басқа қаламгердің кітабын оқи отырып, оның шабыты мен энергиясын қабылдау өнері. Бір автор келесі бір автордың ойларын ғана емес, сөз саптау мәнерін де өзіне бейімдей алады. Тіпті кейбіреулер бағы жанған кітаптың сәт­тілігін де өзінің кітабына жұқтыра алады. Ол қалай дейсіз бе? Суретшілер бұрыңғы замандарда салынған қылқалам шеберлерінің суретін ұнатып, соны қайталауға тырысады. Сол сурет­терге қарай отырып, қолын жүргіздіріп үйренеді, нәтижеден шабыт алып, өзінің картинасын салады. Жазушылар да дәл солай, өзіне дейінгі өмір сүрген немесе замандас қаламгерлерге еліктеп, қаламын ұштап, кейін өз дүниесін жаза алады.

Мысалы, Кассандра Клэр студент кезінде Джоан Рулингке еліктеп, «Драко Малфой» деген трилогия жазып шығарды. Ал бүгінде ол – әдебиет­те де, кино саласында да өз орнын ойып алған атақты америкалық жазушы. Сол себепті қаламгерлер басқа авторлардың кітаптарын оқи жүріп, кітап трендтерінің тамырын басып көру арқылы көп нәрсе үйренсе, онда тұрған ештеңе жоқ деп есептеймін.

Мен де фэнтези жанрына қатысты әлем классикасын, сонымен бірге замандас қаламгерлердің кітаптарын жүйелі түрде оқып отырамын. Ерекше әсер қалдырған туындылар ретінде үш түрлі елден шыққан үш жазушының кітабын атар едім. Үшеуі де әлемдегі миллиондаған оқырмандардың көңілінен шыққан, жастар ғана емес, ересектер де сүйсініп оқитын хикаялар. Тіпті атақты режиссерлердің назарына ілігіп, бүгінде кино-анимация әлемін де өзіне бағындырып үлгерді.

Ұлыбританиялық Диана Джонстың «Хаулдың жүре алатын сарайы» романы – қиял әлемін, сиқыр мен әсерлі оқиғаларды үйлесімді біріктірген шығарма. Басты кейіпкер – Софи Хат­тер есімді тігінші қыз. Бірде оның тіккен қалпағы кекшіл мыстанға жақпай қалады да, ол жас қызды әп-сәт­те кәрі кемпірге айналдырады. Өзінің әжімге толы жүзін айнадан көрген ол бастапқыда қат­ты шошып кетеді. Сосын белі сыздап, тіпті аяғы ауырып, жүре алмайтынын байқайды, бес минут­тан соң әлсіреп, отырып қалады. Қарғыстан құтылудың жалғыз амалы – Хаул есімді мықты сиқыршыны іздеп тауып, одан көмек сұрау. Алайда Хаулды ұстау әсте оңай емес, себебі ол аяғы бар, жүре алатын, бір орнында тұрмайтын сарайдың иесі еді. Дәм-тұзы таусылмай тұрып, Софи тау-тасты аралап, жұмбақ сарайға мініп алуы керек.

Осынау қиын жолдағы Софидың ерік-жігері, қайтпас мінезі, табандылығы оқырманды еріксіз шабыт­тандырады. Софи қарт­тықтың барлық қиындықтарын әзілмен еңсере отырып, жүре алатын сарайдың біртүрлі тұрғындарымен тіл табысып кетеді. Басты кейіп­кердің ұялшақ қыздан өзіне сенімді, қайсар мінезді адамға айналуы оның тұлға ретінде өсу барысын, табиғи даналығын көрсетеді. Софи алдына қойған мақсатына жетіп, жас келбетіне оралып қана қоймай, үй иесі мен тұрғындардың сүйіспеншілігіне, құрметіне ие бола алады.

Диана Уинн Джонстың романы әсерлі жазылғанынан бөлек, жастар үшін маңызды болып есептелетін өзін-өзі тану, өзін қабылдау тақырыбын көтереді. Автор адамның сыртқы келбеті оның өмірге деген көзқарасына қалай әсер ететінін, адам табиғатының, санасының қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Софи өзгерген сырт келбетін қабылдай алды, ұнжырғасын түсірмеді, өзіне деген сенімділігін де жоғалтқан жоқ. Осы қасиетінің арқасында Хаулмен де, сарайдың басқа тұрғындарымен де достық қарым-қатынас құра алды.

Демек, романның басты тұжырымы, сырт келбет – алдамшы, адамның шынайы күші – оның ішкі жан-дүниесі. Қоғамның қойған талаптары мен адамға артқан үмітіне көп көңіл бөлгеннен гөрі өзіңнің шынайы болмысыңды іздеп тауып, өзіңді бақытқа бөлеу маңызды. Көңілің жайланғанда ғана қоғамға пайдаңды тигізу оңайлана түспек. Яғни өз ерекшеліктерін қабылдаған, шарт­тылықтардан бас тартқан адам өсіп-өнеді, қабілет­терін ашып, даму жолына бет бұрады.

