Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ой түрткі 2036 5 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 15:14

Логотерапия ғылымы. Өмірдің мәні неде?

Адамның басқа тіршілік иелерінен артықшылығы, оның санасында. Яғни басқа тіршілік иелері ас ішсе, ұйықтаса, ұрпақ көбейтсе болды, қауіпті сезген жағдайда олар өздерінің инстинктіне жүгінеді. Ал адам баласы дәл солай тамақ ішеді, ұйықтайды, ұрпақ көбейтеді және артықшылығы ойлайды, барлық эмоцияларды сезіне алады. Яғни адам басқаша айтқанда, әлеуметтендірілген жануар.

Адамға ойлау алу қабілеті берілген соң, сәйкесінше «бұл өмірде не мән бар?» деп өз алдына философиялық сұрақ қоюды да заңды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Басқару психологиясы» пәнінен Жубаназарова Назираш Сүлейменовнамен бірге осы тақырып аясында қызу талқы жасаған болатынбыз. Иә, әр адам үшін өмірдің мәні әртүрлі болуы мүмкін. Біреулері өмірдің мәнін баладан іздесе, біреулері керісінше ата-анасынан, ал бірі үшін өмірдің мәні өзі, ал бірі үшін өмірдің мәні денсаулық, бақыт, байлық болуы мүмкін. Біз бұның ешқайсысын теріске шығармаймыз.

ХХ ғасырдың бастапқы жартысында Еуропаны пенде баласын өз-өзіне қол жұмсап, өмірден баз кешетін кесел иектейді. Сол тұста Зигмунд Фрейд негізін қалаған психоанализ жаңа ғылым ретінде бүкіл Еуропаны дүрлік­тіріп, бұл ілім адамның түпкі санасына сүңгуді қолға алады. Кісінің бейсаналы түрде жасайтын іс-әрекетін психоанализ арқылы жүйелі түсіндіріп беруге талпынғанымен оның кемшін тұстары да болды. Ол – адамның ең негізгі өзегі трансцендентті (ғайыпқа самғайтын рухани қабілет) болмысына үңіле алмады. Тап сол кезде Виктор Франкл деген жас ғалым ортаға шығып, Зигмунд Фрейд, Альфред Адлердің қаузамаған тақырыбына мойын бұрады. Адамға зат секілді қарайтын редукционалистерге қарсы академиялық майдан ашады. Сол негізде логотерапия деген ілім өмірге келеді. Логотерапия ғылымы дәл осы өмірдің мәнін зерттейтін ғылым.

Логотерапия тұлғаның мінез- құлқындағы және оның дамуындағы негізгі қозғаушы күш адамның өз өмірінің мән- мағынасын іздеу мен жүзеге асыруға ұмтылысы болып табылатынын негізге алады. Өмірдің мән-мағынасынын болмауы немесе оны жузеге асырудың мүмкін еместігі адамда экзистенциялдық фрустрация күйін тудырады; бұлар селқостық, торығу, өмірге деген ықыластың болмауымен, сондай-ақ іштей ширығуды барынша азайтуға тырысушылықпен байланысты неогендік невроздар деп аталатындардыңт себебі болып шығады. Логотерапия практисында негізгі әдіс сокракттық диалог әдісі болып табылады және ол тән сипатты неогендік невроздар терепиясы кезінде қолданылады.

Бұл ғылымның негізін Виктор Франклдың пікірінше, адам баласы өмір бойы азаптан құтыла алмайды. Алайда көре білген адамға азапта да мән бар. Азапты өмірлік мақсатына айналдырған адам өседі, айналдыра алмаған адам өшеді. Франклдың теориясы өмірдің мәні ләззат алуда деп түсінген Фрейдтің, билікке ұмтылуда деп өсиет еткен Альфред Адлердің идеясымен онша үйлесе қоймайды. Оның ойынша, өмірдің мәні өзгеге жақсылық жасауда. Қарапайым мораль. Автор адам шыдамас Освенцим лагерінен бір қара нанды бөліп жегендер соңында тірі қалып, ал өз басын аман қалу үшін өзін ғана ойлағандар соңында опат болғанын айтқан. Бұдан түсінетініміз адамды өмірге ынтықтыратын,құштар ететін, қайсар рух беретін өзгеге жасаған жақсылықтан алған рухани ләззат.

Адам жер бетінде пайда болғаннан, жер бетінен жойылып кеткенге дейін бұл сұрақтың әлі талай жауабы мен нұсқасы табылар. Адамның әу бастағы жаратылысы ізгілік жасау болса, табиғи болмысымыздан ажырамай, айналамызға неғұрлым жақсы энергия сыйлап жүрейік!

Жубаназарова Н.С.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.
Жолдасова М.К.,
phd доктор.
Келген Д.,
«Әдебиеттану» мамандығының 1-курс магистранты.

Abai.kz

5 пікір