Германиялық Корнелия Функенің «Сия аққан жүрек» романында әдебиет пен шынайы өмірдің аражігі жойылады. Бас кейіпкер – Мегги Фолчарт есімді жасөспірім қыз. Шығармада оның есею шағындағы қиындықтары мен ерекше қабілет­ті игеру кезіндегі шым-шытырық жайлар бейнеленген. Бұл ерекшелік Фолчартқа әкесі Модан дарыған. Мо кітап кейіпкерлерін жандандыра алатын қасиетке ие, алайда мұндай қасиеті үшін оған қымбат ақы төлеуге тура келді. Жұбайы кітап әлеміне еніп, ал кітаптың жауыз кейіпкері Ешкімүйіз ертегі әлемінен шынайы өмірге шығып кетеді де, әкесі мен қызы анасын қайтаруға барын салады. Кейіпкерлердің ойға кіріп-шықпайтын қиындықтарды еңсеру барысында, оқырман сөз құдіретін терең ұғынып, ауыздан шыққан әрбір сөздің қандай күшке ие екенін анық сезінеді. Бір ауыз сөз бүкіл өмірді өзгерте алатынына көз жеткізеді.

Аңғарғанымыздай, «Сия аққан жүрек» романы қиял мен сөздің қасиетін, әдебиет пен шынайы өмірдің байланысын өзек еткен. Мұндай мазмұндағы хикаялар адамның әлемін қалыптастырып, біздің таңдауымызға әсер ететіні анық.

Жапониялық Эйко Кадононың «Кикидің жеткізу қызметі» повесі – кәмелет жасқа толу кезеңіндегі өмір, болмыс иірімдерін сурет­тейтін керемет туынды. Кики есімді жас қызға мыстандардың дәстүрі бойынша кәмелет жасқа толғанда әлем аралап, өз бетінше өмір сүріп үйренуі керек болады. Осылайша өзінің ерекшелігі неде екенін түсініп, өмірдегі бағыт-бағдарын анықтауға тиіс.

Кики өзінің үйі мен отбасын қалдырып, жаңа қала іздеуге шығады. Ол өзінің ұша алатын қабілетін ескеріп, қоныс аударған мекенінде жеткізу қызметін ашады. Тауар жеткізу кәсібін дөңгелеткен жас қыз ересек өмірдің қызықтары мен қиындықтарын көреді, қала тұрғындарымен танысады. Қоғамда өзін қалай ұстау керектігін, адамдармен араласу жүйесін меңгереді. Сөйтіп, жаңа достар табады, өмірлік бағытын айшықтап, жауапкершілікке әдет­тенеді.

Бұның бәрі – жастарға қажет­ті білім мен тәжірибе, есеюдің, өмір философиясын қалыптастырудың мысалы. Эйко Кадоно нағыз азиялық ұлт өкілі ретінде бәрін рет-ретімен, асықпай баян­дайды, есесіне ересек өмірдің қызығы мен шыжығының дәмін татқан Кикидің жан дүниесіндегі арпалысты, ойларды сәт­ті жеткізеді.

Кики туралы хикая – жалпы адамзатқа түсінікті, себебі үйреншікті, қалыпты өмірден бас тартып, жаңа да беймәлім өмірге қадам басудың қорқынышы әр адамның басынан өтеді. Осындай кезде дербес өмір сүруге деген күш-жігерің мен қабілетіңді аша білу – өте маңызды, одан да маңыздысы – күнделікті өмірдің қарапайым сәт­теріне қуана білу және тағдырдың тосын сыйларын қабылдай алу.

Мен атаған авторлардың әрқайсысы өзінің қайталанбас жазу мәнері арқылы оқырмандарына таңғажайып бірнеше күн сыйлап қана қоймай, маңызды үш қасиет­ті ашады. Олар біздің адами бет-бейнемізді құрайды. Біріншісі – біздің сыртқы келбетіміз және біз үшін оның маңызы. Екіншісі – ойларымыз бен айтатын сөздеріміз және олардың өмірімізге, айналадағыларға әсері. Үшіншісі – іс-әрекет­теріміз және олардың салдары.

Диана Уинн Джонстың кітабынан оқып-тоқитынымыз – сырт келбет­тің өмірде аса маңызды еместігі, оған бола уайымдаудың, уақытыңды жоғалтып, қамығудың қажетсіздігі. Әп-сәт­те ажарынан айырылып қалған Софи өзіне деген құрмет­тен айрылмады, айналасындағылар да оны мінезі мен ақылы үшін жақсы көрді, тіпті жас әрі сымбат­ты жігіт Хаулдың өзі ештеңеге қарамастан, оған ғашық болды. Корнелия Функенің туындысы эмоциямен, ерекше жігермен айтылған сөздің алып күшке ие екенін дәлелдейді. Балалық шақтан бастап, ауыздан шыққан әр сөзді ойланып айтудың маңыздылығы зор, себебі жаман ойлар мен теріс сөздер өмірге қайғылы оқиғаларды алып келуі мүмкін. Ал Эйко Кадоно әрбір іс-әрекетіміздің, қабылдаған шешіміміздің тағдырымызға қаншалықты ықпал ететінін меңзейді. Ересек өмірін енді ғана бастап отырған жас Кикидің бастан кешкен оқиғалары мақсат қоя білуге талпындырады. Сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төккенде өмірдің де өз арнасына түсетініне сендіреді.

Өзіндік жүгі, салмағы, ойландыратын, ойландыра отырып, жол сілтейтін қасиеті бар үш шығарма да бүгінгі оқырманға, жастар мен жасөспірімдерге қажет тақырыпты арқау еткен. Сонысымен де құнды.

Зауре Төрехан

Abai.kz

1 пікір